Жаңалықтар

ТАКСИМДЕГІ ТОЛҚУЛАР ЕКІ АҒАШТАН БАСТАЛҒАН ЖОҚ

ашық дереккөзі

ТАКСИМДЕГІ ТОЛҚУЛАР ЕКІ АҒАШТАН БАСТАЛҒАН ЖОҚ

Бұл толқудың астарында қандай сыр жатыр? Таксим мәселесі немесе бүгінгі Түркиядағы толқулардың негізі қайда? Бұл оқиғаның салдары неге ұрындыруы мүмкін? Бұл сауалдар көптің көкейінде тұрғаны белгілі. Бұған әртүрлі пікірлер, әртүрлі көзқарастар бар. Ең бірінші, бұл оқиға қалай пайда болды? Бұған сыртқы күштердің қатысы қандай? Ердоғанның билігі енді не істемек? Осы және өзге де сауалдарды «Қазақстан-Заман» газетінің бас директоры Ахмет Алязға қойған едік.

– Стамбұлдағы Таксим алаңындағы толқуға себеп болған екі ағаш дейді. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Негізгі себепті осыдан іздейтіндер бар. Шын мәнінде, саябаққа қатысты жос­парды Стамбұл қаласының әкімияты және әкімияттың мәжілісі бұдан екі жыл бұрын жоспарлап, оны мәжілісте бекітіп қойған болатын. Ол бекітуде бүгінгі қарсылық көрсетіп жатқан партияның өкілдері де, билік партиясының өкілдері де, басқа қоғамдық күштердің өкілдері де болған еді. Барлық партия өкілдерінің қолдауына ие болған бұл жоба аяқ астынан неге дауға ұласты? Бұл даудың шығуына бірден-бір себеп, Түркияда жиі ұйымдастырылып жататын бопсалау операциялары дер едім. Өйткені, халық екі ағаш үшін соншалықты көтерілмейді. Бұған «Гези саябағының орнына үлкен әмбебап дүкен салынады-мыс. Сол әмбебап дүкенде Түркия Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Бүлент Арынчтың үлесі бар екен» деген әңгімелердің желдей есуі себеп болды. Ел арасында түрлі әңгімелер тарай бастағаннан кейін, жергілікті тұрғындар «Саябағымызды ешкімге бермейміз және оны қорғаймыз» деген ниетпен біртіндеп, күні-түні саябаққа күзетшілік жасай бастады. Бұл билікке жергілікті тұрғындардың берген табиғи қарсылығы болатын. Жергілікті халық рұхсат бермегеннен кейін әкімият өкілдері мен құрылыс жүргізіп отырған фирманың қызметкерлері еріксіз полицейлерге шағымданады.

Таксим алаңында құрылыс жұмыстары қалай басталды? Бұл алаңда жаяу жүргін­ші­лерге арналып, үлкен алаң жасалып жатыр еді. Бұрын Таксим алаңында машиналар жол­дың үстімен өтетін. Жаңа жоспар бойынша, жер асты жолдары жасалып, көліктер сол жолмен жүруге тиіс еді. Бұрынғы көлік жү­ретін жолдар саябаққа айналып, онда ата-аналар мен балалардың ойын ойнауына, демалуына жағдай жасалу керек болатын. Бірақ сол жер асты жолдарының біреуінің Гези паркіне шы­ғатын жағында он шақты ағаш бар еді. Жолды ұзарту үшін әлгі ағаштарды қиюға тура келеді. Он шақты ағаштың жеті-сегізін әкі­мият түбірімен қопарып, басқа жерге отыр­ғызды. Ал қалған екі ағаш әбден қурап, қар­тай­ып кеткендіктен, оларды отырғыза алмай­ды. Ол үшін екі ағашты кесу керек. Ал алаң­ға жиналған жұртшылық ол ағаштардың к­е­сі­­луіне қарсы. «Екі ағашты кескізбейміз. Сіз­дер­дің түпкі мақсаттарыңыз бізге белгілі» деген оймен, олар алаңға жинала бастады. Олар­дың бұлай ойлауына алдында тарап кет­кен әңгімелердің себеп болғаны анық еді.

