Жаңалықтар

«Аға, маған папа болыңызшы...»

ашық дереккөзі

«Аға, маған папа болыңызшы...»

Тым болмаса бір сәт болсын көңіл сыйлау ғой ниетіміз. Жаңадан ашылған Облыстық орталық мешітінің наиб имамы әрі баспасөз хатшысы Мұхамеджан Естеміров жол бастап келеді. Жолай жан ауыртар оқиғаны әңгімелеп берді.  – Мен мұнда жиі келіп тұ­рамын, – деп бастады сөзін әріп­­тесім. «Мереке күндері, әсі­ресе ораза, құрбан айт кездері қай­ырым­дылық шараларын жиі ұйым­дас­тырамыз. Құрбандық етін тара­тамыз. Өнердегі әншілердің басын қосып, осы жетімдер үйінде концерт өткізіп тұрамыз. Жиі келгеннен бе екен, бүлдіршіндер мені танып алды. Бір күні баяғы әдетіме салып, балалардың көңіл-күйін бір көтеріп кетейін деген ниетпен тағы келдім. Көзі жәутеңдеген жетім жеткіншектер қатты айқайлап: «Алақай, папамыз келе жатыр», – деп жапатармағай есік жаққа жүгіріп келді де аяғыма жармасып, қысып ұзақ құшақтады. «Аға, неге келмей кеттіңіз?» – деп реніш білдірді кейбір кішкентайлар. «Бұл жерден кетпей-ақ қойыңызшы», – деген өтініштеріне не айтарымды білмей, абдырап қалдым. Қазақтың өрімдей бір қызы: «Аға, маған папа болыңызшы, мені бұл жерден алып кетіңізші», – деп өтінгенде, көзімнен жас парлады. Жүрегім езіліп, жаным қиналды. Әкем қайтыс болғанда езіліп жылаған емеспін. Бірақ әлгі жерде ішім күйіп, жанымды қоярға жер таппай кеттім. Мұндай сөзді естимін деп еш ойламаппын», – дейді Мұхамеджан имам. Осы әңгімеден кейін біздің де көңіліміз босап қоя берді. Сөйтіп, балалар үйіне де жеттік. Тәрбиешілер оларды әдемі киіндіріп, шаштарына бантик тағып қойыпты. Жадырап, жайнап, көңілдері шаттық пен қуанышқа бөленіп отыр. Әрине, мереке ғой. Ән айтты, би биледі, көріністерін қойды. Бір кезде Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев пен қаланың бас имамы Ербосын Орын сөз алды. Жетімге қамқор болғандар жәннатқа бірінші кірген пен­де­лердің қатарында болатынын айтты. Жетімнің басын сипағандар жәннатта пайғамбарға (с.ғ.с.) көрші болу мәртебесіне ие болатынын сүйіншіледі. Өйткені, хадисте солай делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жетімді өз кепілдігіне алып, қарайласқан адам және мен екеуміз жәннатта мынадаймыз», – деп екі саусағын біріктіріп көрсеткен. Игілікті шарадан қайтып келе­міз. Жолай алған әсер, қорытқан ойларды бір-бірімізбен бөлісіп келеміз. «Әп-әдемі, жүрегі пәк қазақтың қара домалақ балалары ғой. Тіпті, оларды өзімнің бала-шағама қосып, қамқорлық жасап, тәрбиелеп алғың келеді…», – дейді Бейбіт имам. «Жетімдерге көңіл бөлу тек 1 маусыммен шектелмесе екен», – деген ойлар да айтылды. «Ит жетектеп, оны бағып-қақ­қанн­ан гөрі жетім баланы асырап алған теңдессіз сауап емес пе? «Қалайша бауыр етін балалар үйіне тастап кетеді екен осылар. Обалына қаламын-ау деп қалай қорықпайды екен?» – деген сөздер де қабырғамызды қайыстырды.