ҚАЗАҚ ТАРИХЫ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК?

ҚАЗАҚ ТАРИХЫ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК?

ҚАЗАҚ ТАРИХЫ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУЫ КЕРЕК?
ашық дереккөзі

Дидахмет Әшімханұлы:

 Бүгінгі тақырып баршаңызға белгілі. Ең алдымен, бұл тақырып бізді қуантады. Тақырыптың қуантатыны – өтпелі кезеңнен өте бастаған сияқтымыз. Бұл соның көрінісі сияқты. Өйткені тарихымызға бет бұруымыз, тарихымызды тереңнен қозғайық деуіміз, мемлекеттік тұрғыдан көзқарас болсын деуіміз, бізге қатты ұнайды. Мәмбет ағалар алғаш рет алашшылдарды ақтады ғой. Сол жылдардағы ұйқысыз өткізген күндердегі жұмыстарды ойласақ, бәріміз ерекше патриот болған екенбіз. Сол жылдары керемет жұмыстар атқарылған екен. Халықтың, елдің рухын көтерген ақтаңдақтардың бетін ашуға сол кездері істелген жұмыстардың аса көп нәтижесі болмады. Бізде қалыптасқан бір жаман үрдіс бар ғой. Бірнәрсені «уралатып» бастаймыз да, кейін соңы саябырсып қалады. Бұған да әртүрлі жағдайлар себеп болған шығар. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарих туралы әңгімесі қазақ баласын ғана емес, мемлекеттің әрбір өкілін қуантады деп ойлаймын. Нақты ғылымдар жөнінде көп талас тартыс­тар бола бермейді ғой. Ал ғылымдардың ішінде, өз икеміне қарай қалай бұрамын десе, икемге көнетін ғылым – ол тарих ғылымы. Кеңестер Одағы кезінде тарихты қалай жазғаны белгілі. Иван Грозныйды жақсы білгенімізбен, хандарымыздың тарихын білмедік. Орыстың тарихын кешегі Николайға шекті дейін жатқа білдік. Ол дәуір де өтті. Оның бәрін айта берсек, әңгіме ұзаққа кетеді. Міне, бүгін, жаңаша көзқараста, еліміздің тарихын қалай жазамыз деген мәселеге келіп отырмыз. Жуырда, бірер ай бұрын Путин тарихшыларды жинап алып, арнайы тапсырма берді. Олар да өз тарихын қайта жазайын деп отыр. Ресей тарихшылары қалай жазатынын мен білмеймін. Бірақ бірнәрсені ішім сезеді. Олар барлығын Ресейдің мақсатымен, баяғы орыстық рухпен жазады ғой. Біздің тарихымыз орыс­тармен, Ресеймен о бас­тан бірігіп, біте қайнасып кеткен. Оған қалай баға береді? Кешегі өткен Куликово шайқасына қалай баға береміз. Оны біз білмейміз. Ол туралы пікірлер өте көп. Сондықтан, кіріспе сөзді ұзаққа созбай-ақ қояйын, осы мәселе жөнінде әңгімемізді ары қарай өрбітейік. Алғашқы сөзді Зардыхан аға, сізге берейік.

 

Зардыхан Қинаятұлы:

 

