БАС БАНКИР ЗЕЙНЕТКЕРЛІККЕ ЕМЕС... ДЕМАЛЫСҚА КЕТТІ

БАС БАНКИР ЗЕЙНЕТКЕРЛІККЕ ЕМЕС... ДЕМАЛЫСҚА КЕТТІ

БАС БАНКИР ЗЕЙНЕТКЕРЛІККЕ ЕМЕС... ДЕМАЛЫСҚА КЕТТІ
ашық дереккөзі

Ал Ұлттық банктің Үкіметпен бірігіп дайындаған заң жобасын Елбасы сынға алғаннан кейін Марченко аяқ астынан демалысқа кетті. Осы оқиғаны сан-саққа жүгірткен отандық БАҚ Марченконың өз еркімен жұмыстан кетуі мүмкін екендігін айтады.

«Билікке қыр көрсетті»


Соңғы кездері Қазақ қоғамында қызу пікірталас тудырған әлеуметтік реформаға қатысты заң жобасын ҚР Парламентінің екі палатасы да мақұлдап, құжат Елбасыға жөнелтілген еді. Заң жобасына қатысты халыққа Үндеу жолдаған Н.Назарбаев құжатты қайта қарауға жіберді. Заң жобасын шала дайындағаны және халыққа түсіндірме жұмыстарын дұрыс жүргізбегені үшін Үкімет пен Ұлттық банкті сын тезіне алды. Арада екі күн өткенде, анығында, апта басында ҚР Ұлттық банкінің басшысы Григорий Марченко аяқ астынан демалысқа кетті.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі туралы» заңына сәйкес, Ұлттық банктің төрағасын ҚР Президенті ҚР Парламенті Сенатының келісімімен, 6 жылдық мерзімге бекітеді. 6 жылға дейінгі мерзімде банк төрағасы жұмыстан өз еркімен жұмыстан кетуге құқылы. Ол үшін Президент 2 ай бұрын жазбаша түрде ескертсе болды. Бас банкир күтпеген жерден демалысқа кеткеннен кейін апта басында Интернетте «Марченконың Назарбаевқа жазған ашық хаты» деген тақырыппен сілтемелер пайда болды. Өкінішке қарай, оларды ашу мүмкін емес. Өйткені, сілтеме жасалған барлық сайт «құлыптаулы». Негізі Марченконың отставкаға кететіні туралы сыбыс бұған дейін де шықан. Бірақ мұны жоққа шығарған ол: «Менің Президент пен Ұлттық банк ұжымы, халық алдындағы міндетім бар. Сондықтан ісіме жауапкершілікпен қараймын. Егер олай болмаса, бұл жерде отырмас едім. Бұған дейін бірнеше рет айтқанмын, жекеменшік салада айлығым бірнеше есе жоғары болатын. Сондықтан ісімді аяғына дейін жеткізуім керек», – деп ағынан жарылған. Жиналыстардың бірінде өзінің орнын басуға лайықты мұрагер іздеп жүргенін де жасырмады ол. Бірақ Президенттің Үкімет пен Ұлттық банкті сынға алған ескертуінен кейін аяқ астынан демалысқа кетіп қалған Марченко ел ішіндегі «отставкаға кетеді-міс» деген қауесеттің желдей есуіне жол берді тағы да. Кейбір сарапшылар пікірінше, басынан сөз асырмайтын Бас банкир жай кеткен жоқ, билікке қыр көрсетіп кетті. Марченконың аяқ астынан демалысқа кетуін сан-саққа жүгірткен сайттардың бірі 2015 жылға дейін қызмет етуге құқылы Бас банкир өз еркімен жұмыстан кетуі мүмкін екендігін айтады. Ақпарат агенттіктерінің бірі – silkroadnews.org таратқан деректерге сенсек, орын босату туралы емеурін ресми Астана жақтан келмеген көрінеді. Кез келген мәселеде ойын ашық айтатын оның беделіне нұқсан келтірген жайттар да болмаған. Есесіне, басқа себебі бар: «Марченко президенттік және үкіметтік деңгейде қабылданатын шешімдерге ықпалы әлсірей бастады. Түбіне терең үңілмей-ақ, қысқаша айтсақ, Марченко Астана үшін ендігі пікіріне құлақ асатын кісі емес. Қаржылық-экономикалық мәселеге құзырлы шенеуніктер Марченкомен келіспейтіндіктерін ашық айтпаса да, шешімдер дайындалып жатқанда және қабылданғанда өз варианттарын ұсынады». Яғни, басынан бағы тая бастаған Марченко билік алдында баяғыдай беделді емес. Күні кеше ғана Ұлттық қордан бөлінген 10 млрд. доллардың орнын сипап қалған Үкіметті сын тезіне алған Н.Назарбаевтың наразылығы Ұлттық банкке тікелей болмаса да, жанама қатысы бар. Бір кездері қаржылық дағдарыстан шатқаяқтаған банктерді аман алып қалу үшін Ұлттық қордан ақша бөлу керектігін айтқан Бас банкирді қолдап, қолпаштаған билік 10 млрд. доллардың ізін таба алмай, дағдарғанда «шыбықтың» бір ұшы Марченкоға тигені де сондықтан. Оның үстіне, Президенттің халықаралық сарапшылардың айтқанына құлақ асып, біртұтас зейнетақы жүйесін құруға пәрмен беруі, уәждер мен қарсы пікірлерді тыңдаудан үзілді-кесілді бас тартуы біртұтас зейнеткерлік жүйені жақтамайтын Марченкоға ауыр соққы боп тиген көрінеді. Естуімізше, Григорий Марченко өзге отандастары сияқты 63-ке дейін белін бүкпей тер төкпейді әсте. Өйткені, оның жинаған қаражаты ендігі 8 млн. теңгеден асыпты. Өзінің 63-ке дейін жұмыс істемейтінін Марченко көпшіліктен жасырмайды да. Зейнеткерлік жасқа қатысты реформа туралы білдірген пікірлерінің бірінде келесі жылдың соңында 55 жасқа толатынын, ал 2015 жылдың қаңтарында 6 жылдық келісімшартының мерзімі бітетінін айта келе, зейнетақы жинақтаушы қорына жиған қаражаты ғұмырының қалған бөлігіне еркін жететінін, сондықтан құрметті демалысқа ерте, яғни, 55 жастан шыққысы келетінін айтты.

