ТАРАПТАР ОРТАҚ МӘМЛЕГЕ КЕЛУІ ТИІС
ТАРАПТАР ОРТАҚ МӘМЛЕГЕ КЕЛУІ ТИІС
Кімнің – ақ, кімнің қара екенін анықтау бізге міндет емес. Басты мақсат – екі тараптың да пікірін біліп, сөз бостандығын ұстану. «Түркістан» газетінің соңғы сандарына жарияланған сұхбаттарда түрлі пікір айтылды. Бүгінгі кезек – Стамбұлдағы телеарналардың бірінде қызмет атқаратын әріптесіміз Мехмет ӨЗЕР мырзада.
– Мехмет бей, қазір Түркиядағы жағдай қалай?
– Стамбұлдың Таксим алаңындағы Гези бағынан басталған наразылық шарасының ауқымы бүкіл Түркияға тарағанынан хабардар шығарсыздар. Бүгінде халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының басты жаңалығына айналды ғой. Стамбұлмен бірге, Анкара, Адана, Мерсин, Измир, Анталья, Хатай… түгел бас көтеріп, шеруге шықты. Соңғы деректерге сүйенсек, сенбі күні, яғни, 14 маусымда 250-ге жуық адам тұтқындалып, 100-ден астамы түрлі деңгейде жарақат алған. Бұған дейін 4 мыңнан астам адам жарақаттанып, 1 мыңға жуық азамат түрмеге қамалған еді. Жексенбі күні қарулы қақтығыста қаза тапқан бір отандасымызды жер қойнына беріп, жаназасын шығардық.
– Сәрсенбі күні шерушілердің жетекшісімен Ердоған кездескені белгілі. Мұның қорытындысы қалай болды?
– Сәрсенбі күні өткізілген келіссөзге наразылық танытқандардың ешқайсысы қатыстырылған жоқ. Билік өздерінің айтқанынан шықпайтын кісілермен ғана бас қосты. Мәселен, Түркиядағы танымал әртістердің бірі – Хүлия Авшар мен Неджати Шашмаз. Бір қызығы, олар бірде бір рет алаңға келіп, елдің арасында болған емес. Келесі күні Ердоғанмен тағы кездесті алаңға шыққандардың атынан барған топ. Өкініштісі, премьер-министр оларды мұқият тыңдағансығанмен, сөздеріне құлақ асқан жоқ. Таксимдегі бақты жоюға берген пәрменінен бас тартпай отыр.
– Наразы топ «Ердоған мен оның партиясы отставкаға кетсін!» деген талап қойып отыр. Бұл талаптың орындалуы мүмкін бе?
– Меніңше, мүмкін емес. Мінезі қырсық Ердоғанға Америка мен Батыстың басшылары да ашулы. Оның орнынан кетуін қалаған түрік азаматтары шерулетіп, көшеде жүр. Бұл тек Стамбұлға ғана қатысты емес. Анкара, Адана, Измир, Хатай тағы басқа қалаларда толқулар жалғасуда. Демократиялық құндылықтарды ту еткендер Ердоғанды тәубесіне келтірмейінше, сабырға келмесі анық.
– Реджеп Тайип Ердоған Түркия үшін көп нәрсе жасады емес пе? Мәселен, экономикалық, әлеуметтік мәселеде ілгерілеушілік бар. Халықаралық қаржы қорынан алған қарызды да Түркия түгел қайтарып үлгерді…
– Кешіріңіз, егер барлық борыштан құтылса, Түркияның сыртқы қарызы неге 480 млрд. долларға жетті? Интернеттен іздеп көріңіз, кез келген дерек көзі сізге осы қарызды шығарып береді. Яғни, қазіргі адамдардың немерелерінің мойнына ілінген қарыз бұл. Саяси мәселелерге келсек, Сирия – біздің шекаралас көршіміз. Құда-жекжат, туысқандық байланысымыз мықты. Бірақ сол Сириядағы оппозицияны қару-жарақпен қамтамасыз етіп, қаржылық қолдау жасап отырған кім? Біздің премьер Реджеп Тайип Ердоған! Оны өзі жасырмайды да, бірнеше рет ашық айтты. Егер қарапайым халықтың тұрғысынан қарастырсақ, Сириямен бас араздығымыз жоқ. Ең басты қиындық, Американың түріктердің қолымен от көсеп, саяси арандатушылыққа баруы. АҚШ әзірлеген саяси ойынға Ердоған да қойып кетті. Таксимдегі шерушілердің ашуға ерік беруіне бақтағы ағаштардың кесілуі себеп болды. Сырт көзге Ердоған керемет, Түркия үшін көп нәрсе жасаған сияқты көрінуі мүмкін. Шындығына келсек, олай емес. Ердоған жұртқа білдірмей, диктаторлық режим қалыптастарды. Бұған дейін әскерилер, қарулы күш, соттар, полиция билікке бағынбайтын. Қазір жағдай басқаша, полиция қызметкерлері асырасілтеушілікке ұрынуда. Таксим алаңын ереуілшілерден тазарту үшін бірнеше жасақ кіргізілді. Бірнеше адам тұтқынға алынып, жазаға тартылды, наразы адамдарға улы газ қолданылып, қыздардың шашынан сүйреді. Бұған биліктің қандай құқы бар?! Ереуілге шыққандар – ашуы-ызасы қыз-қыз қайнап, жарылуға шақ тұрғандар… Қайталап айтайын, наразылық білдіргендердің басым бөлігі жоғары білімділер – заңгерлер, мұғалімдер, журналистер, дәрігерлер, студенттер… Олар Түркияда демократиялық құндылықтар сақталса, азаматтар тәуелсіз болса, биліктің «ұртоқпағына» көнбесе деген ниетте.
– Егер билік те, ереуілшілер де ымыраға келмесе, не болады?
– Наразы топ үкіметтің отставкаға кеткенін қалайды…
– Әлбетте, бұл талапты Ердоған мен оның жақтастары орындамасы анық.
– Иә, солай. Арадағы түсініспеушілік пен наразылықтың ушығып бара жатқаны да сондықтан. Меніңше, екі тарап та мәмлеге келуге мүдделілік танытуы тиіс. Ол үшін Түркия Ұлттық Мәжілісінде орын алған оппозициялық партия – Түркия Мемлекеттік партиясының (СНР) көсемі Кемал Кылычдароғлы араағайындық жасап, наразы топты сабырға шақыруы керек. Егер Стамбұлдағы жағдайды өз көзіңізбен көрсеңіз, мұнда әр жерде жанған от, сынған бұйым, полиция мен адамдар арасындағы қақтығыстар… Бұл дұрыс емес. Бейбіт жолмен шешілуі тиіс әр проблема. Қарулы қақтығыстардың кесірінен шерушілер де, полиция қызметкерлері де жараланып жатыр, екі тарап та зиян шегуде. Бұл дұрыс емес. Келісімге келу керек екі тарап та.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы