Жаңалықтар

ҚАЙРАН АУЫЛ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ ?ҚАЙДА БАРАСЫҢ

ашық дереккөзі

ҚАЙРАН АУЫЛ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ ?ҚАЙДА БАРАСЫҢ

Осы мәселені арнайы зерттеген ғалымдар енді көбеюдің барысында адамзат тіршілігін сақтап қалу үшін тағы бір осы көлемдегі планета керек деп отыр. Осыдан қырық жыл бұрын дүниежүзі бойынша астық сақтау қорларындағы жинақ 100 күнге жетеді деп есептелсе, енді ол қазірдің өзінде екі есеге қысқарған.

«Дәрменін табар бар ма күн,

Дәурені көшкен даланың?!»

Айнұр Әбдірасылқызы

Бүгінде дүниеде аштыққа ұшыраған­дардың қатары миллиардқа жеткен, өйте берсе енді алдағы шамалы уақыттардан кейін тағы да 600 миллионға көбейеді деген болжам бар. Үрейлі келешектің азық-түлік жөніндегі кескіні осындай. Әрине, мұндай қауіптен шығудың амалдары да іздестіріліп жатқанға ұқсайды. Кейбір ғалымдардың пікірінше дүние шамамен 2018-2060 жылдар арасында қолданысқа енген барлық -нано, -био, – ақпараттық және когнитивтік технологиялардың таңдаулы тәжірибелерін жинақтап, жүзеге асырудан үміт етеді. Ол – жасыл химияға, қуат көздерін қайта жаңғыртуға, қауіпсіз өндіріс істерін нанотехнология арқылы жүргізуге ұмтылу үміті. Ғылымы сара жолдағы аса дамыған елдердің оларды жүзеге асыру мүмкіндігі жоғары секілді, ал аграрлық ел бола тұра ауылда байыпты агроғылымның әліге ұшығы да жоқ біздің ел оны нендей әзірліктерімен қарсы алатындығы ойландырады.

Саланың әсіресе, ел шаруасына етене жақын малмен байланысты деректері мен дәйектеріне назар аударып көрейік. Баршаға мәлім, Одақтық жүйенің ыдырауымен «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен бұрынғы қоғамдық миллиондаған мал қайтадан көбеюі үшін мемлекет тарапынан әртүрлі шаралар жасалып, оларды жүзеге асырудың жолдары иә, қарастырылып келеді. Олардың қандай шаралар екендігін айтып тарқату бұл материалдың міндеті еместіктен солардың бір ғана мысалын алайық. Мемлекет 2005 жылы ауылды жақсартып, оның шаруасын өркендетудің 6 жылға арналған бағдарламасын жасады, бес жылда осы шараны жүзеге асыру мақсатында 670 миллиард теңге, ғылыми жұмыстар үшін 20 млрд. теңге бөлінді. Сөйтіп, 2011 жылы Астанада өткен агроөнеркәсіп қызметкерлерінің республикалық форумында ел 2010 жылды 6 млн. ірі қара, 18 млн. қой-ешкі, 1,5 млн. жылқы, 200 мың түйе өсіріп аяқтады деген мәлімдеме жасалды.

 Осыдан кейін үш жыл шамасы өткен соң, Ақтөбе облысына келген сапарында республика ауыл шаруашылық министрі А.Мамытбеков, салаға осы кезге дейін 3 триллион теңге бөлінгенін хабар етіп, 2 триллион 245,9 млрд. теңгенің, яғни барлық бағдарламаның 70 пайызы болып табылатын бөлігі тауарларға қолжетімділік, қызмет көрсету істеріне бөлінгенін баяндады. Әрине, аз қаржы емес, алайда министр мал есебіне келгенде: «2013 жылы ірі қара 6 миллион, қой-ешкі 18 миллион» деп әлгі 2010 жылғы көрсеткішті қайталады. Сонда әлгідей триллиондар жұмсалғанда үш жылда бір ірі қара, бір қой түлігі өсіп қосылмағаны ма? Ол ол ма, министр осы сапарында мал есебінің дұрыс жүргізілмейтіндігін, өтірік өсім берудің көптігін еске салып, бір миллион ірі қараның жетіспейтіндігін айтты.