– Астанадағы жиынға барғам жоқ. Бірақ газеттерден, телеарналардан берілген хабарлардан, материалдардан оқып білдім. Тарихқа өте дұрыс бағыт берілді деп ойлаймын. «Тарихты қалай жазамыз?» дегенге келер болсақ, тарихты қайта жазамыз деген жоқ. Тарих бұрыннан жазылып келеді. Жазылып та жатыр. Бірақ сол тарихтың кейбір тұстарына қайтадан бір қарап, кең ауқымда баға бергеніміз жөн. Ұлттық тұрғыдан тарихқа бет бұрып, бұрын кемшін қалған тұстарды толтырып, жүйелі, концептуалдық тұрғыдан қарау керек деген мәселелер айтылған екен. Мен бұған өте қуаныштымын. Тарихтың көкжиегін кеңейту туралы айтылыпты. Бұл өте дұрыс айтылған сөз. Тарихшылармен жиі қатынасып жүремін. Талай жерде талай әңгімелер айтып жүрміз. Бүгінгі біздің тарихты қайтадан қарап, қайтадан толықтырып жазу үшін, бізге төрт түрлі ауру дейміз бе, содан құтылуымыз керек. Бірінші, измшілдік тарихтан. Екінші, тапсырыстардан. Үшінші, өзшілдіктен құтылуымыз керек. Төртінші, құлдық санадан арылуымыз қажет. Өткенге баға бергенде, өткенді бағамдайтын жаңа критерий, бағыт керек. Мемлекеттік хатшының айтқан сөзіне қарап отырсам, мынадай сөз бар екен. «Өткенді бағаламасаң, келешек сені құрметтемейді». Осыған байланысты, осыдан екі күн бұрын өзім қатысқан тарихшылардың жиынында мынадай мәселе айтылды. «Өткенді бағалау үшін, Кеңес Одағының кезіндегі көптеген мәселелерді қайтадан көтеруіміз керек, қайтадан жетілдіруіміз қажет» деген сөздерді естіп қалдым. Онда мысалы, біраз әңгімелер айтылды. Ресей бізді қоқандардан қорғап қалды. Кенесары Қасымовтың қозғалысы – ол ұлт-азаттық қозғалыс емес. Феодалдың өзінің қайтадан феодалдық жүйесін жасау үшін жасаған көтерілісі деп қарау керек деген сияқты мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, Кеңес кезеңіндегі ананы қайта қарау, мынаны қайта қарау керек деген сияқты әртүрлі мәселелер айтылып жүр. Мен осы тұстан сәл сескеніп қалдым. Неге дейсіздер ме, Кеңес Одағының кезіндегі, яғни советтік тарихта айтылмаған дүниелерден бірнәрсе жоқ. Батырып, көркемделіп, ол тарих жазылды. Жазылмай қалған тарих ше? Ұлттық тарих ше? Ұлттың менталитеті бар, ұлттың этногенезінің динамикасын көрсеткен ұлттық тарихты жазуға Кеңес үкіметі мүмкіндік бермеді. Қазақ Кеңестер Одағы кезінде айрылған мүмкіндігін әлі іздеп біткен жоқ. Әлі түгендеп біткен жоқ. Сондықтан, менің ойымша, қазақтың ұлттық мүддесін, ұлттық құндылықтарын түгендеп, ұлттық тарихтың кемшін тұстарын түгендеу әлі де жалғасады. Өткенге, әсіресе, Кеңестік тарихқа кеңірек бет бұрып кетер болсақ, ұлттық құндылықтарымыздан қайтадан айрылып қалуымыз мүмкін. Осыны ескерсе екен деп ойлаймын.

 

Дидахмет Әшімханұлы:

 

– Өте дұрыс айтасыз. Мәмбет аға, бұған сіз не дейсіз?

 

Мәмбет Қойгелді:

 

