ҰРПАҚТАР ҮНДЕСТІГІНІҢ ШУАҒЫ

ҰРПАҚТАР ҮНДЕСТІГІНІҢ ШУАҒЫ

ҰРПАҚТАР  ҮНДЕСТІГІНІҢ  ШУАҒЫ
ашық дереккөзі
«Қазақпарат» баспасынан шыққан бұл туынды автордың тәуелсіздік жылдар бедеріндегі ой толғаныстарының, шығармашылық ізденістерінің нәтижесі іспетті. Олай дейтініміз көлемі жиырма сегіз баспатабақтық кітаптан қаламгер ел егемендігі мен тәуелсіздігі жолындағы сан сапырылыс оқиғаларды ой қазанында қорыта біліп, өз замандастары мен тұстастарының тұлғасын сомдауға ұмтылыс жасаған. Осы ретте автордың сан тарау сауалдарға жауап іздеген ұмтылысын да анық аңғаруға болады. Қазақта «Халық қаһары қамал бұзар» деген мақал бар. Туған жерін, ұрпағының болашағын ойлайтын халықтың қашанда өз тыныштығының сақшысы болуы табиғи құбылыс. Ал тыныштықтың бұзылуы ерлерді атқа қондырып, белді бекем будырады. Автор кітабының алғашқы бөлімдерінде сол ел қамын мойындарына парыз етіп, халықтың жоғын қуған ерлер туралы сөз еткен. Халық күресінің қайраткері Кенесары – Наурызбай уақытын сол қолдың батырларының бірі Төлек Жәуке арқылы келтірген. Тарихи деректерді көркем сөздермен астастырып, автор сол заманның бейнесін шынайы аша білген. «Кенесары қолының қатысуымен болған басқа соғыстарды былай қойғанда оның Торғай, Ұлытау, Ырғыз өңіріндегі шайқастарының осы өңір тарихындағы ролі айрықша» деген жолдарды оқимыз. Бұл кітапта Жәуке батырдың ерлік жолдары көркем шығармалармен өрнектеліп қана қоймай, Кенесары-Наурызбай басқарған ұлт-азаттық қозғалысының Төлек Жәуке батыр қатысқан әскери-соғыс қимылдарының тізбесі берілген. Бұл – тарихи құнды фактілер болып табылатын хроникалық деректер. Жалпы, кітаптың атында аталып, сөз басы болған Жәуке батыр тақырыбы ерлерін қадірлейтін халқына жетсін деген автордың ізгі тілегі оң болып, оқырмандер көңілінен шығады деген ойдамын. Автор сол бір жалаулы жолдың жалғасын 30-жылдардың зобалаңына әкеліп тірейді. Кітапта «Қазақ қазақ болғалы зорлық-зомбылықтарды аз көріп келе жатқан жоқ. Сырттан отарлау саясатының зардабын былай қойғанда, үстіміздегі ғасырдың бас-аяғы 20-30-жылдардың ішінде әдейі қолдан қасақана ұйымдастырылған «Науқанның» құрбандығына қаншама адам шалынды десеңізші» деген жолдар сол жылдардағы қазақ халқының басына түскен қиямет-қайым заманның бет-пердесін ашып көрсетеді. Автор сол соқыр саясаттың құрбаны болған халқымыздың нарқасқа азаматтарының аттарын атап, біраз тарихи айғақтарды да оқырман алдына тартады. Алаш зиялысы Ахметсапа Юсуповтың тағдырын А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов сынды азаматтарымыздың өмір жолдарымен сабақтастықта қарастырған. Талай ерлерімізден айырып, елдігімізге қауіп төндірген солақай саясаттың да күні батып, еліміздің тәуелсіздік таңы атқанына жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Халық көптен аңсаған осы жылдар елге не берді, қандай оң өзгерістер мен жақсы жаңалықтар болды – бәрін автор өзінің тәуелсіздікке тірек керек деген ойымен ұштайды. «Тәуелсіздік омырауға тағып жүретін орден емес» деген сөзі көп ойға жетелейді. Тәуелсіз ел болдық деп ұрандату бір бөлек, сол тәуелсіздікті құру бір бөлек екенін көрсетеді. Автор ел экономикасы халық санасының осы заманға, ғаламдық талаптарға қарай өзгеруіне байланысты екенін атап өткен. Бұл жолда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы Алашты алға жетелейтін оң саясат екені көрсетілген. Сонымен қатар автор журналист ретінде Елбасымен бірге шетелдерге шыққан сапарларына шолу жасап, оқырмандарды қызықтыратын мәліметтер берген. Мәдине қазақтары, Ыстамбұл сапары, Сауд Арабиясы мен Италия елдеріндегі келіссөздер туралы сырлы әңгімелер ел болашағы мен оны дамыту жолдарымен өрнектелген. Автор оқиғаларды сөз шебері ретінде көркем баяндаумен шектелмей, әрбір құбылысқа өз пікірін білдіріп, әрқайсысын ойталқысынан өткізіп отырады. Кітаптағы «Ерлердің ісі бітер ме?» деген бөлімде қарбалас заманның қамытын кигізген кезеңнің өзекжарды мәселелеріне арналған. Егемендіктің елең-алаңынан бастап күні бүгінгі уақытқа дейінгі Қазақ елінде атқарылып жатқан қилы қарекеттердің бел ортасында жүрген замандастар туралы ой толғамдар да осы бөлім жүгін көтеріп тұр. «Тозар елдің жанжалы бітпес, озар елдің арманы бітпес» деген мақалдың ар жағында жатқан асқақ сыр ел бірлігі деген үлкен ұғымға келіп тіреледі. Тарих пен арман тоғысқан осы кітаптағы мақалалардың әрбірі ел тәуел­сіздігін сақтап қалу, ел бірлігін нығайту мәселесіне арналған. Сонымен қатар, бірігу мәселесі үлкен-кіші демей, әр азаматтың, ел басшыларының бойына, қанына сіңсе ғана біз үлкен мемлекет болып кетеміз деген ой туындайды. Ал «Арқалағанымыз – алтын, жегеніміз жантақ болса да…» деп аталатын бөлімде ел арасында «төртінші билік» аталып кеткен мерзімді баспасөз өкілдерінің қат-қабат тіршілігі, ұмтылысы мен ұтылысы төңі­регінде әңгіме өрбіген. Мемлекеттің тыныс-тір­шілігін таныстырып, елдің құлағы мен көзі һәм тілі болып отырған бұқаралық ақпарат құралдары туралы өзіндік пікірін ортаға салған. БАҚ өкілдері мен облыс, аудан басшыларының арасында байланыстың болмауы халық арасында қайшы пікірлерді тудырып отыратыны туралы айтылған.Автор «Ортақ Отанымыз тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеп, экономикасы қуатты, халқының ынтымағы жарасты болуы жолындағы ізденісте газеттер мен журналдардың атқарар міндеті ұшан-теңіз» деген пікірімен бүгінгі қазақ баспасөзінің атқарар жүгін айқындап берген. Бұл кітап аға ұрпақтың өнегесін өскелең ұрпаққа жеткізуші көпір іспеттес. Тілі жеңіл, көркем, ойы ашық, жаңашыл жазушының қалам ұшындағы сыры көпшілік оқырманның қызығушылығын оятып, талай армандарға же­телейді деп ойлаймын. Ұрпақтар үндестігінің шуағын кестелеген туынды туралы айтарымыз осы.