Триллиондар… өспейтін мал… сосын ауыл шаруашылығы құрылымының ел­де­гі коррупциялық деңгейде екінші орын­да тұруы тіпті де тегін еместігін көр­сет­се керек. Мәселе мал шаруасына қатыс­ты­лықтан кейбір салыстырудың реті келіп тұр. Австралия Одағының жер көлемі елі­мізден үш есеге жуық үлкен. Бірақ, тұр­ғындарының санында айтарлықтай айыр­машылық жоқ. Ол алты құрлықтың ең­ құрғақ аймағы болып есептеледі. Елдің бүкіл көлемінің жартысына жуығы шөл және шөлейт жерлер. Сөйте тұра ауыл­ша­руашылығы шикізаттары мен азық-тү­лігін ең көп өндіретін ел де осы. Бүгінде Австралия – экономикалық жағынан қарыш­тап өркендеген индустриалды-аграрлы мем­лекет. Елдің ауыл шаруашылығы эконо­ми­ка бюросының мәліметі бойынша мұнда мәденилендірілген суармалы жайылымның 1 гектарына 25 қой түлігін ұстауға болады екен, ал жартылай шөлейт аймақтарда тек бір қой үшін 40 гектар, кейде одан да арты­ғырақ жер керек көрінеді. Міне, осы ел, 180 мил­лион шамасында қой түлігін өсіріп, әлемдік саудада қыруар пайда табумен келеді. Жер көлемі небәрі 14 мың шаршы шақырым. Израильдің Еуропа елдерін тағам өнімдерімен қамтамасыз етуі қалай? Оның жері тастақты, шөлден тұратын ел.

Ал енді өз елімізге келейік. Бізде де шөл мен шөлейт жерлер жетеді. Бірақ жалпы жеріміз негізінен құнарлы аймаққа жатады. Оның 200 млн. гектарға жуығы жайылымдық жерлер. Осы орасан зор аймақ небәрі 18 млн. қой, 6 млн. ірі қара, 1,5 млн. жылқы, 171 мың түйе тү­лік­терінің өрісі болып тұр. Тағы да реті келгесін салыстыру үшін мысал келтірсек, 3 млн. халқы бар Моңғолияның далаларында тек қойдың өзі 180 миллион шамасында, жылқы 8 миллионға жетті. Ал біз 17 миллион жұрт небәрі 26 миллион малмен озық елдердің қатарына қосылуға дәмеліміз. Түбі қосылудың жолы табылатын да шығар, ал бірақ қазір ет өнімінің төрттен бір бөлігі ғана елде өн­ді­ріледі, негізгі үш бөлігін Австралиядан, Ар­гентинадан, Болгариядан, Панамадан, Кана­дадан, Уругвайдан, Мексикадан… алып отырмыз қыруар қаржыға. Балықты Норвегия, Ресей, Исландия, Вьетнам, Германия береді. Субсидияның қайда кетіп жатқанының енді не құпиясы қалды. Тауық етін де өзге елдерден алуды тоқтата алмай тұрмыз. Біз, қазақ дейтін қадірлі жұрттың бүгінгі ұрпақтары, ұлтымыздың ғасырлар бойғы қорегі – негізгі тағамымыздан көз жазып бара жатқанымызды әлі сезінбейтін секілдіміз. Тек анда-санда еске түсіріп «пай-пай, қымыз, шіркін шұбат, құрт-ірімшік, құрғақ сүт, балқаймақ, сары май…» деп, қиялдап кетеміз. Швейцария – шаруасы өркендеген ел, алайда оның ондаған сортты ірімшігі қазаққа қазақтың өз ірімшігіндей жақпайды. Грекия Фет ірімшігінің қашан пайда болғанын өзі де білмейді. Сірә, Ахейлік дәуірден ерсе керек, Фетті бірде Ахиллдің шешесі дейді, бірде – теңіз құдайы деп те айту бар. Әңгіме тіптен оның қашаннан тағам болғандығы емес, мәселе – ұзақ ғұмырында әйгілі бес өркениет жасаған гректердің одан әлі айрылмай келе жатқандығында. Ал біз қазы-қартамыздан айрылдық, енді кезекте айран мен көже кеткелі тұрған секілді. Кейбір мәліметтерге қарағанда қазақтың киізіне де патент келген сияқты. Сонда ұлттық тағамды, кәсіпті өндіру ісіне бізде нендей зауал туып тұр?! 

 «Время» газеті 2012 жылғы 11 қараша күнгі санында жарияланған «Живы будем иль помрем?» деген материалында былай деп жазған: «Қыркүйектің ортасында ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің техникалық реттеу мен метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаев мынадай мәліметтерді хабардар етті: Қазақстандық сөрелерде құрамында қорғасын мен калий бар ресейлік және украиналық тағам өнімдері жиілеген екен. 2012 жылдың 8 айында 4 мың рет тексеру жүргізілгенде 5 мың партия өнімдердің сапасы шүбәлі болып шықты, солардың 1,5 млрд. теңгеге қатысты бөлігі айналымнан алынған». Сырттан жеткізілетін 75 пайыз ет өнімінің шығыны мен шүбәсі тек бұл ғана емес. 

Осы кезге дейін елде қой еттерін ұқсататын небәрі үш зауыт есебі бар екен. Қазір оның да біреуі жұмыс істемейтінге ұқсайды. Бүгінде елде еттің бағасы килограмына мың теңгеден асады. Ал бізді алыстан «жарылқап» келе жатқан әлгі Австралияда ол біздің есебімізбен 225 теңге тұрады. Тұрғындар, әсіресе қалтасы жұқалар әрине, ет тағамының қымбаттығына наразы. Бірақ өзгелер наразы екен деп мал шаруашылығының 200 мыңға жуық құрылымының, азын-аулақ малмен күн көріп отырған жеке меншік иелері өліп-талып дегендей өсіріп отырған малдарын қалай арзан бағаға сатады? Соның өзінде сол «қымбат» еттің құны оны бағып-күтуге кететін шығындарын өтеп жарытпайтыны ауылда мал ұстаған әркімге де мәлім. Он жеті миллион тұрғындар үшін негізінен ұсақ, аулалық құрылымдардағы небәрі 26 млн. малдың жұғын боларлығы шамалы.

 Осы арада тағы да салыстыра кетуді сұранып тұрған бір мысал – 1905 жылдың бір есебінде Маңғыстау уезі бойынша 1 млн. 500 мың қой-ешкі, 92170 жылқы, 80403 түйе, 1370 ірі қара өсірілгені туралы дерек бар (Қ.Қаражанов, «Адай көтерілісі». 1-кітап. 85 б. Алматы, «Нұрлы әлем», 2010 жыл). Осыған уездегі небәрі 79 мың ғана тұрғын иелік еткен. Былай қарағанда орташа екі ауданның тұрғындары. Ал, бұрындары тек қой түлігінің өзі 80-90 кг. тартқандығын ескеріп, биомассамен есептесек, әлгі мөлшер, кем дегенде, үш есеге дейін өсер еді. Сонда 2012 жылы Солтүстік Қазақстан облысына Австриядан 1 миллион 700 мың евроға сатып алынып, келгеннен кейін бағуы-күтіміне 400 млн. теңге шығын жұмсалған, сосын біздің жақта жоқ Шмаленберг вирусына ұшырады деп өртелген 722 тайыншаның құны жоғары, ал салмағы ойыншық болып қалар еді.

Бізде сүтті бағыттағы малдың да 80 пайызы – үй шаруашылығының иелігінде. Олар өнімсіз, әр қожалықтың өзінен ауысып жарымайтындықтан саудадағы ірімшіктің 90, ал майдың да 60 пайызы сырт елдерден әкелінеді. Ежелден малмен өркендеген, ал қазір аграрлы ел ретіндегі жағдайымыз осы. Бұл өнімдерді жеткізетін шет елдерде тек сүттен ғана тағамның 138 түрін шығарады екен. Астықтан әзірленетін 267 түрдің әңгімесі бөлек. Экономиканың заңдарына сәйкес, тамақ өнімділігінің импорты 30-35 пайыздан асса елдің азық-түлік жағдайына қауіп төнеді деседі. Ал ет жөніндегі қажетіміз қауіпті деңгейден екі есеге өсіп, сұраныс сырттан келетін 75 пайызға, сүттен – 73 пайызға жетіп тұрған қазіргі уақыт туралы үрейден басқа не айтуға болады? Мысалы, 2011 жылы елде 5 млн. тонна сүт сауылған. Алайда, оны өзімізде ұқсатудың жайы шектеулі. Ет, көкөніс, шұжық, консервілері жөніндегі жағдай да осы шамада. Сүтіміздің тек 30 пайызы ғана ұқсатылатындықтан және ол қарапайым, қарадүрсін әдіспен атқарылатындықтан, көп еңбек қажеттілігінен қымбатқа түседі. Бүгінде дамыған шет елдерде тағам өнімдерін даярлау тиімді технологиялық жолға қойылған, тіптен өзіміздің өнертапқыштар арасында азық-түлік шикізатын өңдейтін, ұқсататын технологияларды ұсынудың мысалдары аз емес. Әрине, тек шикізат елі болып қалмауымыз үшін өнеркәсіп салалары дамымай өзге құрылымдарға ойдағыдай даму жоқ. Елдегі ауқымды үдемелі жобалар, негізінен экономиканың осы буынымен байланысты болғандықтан оған озық технологияны ендіру, инвестиция тарту істеріне елеулі артықшылықтар берілуде. Ал тамақ болмаған жағдайда адамның «миынан озатын» компьютердің түкке жарамайтындығы белгілі, сөйте тұра азық-түлік өндіру ісі де неге үдемелі жобаға лайық еместігі таңдандырады.

