Жаңалықтар

Ердоған табандап тұрды, айтқанын істеді

ашық дереккөзі

Ердоған табандап тұрды, айтқанын істеді

Режеп Тайып Ердоған ереуілшілерге соңғы рет ескерту жасап тұрғанын мәлімдеген болатын. Бұдан кейін полиция Таксимге бет алғандарды кіргізбей қойды және мұндағыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газды пайдаланды. Стамбұл уақытымен сағат 20:20-да Гези бағын ереуілшілерден тазалау үшін полиция шабуыл бастаған. 

Бұл небәрі 20 минутты ғана қамтыды. Гези бағындағылар сонымен тұншықтырылды. Бірақ бұл сонымен бітпеді, Түркияның Стамбұлдан өзге елдімекендерінде және Стамбұлдың өзінде поли­цияның бұл ісіне наразылық акцияларын ұйымдастырған кәсіп­одақ өкілдері бас көтерді. Түр­кияның жүздеген мың тәуелсіз жұ­мысшыларының басын қосатын екі ірі кәсіподақ ұйымы бүгінде мәселені ушықтыра түсуде. Қазір шамамен 950-дей адам тұт­қындалған. Олардың жартысы жауап бергеннен кейін босатылды. Ереуіл барысында 5 мыңдай адам зардап шеккен. 5 адам көз жұмды. Түркия шерулерден келген зиянды 40 миллион долларға бағалап отыр. 

Маусымның 16-да Стамбұлдың Зейтінбұрны ауда­ны­ның Казлышешме майданында Түркияның бас министрі Тайып Ердоғанды қолдау мақсатында Ердоған өзі сайланған «Ақ партияның» ереуілі болып өтті. Казлышешмедегі майдан өте алып алаңдардың бірінен саналады екен. Халық екі сағат бұрын алаңға лық толды. Жергілікті әкімшіліктің есептеуі бойынша, бір миллион екі жүз мың адам келген. Оның сыртында алаңға сыймаған көпшілік, ереуілді алыстан бақылады. 

Сол алыстан бақылаушылардың қатарында біз де болдық. Бірін­шіден, Тайып Ердоған Стам­бұл уақытымен тура 18.00-де алаңда болды. Екіншіден, екі сағат бо­йына толассыз, тоқтаусыз және демалыссыз сөйледі. Әрине, оның сөйлеуіне көмекші экранның болғаны рас. Дегенмен, Бас ми­нистрдің шешендігі қайран қал­дырды. Алаңға Бас министр әйе­лімен және қорғаушыларымен көтерілді. Біздегідей жоғары лауа­зымды көрсе халықты қуып, інге тығатындай әрекетті байқамадық. Алайда, әйелі халық алдында азғана аялдады да, бас министрдің өзін ғана қалдырып, көзден ғайып болды. Ердоған шапанын шешіп, көмекшілерінің біріне ұстатты да, әңгімесін бастап кетті. Әуелі ол өзін қолдауға келген Стамбұлдың әрбір ауданының өкілдеріне, партияларға рахметін жаудырды. Сосын бір айға жуық уақытқа созылған Таксимдегі және Гези паркіндегі наразылық шараларына тоқтады. Былайғы жұртқа Ердоған ақталған сынды көрінеді екен. Дегенмен, ақтала тұрып, ереуілдеткен халыққа сес көрсеткендей әсер қалдырды. Біріншіден, Ердоған бұл ереуілдерді үлкен ойын деп түсінеді. Оның бастысын сырттағы күштер, Еуропа елдері және АҚШ ойнап отыр. Ал ел ішінде осы ойынға елтіп жүрген арандатушылар бар-мыс. Ердоғанның осы ойын оны қолдаушылардың ереуіліндегі «Buyuk ouyny bozmaya, haydi tarih yazmaya» деген ұраннан-ақ байқауға болады. Бұл ұранның мағынасы «Үлкен ойынды бұзайық, ал енді тарих жазайық» дегенге саяды екен. «Ереуілшілердің басында Түркияның халықтық партиясы тұр» деп есептейді. Оларға кімдердің дем беріп, кімдердің қолтығына су бүркіп отырғаны да тайға таңба басқандай дейді ол. Халықшылдар кезінде Аднан Мендересті тақтан тайдырып, халық алдында асуға дейін барған. Азанды түрікше шақыртып, мешіттерді мал қораға айналдырған. Бірақ қаншама жыл өтсе де, бұл партияны қолдаушылардың саны мол емес. 