«Бәріне кінәлі – оңбаған журналистер»

Жұрт көңіліне жақпаған әлеуметтік реформаны сын тезіне алған журналистер қауымына да өкпесінің қара қазандай екенін жасыра алмаған ол: «Зейнеткерлік жасты бірегейлендіру – бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Бірақ оны маған жабыстырып қойды. Өйткені, қазақстандық журналистика әдептілік ұғымынан жұрдай. Меніңше, бұл – бірқатар журналистің тарапынан жасалған оңбағандық», – деп бұлқан-талқан болды. Біздіңше, Қазақстандағы қыз-келіншектердің қызмет орны Ұлттық банкпен шектеліп қалмайтынын, еліміздегі аналардың ауыр жұмыстарды атқарып жүргенін әрі жаны да, тәні де нәзік келетін әйелдер қауымының мойнында бала туу, бала тәрбиесі мен шаңырақтың ұйытқысы болу міндеті қоса жүктелетінін қазір демалыста жатқан Бас банкир ескермеген тәрізді. Есесіне, кінәнің бәрін «әдепсіз» әрі «оңбаған» журналистерге арта салды.

Қит етсе, қарамағындағы келіншектерді өзгелерге үлгі ететін Марченко бірде: «Біз­дің Ұлттық банкте гендерлік теңдік қағидалары сақталады және құрметпен қаралады. Сондықтан Ұлттық банктегі әйелдер неге екені белгісіз зейнеткерлік жасты теңестіруге қатысты ұсынысты қолдайды», – деді. Жастары егде тартқан әйелдер қауымын қызмет орнында 63 жасқа дейін ұстаудың тағы бір себебін Марченко медицина саласына қатыстыра айтқан тұстары да болды. Мәселен, «Балалары бар кез келген адамнан сұраңыз, сырқаттана қалса, жасы 57-дегі әйел дәрігерге апарасыз ба, әлде біздегі жоғары оқу орнын 2 жыл бұрын бітірген жас қызға апарасыз ба? Шын мәнісінде аға буын өкілдері жұмысына жауапкершілікпен қарайды, өйткені, олар басқа жоғары оқу орындарында оқыған. Тәжірибелері де мол» дей келе, егер зейнетке шығуға жақын қалған мамандар 63-ке дейін тер төкпесе, елдегі жағдай күрт өзгеретінін ескертті. Марченконың «біздің ЖОО-ны бітірген жас қыз» бен «өйткені, олар басқа ЖОО-ны бітірген» деген сөзінің астарын ұғына алмадық. Бірақ Ресеймен ынтымақтастыққа бүйрегі бұратын оның сөз саптауынан «тәжірибелі мамандар КСРО кезінде жоғары білімді Ресейде алған» деген сарынды байқағандаймыз. Тағы бір ескеретін жайт, Бас банкирдің өздерін сонша мақтағанына дәрігерлер қауымы аса қуана қойған жоқ. Әлеуметтік реформа туралы сөз қозғалғаннан-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде дәрігер келіншектер мұғалімдермен бірігіп, бірнеше рет наразылық шарасын, баспасөз мәслихаттарын өткізді. Алайда, оған құлақ асқан Марченко жоқ. Өткенде тіпті, зейнеткерлік жас туралы мәселені қозғауға үзілді-кесілді қарсы болды: «Заң жобасын дайындап, оны Үкіметке өткіздік. Ендігі кезек – депутаттарда. Сауалдарыңызды соларға қойыңыздар».