Ауыл шаруашылық саласындағы елді алаңдатулы аталған мысалдар тек мен біліп, өзгелер біле бермейтін деректер емес. Бұлар ресми жиналыстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, әртүрлі деңгейдегі экономистердің, сала ғалымдарының, осы шаруаның басы-қасында жүргендердің, парламент депутаттарының, жалпы елге алаңдаушылық білдірушілердің пікірлері, ұсыныстары, талаптары арқылы көрініс тапқан деректер. Атынан ат үріккен дейтіндей – анимология ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры, ҚР ҰҒА акаде­мигі, а.ш.ғ. академигі, халықаралық індет бюросының (Париж) эксперті, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің профессоры, мал дәрігерлік ғылымдарының докторы Тілеуберді Сайдоллаұлының, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, а.ш.ғ. докторы, асыл тұқымды және жоғары өнімді мал шаруашылығын өркендету жөніндегі көптеген ғылыми материалдардың авторы Дастанбек Баймұқановтың, а.ш.ғ. докто­ры, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ә.Омбаев­тың соңғы кездері баспасөз беттерінде жарияланған материалдары пікір емес, ауыл шаруашылығының жай-күйін жан-жақты талдап, көзі жетіп, сырқатын айқындаған диагноз.

Өкінішке қарай, осы айтулы ғалым­дардың бұлтартпайтын дәйектеріне ресми талдау, назар аударудың көрінбейтіндігі өз алдына, соларды жариялаған кейбір бұқаралық ақпарат құралдары қойылған диагнозды жоқ етерліктей қарсы пікірлерді де жарыққа шығарып, біліп істесін, білмей істесін жұртшылықты адастырумен келе жатқандығы қайран қалдырады.

Бұдан әрине, ауыл мәселесін қалай да тек сын тұрғысынан жазып, қаралай беру керек деген пікір тумаса керек. Мәселе, неше триллион қаржы бөлінсе де мысалы, мал әліге неге 2009 жылдың көрсеткішінде, неге осыншама жайылым мүмкіндігімен ет тағамдарын көптеген шет елдерден, солардың ішінде небәрі 17 миллион тұрғыны бар біз 1,5 миллиард қытай жұртынан сиыр еті деп шошқа етін алуымыз керек? Егер елге жан ашу керек болса, БАҚ осылардың себебін ашып, ол себептер кімге, кімдерге тікелей қатысты, зерттеп, оларды жақсартудың жолдарын көрсетуге тырысуы керек емес пе?! Әйтсе де мен осыны бекерге айтып отырған секілдімін, себебі бүгінгі саясиланған, тәуелді, тәуелсіздігіне қарай жан-жаққа кеткен ақпарат құралдары елдің мүддесі хақындағы салиқалы, сындарлы материал беруге енді жақындамайтын сыңайлы.

