Біздің облыстағыдай сөз бостандығы ешбір өңірде жоқ

Біздің облыстағыдай сөз бостандығы ешбір өңірде жоқ

Біздің облыстағыдай  сөз бостандығы  ешбір өңірде жоқ
ашық дереккөзі

 Осы уақыт ішінде Берік Уәли бірқатар ұлттық бағыттағы жұмыстардың атқарылуына да мұрындық болды. Жаңа жылдық шырша шамы Тәуелсіздік күніне дейін жанған жоқ.  Наурыз мерекесі де оңтүстікте тоғыз күнге созылды. Мұның бәрін бір деммен атқару да оңай шаруа емес. Берік Уәлимен әңгімеміз де осы мәселелер төңірегінде өрбіді. 

– Берік, сіздің ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің басшысы қызметіне келгеніңізге 1 жылға жуықтап қалды.  Әйтсе де осы жұмысқа келе салысымен жергілікті БАҚ-тың сын садағына ілініп үлгердіңіз. Бұған сіздің Астанадан ауысып келуіңіз себеп болған жоқ па?

– Жалпы, келе салысымен жергілікті БАҚ-тың сын садағына іліндім деп айта алмаймын. Кейбір бір-екі жергілікті басылым тарапынан сыни мақала болғаны рас. Ал, енді олардың мені не үшін сынап жатқанын өздерінен сұрау керек шығар. Сын шын болса, оған жауап беруге дайынмын. Бұл туралы жуырда жергілікті «Отырар» телеарнасына берген сұхбатымда да айттым. Тіпті, сұрақтары болса, бетпе-бет кездесіп, жауап беруге дайынмын деп тікелей эфирге де шақырдым.  Мені орынсыз сынап жатқан газеттің жазғандары шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, теріске шығару туралы талабымды бердім. Бұл талабым қанағаттандырылмаған жағдайда заң шеңберінде әрекет ететін боламын. Өйткені, Елбасының өзі мемлекеттік қызметкер БАҚ-та сыналса, сол ақпарат құралында жауап беру керек немесе сын шындыққа жанаспайтын болса, басылым шенеуніктерді негізсіз сынап отырса, оны жоққа шығаруды талап ет деген еді. Кез келген сыни бағытта шығып жатқан мақалаларға, ең бірінші, мақаланы жариялап отырған  басылым жауап беруге дайын болу керек. Яғни, жауапкершілікті осы жағынан сезіну керек. Жеке өзімнің жұмысыма қатысты әділ сын болса, оны дұрыс қабылдар едім.  

Сондай-ақ, қазір өңір-өңірге Астанадан қызмет ауыстырып кім келмей жатыр? Телеарна арқылы біршама жұртқа таныс болып қалғаннан кейін шығар, менің оңтүстік өңірге ауысып келгенім тосын көрінгені. Әйтпесе Елордадан қызмет бабымен облыстарға ауысып жатқандары қаншама?!  Менің ойымша,  өңірдегі жергілікті азаматтармен біте-қайнасып жұмыс істеу – әр азаматтың парызы.  Қайда жүрсек те мақсатымыз бір. Міндетіміз – айқын.   Сондықтан елордадан келгенім үшін сынап жатыр деп айту  қисынсыз болар. 

– Шындығында, «Хабар» арнасының белді сарапшы журналисі бола тұра, Оңтүстікке келуіңіздің сыры неде?  Әлде, 200-ден астам басылымы бар оңтүстіктегі бәсекелестік ортада өзіңізді сынап көргіңіз келді ме?

– Мен Шымкентке қызметке келмей тұрып, еліміздің басты арналарының бірі – «Хабарда» жұмыс істегенімді, сонымен қатар, «Нұр Отан» ХДП-ға қарасты жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың басшысы болғанымды білесіздер. Осындай жылы орынды, екі бірдей қызметімді тастап, мұнда келуімнің негізгі себебі: өңірде жұмыс істеп көру, тәжірибе жинау болды. Ашығын айтқанда,  жұртшылық «Оңтүстікте жұмыс істеу қиын» деп әсірелеп жатады ғой. Оңтүстіктегі қайнаған ортада өзімді сынап көргім келгені рас. Оның үстіне, қадамын енді бастаған мемлекеттік қызметкерге шырайлы Шымкентте тәжірибе жинақтау таптырмас мектеп болды. Қандай қызмет атқарсаң да, оның өзіндік қиындықтары болады. Бұл баршамызға белгілі жайт. 