– Зәкеңнің ойын ары қарай жалғайын. Біз, жалпы, соңғы екі-үш ғасырда, бір емес, әлденеше рет жеңілген ұлтпыз. Өкінішке қарай, солай. Арыға бармай-ақ қояйын. Бергі ХІХ ғасырға келер болсақ, Кенесары бастаған қозғалыс. Оның финалы өте трагедиялы болды ғой. Ол – үлкен жеңіліс. Үш жүздің басын қосып, жердің тұтастығын сақтаймын, барлығын қалпына келтіремін деген қозғалыс еді бұл. Кенесары ханның көтерілісіне ұлттық көтеріліс деп баға беруге қарсы топтар әлі бар. Кенесары өзінің Ресей патшасына жазған хатының бірінде: «Менің атам хан Абылай тұсында сіздер Ертістен бері енбегенсіздер. Шекара сол жермен шектелген. Қазір қазақтың жерін басып алдыңыздар. Соны қазаққа қайтарыңыздар», – деген сыңайдағы пікірін ашық мәлімдеген. Ендеше, ол неге ұлттық көтеріліс емес? Захаңның сөзінің жаны бар. Біз осындай дүмбілез тұжырымдар мен ойлардан арылуға әрекет жасауға тиіспіз. Одан кейінгі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. Ол да жеңіліс. Алаш қозғалысы – бұл да жеңіліс. Ұлттың жеңілісінің бәрі – жеңіліс. 1931-32 жылғы көтерілістер – бұлар да жеңілістер. Сондықтан біз қазір қандай терең құздан шығып келе жатқанымызды түсіне бастадық. Ұлт азаттығы үшін күресте тек қана халық жеңілген жоқ. Тарихы да жеңілді. Бағзы замандардағы бір данышпанның айтқан сөзі бар екен: «Тарихты жазуға тапсырысты жеңген адам береді», – деп. Расында да, тарихты жазуға тапсырысты жеңілген адам бермейді. Кеңестік дәуірде біздің тарихымыз осы ұстаным тұрғысынан жазылды деп ойлаймын. Тапсырыс қайтадан баяндалу керек. Қандай уақытта, қандай мазмұнда жазылды дегенге келер болсақ, тарих деген ғылым бізде ХХ ғасырда дүниеге келді. Мен мұны кәсіби тұрғыдан айтып отырмын. Тарихшылардың ең алғашқы буыны – ол Бек Сүлейменов, Ермұхан Бекмаханов. Бұл алғашқы буын тарихшыларымыз. Әрине, бұдан да бұрын тарихшыларымыз болған. Олар: Санжар Асфандияров, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев сияқты буын бар. Халел Досмұхамедов та бар бұл қатарда. Олар тарихты қорытуға әрекет жасады. Олар тарихты сол кездегі халық өміріндегі қозғалыстарға, өзгерістерге байланысты қорытуға тырыс­ты. Олардың арнайы тарихи білімі болмаса да, барынша күш салды. Себебі, азаттық қозғалыста ұлттық интеллигенцияның функциясы сол, тарихты қорыту болатын. Олар осы функцияны атқарды. Ал кәсіби тарихшылар дегенде, алғашқы буын тарихшылар Ермұхан Бекмаханов пен Бек Сүлейменов. Сол тарихшыларымыз 25 жылға сотталды. Ол не деген сөз? Олар тарихты дербес, тәуелсіз деп айта алған жоқ, бірақ өзінің табиғи арнасында қорытуға тырысты. Әрекет жасады. Сол әрекеттің өзі сол кездегі билікке ұнаған жоқ. Сол себепті оларды соттап жіберді. Кеңестік дәуірге қарасақ, мынадай қызық ситуация бар. Қазақстан тарихы Москвада төрт рет талқыға түсіпті. Бірде-бір республиканың тарихы мұндай талқыға түскен емес. Талқыға түскен Қазақстан тарихы ғана. Ең алғаш рет осы Алматыда Голощекиннің тапсырысы бо­йынша дайындалған бір кітап болған. Ол Брайнин мен Шапироның Алаш тарихына қатысты жазған кітабы. Сол кітап үлкен талқыға түсті. Кейінірек, 1944 жылы «История Казахский ССР» атты жинақ талқыға түсті. Бұл жинақ Ресей авторлары мен қазақ ғылымдарының бірігіп жазған алғашқы жинағы. Бұл кітапты талқылауға басшылық жасаған сол кездегі Орталық комитеттің хатшылары Щербаков, Молотов болатын. Әрине, оның арғы жағында Сталин отыр. Сол талқылау барысында мынадай бір сөз айтылды. «Соншалықты талқыға салатындай бұл қандай таңдаулы халық?» – деді. Избранный народ – әлем тарихында біреу. Бұдан кейін Бекмахановтың монографиясы талқыға түсті. Оны Ғылым академиясының тарих институты талқылады. Одан кейін Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»-сы 1976 жылы талқыға түсті. Мұны тарих бөлімі мен филология бөлімі бірігіп талқылады. Осылайша, қазақ тарихы төрт рет талқыға түсті. Бұл жай талқы емес. Бұл дегеніміз – ұлт тарихына жасалған шабуыл. Ұлт тарихына бағыт-бағдар беру деген сөз. Соған мәжбүрлеу деген сөз. Біздің тарихымыз жеңілген тарих. Мұны мойындауға тиіспіз. Мойындауға тура келеді. Кезінде осындай халде, осындай жағдайда жазылған тарихты қайта қарау, қайта қорыту қажет. Бәрін болмаса да, халықтың кейбір өзекті мәселелерін қайта талқыға салу қажет. Осы тұрғыдан келген кезде, Мемлекеттік хатшының айтқан ойлары орынды, негізді, дәлелді. Бірнәрсе айту керек, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің баяндамасы жақсы шықты деп ойлаймын. Әрине, мемлекеттік хатшының баяндамасында айтылмаған нәрселер де бар. Бұл жерде мақсат мынада: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демей ме Абай. Мемлекеттік хатшының айтпаған ойларын біз айтуымыз керек. Мемлекеттік хатшы көрсеткен инициативаны іліп алып кетуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде, тарихшылардың айтатын ойлары бар деп ойлаймын.

 

Дидахмет Әшімханұлы:

 

– Тарихсыз халық болмайды. Тарихсыз кішкене тайпа да болмайды. Өйткені, ол аспаннан түскен жоқ. Адам баласы жаратылғаннан бері талай тарихты бас­тан кешірді. Ең бастысы, қазақ мемлекеті ХV ғасырда қалыптасты дейміз. Қазақ қашан пайда болды? Пайда болған емес, тарихты кімнен бастауымыз керек? Ең бастысы, осының басын ашып алғанымыз дұрыс шығар деп ойлаймын. Бейбіт аға, сіз қалай ойлайсыз?

 

Бейбіт Қойшыбай:

– Зәкең сияқты менде газеттен ғана бағаладым. Өздеріңіз айтқандай, Мемлекеттік хатшының баяндамасы, шынында да, баршамызды серпілтіп өткені анық. Мемлекеттік хатшы баяндамасын Елбасының Жолдауынан бастады ғой. Шындап келгенде, ұлттық тарихтың шынайы ұлттық бағытта жазылуының түйінді мәселелерін атап айтып өтті. Бір ауыздан келісеміз. Шынайы ұлттық тарих жазылуы керек. Сол шынайы ұлттық тарих негізінде заман талабына сай, ұлттық сана, ұлттың жаңа ұлттық дүниетанымы қалыптасуы тиіс. Тәжин тарих зерттеушілерін жаңа әдістемемен қарулануға шақырды. Менің ұққаным осы. Ұлттық тарих біздің мемлекетіміздің одан әрі нығая түсуіне, шын мәнінде мың жылдық ролін баянды етуінде аса үлкен роль атқарады. Алға үлкен міндеттер қойылды. Тарихи білімді дамыту жолдары, азаматтарымыздың патриоттық сана-сезімін қалыптастыруға басым бағыттарды белгілеу қажеттігі айтылды. Тарих ғылымының өкілдері ғылымды, мәдениетті дамыту саласына, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне белсене атсалысу керек екендігі көрсетілді. Бұл өте орынды талап. Өйткені, халықты, жастарды тарих арқылы тәрбиелеу елімізге, тәуелсіздік туын алып жүрушілерге қажетті отаншылдық сезімінің ұшталуын қажет етеді. Көп жылдан бері тарихи танымды шығармалар топтамасын жазып жүрмін. Мақсатымның дұрыс екендігіне анық көзім жетті. Мемлекеттік хатшы іргелі мәселелерді көтерді. Ғалымдар тарихты зерттеуде жаңа әдістемені пайдалана алмай жүр деп айтты, мен дұрыс ұқсам. Қазіргі тарих ғылымына сыни тұрғыда қайта қарау талабы қойылды. Бүгінгі тарихшы ғалым тек фактілерді тізіп, суреттеп беруші ғана емес, нақты қоғамның құндылықтарын, ережелерін, ақиқи келбетін аша алатын пайымдаушы болуға тиіс деді. Сонда ғана ұлттық тарих өзінің күллі күрделі де іргелілігімен жаңғырып, еліміздің болашағын бекемдеу­ге қызмет ететін рухани азық алады. Біз бұған шынында кәміл сенеміз. Шынында орындалуға тиіс деп ойлаймын. Осы орайда, ел Президентінің сонау 1996 жылы жарияланған алғашқы жолдауы еске түседі. Естеріңізде болса, сол жолдауда: «Біз тарихымызды жаңаша оқудың негізінде ғана ұлттық идеяны қалыптастыра алуымыз мүмкін» деген болатын. Біз осы уақытқа дейін тарих арқылы ұлттық идея қалыптастырдық деген хабарды естіген емеспіз. Демек, отандық тарих ғылымын дамытудағы жаңа кезеңнің бұл реттегі міндеттерін терең түйсініп, батыл зерделеу парыз. Жаңа әдістемемен қарулануды советтік кезеңдегі дәстүрлерден біржола бас тартып, ұзақ жылдар ой-сананы билеген, еуроцентристік көзқарастан іргені аулақ салу, төл тарихымызды ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан, жалпы адамзаттық тарих тұрғысынан, әділ әрі обьективті түрде қарастыру деп білген дұрыс. Мәселен, халқымыздың ұлы даланы төрт мың жылдан бері бойын мекендеп келе жатқанын, әр кезеңде әр түрлі мемлекеттік құрылымдарды түзгенін, этностық бет бейнесінің және мемлекеттігінің Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін, Жошы ұлысынан кейін жаңа тұрпатта қалыптаса бастағанын, бұл тарихи үдерістің Ақорда тұсында нақтылана түсіп, ақыры тарих сахнасына бүгінгі атымен 1456 жылы шыққанын түбегейлі дәйектеп, батыл тұжырымдау қажет деп ойлаймын. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша, қазақ тарихына қатысты, орыс, қытай, парсы дереккөздеріндегі мәліметтердің жинақталғаны мәлім. Сол негізде тың зерттеулердің де жарық көргенін білеміз. Соларды мұқият зерделеп, қазақ мемлекетін басқарудың XVIII ғасырда орын алған түрін әділ талдау керек. Күрделі геосаяси ахуалды ұланғайыр кеңістікті алып жатқан елімізді оңтайлы басқару, сыртқы күштерге төтеп беруді қамсыздандыру мақсатында Тәуке хан жасаған реформаны дұрыс талдап, түсіндіру жөн. Ол үш өлкеге үш хан сайлатты. Баршамыз білеміз. Бұл кезеңді кейбір тарихшылар біртұтас қазақ халқының өмір сүруінің аяқталған кезеңі деп біледі. Бұдан былай, бір хандықтың орнына бірнеше бірлік пайда болды. Үш хандық келді деп есептеді. Осыны өзіміздің ұлттық мемлекеттік мүддеміз тұрғысынан қайта пайымдау орынды болар еді. Ұлы хан ретінде Тәуке хан ортақ істі үш ханмен ақылдасып шешкен болуға керек. Тәуке хан дүние салғаннан кейін, ұлы хан сайланған жоқ. Бірақ Тәуке ханнан кейін аға ханның міндетін Қайып хан алып жүрді. Оны бақталастары өлтіргеннен кейін, Әбілқайыр хан алып жүрді. Отыз жылдай ұстап тұрды. Одан кейін кезек Әбілмәмбет ханға келді. Ол ұлы хан болып отырды. Одан кейін Абылайханның ұлы хан болып жүргенін білеміз. Абылайханнан кейін оның орнына ұлы хан деп ешкім сайланған жоқ. Өйткені, бұл уақыттарда қазақтың бірлігін ыдырату мәселесін патша үкіметі қатты қолға алған болатын. Тұтастық біртіндеп ыдырай берді. Қазақ мемлекетін қалпына келтіруге ұмтылған ХІХ ғасырдың 40 жылдарындағы Кенесары қозғалысы. Ол біздің қаһармандық тарихымыздың беттері. Одан кейінгі тарихта орны бар – Бөкей хандығы. Жері де шағын, ғұмыры да қысқа болғаныменен құрамында сол кездегі өркениетке сай ұлттық мемлекет құрудың үлгісі болды. Осының бәріне жаңаша көзқарас қажет. ХХ ғасырдағы қазақ мемлекеттігін жаңғырту және совет үкіметі тұсындағы үміт пен күдікті, ұтылыстар мен ұтыстарды, шарықтау мен құлдырауды, қол жеткен жетістіктерді әділ таразылап пайымдау үшін керек. Егер біз ұлттық тарихымызда халқымыздың атамекенінің қазіргі уақыттан әлдеқайда кең болғандығын көрсете алсақ, оның тарылу себептерін көрсете алсақ, қазақтың экономикалық тұрғыдан тарату орталықтары болып тұрған ірі қалаларынан айрылу себептерін көрсете алсақ, халқымыздың көп жағдайда жасанды сипат алған зұлмат салдарынан ұлттық апатқа ұшырағанын бере алсақ, осылайша босатылған кеңістікке өзге жұрттың лек-легімен әкелінгенін ашық түсіндірсек, онда тарихымыздың қасіреті мол осындай әділ, шынайы беттері сөз жоқ, бүгінгі көп этносты еліміздің бірлігін арттыра түсуге қызмет ететін болады деген ойдамын. Сондықтан да, мен мемлекеттік хатшының баяндамасын негізге ала отырып, осы тұрғыда көп жұмыстар атқару қажет деп ойлаймын .