 Әрине, мәселе тікелей БАҚ-та емес, бұл бір орайы келгендегі әңгіме ғана. Баспасөздің ардагері ретінде мұны маған кешегі кеңестік жүйе тұсында шопандардың, бақташылардың, механизаторлардың арасында жиі болып, жиі жазып күн кешіп өткізген ғұмыр айтқызып тұрған да болар. Ол уақытта «ауылым – алтын бесік» деген әңгіме сирек естілетін, себебі оны қадірлейтіндіктен белгілі журналистер, жазушылар, мәдениет пен өнер қайраткерлері өз алдына, тіптен Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин секілді алыптарымыз бастаған зиялылар елге жиі келіп, көрген-білгендерін тақырыптарға арқау ететін. Ол уақытта мысалы, орыста – деревня, қазақта – ауыл тақырыбы көркем және деректі әдебиетте, әсіресе публицистикада ерекше жарқырап көрінген заманы болғанын аға буын жақсы біледі. Одақ халқы Валентин Овечкин дейтін жазушының «В одном районе» деген очерк кітабын көркем туындыдан кем көрмеген. Әйгілі кітап болды. Қазақтар Әзілхан Нұршайықовты «Алыс ауданда» очерктері кітабы, Әбіш Кекілбайды «Ұйқыдағы арудың оянуы» арқылы кеңінен таныды. Г.Троепольский, И.Васильев, Б.Белов, Ф.Абрамов, В.Распутиндерді классиктік дәрежеге нақ деревня тақырыбына жазған көркем, деректі шығармалары жеткізді. «Өгей шеше бауырсақ – көрде жатып қолын бұлғайды» дегендей, бүгінгі кім мықты, кім сыйлыққа лайық мәселелерін шеше алмай өзара өнбейтін арпалысқа түскен, әрі кеткенде көп болып қол қою хатының ішінде жүруге ғана жарайтын 777 жазушы, сондай-ақ өнер, мәдениет адамдары, ауылдың шаруасына каникулға шыққан кезінде бірер күн қымбат автокөліктер терезесінен ғана қарап, қонақ болып кететін турист-депутаттар қалалардан шықпай, ауылының не күйде екенін білмей «мал өсіру – қазақтың ата кәсібі», «жастар қиындықтан қашып, мал бағуға барғысы келмейді», «ауыл – алтын бесігіміз…» деп, деңгейлі коттедждерде, жұмсақ креслоларда күй кешіп, ақыл айтумен келеді. Енді ол шаруаны «ата кәсіп» деп арқалана беретін заман кетті, ол әлдеқашан бос сөзге айналған ұғым, бұрынғы ауылда бұрынғы малшылар жастар болған жоқ, олар негізінен, әрі кеткенде орта мектептік ғана сауаты бар, көпшілігі мектеп көріп те жарытпаған жасамыс адамдар болатын. Республиканың мал шаруашылығынан сауаттары аз болсын, көп болсын, Одақтың алдыңғы қатарына шығарған, кісіліктері келіскен шеберлері солар еді. Енді ол жүйе де, ондай малшылар да жоқ, ең қауіптісі – ондай ауылдар да міне, жоғалуға қарады.

Мен кәсіп ретінде өзіме жақынырақ болғасын айтып отырмын – БАҚ-тың ауылдың сан-алуан мәселесіне араласуы әлгідей. Ал салаға ресми түрде тікелей жауап беретін ауыл шаруашылығы министрлігінен бастап, оның жүзге тарта құрылымдары неге әліге өліарада жүр? Билік болса ауыл шаруашылығының болашағы қалайда ірі индустриалдық технологияларға тәуелді, мәселенің шешімі осында деп, ауылға әліге жоқ, қашан келері белгісіз тек іріленген агроөнеркәсіптік кешен ретінде қараумен келеді. Сонан сексен пайызы аула қожалығы болып тарыдай шашырап кеткен аулалық ауыл шаруашылығы озық елдер жеткен кешендікке қашан және қалай жетері беймәлім екендігі өз алдына, тіптен ауыл ауыл болудан қалуға айналды ғой. Өліарадағы ісіміз осы. Ғалымдар Қазақстан өзінің мүмкіндігінде ішкі сұранысына қажетті азық-түлік көлемін 3 есе көп бере алады, мал және астық жөнінен әлемдегі алдыңғы қатарлы 5 елдің қатарына енуге мүмкіндігі толық деуді сеніммен айтуы тегін болмаса керек. Әлемдегі бес елдің. Ал қазір ең соңында ілбіп келеміз. Неге? 