Бұл толқуды оппозициялық топтың өкіл­дері де ұтымды пайдаланып кетті. Оппо­зи­циялық партияның бір депутаты шығып, екі ағаштың бірін құшақтап: «Мен ағашымды кескізбеймін. Табиғатымды құртқызбаймын» деп, оқиғаны одан әрмен үдете түсті. Әрі депутаттың бұл әрекеті баспасөз беттеріне де шығып кетті. Одан ары қарай, әлеуметтік желілерде тарай бастады. «Гези саябағы алаңына үлкен әмбебап дүкен салынады екен. Ол дүкенде мынадай адамдардың үлесі бар екен. Билік партиясы өз жақтастарына осы жерді берген екен. Осы жерді сақтап қалайық, ағайын» деген әңгімелер де көбейіп кетті. Ақырында, жергілікті тұрғындар біртіндеп, Гези алаңына жинала бастады. Алғашында мың шақты ғана адам жиналған болатын. Сол жиналғандардың ішіне, өкінішке қарай, Түркиядағы солшыл бағыттағы террорлық топтар еніп кетеді. Оқиғаның негізгі түйіні осы жерде.

Біріншіден, ол жерде өздігінен ереуіл жасап жатқан қарапайым халықтың өкілдері бар еді. Екіншіден, ереуілші топтардың арасына кіріп кеткен, өздерінің мүддесіне осы оқиғаны пайдаланып отырған солшыл бағыттағы террорлық топтар бар. Бұлар жарылғыш заттармен полицияны әбден ашуландырып алады. Сол жердегі дүкендердің түгел барлығының есіктерін, терезелерін сындырып, машиналарды төңкеріп, жүзден астам ма­шинаны өртеп, бұзақылық әрекеттерге жол береді. Сосын амал-жоқ, полиция мұны күш­пен тоқтатуға тырысады. Ал полиция күшпен басуға әрекет ете бастағаннан кейін, адал ниет­пен саябақты қорғауға шық­қан қарапайым азаматтар да полицейлер пайдаланған бұрыш газымен уланып, жапа шегеді. Бірнешеуі жарақат алады. Осының арқасында Түркияда үлкен қарсылық акицялары пайда бола бастайды. Бұл қарсылық акция­ларын қарап отырсаңыз, оның қолдан ойластырып жасалған шара екеніне көз жеткізесіз. Оны бұл акциялардың қатысушыларының қойған талаптарынан анық байқауға болады. Бұл талаптарға тоқталмай тұрып, мынаны айтқым келіп отыр. Түркияның Измир, Стамбұл, Анкара қалаларынан тыс шамасы елуден астам қаласында бес жүзден, мыңнан, екі мыңнан халық жиналып, «Біз Таксимде Гези саябағын қолдаймыз» деген ниетпен ереуілге шыға бастады.

– Атап айтқанда, қай қалаларында? Анкара мен Стамбұлдан өзге қалаларда да толқулар басталып отыр ма?

– Шағын қалалардан бөлек, ірі қалаларда да болды. Қазір олар тоқтады. Бірақ толқулар төрт қалада ерекше өтті. Олар: Стамбұл, Измир, Анкара және Хатай қалалары. Бұл қалаларда толқулар өткізіп жатқан ереуілшілерге қарасаңыз, толығымен солшыл, зайырлы бағыттағы халықтың өкілдері. Екіншіден, сол солшыл топтардың ішіне кіріп кеткен террорлық ұйымдар. Бұл жерден Түркия коммунистік партиясы, Еңбекші партиясы, Жұмысшылар партиясы және тағы басқа партиялардың өкілдерін кездестіруге болады. Бұл партиялардың әрқайсысының отыз-қырық мыңнан, тіпті елу мыңнан мүшелері бар. Олар әрбір жиынды, әрбір мерекені ереуіл алаңына айналдыруға өте шебер. Бұл топтар әлеуметтік желілерді өте жақсы пайдаланады. Ғаламтор арқылы оқиғаны өрістетуге өте шебер. Осы топтар ереуілге араласқаннан кейін Түркиядағы болып жатқан оқиғалардың түр-сипаты мүлдем өзгере бастады. Өйткені арандатушы бұл топтар, солшыл бағыттағы азаматтарымыздың немесе зайырлы азаматтарымыздың билік партиясына көңілі толмай жатқан тұстарына кереметтей айлалар қолдана білді. Фейсбук, Твиттер желілерін жақсы пайдаланды. Билік партиясына қарсылық акциялардың негізгі себебі билік партиясы шығарған Заңдарда болатын.

