Жаңалықтар

Сағындық сізді, Алма апай!

ашық дереккөзі

Сағындық сізді, Алма апай!

Ұлт ұрпағына тәлімді тәрбие, бүкіл ғұмырына нәр болатын берік білім беру – ұлағатты ұстаздар еншісіндегі еңбек. Егер тереңнен толғайтын болсақ, адам ғұмырына қажетті қасиет-қабілетті ұштайтын адамдардың бәрі ұстаз іспетті. Қазақ даласында ғасырдан-ғасырға ұлағат пен тағылымның, білім мен мәдениеттің киелі ұғымын жеткізіп, адамзат құндылықтарын ардақтап, насихаттап, ұрпақ жүрегіне мейірім шуағын шашқан, күллі қауым «ҰСТАЗ» деп ұлықтаған ұлы адамдар есімі дана болмысымен, ұлағатты тағылымымен танылып, халық жадында жатталып қалғаны шындық! Қыпшақ даласының ұланы әл-Фараби шығыстың атақты Аристотельден кейінгі ел мойындаған «Екінші ұстазы» атанса, тарихтың әр кезеңінде танылған тұлғалар рухани білім ордасының теңдессіз тұлғалары ретінде ауызға алынады. Ондай Ұстазды танып-білу шәкірт үшін де толайым БАҚЫТ!

Бұл толғаныс «Ұстазым менің, ұстазым!» концертінен кейін жүрек қылын қозғап, сағыныш сазымен тербеліп жүрді…

«Алма апай» десе елең етпейтін шәкірт жоқ шығар?! Жүрегінің шуағын, алақанының жылуын, бойындағы телегей-теңіз білімін таусылмас бұлақ арнасындай бар шәкіртіне бөліп сыйлап кеткен аяулы ұстазымыз! әл-Фараби (бұрынғы С. М. Киров) атындағы Ұлттық университет тү­лектері жадымызда жатталған жанды еске алып, Ұстаз есіміне құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған едік… 

Бұл жолғы концертке дайындық барысында шәкірттер арасында: «Алма апайдың есімін атай отырып, ұстаздар қауымына құрмет көрсетсек, қазақтың Алма апайы – Ұстаздың да ұстазы барына көз жеткізетін кең ұғымды қамтыса, ұстаз беделін асқақтатар іске өнеге болса қандай болар еді?!» деген пікір туындады. Жарқын істің басында, Алма апай, Сіздің есіміңізді жүрегінде әлдилеген Жарылқабыңыз тұрды. Оған тілекші де демеуші топтың басында соңғы сәтте Сіздің қолыңызды ұстап, қарлығаштай шырылдаған Қалдыгүліңіз жүрді. 

Концертке дейін ұйымдастырылған ғылыми-педагогикалық еңбектеріңіздің жинағымен таныстырған тұсаукесер-шарада салиқалы да сабырлы кейіппен, Сіздің келбетіңізді елестетіп өткен асқар тау­дай Асыл ағамыз жүрсе, шәкірттеріңіздің аға буыны – бұл күнде Алма апайдың шәкірттері деген үлкен әулеттің басы Өмірхан ағай, өзіңіз буынын бекітіп, ғылым жолына қадам жасатқан сүйікті шәкіртіңіз – Самал мырза, атыңызды айтса нұрланып сала беретін Нұрсұлуыңыз, соңғы жазбаларыңызды аманаттың ақ қағазына ораған ару Гауһарыңыз жиналған елге Сіздің кітабыңызбен бірге өз махаббаттарының таусылмас дастанын сыйлап жатқандай еді…

 Бастауын студенттік шақтан алған, Нұрлан ағайдың жүрегінен төгілген естеліктер мен Фаузия апайдың сезіммен өрілген өнегелі сөздері қандай?.. Нұрлан ағай: «Ең алғаш оқуға түскенде өз өлеңін оқыған қыздың ой өрімі өзгеше екеніне таңданысып едік. Алма: «Қазақ болып туғаныма мақтанам!» деп байыппен сөзін аяқтағанда, бір ерекше толқып едік» деп еске алғанда, апай Сіздің өзіңіз ашқан Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектеп-лицейіне арнап жазған «Ежелгі әдебиет» оқулығындағы «Сен – Қазақ деген ұлы халықтың ұрпағысың!» деген жолдары ойға оралды.

