ҚУҒЫН-СҮРГІНДІ ҰМЫТПАЙ, АШАРШЫЛЫҚТЫ АЗА ТҰТСАҚ

ҚУҒЫН-СҮРГІНДІ ҰМЫТПАЙ, АШАРШЫЛЫҚТЫ АЗА ТҰТСАҚ

ҚУҒЫН-СҮРГІНДІ ҰМЫТПАЙ, АШАРШЫЛЫҚТЫ АЗА ТҰТСАҚ
ашық дереккөзі

Қуғын-сүргінге толы нәубетті жылдардың арасында қазақты баудай қырған ашаршылықтың орны бір бөлек. Өйткені, қолдан жасалған генеоцидтің салдарынан халық тең жарымынан айрылды. Тең жарымы деген бер жағы ғана, төрт  миллионнан астам   қазақ болса, соның үш миллионнан астамы аштан өлді.  Дәл осы кезеңдегі сталиндік соқыр саясат пен оның әпербақан жандайшаптары ұлы даланың өр рухты халқын құрдымға жіберу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп бақты.

Белгілі тарихшы Қамбар Атабаев: «Ашаршылық бір жылдың, бір науқанның ісі емес бұл. Ашаршылық тарихы – ол қазақтың мәңгі таусылмайтын тарихы. Бұған науқаншылықпен қарауға болмайды. Қазір  31 мамырды қуғын-сүргін күні деп атап, ашаршылықты соған байланыстырып жатыр. Өте үлкен қателік бұл. Әрине, бұның бәрі қасірет, мұның бәрі қазақтың тарихының қасіретті беттері. Бірақ әрқайсысының өз орны бар», –  деген еді.

Ресми түрде қуғын-сүргін күні деп аталып жүрген 31 мамыр күні Алматыда елдің ұлтжанды азаматтары қасіретті күнін атаусыз қалдырмау мақсатында, нәубет жылдары аштан өлген, қуғындалған, қайғы-қасірет шеккен жандардың рухына арнап, ас беріп, «Ашаршылық» атты деректі фильмнің тұсауын кесті.

Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында зия­лы қауым өкілдері, журналистер, қоғамдық ұйымдардың басшылары бас қосты. Деректі фильмді көруге белгілі ақын-жазушыларымыз да жиналды. Олардың арасында: көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов,   қабырғалы қаламгерлер Софы Сматаев, Смағұл Елубай, тарихшы Талас Омарбеков те бар.  Еске алу күнін ұйымдастырушылардың қатарында саясаткер Мұхтар Тайжан, белгілі журналист Қасым Аманжолов бастаған жалынды жас–жігіттеріміз бар. Деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі барысында Қасым Аманжолов: «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – біздің халқымыз үшін үлкен бір қаралы, азалы күн болуға тиіс. Сол себепті де, таңертеңнен бері болып жатқан шаралар, ас берілу, құран оқыту, арнайы деректі фильмді көрсету – азалы күнді ортақ жалпыхалықтық, жалпыұлттық деңгейге көтеру және қоғамдық тұрғыда бастама ретінде көтеру мақсатымыз болған», – деді.

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін күні ғана ма? ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде орын алған, жаппай халықтың басына келген Ұлы нәубет ашаршылықты неге естен шығарып аламыз. Бұл – Ұлттық қасірет күні емес пе? Белгілі тарихшы Талас Омарбековтің пікірі бұл. Расында да, қалың қазақты қынадай қырған ашаршылық қазақтың тарихында ерекше орын алатын Ұлы нәубеттің бірі. Халық бір үзім нанға, бір жұтым суға зар болды. Аш-жалаңаш халықты  өлген адамдардың етін жеуге мәжбүр етті. Қазақтың ұлан-ғайыр даласы өлексенің мекеніне айналды. Қазақтың арда туған асылдары қарға-құзғынға жем болды. Мұның бәрі қасірет емес пе? Халықты қан қақсатқан ашаршылықтың түрлі себептерін іздеп әуре болушылар көп. Нәубет жылдардың оқиғаларын кей тарихшыларымыз қарапайым қателіктердің, асыра сілтеудің салдарынан деп есептейді. Бірақ қынадай қырылған халықтың басындағы аянышты халді өкімет басында отырғандар білмеді деу орынсыз болар еді. Оған дәлел, шындықты айтып шырқыраған «Бесеудің хаты», «Алтаудың хаты», совнаркомның төрағасы Ораз Исаевтың хаттары, Тұрар Рысқұловтың жанайқайы бар емес пе? 

«Қазақстанда 1930-31 ж.ж. жұт, құрғақ­шылық болғандықтан егін шықпай қалып, халық ашаршылыққа ұшырады деп көрсетеді. Шын мәнінде, қазақ халқының саны 1930 жылы, нақты мәліметтер бойынша, 4 млн. 800 мың адамды құраған болатын. Бұл санақ 1926 жылғы санақ материалдарында қате көрсетілген», – дейді Талас Омарбеков.

Аштықтың қазақ үшін қаншалықты қасірет болғанына бұдан артық құжат керек емес. Аштық пен жоқтықтан есеңгіреген елдің тоз-тозы шықты. Өзіңіз де қараңызшы, 1930 жылдың маусымынан 1933 жылдың маусымына дейінгі аралықта ашаршылық құрбандарының жалпы саны 3 миллионнан асып жығылған. Одан бөлек, көрші елдерге босып кеткендері қаншама?!  Мұның бәрі жан сақтау үшін жасалған қарбалас болатын.

Халықтың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, малмен күнелткен  халықты барынан айыруға тырысты. Айдың-күннің аманында малынан айрылған қазақ аштан қырылмағанда не істесін?! Сол нәубетті жылдары қазақтар мемлекет астаналары Ленинград пен Мәскеуді етпен қамтамасыз етіп, өздері аштан бұралып, ақырында өлігі сары далада көмусіз қалды. Ал тірілерге салықтың түр-түрі енгізіліп, өзі қалтылдап отырған жұртты одан әрмен тұралатып әкетті. 

Алапат аштықтан құтылу оңай болған жоқ.  Аштан өлмес үшін ересектер басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды. Әсіресе, аштан бұралған бүлдіршіндердің көзіндегі мұңды көру – мүмкін емес. Мұның бәрі бізге тарихи деректерден жеткен дүниелер ғана. Шын мәнінде, зұлматты жылдардың азабының қандай болғанын бастан кешкендер ғана жақсы біледі. Көрнекті ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметов өзінің балалық шағы туралы естеліктерінде аштықтан анасының өзін қалай аман алып қалғанын жыр қып айтады. Анасы ұлын дала жыртқышынан аман алып қалу үшін кішкентай қызын қасқырдың аузына қалдырып кетеді. Бұл қасірет емес пе? Нағыз қасірет осында жатыр.

Режиссер Еркін Рақышев түсірген деректі фильм сол азалы жылдардың көрінісін беруге тырысқан. «Ашаршылық» атты деректі фильмді көріп отырып, көзіне жас алмаған жан кемде-кем. Деректі фильмді түсіру үшін режиссер талай мұрағаттарды аралап, нақты ресми құжаттарға қол жеткізуге тырысқанын айтады.

Еркін Рақышев деректі фильмде келтірген құнды деректердің бірі –  көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің ашаршылық жылдары өзі куә болған оқиғасы. Ел қынадай қырылып жатқанына жандары күйзелген жазушылар, қайраткерлеріміз ауыл-ауылды аралап, жолға шығады. Сонда Ғабит Мүсірепов бір ауылға келсе, барлық адамдар қырылып қалған. Бір үйге кірсе, ешкім жоқ. Қайта шығайын десе, іштен бір дыбыс шығады. Содан бұрылып, көрпені ашып қараса, адам кейпінен айрылған 7-8 жасар қыз өзінің туыстарын жеп күнелтіп жүр екен. Бұл қорқынышты жағдайды көру – қиямет еді қаламгерге. Бет-аузы құбыжыққа айналған бүлдіршін қыздың бет-бейнесін  жүрегіңіз тітіркенбей көру мүмкін емес. Зұлматты жылдардың нақты қасіреті осында. Адамның етін адамның жеуі. Аштан бұратылған халыққа жан сақтау үшін бұдан өзге амал қалған жоқ. Аштан бұратылып, өлексеге айналғаны көмусіз қалды. Ілдәлдалап тірі қалғаны  күн жылына келе, шөп-шаламмен қоректенді. Тамырын жеді.

Деректі фильмді көріп отырып, кейбір тұстарына «әттеген-ай» дестік. Газетіміздің алты бірдей нөмірінде жарық көрген журналист, Президент сыйлығының иегері Көлбай Адырбекұлының «Бесеудің хаты» немесе  Лекеров неден жазықты болды?» атты құнды тарихи зерттеуін режиссердің оқымағанына қынжылдық. Режиссер бұл материалдан хабардар болғанда, деректі фильмде аты аталған «Бесеудің хатында» нәубет жылдары азаматтық позициясынан ауытқымаған, қазақтың қайсар ұлы Әзімбай Лекеровтің атын атар еді-ау. Қаншама мұрағатты аралап, тың деректер табуға тырысқан режиссердің Әзімбай Лекеров туралы естімеуі мүмкін бе? Бізді таңдандырғаны да осы. Содан кейін көңіл қынжылтқан тағы бір тұсы – көркем фильмдерден алынған кадрлар. Бет-ауыздары боялған әдемі бойжеткендердің ашаршылық туралы шынайы бере алмаған образдарын деректі фильмге енгізудің қаншалықты қажеті болды?! Азалы жылдардың, нәубетті күндердің көрінісін дәл осы әсем бойжеткендермен көрсетпей-ақ қойса да болар еді. Есесіне, тарихи құнды жәдігерлердің өзі зұлматты жылдардың нақты шежіресін шертіп отырған жоқ па?  Әрине, ашаршылық туралы жазу немесе көрсету бір ғана деректі фильм­мен шектелмесі анық. Халықтың басына түскен Ұлы нәубеттің шындығы әлі талай шығармаға жүк болары сөзсіз. Ашаршылық туралы көркем фильм­дер де түсірілер. Ашаршылық туралы құнды тарихи шығармалар да жазылар. Тек, бүтін бір ұлттың басына келген осынау қасіретті жылдардың шындығы бұрмаланбаса екен.

Құрбандық шалынып, құран оқылған бұл күн деректі фильмді көрсетумен ғана шектелген жоқ. Дәл осы күні азалы шарлар ұшырылып, қуғын-сүргін құрбандарына арналып қойылған қара тасқа гүл шоқтары қойылды.

Жазушы Смағұл Елубай: «Тәуелсіздік алған жиырма жылда  ұлттық қасіреттің не екенін сезінуіміз керек еді. Оны біздің немерелеріміз, шөберелеріміз сезінуі керек еді. Біз осыған әлі қол жеткізе алмай отырмыз», – дейді. 

Азалы күннің қасіреті туралы әлі талай айтылар да, әлі талай  жазылар да. Ең бас­тысы, қуғын-сүргін күнін жаппай қасірет күніне айналдыру – кез келген қазақтың ұлттық борышы.  Бұл күні жалпы қазақ аза тұтып, қасірет күнін еске алуға тиіс. Бұл күні жалпы қазақ  құрбандарымызды бір минут үнсіздікпен еске алғаны жөн. Қасірет күні ат төбеліндей қазақтың ғана аза тұтатын күніне айналмасын! Қасірет күні – жалпыхалықтың аза тұтатын күні! Осыны бір сәт есімізден шығармасақ екен…