– Бұл қандай Заңдар еді?

– Осыдан екі жыл бұрын билік Түркияда әйелдердің құрсақ көтергеніне үш ай толғаннан кейін түсік жасатуға тыйым салатын Заң шығарды. Мәселен, әрбір әйел құрсақтағы баласына түсік жасата алмайды. Бұл заңмен қорғалады. Ал біздегі зайырлы әйелдер: «Біз бала туамыз ба, алдырып тастаймыз ба? Оны өзіміз білеміз. Онда не шаруаларыңыз бар» деген пікірді алға тартты.

Оқиғаның өрістеуіне себеп болған тағы бір Заң бар. Оның шыққанына көп уақыт бола қойған жоқ. Осыдан екі апта бұрын ғана шықты. Бұл Заң түнгі уақытта сағат оннан таңғы алтыға дейін көшеде арақ сатуға тыйым салды. Бұған қонақ үйлер, арнайы лицензиясы бар мейрамханалар кірмейді. Көшелерде орналасқан шағын дүкендер ғана кіреді. Бұл заң да қарсылық акцияларына тап болды. Өйткені, қазіргі зайырлы қоғамда олардың болмысы, өмір сүру ережелері еркін тұрудан, еркін жүруден, еркін қыдырулардан тұрады. Бірақ та, билік оларға қарсы мынадай уәж айтты. «Бұл зайырлылыққа қарсылық болып табылар болса, онда мұндай заңды Англия неге шығарды? Дәл осындай Заңды Франция неге шығарды?» дегенге саяды. Түнде арақ сатуға тыйым салыну Еуропалық мемлекеттердің көбінде бар. Мұндай нәрсе, зайырлылық үшін немесе зайырлылыққа қарсы істеліп жатқан дүние емес. Бұл бүгінгі күннің қажеттілігінен туындап отыр. Арақ ішіп көлікке отырып жүргендер қаншама? Арақ ішіп алып, жол апатына себеп болатындар да көбейді. Осылардың бәріне кім жауапты? Арақ ішкен соң, көлік қалай жүргізбек?! Мұның бәрі жаңа заңның тууына себепкер болғаны анық еді. Бірақ бұл Заң керісінше, кейбіреулерге ұнаған жоқ.

Жаппай толқуға шығуға себеп болған тағы бір дүние бар. Ол Түркияда Стамбұл қаласындағы бұғазға үшінші көпірдің салынуы. Стамбұл бұғазына үшінші көпір жасау соңғы үш-төрт жылдың көлемінде айтылып келе жатқан әңгіме еді. Мұның да екі апта бұрын іргетасы қаланды. Сол көпірдің атын жауыз Сұлтан Селим деп атайтын болды. Көпірдің аты Түркиядағы алевит топтарға ұнаған жоқ. Сол себепті де, өз қарсылықтарын білдіре бастады. Себебі, Сұлтан Селим Иранмен шайқаста қаншама алевит /шииттердің бір тобы/ өлтірді деген деректер келтіріледі. Билік болса, бірінші көпір – Стамбұл бұғазы, екіншісі – Фатих Сұлтан деп аталғаннан кейін, Осман империясының белгілі патшасы Сұлтан Селимнің атын тарихта қалдыру мақсатында оның атын үшінші көпірге беруді жөн санады. Билік бұған соншама көп дау болады деп ойлаған да жоқ.

Қысқасы, бұл толқулар идеологиялық қара­ма-қарсы топтардың шайқасының көрі­нісі. Гези саябағында болып жатқан оқиға жай ғана екі ағашты қорғау болып көрінгенімен, оның арғы жағында сая­си ұстанымдар жатқаны белгілі болды. Қарсылық акциялардың мұндай қатты болуы Түркиядағы оппозицияның қырық жыл ой­ланса, ойына келмейтін еді.

Бұған Ердоғанның кейбір ұстанымдары да түрткі болды. Біріншіден, Ердоған өте қатал бастады. Алаңға жиналған топты «әшейін бұзақылар» деп айыптады. Олармен санасып, олардың пікірлерін тыңдап, олармен тіл табысуды ойлаған жоқ. Қайта олар­дың ісіне бұл отқа май құйғандай әсер етті. Тіпті, Ердоған «елу мың, жүз мың адам жиналсаңдар, мен бір миллион адам алып келемін» деген сөздерді де айтты.