 

Көлбай Адырбекұлы:

 – Көптен бері ойымда жүрген сауал бар еді. Тарих мәселесі жөнінде Мемлекеттік хатшы баяндама жасады. Шынында, Мемлекеттік хатшының бұл баяндамасы тарихшы ғалымдарымызға есік ашып берді. Мәмбет аға айтпақшы, оны кеңейтіп жіберу – сіздердің қолдарыңызда. Менің айтқым келгені, тарихи деректі фильмдердің ролі. Әсіресе, бұл тарихи тұлғаларға арналған деректі фильм­дер болса, жарар еді. Бұл әрі көпшіліктің көретін дүниесіне айналар еді. Көпшілікке ой салатын дүние болар еді. Біздің тарихымыз талай дүниені бастан кешірді. Осының бәрін деректі фильмдерде көрсетуіміз қажет. Деректі фильмдерді көрсеткен кезде, тарихшылармен кеңесіп алғаны дұрыс. Сонда ғана тарихтың кейбір көлеңкелі тұстарын терең білуге мүмкіндігі болады деп ойлаймын.

 

Дидахмет Әшімханұлы:

 

– Арамызда этнограф ғалым отыр. Ол білікті тарих­шыларымыздың бірі – Ахмет Тоқтабай мырза. Аха, тарихты қайта жазу туралы не айтар едіңіз?

 

Ахмет Тоқтабай:

– Соңғы кездері Қа­зақстанды Ресейдің отарлауын жұмсақ болды, болмаса, гуманист болды деген пікірлер жиі айтылып жүр. Ол жазылып та жүр. Негізінде, Ресейдің отарлауы дүниежүзіндегі барлық отарлаудың әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы болған орыс империясының аса зұлымдығымен жүзеге асырылды деп айтамыз. Оған бір ғана мысал, К.Маркс пен Ф.Энгельстің бүкіл еңбектері орыс тіліне аударылды. 55 том болып шықты. Оны біз студенттік кезден білеміз. Соның ішінде бір аударылмаған нәрсе бар. Маркстың «Тайная дипломатия» деген еңбегі бар. Ол К. Маркс пен Ф.Энгельстің Берлинде шыққан толық шығармалар жинағының он бесінші томында бар. Сонда бүкіл орыс империализміне, орыс саясатына, керек десеңіз, орыс халқына мінездеме береді. Орталық Азия­ны, оның ішінде Қазақстанды қалай жаулап алғаны айтылады. Қандай қулық-сұмдықпен, қандай алдап-арбаумен жасалғанын айтып отырып: «Орыстың шовинизмі шегіне жеткенде, ол садизмге айналады», – дейді. Біз осындай орыстың отарлауын айтып келеміз де, орыс отарлауын гуманистік деп, қазаққа білім-ғылым алып келді, мектеп салды, теміржол салды деп айтамыз. Осындай сөздерге әуеспіз. Осы шешен соғысы қайдан пайда болды? Неге кереметтей рухты халық соғысқа душар болды. Шешеннің Авторханов деген тарихшысы мынадай термин кіргізді. «Орта Азия – екі рет жаулап алынған Кавказ», – деп жазады. Біріншісі, орыстың жаулап алуы, екіншісі – қызыл коммунистердің жаулап алуы. Коммунистердің жаулап алуы – орыстың жау­лап алуынан бірнеше есе қырғын алып келді. Сондықтан да, біз осы жағына көңіл аударуымыз керек. Осы Авторхановтың кітабын қазақ тіліне аударуымыз қажет. Соңғы кездері, біздер этногрофтар, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шет елдегі қазақтарды зерттей бастадық. Бірінші, бес-алты жыл Моңғолия қазақтарын зерттедік. Одан кейін Қытай, Өзбекстан қазақтарын. Қазақтарды зерттей жүріп, көз жеткізген бір нәрсе, қазақтар қаншама дүниесінен айрылған. Жұрдай болған екенбіз. Әуелі орыстың отарлауы келді, одан кейін коммунистердің отарлауы. Көрші Моңғолиядағы қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, салты, бүкіл қазақтың қаймағы бұзылмаған дәстүрі бар. Осы Моңғолияны зерттеп келгенде, қазақ тарихындағы ең қанды жер – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі 1929-31 жылғы аштық. Әдейі қолдан ұйымдастырылған аштық. Большевиктерге қазақ халқы керек болған жоқ. Оларға жер қажет болды. Бос Қазақстан қажет болды. Бос Сарыарқа керек болды. Содан кейін 1956 жылы тың игеруді желеу етіп, екі миллион қазақ қырылған жерге екі миллион адамды орналастырды. Қытайдағы қазақтарды зерттедік. Олар талай жағдайларды бастан кешті. Бірақ соған қарамастан, Қытайдағы қазақтар тап біздегідей емес екен. Біздегідей этномәдениетінен, біздегідей тарихынан, біздегідей ұлттық құндылығынан айрылмаған екен. Мен соған таң қалдым. Соңғы кездері шетелдегі қазақтарды зерттей отырып, сол жақтағы ұмытылып қалған ұлттық құндылықтармызды жинай бастадық. Тарих институтының басшылығы жиырма томдық кітап шығармақ. Сол жиырма томдықтың екі томы осы шетелдегі қазақтар туралы болады.

