Имамдардың сауаты неге төмен?

Имамдардың сауаты неге төмен?

Имамдардың  сауаты  неге төмен?
ашық дереккөзі

Еліміздегі дінге қатысты мәселелерді ой елегінен өткізген агенттік басшысы бірқатар түйткілдерді ортаға салды. 

Соңғы екі жылдың ішінде үш ұйықтасақ, түсімізге енбейтін лаңкестік әрекеттердің тіркелгені халықтың ойын сан-саққа жүгірткен. Әрі шетелден діни сауатын ашып, түрлі ағымның жетегінде кеткен жастардың экстремистік «көңіл-күйде» жүргендігі жасырын емес. Алайда, олардың қандай біліммен қаруланып оралғандығын тексеріп жатқан арнайы мекеме жоқтың қасы. Дәл осы мәселенің бейберекетсіздік жолмен кетуі сала мамандарын мазалай бастағанына да біраз жылдың жүзі. Енді бұл мәселемен мемлекеттің өзі тікелей айналыспақ. Кезінде түрлі себептермен жергілікті оқу орындарына түсе алмаған жастар тегін діни білім алу үшін Сауд Арабиясына, Мысырға, Пәкістанға кетіп жататын. Агенттік төрағасының айтуынша, бүгінде теологияны Қазақстанның 400-ге жуық студенті Араб елдерінде, 200 азаматы Египетте және 60-ы Пәкістанда оқып жатыр. арасында та­раған дәстүрлі исламды үйретпейтін кү­­мәнды университеттердегі төрт жүз­ге тарта студент алдағы уақытта елге қайтарылады. Әрі бұдан былай қазақ жастары Білім және ғылым ми­нистрлігінің рұқсатынсыз Араб елдеріне оқуға бара алмайтын болды. Осы тұрғыда Түркиямен де арнайы келіссөздер жүргізілу үстінде. 

Парламент депутаттары алдында аталмыш мәселенің байыбына үңілген Қайрат Лама Шәріп бұған билікті емес, балаларын бетімен жіберген ата-ананы кінәлайды. «Үкіметті бұған жазғыра берудің қажеті жоқ. Ата-аналар балаларының тәрбиесін қадағалауды қойған. Мешітке барған баласына «Не үшін? Кімнен білім алып жүрсің?» деген қарапайым сұрақтар қойса, бұл мәселе тыйылар еді», – дейді ол. Оған имамдардың білімі мен біліктілігінің төмендігі басты себеп. «Шындығында Қазақстанда 2320 мешіт болса, солардың көпшілігінде имамдардың діни сауаттылығы өте төмен. Басым бөлігі 1990 жылдары 3 айлық курстарды бітіріп-ақ имам болып жүр. Бұл үш айдың ішінде имам болатындай қандай дінді насихаттауға болады. Исламды өмір бойы оқу керек. Сондықтан да, өңірлердегі имамдардың біліктілігінің төмендігі жастарымыздың интернет, басқа да көздер арқылы сұрақтарға жауап іздеп кетуіне әкеп соғып жатыр», – деді агенттік төрағасы. Оның пайымынша, Қазақстанда қазіргі құлшылық үйлерінің саны дінге сенушілер үшін жеткілікті. «Қазақстандағы ғибадат үйлерінің саны 3244 болса, соның 2320-сы мешіттер. Сондықтан да, бұдан былай ғибадат үйлерін салу туралы шешім алдыңғы жылдарға қарағанда жан-жақты ойластырылып, барлық қажетті факторлар ескеріліп барып қабылданатын болады. Атап айтқанда, мұнда халықтың сұранысы, басқа да ғибадат үйлерінің бар-жоқтығы, оларды қамтамасыз ету мүмкіндігі секілді мәселелер ескеріледі», – деді. 

Сол сияқты Дін істері агенттігінің төрағасы бүгінде 200-ге жуық экстремистік бағыттағы кітаптың еркін айналымда жүргендігін жеткізді. Тіпті жазасын өтеуге арналған колониялардан да лаңкестікті насихаттайтын кітаптар тәркіленген көрінеді. Бұл жұмысты елімізде тіркелген 400-ге жуық миссионер атқарып жүр. Миссионерлік қызметті реттеуді бас­ты қызметіне алған агенттік олардың елге келу тәртібін бекітті. Заңға сәйкес, қазір тиісті куәлік алғандар миссионерлік қызметін нақты ережеде бекітілген және куәлікте белгіленген өңірлерде ғана жүзеге асыруы керек. 

«Дінтану» пәнінің сағатын арттыру керек


Парламент мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев мектептерде оқытылатын «Дінтану негіздері» пәнінің сағатын арттыруды ұсынды. «Жастардың діни сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Бүгінгі таңда мектептердің 9-сыныбында «Дінтану негіздері» пәні оқытылады. Оған факультативтік сағаттардың есебінен оқу жылына 34 сағат бөлінген. Дінтану негіздері секілді пән арқылы дін жайында түсінікті жастайынан, мектеп қабырғасынан қалыптастыру арқылы жалған немесе радикалды діни ағымдардың жетегінде кетудің алдын алуға болады. Сол себепті алдағы уақытта оқыту сапасына көңіл аудара отырып, әдістемесін жетілдіріп, осы пәнге арналған сағат санын арттыру жөн деп ойлаймын», – деді М. Әшімбаев. Сонымен қатар депутат соңғы жылдары 390 жас дінтану мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтағанын айтып, оларды алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстарына кеңінен тарту қажеттігін жеткізді. «Қазақстан соңғы жылдары діни экстремизм проблемасымен бетпе-бет келгенін жасыра алмаймыз. Бұл көбіне елімізге сырттан әсер ететін халықаралық радикалды діни орталықтардың нақты бағытталған жұмысының нәтижесінде орын алуда. Бұл ретте азаматтарымыздың мейлінше шетелде беймәлім, күмәнді оқу орындарында дәріс алуына жол бермеу керек. Діни радикализмнің алдын алу үшін жүйелі түрдегі үгіт-насихат жұмыстары белсенді түрде қажет. Жалпы экстремистермен күресті ең алдымен идеялы түрде жүргізген жөн. Егер осы жұмысты тиісті деңгейде атқара алмасақ, онда күш қолдану шаралары да оң нәтиже бермейтіні анық», – дейді ол. 

Ал отырыста депутат Жұматай Әлиев «Дінтануға атеизм туралы ілімді қосу керек» деп көпшілікті дүр сілкіндірді. Ал оның бұл ұсынысына қарсы тұрған әріптесі Алдан Смайыл: «Атеизм туралы еш сөз болуы тиіс емес. Оған қайтып оралуға болмайды. Ол кісінің қандай оймен айтқанын білмеймін, атеизм бізден кеткен сол бетімен кетсін», – деп тойтарыс берсе, Дін істері агенттігі төрағасы да атеизмнің біздің салаға жатпайтынын, жалпы атеистердің дінді мойындамайтындығын баса айтты.