Екіншіден, «Түркияда маған дауыс беріп жатқан елу пайыз адамды әрең деп тоқтатып отырмын. Егер осыны қоймасаңыздар, мен оларды тоқтата алмаймын» дегенге барды. Осылай оларға сес көрсеткісі келді. Мұндай әңгімелерден кейін, олар тіптен акцияларын өршіте бастады. Оған кейбір танымал актер, актрисалар да қолдау білдіре бастады. Осы жерде Ердоған кішкене жұмсақтау болып, шын мәнінде өзінің саябағы үшін күресіп жатқан топты бір бөлек, екінші террорлық топты бір бөлек ұстауы керек еді. Әрі олардың өтініш-тілектерін түсініп алып, шешім шығаруы керек еді. Әділетті шешім шығарғанда, жағдай дәл осындай дәрежеге жетпес пе еді деп ойлайсың. Бірақ, Ердоғанның мінезі қаталдау. «Мен кебін киген адаммын. Мені анау-мынаумен қорқытпаңдар. Керек десеңіздер, мен сіздердің тілдеріңізде де сөйлей алам» деп, телеарналарда, газеттерде берген сұхбаттарында да ерекше айтып өтті. Мұның сөзінің де астары бар. Ердоған билікке оңай қол жеткізген жоқ. Ердоған әрқашан да ірі шайқастардың ортасында жүрді.

– Соншама қарсылықтарға қарамастан, Режеп Тайып Ердоған билікке қалай жетті? Түр­кияда бірнеше партия болғанына қара­мас­тан, бір ғана партияның жеңіске жетуін қалай бағалауға болады?

– Ол билікке келерінің алдында зейнет­тегі беделді генералдар ұйымдастырған мил­ли­он­дап адамдар жиналған митингілерге тап болды. Ол митингілерге жиналғандар Абдулла Гулді, Ердоғанды билікке әкелгісі кел­ген жоқ. Халық қарсы реакция беріп, Ердоғанды жалғыз партиялы билікке өздері алып келді. Одан кейін, кезінде Ердоғанды бір өлең оқығаны үшін үш-төрт айға түрмеге қамаған болатын. Содан кейін, оның депутаттық жолын кескен қарсылық топтар ол билікке келгеннен кейін де, оған қарсылық акцияларын жасап бақты. «Қалай дегенде де, сен билікке келсең де, сен билей алмайсың» дегенді үйреткісі келді. Билік көзге көрінбейтін мафиялық топ­тармен күресуге қауқары болмады. Ер­доған біртіндеп, олардың қандай топ екенін, қайдан шыққанын зерттеді. Мұның бәрі 2006-2007 жылдарға дейін жүзеге асты. Ең соңғы президент сайлауынан кейін нақты іске кірісіп, осы топтардың түгел барлығын құртуға бел байлады. Өйткені, бұл топтардың көбісі, яғни сексен пайызы әскери адамдардан тұрды. Ердоғанға қарсылық білдірген, оның әрбір ісіне қолдан келгенінше, тоқтау салып отырған сол кісілер болатын. Ердоған олардың әрбір ісін тексере бастады. Мұның бәрі Ердоғанға оңай болған жоқ. Ата Заң сотындағы олардың үлестерін азайтып, өздерінің үлестерін көбейтіп, содан кейін, көптеген республикалық соттардың төрағаларын ауыстыра бастады. Мұндай оқиғалардан кейін, біртіндеп Ердоған билікті өз қолына ала бастады. Бұл күрестің арқасында, бүгінде Түркияда «Ергенеқон» деген үлкен мафиялық топты жоюға кірісті. Олардың соттары әлі күнге жалғасып жатыр. Олардың көбі түрмеге қамалды. Олардың арасында ірі тұлғалар өте көп. Генералдармен сот адамдары, ірі бизнесмендер де бар. Осыдан кейін, Ердоғанда «билік толығымен менің қолыма өтті» дегендей ой пайда бола бастады. Мұның бәрі Ердоғанға ерекше күш берді. Түркиядағы көптеген топтар билік партиясына қолдау білдірді. Осы қолдаулардың арқасында өзінің партиясының үлесі елу пайызға жетті. Елу пайыздық күшті алғаннан кейін, «Түркия үшін қандай жақсылықты болсын жасай аламын» деп сенді. Мұны пайдаланған оппозиция өкілдері келесі сайлауда Ердоғанды сайлатпау үшін және Ердоғанның партиясын құлатып, кем дегенде екі партиядан тұратын коалициялық топ құру үшін осындай акцияларды көбейте бастады. Бірақ Ердоғанның сенімді болатын тағы бір тұсы, ол өзі атқарамын деген жұмыстарының бәріне қол жеткізді. Ердоған атқарған істердің көбі халықтың ризашылығына ие болды. Ердоғанның алдына қойған мақсаттарының бірі – 2023 жылы Түркия республикасының құрылғанына 100 жыл толу мерекесіне дайындық. Бұл жолда ол өзінің Түркия арманы жолындағы үлкен ойларын, өзінің істейтін жоспарларын жариялай бастады. Бұл жобаларға батыстық мемлекеттерде қарсылық білдіре бастады. Ердоған Стамбұл бұғазына екінші қолдан жасалған бұғаз салып, қара теңізді Мрамор теңізіне қосуды жоспарлады. Осының арқасында, Стамбұл бұғазында болып жатқан кеме жүрістерін сол жаққа қарай бұруды да ойлаған еді. Бұл идея қаратеңізге шекарасы бар елдерге және батыс елдеріне ұнаған жоқ.

– Стамбул бұғазына байланысты ке­лі­сім­­шарттың барын біле тұра, Ердоған неге бұлай шешім шығарды?

– Иә. Оның себебі мынада. Түркия Стамбұл бұғазынан өтіп жатқан кемелерден көк тиын ақша алмайды. Бұлардың бәрі тегін өтеді. Яғни, бұғаз заты біздікі көрінгенімен, одан түк пайда көріп жүрген жоқ. Екіншіден, бұл Стамбұлдың бірден-бір әдемілік, бірден бір сұлулығы болып саналады. Егер осы жолды біз реттемесек, ана жақта қаншама байлардың, қаншама үлкен кісілердің үйлері, сарайлары тұр. Олардың біріне бір күні бір кеме кіріп кетуі мүмкін. Немесе кемеде бір жарылыс болса, ол үлкен апатқа ұшыратуы мүмкін. Сол жерде мұнай, газ таситын үлкен кемелер өтеді. Сол кемелердің Стамбұлға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Осы қауіптердің бәрін ойлай келе, Стамбұл бұғазына қосымша үлкен бір бұғазды салу туралы жоспардың бар екенін алға тартты. Осыны айтуы мұң екен, батыс елдері бұған келіспейтіндіктерін таныта бастады. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, жаңадан салынатын, келісімшарттарға бағынбайтын бұғаз таза түріктерге қатысты болатын еді. Осының арқасында Стамбұлдың қалалық жоспары өзгеріп, жаңа бір аудан пайда болатын болды. Бұл әрі бірінші бұғаздың айналасында тұратындардың бағасын төмендетуі мүмкін. Екіншіден, шығынға әкелуі мүмкін. Осы жобаға іштен де қарсылық болды, сырттан да қарсылықтар болды. Екіншіден, 2023 жылға байланысты тағы бір үлкен жоба, Стамбұлда қазіргі әуежайға қырық-елу шақырым жерде жаңа бір әуежайдың салынуы еді. Бұл әлемнің ең үлкен үшінші әуежайы болмақ. Бұл әуежайдың салынуына, әсіресе, Германия қатты қарсылық білдіріп отыр.

– Не себепті?

– Германия бүгінгі таңда дүниежүзілік жолаушылардың транзитті пайдаланатын бірден-бір жолы. Еуропалық, американдық, алыс-жақын шет елдердің түгел бәрінің транзиттік жолы Франкфурт арқылы өтеді. Егер Стамбұлда жаңа әуежай салынса, әрі оған әлемдік әуе ұшақтарының келер болса, онда Түркия экономикасы қарқынды түрде дамитын болады. Онда Германия өзінің әуежайынан түсетін үлесін жоғалтып алуы мүмкін.