 

Дидахмет Әшімханұлы:

 – Арамызда үлкен тарихшы, Қытай жеріндегі қазақтардың тарихын, Қытайдағы көне жазбаларды әкеліп, қазақ тарихын күрделі зерттеп жүрген ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы отыр.

 

Нәбижан Мұқаметханұлы:

– Астанада өткен жиынға мен де қатыстым. Ол жиналыстан үлкен әсермен шықтым десем болады. Мұндағы үлкен мәселе қайда жатыр? Бұл жердегі жиналыстың үлкен маңызды тұсы – ұлттық тарихты жазу. Ұлттық тарихты жазу – ұлттық этногенезімізде жатыр. Қайдан пайда болдық, қалай тарадық, қандай тарихи кезеңдерді бастан кешірдік. Сондықтан, бұл мәселенің көтерілуі біздің тәуелсіздігіміздің жиырма бір жылдан бері қарай тарих ғылымының даму кезеңдерінің жаңа кезеңге көтерілгенін көрсетеді. Осы баяндама жарияланғаннан кейін, қоғамда осыны әрбір топтар, болмаса жеке адамдар өз мүддесіне пайдалану үшін түрлі уағыздарды тарата бастады. Қалай пайдалану керек? Ешкім де қарсы емес. Кім үшін қызмет ету мәселесі басталып кетті. Менің түсінігімде, біз Еуразия сахарасында осындай кең байтақ жерді иемденіп, мемлекет құрып отырған қазақ халқының сонау үш мың жыл бола ма, төрт мың жыл бола ма, этногенезімізден бас­тап, жойылып кетпей, жаңа мемлекет болып, әлемдік сахнаға көтеріліп отыруының өзі үлкен жеңіс деп есептеймін. Сондықтан, Президенттің «Тарих толқынында» кітабының негізінде Мемлекеттік хатшы тарихи зерттеудің жаңа методологияларын өте жақсы атап көрсетті. Біз қандай деңгейде қарауымыз керек. Әлем – біртұтас. Адамзат – біреу. Әлемдік тарихи процестерде өзімізді қоя отырып, ұлттық тарихымызды саралауымыз керек. Бұл жерде көптеген күрестер керек. Адамзат өмірінің өзі күреске толы. Жеңіс те бар, жеңілістер де бар. Қандай жеңістер? Өркениеттер арасындағы жеңіс пен жеңілістер. Не үшін XV ғасырдан кейін батыс өркениеті үстемдікке шықты. Демек, бұл ғылыми технологияның жемісі. Қазір біз неге инновация мәселесін көтеріп отырмыз. Шығыс елдері жеңілді. Шығыс өркениеті жеңілді деп айтуымыз керек. Олар отарланды. Екінші мәселе, қоғамдық жүйелер арасында күрес жүрді. Отарлаушы елдер жеңілді дағы, отарланушы елдер жеңісте болды. Кім күреспеді? Үндістер күресті. Қытай күресті, жартылай отарлық мемлекет болды. Түбінде отарлық жүйенің ыдырауына алып келіп, жеңіске жетті. Капитализм мен социализм арасында күрес болды. Социалистік жүйе жеңілді. Жеңілетін себебі, адамзат дамуының тарихына қайшы жүрді. Қазақ халқы не үшін жойылып кетпеді? Бұл жерде Мемлекеттік хатшы жақсы айтып отыр. Біздің ұлттық болмысымызды, мінезімізді тани білуіміз керек. Қандай тарихи кезеңдерді бастан кештік? Кешегімізді нақты бағамдай білсек, бүгінгімізді дұрыс анықтайтын едік. Өркениеттер тоғысындағы жүйе, ұлттар арасындағы тоғыстар. Жоңғар мемлекеті неге жойылып кетті? Қазақ жеңді. Жеңіс пен жеңілістер арасындағы жүйелерді белгілі бір тарихи кезеңменен, кеңістікпенен өлшеуіміз керек. Екінші бір мәселе, біздің ұлтымыздың этногенезін мыңжылдықтан бастауымыз керек. Біздің ұлттық тарихымызды қандай концепцияда жазу керек. Біздің ұлтымыз көп қайнарлы, көп салалы, бірегейлену процесіндегі ұлттық тарих. Бір де бір мемлекет өзінің территориясы бойынша қалыптасқан емес. Оның кеңейген кезеңдері бар, тарылған кезеңдері бар. Біздің мемлекетіміздің біртұтастығы мәселесі. Мемлекет болған соң, кейде күшейеді, шарықтайды, кейде әлсірейді. Бұл қалыпты құбылыс. Әлем тарихында бар дүние. Қытайдың бес мың жылдық тарихы бар. Біртұтас Қытай болды ма? Қырық мемлекет болған кезі болды. Жеті мемлекет болып күрескен кезі де болды. Ол мемлекеттердің уақыты он-жиырма жыл емес, екі жүз жылға дейін уақытты қамтыған кездері бар. Біз біртұтас халықпыз дейміз. Кейбір кезде күшейген кезіміз болды, кейбір кезде әлсіредік. Бірақ бізде рулар, жүздер арасында қарулы қақтығыстар болған жоқ. Қоғам болғаннан кейін, ішінара қарама-қайшылықтар болады. Тағы бірнәрсе, ешқашанда төңіректегі халықтарға агрессия жасаған халық емеспіз. Тек қана қорғаныста болдық. Кейде шабуыл арқылы да қорғануға болады. Қазір біз жаңа бір тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Мемлекеттік мәселе қойылып отыр. Ол – Мәңгілік мемлекет идеясы. Біздің мемлекеттік идеямыз неде болуы керек? Ұлттық идеологиямызда болуы керек. Осыны қалыптастыратын кезең келіп жетті. Сондықтан, менің айтайын деген ойым, нағыз тарихшыларға сынақ келіп тұр. Мұны тарихшыларға ғана берілген сынақ емес, ғылым саласындағы барлық адамдарға берілген сынақ деп ойлаймын. Тарихшылар үшін жақсы бір орай келіп тұр. Ендігі міндет – тарихты жаңа сипатта, ұлттық мүдде тұрғысынан жаза білуімізде.

