ҚАЗАҚТЫҢ АСТАНАСЫ
ҚАЗАҚТЫҢ АСТАНАСЫ
Өйткені бүгінгі Астананың тағдыры кешегі астаналар тарихымен астасып, сабақтасып жатыр.
Қазақтың қай астанасын алмаңыз, әрқайсысының ұлттың өсуіне, мемлекеттіліктің орнығуына тигізген ықпалы зор.
Қазақтың саны да – саясат
Астана таңдауда әр заманның өз талабы болды. Бір кезде Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласын астана болып таңдауда мұнда тұратын қазақтар санының көптігі дәйек ретінде келтірілген. Бұл туралы С.Қожанов «Ақжол» газетінде 1924 жылғы 17 желтоқсанда былай деп жазды: «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын». Ал осыдан он бес жыл бұрын Ақмола қаласынын астана ретінде таңдауға себеп болған негізгі факторлардың бірі – солтүстік өңірлерде мемлекетқұраушы халық санының аздығы болғаны айтылып жүр. Шындығында, осыдан алпыс жыл бұрынғы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны тұсында жаппай орыстанған аймақ Астананың арқасында соңғы он бес жылда қайтадан қазақылана бастады. Бұл – үлкен өзгерістердің алғашқы нышаны ғана. Өйткені оңтүстіктен солтүстікке жөңкілген ұлы көш әлі толастаған жоқ. Астананың төл тарихында алтын әріптермен жазылар дерек бұл.Қазақтың тұңғыш астанасы қай қала?
Кешегі астаналардың әрқайсысының өзіндік тарихи орны бар. Бүгінгі Астана кешегі астаналарға қарап, тарихи тамырластық арқылы бой түзейді, болашаққа бағдар алады. Әйтсе де, қазақтың тұңғыш астанасын анықтаудың маңызы зор. Алғашқы астана туралы түрлі пікір-көзқарастың болуы ұлттық тарихтың қай кезден бастау алатындығымен тікелей байланысты. Егер мемлекеттілік тарихын Қазақ хандығынан бастайтын болсақ, онда қазақтың алғашқы астанасы ретінде Сығанақ қаласының аталуы заңды. Бірақ тарихшы-археолог М.Елеуов 1456-1457 жылдар аралығында Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандар Қозыбас өңірінде Шар деген қала салдырып, оны астана еткен деген болжам айтады. Ал көне заманнан бері желі тартсақ, онда қазақтың алғашқы астанасы ретінде Сақ дәуіріндегі Яксарт немесе Ғұндар орталығы болған Ордос қалалары аталуы мүмкін. Өкінішке қарай, «Қазақ елінің алғашқы астанасы қай қала?» деген сұрақ бүгінгі таңда басы ашық қалып отыр. Ұлттық тарих мемлекеттік деңгейде қолға алынып, зерделене бастаған тұста бұл сұраққа нақты жауап табылар деп үміттенеміз.Қазақтың астаналары
Қазақ астаналары туралы сөз қозғағанда, әуелі ХХ ғасырда қазаққа бас қала болған Орынбор, Қызылорда мен Алматы еске түседі. Шындығында, қазақ астаналарының тарихы бай. Қазақтың астаналарын түгендеу тарихи жадын жаңартумен бірдей. Өйткені қазақтың қай астанасы да саяси әкімшілік орталық болып қана қойған жоқ, ұлттың рухын айбындатып, ұлттық мақсат-мүддені айқындайтын киелі мекен болды. Ежелгі қазақ астаналары қатарында сақ-ғұн заманынан бері Яксарт, Ордос, Чигунь шаһарлары аталады. Түркі қағанаты тұсында Еркіне-көн, Өтекін, Суяб қалалары астана болса, Қарахан мемлекеті орнаған кезде Баласағұн, Тараз қалаларының абыройы аспандады. Сондай-ақ Алтын орда дәуіріндегі Сарай Бату, Сарай Берке, Сарайшық қалалары да – қазақтың астаналары. Бұл қалалардың бәрі кезінде ұлт дамуына айрықша ықпал етер оқиғалар ордасы болды. Осы орайда, біз қазақтың айтулы астаналарына қысқаша тоқталғанды жөн көрдік. Сығанақ. Қыпшақ мемлекетінің, Ақ Орда ұлысының, Әбілқайыр мемлекетінің (Көшпелі өзбектер мемлекеті) және Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған. Тарихи деректерде аса ірі саяси-әкімшілік орталық болғаны айтылады. Рузбехан жазбаларында (16 ғасыр) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған. Тараз. 10-ғасырдан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің астанасы әрі экономикалық орталығы болды. Ұлы Жібек жолындағы басты сауда орталығы еді. 6-7-ғасырлардың өзінде атағы Қытайдан Византияға дейін тарады. Ташкент. Қазақ хандары Тұрсын, Жолбарыс, Рүстем, Абдолла мен Әбілғазының тұсында астана болды. Ташкент кезінде қазақ пен өзбек зиялылары арасында дау-таласқа өзек болған шаһар. Ақыры отаршыл биліктің пәрменімен бір кезде қазақтың астанасы болған қала басқа мемлекеттік иелігіне өтті. Түркістан. Есім хан билік құрған кезден бастап, екі жүз жылдай астана болған деген дерек бар. Бір кезде саяси-әкімшілік орталық болған көне шаһар рухани-мәдени орталық дәрежесін бүгінге дейін сақтап қалды. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Түркістан «рухани астана» аталды. Қазақтың рухын күшейтіп, ұлттық санасын оятуда Түркістан шаһарының орны бөлек. Алаштың ханы Абылай үш жүзге хан болып, осы қалада билік құрды. «Әзірет сұлтан Қожа Ахмет Яссауи жатқан Түркістан кесенесі аман болса, қазақты жау алмайды» деген түсінік бар. Қазақтың 200-дей хан-сұлтаны, батыр-билері, жақсы-жайсаңдарының сүйегі жатқан киелі жер. Семей. 