Айтпақшы, белгілі ақын Қалқаман Сарин маған арнап, жақында әлеуметтік желіде әзіл-шыны аралас әдемі өлең шығарыпты. 

«Жап-жақсы жетістікке жетіп, Берік,

Жыраққа кетіп қалдың нетіп, неғып…

Шыртыйған шенеунікке айналарсың,

Шымкенттің мектебінен өтіп келіп!..» – деп достық ықыласын білдірген. Жалпы, жақын араласатын дос-жарандардың көбісі жақсы мектептен өтіп жатқанымды үнемі есіме салып отырады. (Берік риясыз бір күліп алды.) 

– Алғаш қызметке келген кезіңізде «Сөз бостандығын тұншықтыруға, журналистерді ақпарат атаулыдан мейлінше шеттетуге кірісті» деген әңгімелер де жиі айтылып кетті. Бұған не себеп болды екен?

– Бұл тағы да жергілікті бір  газеттің жазып жүрген әңгімесі ғой. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы мұндай пікірде еместігіне сенімдімін. Себебі, осында  қызметке келгелі бері ақпарат алуды мейлінше жеделдетіп, журналистердің жұмысын жеңілдетуге тырысып бағудамыз. Мәселен,  өңірдегі басшылармен сұхбаттасып, қандай да бір мәселеге қатысты нақты пікірлерімізді білдіріп отырамыз. Өйткені өзім  де күні кешеге дейін журналистік қызмет атқардым. Ақпараттың маңыздылығын, дер кезінде, өз уақытында жету керектігін түсінемін. Солай бола тұра, қалайша сөз бостандығын тежеп, әріптестеріме кедергі келтіремін? Басқа-басқа ақпаратты мен  тұншықтырып жатыр деп айтудың өзі қисынға келмейді. Меніңше, бұл абсурд. Керісінше ақпарат алуды жеңілдетіп, мүмкіндігім жеткенше журналистерге қол ұшын беруге тырысамын. Мысалы, әр басқарма мен аудан әкімдігіне баспасөз хатшыларын бекітіп, жұмысты жүйелендіріп жолға қойдық. Осының арқасында билік пен бұқараның арасында жақындық орнады. Кейбір өңірлерде  баспасөз хатшылары мүлдем болмаған екен. Кімнен, қалай сұхбат ұйымдастыруды, ақпарат алуды білмей, яғни, осы жұмыспен тікелей айналысатын адам болмай, жұмыс дұрыс реттелмеген.

– Шымкенттік журналистер жөнінде «Журналистиканы ақша табу жолы мен бизнеске айналдырғаны жөнінен Алматы мен Астана таласа алмайды» дейсіз. Шын мәнінде солай ма? 

– Менің ойымша, бұл туралы айта берудің еш қажеті жоқ. Өйткені нарыққа, қазіргі заманға сай бейімдеп шығару жөнінен шымкенттік журналистер Алматы мен Астананың алдын бермей тұрғаны рас. Шын мәнісінде, өзге өңірлердің  журналистері газет шығаруды бизнеске айналдыру жағынан оңтүстіктен  үлгі алса ұтылмайды. Өйткені газетті кәсібіне айналдырып,  оны тоқтатпай шығарып тұрудың өзі де қазіргі заманда оңай шаруа емес. Заман талабына бейімделген азаматтар ғана газет шығарып, оны бұқара халыққа ұсына алады. Жалпы,  Шымкентте баспасөздің еркін өркен жаюы – ол сөз бостандығына байланысты шығар.  Өйткені біздің облыстағыдай сөз бостандығы ешбір өңірде кездеспейді. Оған мен нық сенімдімін.

– Бизнес демекші,  бүгінгі баспасөз де нарықтық қатынасқа көшіп барады. Дәл осындай қарқынмен бет алар болса, ұлттық баспасөз «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейтін принциптен ауытқып кетеді деп ойламайсыз ба?

– Болашақта,  сіз айтқандай олқылық болуы мүмкін бе, әлде жоқ па, оны дөп басып айту қиын. Бірақ әзірге қазақ бұқаралық ақпарат құралдары «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып өз міндетін атқара береді. Бүгінде газет-журналдар жарнамаға мән беріп, басылым бетінен орын беруге мәжбүр. Алайда, газет-журналдардың жарнамаға 100 пайыз иек артып кетпейтінін тағы да айтып өткен жөн. Бір бағытта дамыса, жарнамаға басымдық берілсе, онда «Колесо» сияқты таза жарнамалық газетке айналып кетеді. Сіз айтқандай, негізгі принциптен ауытқуы да ғажап емес. Оқырман қауымға тұщымды, ой қорытатын мақалалар қажет. Ұлттық мәселелерді жиі көтеріп отырған басылымға бұқараның ықыласы жоғары болатыны анық. Егер де ол ұлттық мүддені ту етпесе, ондай басылымның болашағы бұлыңғыр.

