Каспий жағасындағы кездесу

Каспий жағасындағы кездесу

Каспий жағасындағы кездесу
ашық дереккөзі

Әрі бұл сапар әлем назарын тігіп отырған
Солтүстік Каспий жобасының өндірістік нысандарын іске қосып беруімен де
ерекше есте сақталмақ. 

Мемлекет басшысының Атырау өңіріндегі сапары осы аймақтағы құбырлар арматурасы зауытынан басталды. Елбасы зауыт ұжымымен кездесті. Бұл зауыттың ашылуының да еліміз үшін маңызы жоғары. Өйткені коммуналдық сала өнімдеріне елімізде сұраныс көп. Елімізде шығатын бұл өнім алдағы уақыттарда ішкі және сыртқы нарыққа жол тартатын болады. Бұл зауыт өзінің алғашқы өнімін шығаруды шілденің аяғына қарай жоспарлауда. Жұмысшылармен болған кездесуінде Елбасы: «Мен Атырау аймағында отыз жыл­дан астам уақыттан бері болып жүр­мін. Әрі мұнда жағдайдың қандай болға­нын білемін. Қазір тұрмыс жағдайы түбегейлі өзгерген. Атырау Қазақстан­ның өз тәуелсіздігін алғаннан бері қа­лай дамығанының символы болып сана­лады. Мемлекет жүргізіп келе жатқан бар­лық жұмыс халықтың әл-ауқатын артты­руға, оның мүдделерін қорғауға бағыт­тал­ғанын әрдайым айтып келемін», – деді. Кездесу барысында денсаулық, білім мен экономика сала­ларындағы бүгінгі жетістіктері де сөз болды. 

 Мемлекет басшысы Атырауда Ұлы­британия премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инновациялық және инвес­тициялық ынтымақтастық­ты жандандыру перспективасы талқы­ланды. Еліміз бен Ұлыбритания елдері арасындағы алғашқы дипломатиялық байланыс 1992 жылдан басталған еді. Осы уақыт арасында екі ел арасындағы қарым-қа­тынас қарқынды дамып, алыс-беріс те артып келеді. Ұлыбритания Қа­­зақстан экономикасына инвести­ция құюшы елдердің үштігінде. Бүгінгі күнге дейін британдықтар 11,7 млрд. дол­лар көлемінде капитал құйған.

Ұлыбританияның Үкімет басшысы елімізге келген бұл сапарында «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы зауытында болып, Елбасымен бірге Солтүстік Кас­пий жобасының өндірістік нысандарын іске қосуды бастап берді. Еліміз үшін ғана емес, әлем елдері үшін басты назарда тұрған бұл шарада Қашаған кен орнындағы өндіріс нысандарының да іске қосылатындығы жарияланды. 

«Eni» компаниясының бас өндірістік директоры К.Дескальци «Қашағанның» Қазақстан халқы үшін жасалған жоба екеніне ерекше тоқталып өтті. Сонымен бірге, жобаны іске асыру барлық серіктестердің бірлесе күш-жігер жұмсауының арқасында жүзеге асы­рыл­ғанына тоқталды. Шара барысында Мемлекет бас­шысы Н.Ә.Назарбаев Солтүстік Кас­пий жобасының негізгі өндірістік нысанының бірі – «Бо­лашақ» зауытын іске қосуға әзірліктің бас­талуымен жиналған қауымды құттықтады. Елбасы өз сөзінде: «Біз 8 жыл бұрын кешенді бірегей қондырғы құрылысының алғашқы кірпішін қалаған едік. Мен сол кезде зауытқа «Болашақ» деп ат қою арқылы ерекше маңыз берген болатынмын. Біз оның болашақ Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символына айналатынына зор сенім арттық. Бұл жоба бойынша мұндайдың жобалық өнім­ділігі тәулігіне 450 мың баррельді, ал газ өңдеу бо­йынша өнімділігі тәулігіне 8,8 миллион шаршы метрді құрайды. Зауытты іске қосу екі жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қашағанды игеру Қазақстанның мұнай-газ индус­триясының жаңа дәуірін ашады. Солтүстік Каспий жобасы – тиімді ха­лықаралық ын­ты­мақтастықтың жарқын үлгісі. Қашаған ортақ мақсат жолында әлемнің ірі мұнай компанияларының басын біріктірді. Олар елімізге өздерінің бай тәжірибесі мен жинақталған білімдерін әкелді. Жақында ғана өткен шетелдік инвесторлармен кездесуде мен ин­новацияны енгізгісі келетіндер үшін мемлекет тарапынан ерекше басымдық берілетінін және қолдау көрсетілетінін атап өткен едім. Сол айт­қанымды бүгін тағы да қайталағым келеді», – деді. 