 

Қайрат Әлімғазиев:

– 5-маусымда ҚР Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төра­ғалығымен ҚР ұлттық тарихының зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысының жиналысы өтті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында осындай жоғары мемлекеттік деңгейде – тарихшыларды, басқа да гуманитарлық саласының ірі ғалымдарын жинап, ғылыми-теориялық тұрғыдан тарих ғылымының ХХІ ғасырдағы ролін, даму парадигмаларын талқылау, ой-пікірлермен бөлісу – бұл алғаш рет өтіп отыр деп айтсам, қателеспеймін.

 

Тарих ғылымының қоғамды тәрбиелеу, қоғамдық ой-сананы қалыптастыру, мем­лекеттілікті нығайту ролі зор екендігі күмән туғызбайды. Жаһандану заманында «постгуттенберг» эпохасы барлық ғылым салаларына, методологиялық жаңа құбылыстарды туғызды. Марат Тәжин өз баяндамасында мұны талқылау барысында ХХ ғасырдағы екі методологиялық төңкеріс (біріншісі – Аннал ғылыми мектебі) екендігіне назар аудара отырып, тарих – пәнаралық ғылым, зерттеу нысанын «антропологиялық жылжу» концептуалды көзқарас тұрғыдан түсіну екендігіне орынды өз бағасын берді. Бүгін қазақстандық тарихшыларға ұрпақтар жолын жан-жақты, обьективті тұрғыдан зерттеуге толық жол ашық. Және де мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселелері де өз шешімін табуда. Мемлекеттік хатшының тарих ғылымының гуманитарлық ғылымдардың ішіндегі ұйытқы роліне басты назар аудару – тарихшыларды қуантатын жайттан басқа – бұл жаңа ақпараттық бұлағы басым болған, постиндустриалдық ғасырда