АСТАНАДА – АПАЙТӨС БАЛУАНДАР

АСТАНАДА – АПАЙТӨС БАЛУАНДАР

АСТАНАДА – АПАЙТӨС БАЛУАНДАР
ашық дереккөзі

Күш атасы Балуан Шолақтан бас­тап, самбодан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Қанат Байшолақовқа дейін күрестің осы түрі арқылы әйгілі болған. Зерттеушілер қазақ топырағында балуандық өнердің сонау ІV ғасырда болғанын, ғұндардың жекпе-жектің осы түрін «Ээрхүреш» деп атағанын алға тартады. Халқымызда жалаң аяқ, белбеусіз күрес, шапан киіп, белдік буынып күресу, кеудені жалаңаштап күресу, күрес үстінде ұрып құлату, отырып күресу сияқты жекпе-жек түрлері болған. Бұған қоса, топ жарғандар бас балуан, нар балуан, атан балуан, түйе балуан, өгіз балуан, сұңқар балуан, толағай балуан деген атақтарды иемденген. Міне, сол ежелден келе жатқан қазақ күресінен респуб­лика, әлем біріншіліктері, халықаралық турнирлер өткізілгенімен, насихатталуы кемшін екенін жасыра алмаймыз. Бүгінде осы істің басы-қасында жүрген азаматтар ұлттық спорт түрін мемлекеттік деңгейдегі бұқаралық спорт түріне айналдыруға күш салуда. «Қазақстан Барысы» турнирі идеясының авторы, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық Кеңесінің төрағасы Арман Шораев: «Қазақша күрес – атам заманнан бері келе жатқан ұлттық байлығымыз. Өкінішке қарай, соңғы кездері ұлттық күрес тек қана той-томалақта, аламан бәйгеде өткізілетін шағын бір этнографиялық көрініске айналды. Меніңше, бұл – дұрыс емес! Қазақ күресі – біздің №1 ұлттық спортымызға айналуы керек! Сондықтан, ауыл-ауылдарда бір-бірінің тұмсығын бұзып жүрген бозбалаларды дұрыс жолға бағыттау үшін, былтыр алғаш рет «Қазақстан Барысы» атты күрес додасын өткіздік. Осыған дейінгі екі мәрте өткен жарыстан соң, қазақ күресінің жер-жердегі секцияларына келген балалардың саны 2-3 есеге дейін көбейді», – деді.

Күні кеше ел арасында «балуан» атану үлкен дәреже, абырой саналса, қазір де осы биігінен бір мысқал да түскен жоқ. Мұны біз бұған дейін екі мәрте балуандардың басын қосқан «Қазақстан барысы» турни­рінен кейін көз жеткізген едік. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен білектілігін сынға салған балуандардың жарысын күллі жұрт тамашалап, өз бағасын берді де. Жауырыны жерге тимеген апайтөс балуандар әп-сәтте халықтың көзайымына айналып шыға келді. «Күш атасын танымас» деген қағидаға негізделген спорттың бұл түрі ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келе жатқандығына тәнті болдық.

Бұған дейін еліміздің облыстары­ мен қалаларында қазақ күресіне қатысуға ниет білдірген балуандар арнайы ірік­теуден өткен болатын. Сайдың тасындай іріктелген күш атасының иелері 30 маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде үшінші рет өтетін дүбірлі спорт ойынында күш сынаспақ. Еліміздің әр өңірінен қатысатын 33 балуан боз кілемге шығып, «Алтын белбеу» иегері 150 мың АҚШ доллары мен жаңа автокөлікке ие болу үшін білектеседі. Оның ішінде қазақ жеріне алғаш танылған балуан – Ұлан Рысқұл да, «Қазақстан барысы-2012» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев та бар. Халықтың рухын асқақтатып, намысын қайрайтын ұлттық спорт майталмандарының қай-қайсысы да бас жүлдеден дәмелі.

«Қазақстан Барысы» қазақ кү­ресін дамыту қорының атқарушы ди­ректоры Сәрсен Құранбектің айтуынша, мұндағы түпкі мақсат – қазақ күресін олимпиада ойындарының қатарына қосу. «Қазақ күресін әуелі өз елімізде дамытуды жүйеге келтірейік. Қазір қазақ күресін әлем біле бастады. Осы күнге дейін әлемдегі 40-тан астам елде қазақ күресі тіккен өз отауы бар. Сол сан 80-нен асқанда барып, ХОК-ке нақты ұсыныспен шығуға болады. Әуелі балалар спортын дамытпай жоғары деңгейге жету қиын. Болашақ ізбасарлар даярлау бала күннен бастау алуы тиіс. Сондықтан төменгі топ –14-15 және 16-17-дегі жасөспірімдер, 18-19-дағы жас­тар арасында да турнир ұйымдастырып жатырмыз. Алдағы қарашада Қызылорда қаласында ел Президентінің жүлдесі үшін республикалық «Жас барыс» бәсекесі өтетін болады», – деген жағымды жаңалығымен бөлісті. Демек, ұлттық рухты байрақ етіп, төл спортты әлемге әйгілейтін уақыт алда. Оған сенім мол.

Динара Мыңжасарқызы