Жаңалықтар

«ЗАМАНДАС КЕЛБЕТІ»

ашық дереккөзі

«ЗАМАНДАС КЕЛБЕТІ»

Шараның басты мақсаты – өмірі өнегеге толы тұлғаларды экран тілінде сөйлету арқылы терең ізденіс пен таудай талпыныс нәтижесін жастарға үлгі ету болса, оған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, депутаттық корпус, БАҚ және Астананың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр нау­рыз айында ЕҰУ-де «Қазақфильм» АҚ Президенті Ермек Аманшаев бастаған шығармашылық ұжымының қатысуымен елімізде тұңғыш рет жастарға арналған студенттік кинотеатр ашылған болатын. Сол кезде кинозал шымылдығы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шынайы өмір жолын баяндайтын шығармалар желісі негізінде түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты фильмімен түрілген еді. Отандық және шетелдік фильмдерді тамашалауға мол мүмкіндік жасалған студенттік кинотеатр бір жыл ішінде отандық кинотуындыларды дәріптейтін диалог алаңына айналып үлгерді. Елімізде тұңғыш рет ашылған кинотеатрдың салтанатты рәсімінде «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ президенті Ермек Аманшаев пен ЕҰУ-дың ректоры Ерлан Сыдықов екіжақты ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойған болатын. «Замандас келбеті» атты деректі фильмдер апталығы осы екіжақты келісім негізінде жүзеге асты.

«Руханият сардары»

Апталықтың шымылдығын жазушы, кинодраматург Сұлтан Оразалин туралы түсірілген деректі фильм ашты. Өмір жолы: үй-іші, бала-шағасы, немерелеріне дейін түгел көрсетілді. Бірақ бәрі кейіпкердің ғана өмірі емес, онда елдің, жердің, бірге өскен замандастарының да тағдыры жатыр. Туған жер төсінде ядролық сынақ жасағанда үйдің шатырына шығып, алаңсыз ғана сол «саңырауқұлаққа» қарап отыратын балалардың бейнесі көпке дейін көрерменнің көз алдынан кетпей қояды. Неге? Бұл турасында Сұлтан Оразалин: – Қазір ауылда қатарластарымның бірі қалған жоқ, тек елден көшіп, басқа қалаға кеткендері ғана аман жүр. Қасірет пе, қасірет! – деп, көңіліндегісін бүкпей жайып салғаны бар.

«Арша бесіктен абыздыққа дейін»

…Қазақтың Шерханы жайлы түсірілген Ілияс Ысқақовтың фильмі осылай аталады. «Арша бесік» деп отырғаны – тек Алатаудың батыс бөлігінде өсетін арша ағашынан жасалатын, нәрестенің денсаулығына пайдалы бесік. Ш.Мұртаза денсаулығына байланысты тұсаукесер рәсімге келе алмады, бірақ мінезі, рухы, жігері, парасаты бізбен бірге болғандай әсер қалдырды. Шығармашылық топ кейіпкердің бүкіл болмыс-бітімін, көрген-білгенін фильм арқылы шебер жеткізе білді.

«Академик Ормантаев»

Балалар дәрігері Камал Ормантаев турасындағы режиссер Жаңабек Жетіруовтің бұл фильмі сәтті шыққан. Ел арасында «Алтын қол» атанып кеткен ғалым 13 мыңнан аса қазақ баласының өмірін сақтап қалса, деректі фильмнен К.Ормантаевтың балаларды жан-тәнімен жақсы көретіндігі де анық әрі табиғи аңғарылады. Айта кету керек, фильмнен жаңа ғана танысқан тұлғаны, «Бәрі де студенттер үшін» жоба аясында дүниеге келген кинозалдан тірідей көру ерекше эмоция қалдырады екен. Бұл – апталықтың бір мақсатының орындалғаны.

«Парасат әуендері»

Төлен Әбдіковтің өмірінен сыр шертетін «Парасат әуендерін» ұлдары Алмас пен Дархан Әбдіковтер түсірген екен. Бірі – қоюшы режиссер, екіншісі – сценарийін жазған қалам иесі. Деректі фильмнің стилі де өзгеше. Фильм бойы жазушының орындауындағы күйлер тартылып отырады. Оның ішінде өзінің шығарған күйі де бар. Осылайша Т.Әбдіковтің екінші қырын көрсетеді. Фильмді тамашалап болғаннан кейін, жазушының шығармашылығымен таныс студент жастардың тілек-лебіздері тыңдалды.

«Шәмші»

Кино апталығын белгілі режиссер Тілеген Ахметовтің Шәмші Қалдаяқов туралы фильмі қорытындылады. Бұл фильмнің түсірілуіне композитор, шәм­ші­танушы Қалдыбек Құрманәлі үлкен үлес қосыпты. Туындының әсерлілігі соншалық, көріп отырып қалай қол соққаныңды да байқамай қаласың. Бұл, әрине, режиссердің кәсібилігі, актерлердің шеберлігі, продюсер Қалдыбек Құрманәлінің еңбегі. Сондай-ақ, жиын барысында Шәмші жайлы көпсериялы фильм түсіру жоспарланып отырғаны да айтылды. Сондай-ақ осы күні жиналған қауымның қарасы көп болғанын жасыра алмаймыз. Фильм аяқталғаннан кейін Қазақ вальсінің королі турасында естелік пікірлер айтылды.

Әр жиын соңынан деректі фильм авторларына құрмет, кейіпкерлеріне сый-сыяпат көрсетілді. Қуаныш Сұлтанов, Қуаныш Айтаханов, Бақытбек Смағұлов, Фариза Оңғарсынова, Серік Тұрғынбеков сынды дара тұлғаларды айтпағанда, студенттердің тұлғатануға қызығушылығы соншалық, көрсетілім сайын кинозалда ине шаншыр орын қалмады. Кейбіреулері тіпті баспалдаққа отырып алды. Міне, киноның құдіреті! Енді, жастар танысқан кейіпкерлерінің еңбектерін іздеп жүріп оқитындарына күмән жоқ. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай атамыз өсиет еткендей, еліктеп жүріп өз бағытын тауып кетері сөзсіз.

Бәрін айт та, бірін айт, студенттер үшін ғана емес, рухани азыққұмар бүкіл астаналықтарға осындай мол мүмкіндік туғызған Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов пен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Ермек Аманшаевқа ел алғысы ерекше болды.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана