АЛДАНҒАН ДЕПУТАТ ПА, ДҮЙІМ ЖҰРТ ПА?

АЛДАНҒАН ДЕПУТАТ ПА, ДҮЙІМ ЖҰРТ ПА?

АЛДАНҒАН ДЕПУТАТ ПА, ДҮЙІМ ЖҰРТ ПА?
ашық дереккөзі

Депутат мырза бұл мәселені жіті тексеруді өтінген болатын. Осы аптада Тұрғынүйжинақбанкінің төрайымы Нұрбибі Наурызбаева банкке және қызметкерлерге қатысты айыптауларды теріске шығарды.

Мәжілісте қозғалған бұл мәселе банкте жинағы бар және жинағы жоқ халықты елең еткізгені анық. Баспаналы болу баршаның мұраты, бүгінгінің мақсат-мүддесіне айналды. Бұл міндетті Үкімет Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жүктегені белгілі. Бүгінде банк 400 мыңға жуық адаммен келісім жасасқан, бүгін немесе ертең үй алуға үміттеніп отырған отбасылар олар. Осы ағайындарға алда-жалда «арзан несие түсті» десе қалай қуанар еді?! Бірақ бұл ақпарат қаншалықты рас? Таяуда Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков банктің басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева аймақтардағы бөлімше жетекшілеріне «төмен пайызбен берілетін несие туралы жақ ашпаңдар» деп бұйрық берген және оның көшірмесі бүгін түсіп отыр деп мәлімдеді.

Сонымен қатар депутат мырза банк басшылары салымшылары мен Үкіметті де сан соқтырып отыр дейді. Банк қитұрқылықтарының қатарында «несиенің пайызын қолдан жоғарылатып, халықты алдап отырғаны да бар». Ол аз болғандай, халыққа таратылуы тиіс үйлерді басшылықтың өздері бөлісіп алған көрінеді. Халықтың көп шоғырланған жері – Алматы, жас отбасылар мен табыс көзі жеткілікті аймақ та осы мегаполис. Олай болса осында салынған үйлерде кімдер тұрып жатыр?

Мәселен, Алматыда әл-Фараби мен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы «Әйгерім» тұрғын үй кешенін банк қызметкерлері өзара бөлісіп алған. Тізімде көш бастап Нұрбибі Наурызбаева мен оның екі орынбасары тұр. Олардың біреуі де кезекке тұру сынды ресми талаптарға пысқырмаған. Сондықтан Үкімет пен Бас прокуртура «Тұрғын үй құрылыс жинақбанкінің» басшыларына қатысты тексеру жүргізсін, деген болатын.

Бұл хатты «Ақ жол» партиясы Премьер-министр Серік Ахметов және бас прокурор Асқат Дауылбаевқа жолдаса керек. 2012 жылы «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының аясында несие үстемелерін төмендетуге қазынадан қосымша қаражат бөлінген. Ендеше неге қазақстандықтар осынау бағдарламаның несие бойынша үстемелерінің арзандатылғанын білмейді деген сұрақ туындайды? Бұл қаражаттың 8 пайызы ғана игерілген көрінеді. «Мемлекеттің өз азаматтарын қолдауға арналған қаражатын банк коммерциялық мақсатта пайдаланып отыр» делінген ақжолдықтардың сауалында.

Наурызбаева ханым бұл айыптаулардың арандату екенін хабарлады. Tengrinews.kz порталының мәліметіне сүйенсек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі барлық айыптауларды теріске шығарды. «Банк депутаттар қорытынды шығарған хаттың көшірмесін мұқият оқыды. Бірақ хаттың түпнұсқасы жоқ, сондай-ақ банктің бланкі мен тіркеу номері де жоқ. Бұл сауалда көрсетілген күн – 04.03.2012 – дәл жексенбіге тап келеді. Олай болса бұл күні ешқандай да хат жіберілмегені анық», – деді Нұрбибі Наурызбаева. Банк басшылығы бұл хаттың қолдан жасалғанын айтып, Алматы қаласының ІІД-не арыз берген.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің орталық аппараты филиалдарға «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда мұндай бұйрық беруі мүмкін емес деп отыр, оның бірнеше себебі де бар. Әуелі хат 2012 жылдың 4 наурызына негізделген, ал бағдарламаның өзі тек 21 маусымда бекітіліп, 21 шілдеде заңды күшіне енді. Осыдан кейін ғана банк басқа филиалдарына «бағдарламаның төмендетілген үстемелері жөнінде клиенттерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу» туралы хат жолдай бастаған. Ал банк қызметкерлерінің халыққа арналған баспананы бас-басына бөліп алды дегеніне Наурызбаева ханым былай деп жауап берді: «Банктің қызметкерлері қызметін асыра пайдаланған жоқ және бір отбасыға біреуден артық үй алған жоқ», – деді. Осы сұрақтар бойынша банктің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, банк сайтында жарияланған мақалаға сілтеді. Мұнда тек орыс тілінде «Ақ жол» партиясына жа-уап ретінде 8 сұраққа түсіндірме мәлімет берілген. Оның мәтіні мәжіліс отырысында айтылған ақпараттың барлығын жоққа шығарады.

 

Ақниет ОСПАНБАЙ