Германия әрине, бұған табиғатты қорғау жөніндегі акциялары арқылы немесе бүгінгі таңдағы Түркиядағы көптеген газет-журналдар арқылы өз қарсылықтарын білдіруде. Өйткені, Түркиядағы көптеген телеарна және газет-журналдар германиялық бизнесмендердің қолында. Солар арқылы «мұндай әуежайдың керек емес екенін, үлкен әуежай салудың тиімсіз» екенін айтып, тағы-тағы толып жатқан мәселелерді көтеруде. Түркияның экономикалық қарқынды өсуі және Түркияға көк тиын ақша бөлмей, бір-екі адам ғана еңбек етіп отырған банктік жүйедегі өзгерістер. Бүгінгі таңда, ең үлкен пайданы банктер банк кәртішкелерінен алады. Банк кәртішкелерінен авто төлем жасасаңыздар, айына төрт пайыз ұстап қалады. Яғни, бір жылда мың доллардай қаржы жұмсасаңыз, өзіңіздің қаржыңыздан асырып, онда бес жүз доллар автоматты түрде төлейсіз. Бұл қазір Түркияда 120 миллиард долларға жеткен. Билік партиясы пайызды азайту және бұған тоқтам салу үшін мәселе көтере бастаған кезде, дәл осындай жағдай басталып кетті. Есесіне қазір Түркия елу жылдан бері қарай құтыла алмай келе жатқан сыртқы қарызынан биылғы жылы 13 мамырда толығымен құтылды. Ел экономикасындағы жалпы бюджет 230 миллиардтан 750 миллиардқа жетті. Соңғы 11 жылда адам басына шаққандағы жалпы табыс 3000 доллардан 11 700 долларға жетті. Ешқандай байлығы жоқ ел үшін бұл үлкен жетістік. 2023-те бұл жетістік 2,5 триллионға жетпек.

Қысқасы, Гези саябағындағы оқиғалардың өрбуіне, бір жағы Ердоғанның ұстанып отырған саясаты себеп болса, екінші жағы, оппозицияның және оны ұнатпайтын солшыл топтардың осы сәтті өте әдемі пайдалануының арқасында бүгінгі халге жетіп отыр.

Тағы бір үлкен мәселе, Ердоғанның партиясының алдында үлкен сын сағаттары тұр. Себебі, келесі жылы сайлау өтеді. Бұл сайлауға бүгінгі партия мүшелерінің тең жартысы түсе алмайды. Партияның Жарғысы бойынша, Ердоғаннан бастап, оның жақын достары, екі жүздей депутаттарының ешқайсысы сайлауға түсе алмайды. Партияның Жарғысында көрсетілгеніндей, әрбір депутат үш реттен артық сайлана алмайды. Не осыны өзгертуі керек немесе осы қағидатты ұстануы керек.

– Билік партиясы Жарғысын өзгер­тер болса, оппозициялық топтардың қарсы­лы­ғы­на тап болмай ма?

­– Әріне болады. Бұған қатысты тағы бір болжам бар. Мұның бірі – Ердоғанды партиядан кетіріп, кеткеннен кейін, өздеріне жақын жұмсақтау бір адамды қою. Ол Ердоғанның алға қойған мақсаттарын тоқтатып, басқаша жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Ал екінші бір болжам, партияны әлсіретіп, келесі сайлауда екі партиядан тұратын коалициялық үкімет құру.

– Дәл осы оқиғаларда Президент пен Премьер-министрдің көзқарасы бір жерден шығып отыр ма?

– Көп жағдайда бірдей. Бірақ та Ердоғанның кейде қатты мінезге салған кезінде, Абдулла Гүл кішкене жұмсақтау мінез танытып жатады. Ол кісі бұл оқиғаға бейбітшілік тұрғыдан баға беруге тырысады. Гүл осыны тоқтату мақсатында, олардың өкілдерімен кездесті. Бұл кездесуден кейін Гүл Ердоғанға үндеу жіберді. Ол үндеуде: «Демократия дегеніміз сайлауда жеңіске жету емес. Ол қандай партияның өкілі болмасын, қандай адам болмасын, сен оның сұраныстарына сай, орта қалыптастыруға міндеттісің» делінген.