– Соңғы кездері интернет журна­листиканың қарқыны күшейді. Көпшілік газет-журналдан гөрі, интернет-газеттерді жиі қарайды. Бірақ, ғаламтордағы мақалаларға жазылған пікірлерді қарасаңыз, оқырманның әлі де талғамының төмендігін байқайсыз. Сауатты, салмақты пікірлердің аз болуының себебін қайдан іздейміз?

– Менің ойымша, газет-журналдардың болашағы жоқ деп үзілді-кесілді айтуға да болмайды. Өйткені әлі күнге дейін аға буын өкілдері газет-журналдарға жазылып, не болмаса сатып алып оқиды. Өйткені үйінде интернет болса да, көп азаматтар одан ақпарат ала алмайды. Негізінен электронды басылымнан ақпарат алатындар 40 жасқа дейінгі азаматтар ғой.

Иә, өкінішке қарай, бізде интернет-форумда сауатты пікір қалдыратын мәдениет қалыптаспаған. Мұны  мойындауымыз керек. Жалпы, пікір қалдырудың екінші бір түрі бар. Мәселен интернет-форумдарда жағымды,  я болмаса жағымсыз пікірлерді 3-4-ақ адам да жазып отыруы мүмкін. Мұндай жағдай соңғы кездері жиі байқалып жатқаны жасырын емес. Кейінгі кездері троллдар шықты ғой. Бұлар арандатушылық пікір қалдырып, жалған ақпарат таратып отырады. Бұл мәселені белгілі саясаттанушы Айдос Сарым бірнеше рет көтерді. 

 Өзіме қатысты айтатын болсам, жақында берген бір сұхбатым интернетте жарияланды. Мәселен, әлгі сайтта жарияланған сұхбатқа қатысты  менің атыма әр түрлі жағымсыз пікірлер білдірілді. 

Ал аталған сұхбатты өзімнің фейсбук әлеуметтік парақшамда жариялап едім, бәрі мақтап жазыпты. Бір қызығы фейсбук әлеуметтік желісінде мұндай ғайбат пікірлерді кездестірмедім. Өйткені аталған желіде көпшілігі өз атымен кіретіндіктен пікір білдіруге ұялады немесе батылы бармайды. Ал  сайттағы тіркелмеген қолданушылардың пікірін оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Жалпы интернет-форумдарда мен тұрмақ, өмірден өткен азаматтардың атына да қатты-қатты сөздер айтылады. Мәселен,  Ұлт көсемі Ә.Бөкейханды қаралап, пікір білдірген адамдарды көргенде жағамды ұстадым. Өмірден өткен адамның артынан жаман сөз айтпайтын халық едік қой.  Не болып барамыз? Ұлт көсемі жайлы осындай жағымсыз пікірлер жазып отырғанда  біздің жағдайымыз айтпаса да түсінікті шығар. 

– Жалпы, соңғы кездері қазақ газеттері көп ашылғанымен, біразы кейін  жабылып қалып жатады. Бір қызығы орыстілді газет-журналдардың жабылып қалуын кездестірмейміз. Мұның сыры неде? 

– Ашығын айтқанда,  газет-журнал ашып, оны үнемі халыққа ұсынып отыру –  оңай дүние емес. Оны жоғарыда тілге тиек еттік. Бірақ керісінше, Шымкентте газет-журналдар жиі ашылып жатыр. Шымкенттіктердің ай сайын бір газет ашуға куәлік алып жататыны жасырын емес. Өйткені, оңтүстіктегілер газет шығарудың жүйесін жолға қойып алған. Осы уақытқа дейін «Шымкентте бір газет жабылыпты» дегенді естіген жоқпын. Орталықтағы кейбір басылымның тоқтап қалуы –  газет ісін әлі ұғынбағанынан болса керек.