«Гези паркіндегі ереуілшілер арандату мақсатында полицейлерге оқ атты. Соның салдарынан 2 полицей қызметкері және 44 отандасымыз жараланды. Қарапайым халықтың 200-ге жуық машинасы, полицияның 150 көлігі, қаншама автобустың бүлінуіне жол берілді. Оны полицейлер емес, алаңға келген арандатушылар жасады, бұның барлығы халықтың мүлкі, оны олардың тал­қандауына кім құқық берді?» деген ол осы Таксимдегі мыңдаған адамның бизнесі, күн көріс көзінің ереуілшілер салдарынан тоқтап тұрғанын айтып, бизнес иелеріне жаны ашитындығын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, ол ереуілдетуші топтың әрқайсысымен жеке-жеке кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізген екен. Гези паркінің тағдырын халық шешсін, референдум шешсін деген ұсынысын қабыл алған топ, қазір ол ойынан айнып, бас тартып отырған көрінеді. 

Ердоған Бас министрлік тағына отырғалы 11 жылдың жүзі. Осы уақыт аралығында жасаған іс­те­рін тізбелеген ол ең бастысы халықты демократиялық жолмен басқарып, құқықтық мемлекет құра білгендігін жеткізді. Ол әлемдегі ең ірі әуежай құрылысын бастапты Стамбұлда, әлемнің жеті кереметінің бірі атанған аспалы көпірдің тағы үшіншісін салмақ. Теңіз астынан пойыздар жүйткімек. Осының бәрін салмақтаған ол Гези паркіндегілерден өз еркімен Таксим мен Гезиді босатуын сұрады. Егер өз жөнімен кетпесе, күш қолдануы бек мүмкін екендігін де ескертті. Және сөзінде тұрды.

 Сөз соңында Ердоған Түркия жұртын бір байрақ, бір отан, бір дәулеттің аясында жұмылған жұдырықтай болуға шақырды. Түркі байрағын әрбір отбасының балконынан көргісі келетінін, басқа байрақтарды танымайтынын айта отырып, әлеуметтік желілер де, ереуілдер де Түркияның қазіргі билігін орнынан заңсыз  тайдыра алмайтынын айтты. Ердоған өзін халық сайлағанын және сол сайлаумен ғана орнын беретіндігін жеткізді. Ереуіл соңы «Жолымыз бір, бағытымыз бір» деген әнмен жалғасты. Жұрт ың-шыңсыз тарасты. 15 маусымда Анкарада өткен ереуілде де Ердоғанды жүздеген мың халықтың қолдауға келгені айтылды. Ереуілден кейін бір күннен соң оппозиция Түркия оппозиционерлері Стамбұлдағы алаңға 1,2 миллион адамның келгеніне күмән келтіруде. Алаңның жалпы ауданы 73 метр, жалпы сыйымдылығы 219 000 адамға дейін барады екен. ендеше билік 1,2 миллион адамды қалай есептеп отыр дейді олар.

Халықтың Ердоғанға наразы­лығының бір ұшы сөз бостандығын тұншықтыруы болып отыр. Өйткені ол өз әрекетін сынаған ақпарат құ­ралдарына қысым жасаған екен. Бүгінде Түркиядағы ақпарат құралдарының барлығы Ердоғанның сөзін сөйлейді. 

Стамбұл