Ал Президентпен кездескен топтардың үкіметке қойған талаптары мынадай болды: Біріншіден, саябақ мәселесі осы күйінше қалсын. Бұзылмасын. Саябақтың орнына ешқандай әмбебап дүкен салынбасын.

Екіншіден, Таксим алаңында Ататүрік мәдениет орталығы бар. Ол жоспар бойынша, орталық құлатылып, кішкене кеңейтілген және сол атауда жаңа мәдениет орталығы салынбақ болған еді. Бірақ талап қоюшылар мәдениет үйінің қиратылып, жаңадан салынуына қарсылықтарын танытып отыр.

Бұдан кейінгі талаптары, үш қаланың әкімін қызметтен бостау жөнінде болды. Ол: Стамбұл, Хатай, Анкара қалалары болатын.

Одан кейінгі тағы бір талап – Түркиядағы ашық алаңдардың бәрі ереуіл алаңдары болып бекітілсін деген еді. Және сол алаңға кез келген уақытта кез келген топ ереуілге шығатын болсын делінген.

Үшінші көпір құрылысы тоқтатылсын, жаңа әуежай салынбасын. Алкоголь мәселесінде үкімет шығарған заң қайта қаралсын деп айтылған.

Ереуілде тұтқындалғандар босатылсын. Тергеу тоқтатылсын.

Газдан жасалынған бомба ендігі жерде митингілерде қолданылмасын.

Абдулла Гүл: «Бұл талаптарыңызды алдым. Осы талаптарыңыз бойынша, жұмыс жасайтын боламыз», – деді.

Үкімет болса, мұнда айтылған бірде-бір талаптың орындалуы мүмкін емес деді. Себебі, Стамбұлда бұзақылық жасаған, қаншама мемлекеттік автобустарды өртеген, қаншама адамды жарақаттаған, қаншама мемлекеттік немесе мемлекеттік емес органдарға зиянын тигізген адамдарды қалайша жазаламайсың? Қалайша тұтқын­да­майсың деген көзқарастарын білдірді.

Бұл жерде жіберілген үлкен қателік, Стамбұл әкімшілігі халықты жеткілікті мағлұматпен қамтамасыз етпеуі болды. Өйткені, шын мәнінде, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанда, саябақтың үстінен бірде-бір машина өтпейді. Бұл бала-шаға үшін жақсы емес пе? Жер асты жолдарымен өтетін болады. Әрі бұл экологияға да дұрыс деген үгіт-насихат жүргізілгенде, мұндай келеңсіздіктер болмас еді.

– Бұл талаптардан кейін Ердоғанның саябаққа байланысты ұстанымы қалай болмақ?

– Тайып Ердоған олардың талаптарын тыңдағаннан кейін, олардың арасында орындалмайтын талаптардың көп екендігін айтты. Егер сендер ағаш жөнінде, табиғатты қорғау жөнінде әңгіме айтар болсаңыздар, бүгінге дейін Түркия республикасының тарихында болмаған ағаштарды мен ектім. Одан кейін Түркияның көптеген жерлерінде ең көп саябақ салған Премьер-министр менмін. Мені саябақты құртты деп кінәлауға еш себеп жоқ», – деді. Онысы рас. Ердоғанның жасап жатқан жұмыстарының көбі нәтижесіз емес. Менің ойымша, бұл оқиғалар бәлендей Араб мемлекеттерінде болып жатқан оқиғалар сияқты үлкен төңкеріске ұласпайды. Себебі, Түркияда еркіндік бар, Түркияда демократия бар. Түркияда осы күнге дейін маргиналды топтар да өздерінің газет-журналдарын шығарып жүр. Арақ ішем дейтіндер іше алады. Қыдырам дейтіндер қыдыра алады. Бұған тыйым салынған емес.

– Әлем Түркияда болып жатқан соңғы оқиғалар төңірегінде көбіне әлеуметтік желілер арқылы ғана біліп, танысып отыр. Ал жергілікті журналистердің бұл оқиғаға көзқарастары қалай?

