Аусылдың беті қайтпай тұр
Аусылдың беті қайтпай тұр
Көктем келісімен ірі қараны баудай ұшырған дерттің ошағы жойылмай отыр. Жергілікті басшылар аусыл ошағын жою үшін бірнеше мың малды басы бүтін жойып жіберсе де, Қытайдан келген дерттің арыны тыйылар емес.
Таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринария қызметінің мамандары арнайы келіп, өңірге төтенше жағдай белгілеген болатын. Бүгінге дейін екі ауданның 2274 ірі қара малы өртелді. Аусыл ауруы үдеп тұрған Үржар, Тарбағатай аудандары, Аягөз, Бесқарағай және басқа аудандардың ветеринария қызметкерлеріне дәрі-дәрмегі, қажетті құралдары мен тіпті тоңазытқышы да бар көлік табысталды.
– Аусыл ауруына тосқауыл қойып жатырмыз. Бұл сырқат көрші Қытайдан келгені анықталды. Шекарадан өткендер тексеріледі. Жақын арада Ресейден дизенфекция, басқа да ветеринарлық қызмет түрлерін мүлтіксіз атқаратын автокөліктерді алмақпыз, – деді брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Д.Селиханов.