Мемлекет басшысы­ елі­міздің экономикасына ­Қашағанды игеруден айтар­лықтай пайда түсіп отырғандығына да тоқталды. «Тек ­өткен жылы ғана Солтүстік Каспий жобасы аясында қазақстандық өндірушілерге төленген қаржы бір жарым миллиардқа жуық долларды құрады. Солтүстік Кас­пий жобасы бойынша барлық кен орындарын игерудің эколо­гиялық жағын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде Каспий әлемдегі ірі мұнайлы өңірдің бірі ретінде көптеген инвесторлар назарын өзіне аударып отыр. Біз Каспий теңізінің таңғаларлықтай сан алуан жануарлар мен өсімдік әлемі бар ерекше табиғи аймақ екенін ұмытпауға тиіспіз. Оның нәзік экожүйесіне қамқорлықпен қарау – жер қойнауын пайдаланушының әрқайсысының міндеті. Өткен жылдарда қоршаған ортаны қорғау саласында көптеген бағдарлама орындалды. Бірақ әлі атқарылатын жұ­мыстар бұдан да көп», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. 

Қазақ еліне тұңғыш ат басын бұрған, алғашқы сапарын мұнайлы өлкеден бастаған Ұлыбританияның премьер-ми­нистрі Дэвид Кэмерон «Қа­шаған» жобасы Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуының символы болып саналатынын ерекше атап өтті. Премьер министр өзінің «Болашақ» зауытына келгенін зор мәртебе санайтынын жеткізді. Британия үкімет басшысы Қа­шаған жобасында британдық мамандардың да жұмыс істейтінін тілге тиек ете келіп: «Мен бри­тандық «Шелл» компа­ния­сының жобаны іске асыруға ат­салысқанын қуанышпен айтқым келеді. Біріккен Ко­рольдік компаниялары күрделі эко­логиялық жағдайлардағы әзірлемелер жөнінде озық технологияларға ие. Сондай-ақ мәселен, Солтүстік теңіздегі бірлескен жұмыстар үшін олар әрқашан жергілікті серіктестер табуға талпыныс жасайды. Ядролық қарудан бас тарту, қазақ­стандықтардың әл-ауқа­тының жақсаруы, экономиканы әртарап­тандыру – осының бәрі Қазақстанның нақты жетістіктері», – деп атап өтті Ұлыбритания премьер-министрі Д.Кэмерон. 

Атырау қаласынан шығысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан «Болашақ» зауыты Қашаған кен орнынан алынатын мұнай мен газды дайындауды жүзеге асыратын болады.

«Болашақ» – болашақтың зауыты. Қазақтың мұнайын әлемге танытатын ірі өндіріс ошағы болмақ.

Мұнайлы өлкедегі кездесуден соң, Елбасы мен Ұлыбритания үкімет басшы­сы­ның кездесуі Елордада жал­ға­сын тапты. 

Сөзбе-сөз

«Астанада Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қазақстандағы адам құқығы жайында сөз етті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оған: «Кеңесіңізге, ескертуіңізге рахмет. Бірақ бізге қалай өмір сүру және елімізді қалай құру жайында ешкімнің нұсқау берер хақы жоқ» деп жауап берді».

«Азаттық» радиосы, 

1 шілде, 2013 жыл