– Оңтүстік Қазақстанда әлдебір келеңсіздіктер орын алатын болса,  жұрт «Берік Уәли қайда қарап отыр?» дейтін болыпты. Мәселен,  өткен жолы «Домбыра патиге» барған жастарды полиция қызметкерлері қуғанда…

– Иә, ол мәселенің анық-қанығын дер кезінде біліп, араласып, дұрыс шешілуіне ықпал еткеніміз рас.  Мәселен,  ОҚО ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Асқар Оспанов мырзамен сөйлесіп, домбыра-патиге қатысушыларды тәртіп сақшыларының таратуы туралы айттым. Асекең бір түсінбестіктің болғанын айтып, бұдан былай Шымкентте ондай жағдай қайталанбайтынын жеткізді. Осы бейсенбіде іс-шара жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Жалпы, жастардың жаңа бастамаларын, идеяларын қолдау біздің – аға буынның міндеті деп ойлаймын. Қазақ жастарының басын біріктіретін осындай шаралардың болғаны қуантады. Сондықтан да алдағы уақытта Шымкентте «Домбыра-пати» беймарал өте беретін болды. (күлді)

– Мемлекеттік қызмет кейде адамның аяғын тұсаулап, еркін ой айтуына кедергі келтіретіндей көрінеді бізге. Сіздің азаматтық позицияңыз қалай? Ауытқыған жоқ па? 

– Осыдан он ай бұрынғы Берік Уәлимен қазіргі Берік Уәлидің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Негізінен ақпарат құралдарымен жұмыс істегеннен кейін,  өз ойымды еркін айтып жүрмін деп ойлаймын. Сондай-ақ, ай сайын Астанаға барып, «Нұр отан» ХДП-ның жанынан ашылған «Аманат» интеллектуалдық пікір-сайыс клубының жұмысын жүргізіп тұрамын. Мемлекеттік қызметте жүрсем де, аталған клубтың жұмысын жүргізбе деп ешкім айтқан емес. Ашығын айтсам «Аманатты» жүргіздің екен» деп маған ешкім ақша да төлемейді. Бұл қоғамдық жұмыс. Қоғамдық жұмыстармен айналысып жүргендіктен,  табан астында өзгеріп кетуім мүмкін емес. Әрі-беріден соң мемлекеттік қызметтің өзі халыққа қызмет ету керек. 

– Журналист кезіңізде біраз мәселелерді көтердіңіз. Мемлекеттік қызметте солардың қайсысын жүзеге асыруға мүмкіндік болды?

– Жалпы, идеяны айту бар да,  оны жүзеге асыру бар. Сол идеяның жүзеге асуы тікелей бірінші басшыға байланысты. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының біз айтқан идеяларға қолдау білдіріп отыратындығы қуантады. Бұл басшының іскерлігінің, азаматтығының белгісі. Мен бұны бастығым болғаны үшін айтып отырған жоқпын. Республикалық бірқатар газеттер «Ордалы Оңтүстік ұлттық бағыттағы істердің орталығына айналды» деп жазды да.  Мәселен,  өткен жылы ОҚО әкімдігі мен «Нұр Отан» ХДП қолдауымен Алашорда ұлттық үкіметінің 95 жылдығын өткіздік. «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік» деген тақырыппен өткен республикалық конференцияға есімі елімізге танымал Мәлік-Айдар Хантемірұлы, Мәмбет Қойгелді, Амангелді Айталы, Бейбіт Қойшыбай сияқты азаматтар қатысты. Олардың баяндамаларын топтастырып арнайы жинақ етіп шығарып, жұртшылыққа тараттық. Жасыратыны жоқ,  бұл айтулы шараны ресми түрде өткізуіміз көпшіліктің көңілін көтерді. Алашорданың 95 жылдығы Шымкент қаласында өтпегенде,  ұят жағдайда қалатын едік.  Өйткені біздің өңірден басқа аймақта  жоғары деңгейде ұйымдастырылған жоқ. Өкінішке қарай,  айтулы датаны елеп-ескерген ешкім де  болмады. 

Наурызды тоғыз күн тойладық. Жаңаша бағытта. Тұжырымдамасын жазып шықтық. Серік Ерғали секілді ұлтжанды ағаларымызбен, ақылдасып, кеңесіп бірге өткіздік. Жаңа жылдық шыршаны тәуелсіздік мерекесіне дейін облыс аумағында құруға қатаң тыйым салынды. Осының бәріне қолдау көрсетіп, іске асуына ықпал еткен облыс басшысы. Блогерлердің 3-ші құрылтайы да Шымкентте өтті. Болашақта әлі де ұлттық бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз.

–  Әңгімеңізге  рахмет!