Жаңалықтар

Қорғас соты

ашық дереккөзі

Қорғас соты

 Дегенмен, айыпталушыларға айып ретінде тағылған баптың «Қылмыстық кодекстен» алынып тасталынғаны істің барысына, яғни оның қаралуына еш әсер етер түрі жоқ. «Әр өгіздің өз қасабы болады» демекші, істі қарау өз ретімен жалғасуда.

Солай десек те, бірқатар жанама дәлелдемелер істің түбегейлі өзгеруі мүмкіндігіне алып келуі мүмкін. Белгілі сая­саттанушы Әзімбай Ғалидың пайымдауынша, «Қылмыстық ко­декстің» қамауға алынған ке­деншілер мен кәсіпкерлер айып­талып отырған бабының өз­ге­руі бұрын соңды болмаған бі­регей жағдайға, сөйтіп, айып­та­лушылардың бір бөлігінің тура сот залында бостандыққа шығуына әкеліп соғуы мүмкін. Ол халықтың Қазақстан сотына деген сенімін арттыруға қажетті сот прецендентінің орын алуы мүмкін деп есептейді. Оның үстіне, сот процесін ашық әрі жария түрде өткізу белгіленген. Сот отырысына БАҚ және қоғамдық ұйымдар өкілдері көптеп қатыспақ. Бұл да тегін емес.

Осы орайда, «Қорғас ісі» бойынша оқырман қауымды құлағдар ету мақсатында мамандардың пікірін білген едік. 

Александр Кирияк, аға тергеуші, айыптау тарапының өкілі: 

– Айыпталушылардың кінәлі не кінәсіз екендігі туралы мәселе ашық процесс барысында анықталады.Тергелушілердің көп болуы қиындық тудыруда. Дегенмен, дәлелдемелерге баға беру жөнінде сөз қозғамай-ақ қояйын. Тек айтарым, ешкім ешнәрсені жасырып қойған жоқ. Басты сот тыңдаулары 20-маусымда басталады. Істің қисыны бойынша, алдын ала тергеуде болғанның бәрі, қылмыстық істің барлық 1700 томы толығымен қайта қаралады. Адамдарды қайта шақырамыз, қайта жауап аламыз, барлық құжаттар қайта көтеріліп, қаралады. Яғни, сіз сот процесіне қатысатын болсаңыз, барлығы түсінікті болады. Біз тағылған айыптың мәнін жариялаймыз. Бұл қылмыстық істерді қарау кодексінде қарастырылған тәртіп. 

Ашурбек Ашурбеков,  адвокат, қорғаушы тараптың өкілі: 

– Тергеу өте нашар жүргізілген. Қылмыстық істерді жүргізу кодексінің көптеген нормаларының бұзылуына жол берілді. «Қорғас ісін» тергеген жедел-тергеу тобы істі қалай болса солай тергеген. Олар жас болғандықтан ба, әлде басқа себептермен бе, қылмыстық іс жүргізу кодексі талаптары көп рет бұзылған. Мәселен, барлық сотталушылардың жазаға тарту туралы қаулысы бірдей. Олардың ешқайсысында Қазақстан Республикасы шекарасынан алып өтілген контрабандалық тауарлар тізімі көрсетілмеген. Тек 22 тауар атауы әкелінгені көрсетілген. Ал осы санаттағы істерді тергеудің ерекшелігі айыпталушы ретінде жазаға тарту туралы қаулыда ҚР шекарасынан өткізілген әрбір тауар, мейлі ол кроссовка, мейлі куртка болсын, жеке көрсетілуі талап етіледі. Ал ол жасалынбаған. Тергеу әрбір құрықталған адаммен дербес, нақты жұмыс істеуі керек еді, бірақ тергеушілер олардың барлығына бірдей егіздің сыңарындай қаулы берумен шектелген. Сондай-ақ айғақ заттарды қарауда да көптеген жайттар көңілге күдік ұялатады. Бізді, қорғаушыларды, біраз уақытқа дейін айғақ заттарға мүлдем жолатпады. Ал бізге олармен танысуға мүмкіндік бергенде (прокуратура мен сот арқылы қол жеткіздік), бірде-бір айғақ затта тергеушінің оны қарағаны туралы белгісі, бирка, айғақ заттарды қараған хаттамада тергеушінің, қарауға қатысқан куәгерлердің қолтаңбалары болған жоқ. Ал Қылмыстық істерді жүргізу кодексі оның барлығының болуын талап етеді. 

Сонымен қатар, көпшіліктің назарын аударатын тағы бір жайт, біз сот отырысы барысында кедендік жүктерді рәсімдеудің ерекшеліктері туралы әңгіме қозғаймыз. Бізге ұсынылған құжаттар бойынша, контрабанда ретінде айыпталынып отырған тауарлардың 90 пайызы бойынша кедендік декларацияның мүлдем ұсынылмағанын сенімді түрде айта аламын. Ендеше бұл тауарлар қандай негізде контрабанда ретінде танылуда? Неліктен прокуратура органдары осы өрескел фактілерге назар аудармаған?

Жалпы, мына келеңсіздікке назар аударыңызшы. Егер қаржы полицейлері 2007 жылдан 2011 жылға дейінгі аралықта Қорғас арқылы экономикалық контрабанда жүзеге асырылған деп мәлімдесе, онда мұндай әр фактілер міндетті түрде тіркелуі керек еді. Сонымен қатар, егер қаржы полициясы 2007 жылдан жедел шараларды жүзеге асырса, контрабанданың әр фактісі тіркеуге алынуы керек еді. Мұндай әр факті айыптау қаулысында міндетті түрде көрсетілуі тиіс болатын. Бірақ оның бірі істелмеген. Тағылған айыпты растайтын бірде бір дәлел жоқ. Мен мұны адвокат ретінде мәлімдеймін. Ал ештеңе жоқ болса, ол нені білдіреді. Яғни, 2007 жылдан 2011 жылғы наурызға дейінгі аралықта қаржы полицейлері тарапынан контрабандалық жүктерді нақты құрықтау фактілерімен дәлелденбегендіктен, тағылған айып құр бос сөз болып табылады.

Советхан Сәкенов, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың өкілі:

– Алдын ала тыңдаулар аяқталды. Олардың қорытындысы бойынша, 20-маусымға негізгі сот мәжілісі тағайындалды. Алдын ала тыңдаулар барысында адвокаттардан түрлі сипаттағы қырыққа жуық қолдаухаттар түсті. Сот олардың ешқайсысын қанағаттандырған жоқ. Айыпталушылар отырыскерлер сотынан бас тартты. Процесс өте күрделі, сондықтан бұл істі қарауға қосалқы судья Каиров Асқар Макенұлы қатысады. Қылмыстық істерді жүргізу кодексінің 313-бабына сәйкес, аса күрделі істерді қарау барысында мұндай шараға жол берілген. 

Айыпталушылардың адвокаттары мен туыстары сот мәжілістерін күнделікті таңертеңгі сағат оннан кешкі алтыға дейін жүргізу қамауда жатқандарға оларға тағылған айыптың мәнін түсінуге және өзінің қорғанысын дайындауға мүмкіндік бермейді деп мәлімдеуде. Олар іске Қытай тарапынан халық тұтынатын тауарлар контрабандасын растайтын не жоққа шығаратын құжаттары тігілмейінше іс бойынша шығарылатын үкім әділ деп саналмайды деп отыр. Демек құрықталғандар санына қарасақ,«Қорғас ісі» атақты Нюрнберг процесінен асып түсетін сыңайлы. Атышулы процесте 23 нацист жауапқа тартылса, «Қорғас ісі» бойынша қырық бес азамат айыпталып отыр.