Жаңалықтар

ОҢТҮСТІКТЕ БОЛДЫ, «КӨКСАРАЙДЫ» КӨРДІ

ашық дереккөзі

ОҢТҮСТІКТЕ БОЛДЫ, «КӨКСАРАЙДЫ» КӨРДІ

«Көксарай»

Бақытжан Сағынтаев облысымызға сапарын «Көксарай» су реттегішімен танысудан бастады. Вице-премьермен бірге барған облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен орынбасары Берік Оспанов астаналық шенеуніктерге су реттегіштің қазіргі ахуалын, өңірге тигізіп отырған пайдалы тұстарымен және де әрі қарай атқарылатын шаруалармен таныстырды.

Айта кетейік, Үкіметтің тікелей бастамасымен селден қорғау мақсатында салынған аталмыш су реттегіш 2011 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген болатын. «Көксарай» су қоймасының сыйымдылығы 3 млрд. м. куб. 44 километрге созылып жатқан плотина мен гидроқұрылымның табанына 50 млн. м. куб топырақ пен бетон төселіп, 100 мың тонна металл пайдаланылған.

Су реттегіштің мүмкіндіктері мен пайдалы тұстарын түсіндірген облыс әкімінің орынбасары Берік Оспанов «Көксарайдың» сол маңдағы аудандардың ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлкен септігі тиіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қызылорда облысының дихандары үшін де тигізетін пайдасы орасан зор. Осы маңдағы суармалы жерлердің 75 пайызға жуығы біздің облыста екенін айтқан облыс әкімінің орынбасары су реттегіштің арқасында әлі талай елді мекендер мен егістік жерлердің суға қарық болатынын меңзеді.

Дегенмен, бірінші кезекте Көксарай облыстағы су басу қаупі ерекше саналатын елді мекендерді бұл қорқыныштан құтқарады. Бұрынғы жылдары көктем шыға жиналған судың артығын Сырдарияның төменгі сағасына, яғни біздің өңірдегі бөлігіне ағыза салатын Қырғызстан мен Өзбекстаннан келер қауіп су реттегіш салынғалы осылайша шешімін тапқан.

«Өзге облыстар Оңтүстіктен үлгі алсын»

«Оңтүстік – өндірісі мықты аймақ. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда, қолдауда белсенділік танытып, өзге облыстарға үлгі боларлықтай дамыған». Осылай деп тілшілерге сұхбат берген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «Бизнестің жол картасы-2020» аясында құрылған «Оңтүстік» индустриалды аймағын аралап көріп, жұмыс барысымен танысты.

Индустриалды аймақта 37,5 млрд. теңге көлемінде 42 жаңа жобаларды іске асыру және 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Айта өтейік, өткен жылы индустриалды аймақтың кәсіпорындары шығарған өнімнің көлемі 10 млрд. теңге болатын. Одан басқа, ағымдағы жылы Шымкентте жаңа индустриалды аймақтың ашылуы жоспарлануда. Техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы аударылып, жер учаскісін бөлу мәселесі де шешілу үстінде екен. Бақытжан Сағынтаев «Оңтүстік» индустриалды аймақ аумағында «HILL Corporation», «SPIRIT Қазақстан», және «Компания Юг Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері шығаратын өнімдермен танысты. Кәсіпкерлермен тілдесіп, мемлекеттік бағдарлама мен қолдаудың арқасында осындай жетістікке жетіп, өңірдің өндірісін дамытып отырғанын өз көзімен көрді.

Шымкентте болған вице-премьер «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысымен де таныс­ты. Пәтерлерді аралап шығып, заманауи үлгіде әрі сапалы түрде салынғанына көз жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымдар, тұрғын үйлер, саябақтар және демалыс нысандарын салуды жоспарлап отырған қаланың әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысымен танысты. Осылайша әлеуметтік сала Үкіметтің жіті назарында екенін аңғартып, мемлекеттік бағдарламаның барысын саралады.

Жұмыс сапарының соңында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Онда кәсіпкерлерге арналған құжаттарды рәсімдеу және рұқсат беру, жобаларды қаржыландыру және консалтингті оқыту қызметтерін көріп, өңірдегі осындай серпінді жұмыстарға оң бағасын берді. Кәсіпкерлермен арнайы кеңес өткізіп, облыстағы бизнес қауымдастықты мазалап жүрген көкейкесті мәселелерді талқылады.

Б.Сағынтаев биыл кәсіпкерлік қызметін мемлекеттік реттеу тұжырымдамасы әзірленетін болады деп ескертті. Сонымен қатар, рұқсаттардың бірыңғай тізімін белгілейтін заң әзірленеді, бұл ретте рұқсат берудің барлық рәсімдерін автоматтандыру жоспарланып жатқанынан да хабардар етті.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Өңірлік даму министрі:

– Халық арасында оңтүстік десе, мақта, ауыл шаруашылығы, бақша өнімдері сөз болады. Негізінде олай емес. Мойындауымыз керек, қазір оңтүстік өндірісі дамыған аймаққа айналған. Халық көп шоғырланғандықтан да кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтары көп. Елдегі белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпорындардың 14 пайызы осы Оңтүстік Қазақстан облысында шоғырланған. Десек те кәсіпкерлер Үкімет тарапынан беріліп жатқан көмектің бәрін түгел алып отыр ма деген сауалға келер болсақ, иә деп жауап беруге болады.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы