Жаймашуақ

Жаймашуақ

Жаймашуақ
ашық дереккөзі

Бізді – Мұхтар Шаханов екеумізді Оңтүстіктің ерен редакторы («Оңтүстік Қазақстан») Әсет Тілеукеев ағамыз қасына ертіп алып, демалып жатқан Батырға алып барды. Бірінші рет алдына келу, жүздесу. Бұл 1967 жылдың күзі еді. Мұхтар иығын қомдап жұлқынып қояды. Мен де мазасыз күйімді ішке тығамын.

Бөлменің емен есігін қағып, табалдырықтан аттадық. Әсекең алдын-ала келіскен болуы керек, Баукең креслодан сәл қомданды да, ұзын қолын созып, жайғасып отыруды ымдап, бас изеп, мезерет жасады. Жайғастық жұмсақ орындықтарға. Амандық, жағдай сұрасып болғаннан соң, Әсекең бізді таныстырды.
– Бұл екі ініңіз де жас таланттар. Менің інілерім. Сізге сәлем берсін деп ертіп келдім. Таныстырайын дегенім. Жөн деп тапсаңыз, батаңызды берерсіз.
Баукең өткір, бүркіт көзімен жалт қарап өтті де:
– Әдебиет тізгінін ұстаған жігіттер ме? Самородок па, әлде выращенный бәдәуйлер ме?, – деп сұқтана көз тастады.
Әсекең ағамыз сасқан жоқ:
Алғашқысына жатады, Бауке! – деді.
Бәрекелді, онда. Аман болсын!
Алғашқы лебізі. Бұл сөз – бізге батадай көрінді.
– Мына жігіт, – деп мені көрсетті. – «Лениншіл жас» газе­тінде әдебиет бөлімін басқарады. Әңгіме, сын, фельетондар жазады. Ал, мынау Шаханов. Алғашқы өлең жинағы жарыққа шықты.
Мұхтар Әуезовтей болмақ ойы бар екен ғой! Бәрекелді. Мақұл-ақ!
– Сонда бұл жігіттер маған не сыйлық әкелді?
Қыран көздері қадала түсті. – Нан сұрап , сансырап отырмаған болармын деймін! А-а!
Мұхтар орнынан ұшып тұрып:
– Сыйымыз да, миымыз да көп, көке! Қаражаяу емеспіз.
– Ақын болсаң, қамзолыңды шешіп, өлең оқы! Тыңдайық!
Мұндай шұғыл әңгімеге жаны үйренген жас дарын еш қағазға қарамай, қолдарын сермеп, адуын қалыппен жырларын бастап кетті. Қымсынған жоқ, тартылған жоқ, қызарғаны ғана әдеттегідей.
– Әй, Әсет, – деп Тілеукеев ағамызға қарады Баукең. Ол көздерін жыпылықтатып күлімдеп отыр. – Мынауың болайын деп тұрған азамат ғой. Жақсы, жақсы! Бәрекелді, бәрекелді! – Ойда жоқта әлденеге қатты риза болғандай жадырап, жарқылдай түсті. – Мейлі, енді отырыңдар. Шай алдыртамын. Шөлдеп келген шығарсыңдар. Түстің кезі ғой. Мақұл ма, Әсет?..
– Бауке, біздің де алып келген сәлем-сауқатымыз бар. Рұқсат болса?…
– Рұқсат, рұқсат!
Даяшы қызды шақыртып алып, шеттегі үстелге дастархан жайылды…
Дәмді тамақтармен бірге, арақ-шараптар да қатарласа қалды.
– Ал енді, Әсет, жас­тар үшін бір тост көтерейік. Періштенің құлағына шалынсын! Талаптарыңның, талант­та­рыңның биік сұлтаны болың­дар? Еліңнің, халқыңның қолты­ғындағы, құшағындағы тұлғалы тұлпар азаматы болуға жазсын, Алла Тағала! Бұл батам да, міндеттемем де болсын!
Біз көп отырған жоқпыз. Мұхтар екеуміз ағаның кеңпейіл жаймашуақ мінезіне қатты риза болып, далаға, сыртқа шығып кеттік. Әсет аға екеуі Батыр Баукең бізді осылай қарсы алып, шығарып салған еді!…