«Қазақша үйреніп жүрген жоқпын!»

Ай сайын журналистерді алдына иіріп алып, пәлсапа соғуды ұнататын Марченконың қытығына тиетін тақырып та бар. Ол – мемлекеттік тіл. Өткенде баспасөз мәслихатында отырған бір қазақтілді қандасымыз Марченкоға: «Қазақша үйреніп жүрсіз бе?» деген сұрақ қоям деп басы бәлеге қалғаны бар. «Тақырыптан ауытқып» кеткен әріптесімізді жерден алып, жерге салған Бас банкир мемлекеттік тілді үйреніп жүрмегенін, анығы үйренгісі келмейтінін ашық айтты. Оның бұл сөзінен Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, Конституцияда көрсетілген талаптарға шекесінен қарайтын менмендік аңғарылатыны анық. Мемлекеттік құндылықтардың алғы шарты саналатын мемлекеттік тілге неге құрмет көрсетпейсің?» деп Марченконы жағадан алған тағы ешкім жоқ. Тек қазақ тіліндегі БАҚ өкілдері ғана бір шуылдасып барып басылды. Бұл орайда, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «2025 жылға қарай Қазақстан азаматтарының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деген пәрменін айту артық шығар. Жалпы еліміз тәуелсіздік алған 21 жылдың ішінде бір емес, бірнеше шет тілін меңгеріп алатын кез болғанын айта, айта шаршадық.

Жұртты жаппай кекетіп, мұқатуға шебер Марченко өзінің төбесінен құс ұшырғысы келмейді. «Адамдардың «Марченко отставкаға кетсін!» деп аттандауы «оның бізге ұнамайтын сөз айтуы – зұлмат» дегенмен тең. Түсінесіздер ме? Мұны басқаша айту мүмкін емес!» деп шамдануы, 63 жасқа дейін жұмыс істеуге қарсылық танытқандарды «үкіметтің мойнында отырған масылдар» деп сөгуі – соның айғағы. Алдында иіріліп отырған БАҚ өкілдеріне: «Сендер осы тақырыптарға жазғанда, 60 жылдан кейін мұнай түгесілетін немесе мүлде аз қалатынын түсінесіңдер ме? Мұнай таусылғаннан кейін не істейміз?!» деп шүйлігуі де – дегенін істетіп үйренген менмендіктің белгісі. Өйткені, шикізат көздерінен түскен қаражатты егемендік алған 21 жылдың ішінде экономиканы дамытуға, анығында, зауыттар мен фабрикалар салып, тауар өндіруге, бәсекелестік қабілетті халықаралық деңгейге көтеруге, әлеуметтік тұрғыда гүлденуге халық қарсы болды ма? Шала ойлайтын биліктің шалағай тірлігіне халық кінәлі емес. Мұнай мен газдан түскен кірісті экономиканы дербестендіруге жұмсаса да, жұрт наразы болмайды. Оған сыртқы қарыз бен заңсыз жолмен, жемқорлардың көмегі арқылы шекара асқан қыруар ақшаны тағы қосыңыз.

Бас банкир бірде гендерлік саясатты қорғаштаса, бірде «әйелдерге берілетін зейнетақының 45 пайызы еркектердің есебінен берілетін субсидия», «Бұл ешқандай да әділетсіздік емес, мұны (заң жобасын – Н.Ж.) еркектерге қатысты әділеттіліктің салтанат құруы деп қарастыру қажет» деп көсіледі. Пікір айтуда әрдайым ерекшеленіп жүретін, қазақша айтсақ, «бүйректен сирақ шығаруға» құмар Марченко адамдарды ұзақ өмір сүргені үшін де жазғырды: «Адамдардың өмірі ұзарғанына ешкім кінәлі емес. Қазір зейнеткерлікке «бэбибумерс» кезінде дүниеге келген ұрпақтар шығып жатқанына ешкім кінәлі емес. Осы жерде отырғандардың басым бөлігі – 45-59-жылдары туғандар. Демек, жуық арада зейнетке шығатындар саны көбейе түседі». Кезінде премьерлік қызметті атқарған Даниал Ахметовтің орынбасары болған Григорий Марченко қытығына тиген кейбір мәселеге орай Ахметовке наразылығын ашық айтып, Алматыға тартып отырған. ҚР Ұлттық банкінің бас ғимаратын Астанаға көшіруге де үзілді-кесілді қарсы Марченко наразылығын бірнеше рет ашық айтты. Шенеунік біткенді Елордаға жинап жатқан билік бұл жолы да Марченконың «еркелігімен» үнсіз келісті. Сонымен, дүйсенбі күні ешкімге ескертпестен, демалысқа кетіп қалған Бас банкир жұмысын жалғастыра ма, жоқ па,  әзір белгісіз.