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылып, саяси-әкімшілік орталық ретінде Семей қаласы таңдалған. Алайда Алаш азаматтарының арманы жүзеге аспады. Орынбор. 1920 жылы 4 қазанда Орынборда Қазақ өлкесі Кеңестерінің құрылтай съезі өтіп, Қазақ АКСР-і құрылды. 1925 жылға дейін қазақтың астанасы болды. Орынбор оған дейін де қазақ даласын отаршыл Ресеймен экономикалық тұрғыда байланыстырған ірі сауда орталығы еді. Сонда да Орынбор қазақтың рухын көтерді, азат ел болуға деген үмітін үкіледі. Ұлт баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы осы қалада басылды. 1925 жылы астана атауынан айрылған Орынбор Ресей иелігіне өтіп кетті. Әлі күнге дейін бұл қала отаршылдықтың тепкінін еске түсіреді. Бірақ қазақы рухы әлі жойылған жоқ. Қазіргі уақытта Орынбор облысында 120 мыңдай қазақтар тұрады. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен байланысты облыс қазақтары «Достық», «Үркер», «Қазақ тілі» және т. б. мәдени орталықтарға бірігіп, өздерінің «Айқап» атты газеттерін шығарады. Қызылорда. 1925-1929 жылдар аралығында қазақ астанасы болды. Аз жылдар астана болып тұрса да, Қызылорда сол кезде қазақтың білім ордасы, мәдени-рухани дамуына айтарлықтай әсер етіп үлгерді. Ең бастысы, Қызылорда астана болып тұрғанда, «киргиз» деген жасанды ат өшіп, қазақтың тарихи атауы өзіне қайтарылды. Ал бұған дейін «Киргиз Республикасы» бұдан былай «Қазақ Республикасы» болып бекітілді. Қызылордадан астананы ауыстыруға экономикалық және табиғат қолайсыздығы себеп болған деп айтылады. Түркістан-Сібір темір жолының салынуының да әсері бар. Алматы. 1929-1998 жылдар аралығындағы қазақтың астанасы болған Алматының жөні бөлек. Алматы қазаққа тәуелсіздік әперіп, егемен ел етті. Желтоқсанда жылатып, жетім бұрышты аңыз етті. Бүгінге дейін Алматы қаржы-экономикалық, мәдени-әдеби орталығы болып қалып отыр. Астана болған жылдары Алматы қарқынды дамып, Қазақстанның атын дүниежүзіне әйгіледі. Өткен астаналар тарихын білу – бүгінгінің қадіріне жету деген сөз.Егемен елдің таңдауы
Осыдан он бес жыл бұрын сол кездегі Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып жарияланды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ел астанасын ауыстыру туралы тарихи шешімі 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылданған еді. Ал 1998 жылы 6 мамырда Астана атауы ресми түрде бекітілді. Сол жылы 10 маусымда жас астананың тұсаукесері халықаралық деңгейде өткізілді. Сол уақыттан бері Астана үздіксіз даму үстінде. Тәуелсіз мемлекет болып тұрған кездің өзінде астана таңдау оңайға түскен жоқ. Сол кездегі сараптама жұмыстарының нәтижесінде Ақмола қаласы 32 талапқа сай болған екен. Ақмола астана болып жарияланғаннан кейін оны саяси-әкімшілік орталыққа айналдыруда күрмеуі шешілмеген мәселе көп еді. Бүгінде астана осы қиындықтардың бәрінен абыроймен өтті. Он бес жыл бұрын қабылданған шешім сол кездегі Ақмола қаласының ғана емес, республика тарихын түбірімен өзгертті. Еуразия континентінің кіндігіне орналасқан қала өзіндік қайталанбас бет-бейнесін қалыптастырып, әлемдік деңгейде бедел жинауға ұмтылды. 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммиті «Астана лебі» деген терминді қалыптастырып, қазақтың жас астанасының амбициясын әйгіледі. Қазір Астана жыл сайын халықаралық деңгейдегі жиындар мен басқосулар өтетін орынға айналды. Астананың қадірлі болатыны – оның тәуелсіз елдің өз таңдауы болуында. Бұған дейін Орынбор, Қызылорда мен Алматыны таңдауда Мәскеуден келер жарлықтың пәрмені күшті еді. Ал Ақмола қазақтың астанасы болып бекітілгенде, бұл – қазақ халқының тәуелсіз ел, дербес мемлекет ретінде ұлттық мүддені жан-жақты ойластырып, ішкі-сыртқы саяси жағдайды ескере отырып, оң мен терісті түгел безбендеп, өз еркімен қабылданған шешімі еді. Астана осынысымен ерек, осынысымен қымбат! Бет қатталып жатқанда: Қала күні бүгін «Атамекен» мемориалды кешенінде Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Мемлекеттік туды көтеру рәсімінен басталды. Президент елдің жоғарғы әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шен тапсырды. Мерейтойлық шаралардың шарықтау шегі – ертең Елбасының қатысуымен өтетін Астананың 15 жылдығына орай салтанатты жиын. Ал сенбі күні Президенттің қатысуымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сондай-ақ оқу озаты, дарынды балаларға мерекелік торт үлестіріледі. Салмағы 600 килограмдық торттан 18 000 бала ауыз тиеді деп жоспарланған.