Толқыған топтың сезімі мен көңіл-күйі концертте тіпті ерек болды. Ұстаздан тәлім алған өнерде жұлдызы жанған жандар концерттің көркін келтірді. Ескендір ағамыздың әнімен жайнаған жастық шақ, студенттік сәттер көз алдымызға елес­теп, Біржан мен Әйгерімнің қосыла ән салғаны да үш буынның үндестігіндей жарасымды еді. «Ұстаз бен шәкірттің арақатынасы шынайы болу керек» деп өзіңіз авторлық сенім бағдарламаңызда жазып кеткендей Динара мен Арман  ұстаз бен шәкірт үйлесімін әдемі әнмен жеткізсе, Заттыбектің «ақ көйлек, қызыл галстугі» талай жанның балалық шағының елесі боп оралды. Мектептегі кездесу сәттерін көз алдымызға әкелген Майраның әні мен «қатал мұғалім» Айжан апай жазғызған «Бақыт туралы» шығарма бұл күнде Мұқағали сөзімен жетіп жатты.

Міне, «Сарғайған сурет беттері» сыр шертіп, телеарна қорынан алынған әніңіз шырқалғанда сіздің рухыңызды сезіндік, Ұстаз! Жүрегіміз дүрсілдеп, жанымызда тұрған жылылықты сезіндік, Алма апай! Үзінді көрсетілімде Сіздің өзіңіз келін боп түскен әулеттің алтын діңгегі, балапандарыңыздың атасы Жамбыл Жабаевтың «Балаларға» әнін шырқадыңыз…Ол өзіңіз ашқан мектептің қоңырауының үніндей сыңғырлады…Тыңдап отырған лицей мұғалімдері – Бекболат, Нұрсұлтан мырзалар мен Ләйла, Кәмила бикелердің жантолқынысы жанарларында жарқ етсе, өзіңіз сабақ берген шәкірттеріңіз: Майра, Мақпал, Салтанат, т.б. бикештердің көздерінде балалық шақтың сағынышындай болып маржан моншақтар тізіле қалыпты. Өзіңіз қазақы ұғымға сай бике деп атаған ұстаздарыңыз бұл күнде отанасы, әулеттің бибісіне айналып, бикештеріңіз бір-бір мырзаның жүрегінің тұмары, бір отбасының алтын алқасындай бикелер болғанын сезіндіңіз бе, Алма бибі!

Сіз салған әнді іле-шала сахнаға шығып орындаған әнші Гүлден: «Жүрегім аузымнан шығып кетер деп ойладым. Мұндай сезімді басымнан кешпеген болармын. Құтты ұстаздың алдында тұрған шәкірттей толқыдым» деп ағынан жарылды. Мен Гүлденге: «Сен әнші-термеші Алма апайдың, Ұстаздардың Ұстазының, ақ батасын алдың! Енді бүкіл ғұмырың шуақты болсын, өз шәкірттерің үшін махаббаттың, сезімнің арнасы бол!» деп тілек арнадым. 

Ақботаның орындауында «Бегімайдың жыры». Концерт жүргізушілер әннің орындалу тарихын Алма апайдың қырғыздың заңғар жазушысының алдында орындалған Раймалының әнімен байланыстырып айтып өтті. Залда ойлы жүзбен қашанда байыпты Бағилаңыз, қатты толқып отырған Қосай , енді бір қатарда жүрегіндегі сезімін деректі фильмге айналдырған Жаңабегіңіз бен Базар қызыңыз, университеттің студенттер оркестрінде қобызда ойнаған нәзік жанды Аида, қашан қарасаң алынбас қамалдай жүретін еңселі Ерлан, курстас Шолпандар қатар отыра қалыпты. Олардың ойына апай салған қырғыз әндері оралған болар?!.

Шәкірттердің жүрегінің үнін жеткізген Жарылқаптан соң, Бұлан шықты. Әнді асыға күткен Гүлнар ұстаздың көзі боталай қалған…Оның «Кешір, ана» әні сол күні бар анасына бір ауыз сөзін айту арманға айналған бар жанның жүрегін тербеген, ән көгіне арнап ұшырған перзент сезімінің құсы болды. Құс демекші, кептермен билеп жүрген қыздардың кептері сахнадағы перденің жоғарғы жағына барып қонып, жиналған елге қарай қалыпты…Сіздің 50 жылдық мерейтойыңызда Салтанат бикеш ұшырған құс та тап осылай пердеге қонып, бәрімізді көз аясына сыйдыра қараған еді-ау!.. 

Есет пен Розаның әнінде ел вальс әуенінде тербелді. Кішкене екі-үш қыз бала желбір көйлегінің етегінен кішкене қолдарымен ұстап алып, ортада ән әуенімен басын еркелете бұлғап билеп жүр. Сіздің лицейдің би кеші өтіп жатқандай… Балалықтың бал дәуренін Асқар салған «Ақ бантикпен» еске алып, «Достар» әнінде бала құсап сыныптастарым Болатбек, Жәмила, Мұхамеджандарға еркелеп, Құдайберген шырқаған «Армандастарда» Сәкенге қарай қағаздан ұшақ жасап ұшырып едім, қасымдағы Қалижан ағайдан «қатаң ескерту» алдым: «Сіз бастады екен деп, бүкіл зал ұшақ ұшырса не болады?» деп қабағын түйеді. Даусы зілсіз.  

Мың тағзым Сізге, Алма апай! Ардақты ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішев ағай: «Алманың бір ерекшелігі – студенттер өзге ұстаздардай аты-жөнін топтап айтып жатпай-ақ, «Алма апай» деп атағанында. Біз де солай атап кеттік» деген сәтінде шәкірттеріңіз бір-бірін түртіп «Қалаймыз, ә!» деген мақтанышпен жымың еткені ойға оралды. Бүгін шәкірттеріңіз Сізді өзіңіз жан-жүрегіңізбен сүйген барша қазақ қауымымен тағы бір қауыштырды.

 Сахнада Мақпал! «Қазағым» деп ән салғаны қандай жарасымды! Апайдың сабағында тұрғандай әсерлендік…Барлық ұстаздың еңбегіне жеміс тілеген Мақпал ұстаздар қауымының әнұранына айналған «Ұстазым менің, ұстазым» әнін әуелетті. 

Өзіміз ұстаз болсақ та, Гүлнар екеуміз орнымыздан тұрдық. Бұл – ұстаз атаулыға деген құрмет, ел ұрпағын білім мен тәрбие бесігінде тербейтін асыл жандарға деген арнайы ілтипат еді. Өзіңіз жетекшілік еткен группаның студенттері сонау Моңғол жеріндегі Ербақыт пен Зәмзагүл, бүгін осы шарада қатысып отырған Рабиға, Дүйсенкүл, Гүлнар, Майралар Сізге деген сезімі арқылы бүкіл қазақ елінің ұстаздарына ықыласын білдіруде. 

Әнмен бірге әр қойылым кө­рермендердің ыстық ықыласына кенелді. Мектеп өмірі, сыныптағы сәттер бәрін артта қалған арман әлеміне жетеледі. Гауһардың әніне қойылған қойылымдағы жас мұғалімге көмекке келген «директор ағайдың» ұстанымы да Сізге ұқсас, бала шығармашылығына қолдау көрсетіп, балаларды түсінуге тырысатыны да әдемі шықты. 

Концерт бітті. Бір-бірімен әңгімеле­се сыртқа шыққан топтың ішіндеміз. Бірі: «Тамаша! Бір сергіп қалдым», – десе, жанындағы құрбысы: «Менің сыныбымның оқушылары сияқты екен», – деп жымиды. Есік алдында тұрған топқа келген ер-азамат былай деді: «Ұстаздарға рухани демеу болатын шаралар керек-ақ, олар бүкіл елдің ағартушы-қайреткер, зиялы келбеті емес пе? Біз олардан бала тәрбиесін талап етеміз, ал өзіміз осындай ауқымды шара өткізбейді екенбіз. Меніңше, бұл ұстаздарға арналған тұңғыш концерт». Иә, өте орынды. Ұстазын ұлықтаған ел, ұрпағының да қамын ойлайды.