– Жергілікті баспасөздің сексен-тоқсан пайызы Ердоғанды қолдайды. Олар Ердоғанның бір ғана кемшілігін айтады. «Сіз отқа май құймаңыз. Саябақ үшін күресіп жатқандарды шақырып, олардың талаптарын орындаңыз» деген ұсынысты ғана айтады. Алайда Ердоған олардың өкілдерімен кездесуге барған жоқ. / Бет қатталып жатқанда Ердоған, таза ниетімен саябақта ереуілге шыққандардың өкілдерімен кездесуге келісім берді/ Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл топтардың арасында нақты көшбасшы жоқ. «Әр кәллада бір қиял» демекші, біреуін шақырсаң, бір талап қояды, екіншісін шақырсаң, екінші бір талап қояды. Ортақ ұсыныс, ортақ шешім жоқ. Билік партия­сы олардың айтқан талаптарына көніп, наразылық тобының айтқандарын істейтін болса, онда бұдан былай жұмыс істеу мүмкін емес болады. Ердоғандікі осы тұрғыдан келгенде, дұрыстау. Өйткені, Түркияда әртүрлі көзқарастағы топтар бар. Олар өзіне ұнамайтын Заң шығып жатқанда, пайдасына, зиянына қарамастан, акция ұйымдастырады.

Осы оқиғалар кезінде Сирияның, Иранның ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары ұсталды. Олардың арандатушылық саясаты көрінді. Түркия-Сирия мәселесінде, Ердоғын Башар Асадқа өзінің қарсылығын білдірген еді. Асад болса, Түркияның Антеп, Рейханлы деген қалаларында үлкен-үлкен жарылыстар ұйымдастырды. Бұл жарылыстарды ұйымдастырғандар Сирияның шпиондары, қауіпсіздік комитетінің адамдары екені белгілі болды. Олар Стамбұл қаласында жарылыс жасардың алдында ұсталып қалған болатын. Гези саябағында оқиға басталған күні Түркия-Сирия шекарасында төрт жүз келі жарылғыш заттар шақарадан жасырын өтерде тәркіленді. Бұлардың бәрін алғанда, Түркияның ішкі тұрақтылығына, саяси тұрақтылығына зиян жасау үшін сыртта алакөздердің көп екендігін көрсетеді. Гези саябағындағы бірінші күнгі оқиғадан кейін әріптес деген батыстың өзі билік партиясын айыптайтын мәлімдемелер жасай бастады. Бұл жерде мынадай сұрақ пайда болады: Бұл оқиға кімнің мүддесіне жарап тұр? Билік партиясына ма, оппозицияға ма, әлде сыртқы күштерге ме?

Сыртқы күштердің негізгі мақсаты – Түркияда күні кешеге дейін түрік-күрд соғысын бастатпақшы болды. Шамасы, қырық жылдай екі халықты соғыстыруға тырысты. Бірақ, оларға ешкім қолдау білдірген жоқ. Діни қақтығыстарға да ұластырғысы келеді. Бірақ Түркияда дін радикалды емес, сондықтанда бұндай қақтығыстарды ұйымдастыру мүмкін емес. Есесіне түрік халқы мемлекетшіл және отаншыл. Мемлекеттік мүдде әр қашанда бірінші тұрады. Дегенмен экономикасы қуатты, саяси тұрақтылығы бар, мықты Түркия одақтас елдерге де, көршілес елдерге де ұнап тұрған жоқ, сондықтан да әлсіздік танытпау керек.

– Сыртта жүрген тәуелсіз журналист ретінде бұл саяси оқиғаларға қандай баға берер едіңіз?

– Менің ойымша, толқулар тағы бір он шақты күнге жалғасуы мүмкін осылай. Ал билік «қанша мойындамаймын, қанша істемеймін?» десе де, сол жақта жасалатын жобаларды уақытша тоқтатады. Жоспарланып қойылған дүниелердің бәрі алынып тасталады. Стамбул бұрынғы қалпына келеді.

Бір шүкіршілігі, Түркиядағы дәстүршіл топтар бүлік шығаруға атсалысқан емес. Және бүлік шығарушылардың жанында болған емес. Қаншама қысым көрсе де, солардың түгел бәріне төзген халық. Бұл Түркиядағы халықтың сексен пайызын құрайды. Түркиядағы осы топтардың алдағы уақытта да сабырлылығын сақтайтынына және осындай оқиғаларды сабырмен, байыппен шешетініне сенем.

Әңгімелескен

Гүлзина БЕКТАС