 Ескі кеткенмен, жаңа туа қоймаған біршама мына ұзақ аралықта еркі жоқ, өздігінен мәселе көтере алмайтын, әлеуметтік, экономикалық дәрмені жетпейтін жасық БАҚ былай тұрсын, салаға тікелей жауапты құрылымдар нендей әрекет істеп отыр дегенге келсек, оның мына күйі, оның ресми жай-күйіне қарағанда, мемлекеттік міндет алған жауапты жақтың қызметі арқылы жақын жылдарда жанданып кетеріне күмән көп. Сол бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, біз мысалға келтірген ғалымдардың материалдарында, ой-пікірлерінде ғалымдарға тән теориялық ұсыныстар болмаса, оларды қалай іс жүзіне асыру керектігі айтылмайды. Тек әйтеуірі мал өсіру керек, жем-шөбі жеткілікті болуға тиіс, ветеринарлық-зоотехникалық жұмыстарды жолға қою қажет, жүні, терісінің пайдасын әңгімелеу, шұбат пен қымыз, қазы-қарта жақсы, мал өнімінің сапасына назар аударылсын… сияқты жұртқа ғылымсыз да белгілі мәселелер бірінен бірі көшірілгендей қайталана береді. Құрамында ондаған ғылыми-зерттеу институттары, тәжірибелік шаруашылықтары бар, жылдық жалпы бюджеті 2 миллирад теңге шамасында «Казогроиновация» акционерлік бірлестігі тарапынан атқарылған істердің шамасы да осы төңіректе. Осы КАИ-дегі орташа жалақы 250 мың, ал оның ғылыми-зерттеу институттарында 50 мың теңге – қандай қайтарымды істердің төлемі? Ал жоғарыда келтірілген мысалда көрсетілгендей ғалым­дар­дың, депутаттардың, институттардың, минис­трліктер мен оның сан-алуан буын­да­рының кеңседе, көлеңкеде отырып ұсы­натын теорияларын далада жүріп жү­зеге асыратын еңбеккерлер алатын 25 мың теңге неге «ауыл үшін аз емес» бо­лады. Ал жұмысы нашар, коррупцияға бел­шесінен батқан ауылшаруашылығы, оның ми­нистрінің 600 мың теңге айлығы сол «ауыл үшін» қалай?!

Рас, ел, оның халқы қуатты болайын десе, алдымен оның азық-түлігі мол, мүмкіндігінше қымбат емес, сапалы және түрлері көбеюі тиіс. Бұл тек бүгінгі күні туындап отырған жағдай емес, бұл адамзат үшін ешқашан да қажеттігін жоймайтын ежелгі мәселе. Әйтпесе, әйгілі философ, жазушы Жан-Жак Руссоның осыдан 300 жыл бұрын: «Мемлекетті қандай да бір тәуелділіктен сақтап ұстаудың жалғыз амалы – ауыл шаруашылығы. Мейлі, бүкіл дүниенің байлығы-игілігіне ие бол, алайда тағамың жоқ болса, өзгеге тәуелдісің» деп қауіптенетіндей несі бар, философ оған бас ауыртпай, ой ойлап жүре берсе де әйтеуірі, өзі тоқ жүретін ұлы тұлға еді ғой…

Сонымен ауыл шаруашылығын, оның ішінде осы материалға өзек болған мал өсірудің соңғы ширек ғасырға жуық мысалы, оның тіпті де триллиондармен, академиялық құрғақ ұсыныстармен, сарғайған сағыныштармен өспейтіндігіне көз жеткізді. Ауылшаруашылығы ауылдың шаруасы екендіктен, ең алдымен, оның тұрақты әлеуметтік базасы болып табылатын ауылды, яғни малды өсіретін, бағып-күтетін, ұқсататын, өңдейтін адамдар қауымын іске бейімдеп, алдымен осы жағын қалыптастыру қажет екені белгілі. Ол және бір немесе біраз адамдарға емес, соған бейімделген тұтастай қауымдық ортаға тәуелділік. Қауым болудың себебі, мал өсірудің жұмыстары сан-салалы екендіктен оның бағым-күтімінде, ұқсатуы мен өңдеуінде жүргендердің жұмыстары бір жақтан келіп, кетумен кезектесіп атқаратын вахталық әдіс емес. Мал шаруашылығының сан-алуан мәселелері оны «агроөнеркәсіп кешені» деп атай салумен жүзеге аспайды. Ол шебер малшы, білікті зоотехник, агроном, мал дәрігері, веттехник, шаруашылық инженері сияқты мамандардың қатысуымен жыл он екі ай бойы демалыс, мерекені білмей жүргізілетін тұрақты шаруа. Бүгінде сол көп шаруаны осылай етіп атқаруды міндетіне алып, оған бүкіл адам, қаржы, техника, саяси, экономикалық ресурстарын, бүкіл инфрақұрылымын жұмылдыра қызмет еткен кешегі 155 совхоздық жүйе енді жоқ. Сенімді делінген буындар сексенге (елдегі малдың 80 пайызы жеке ұсақ қожалықтар – жеке күн көрістің қарекетіне көшкендер) бөлінулі. Капиталдық жүйе шет елдерде ауыл шаруашылығын қалыпты етудің сенімді жолы – фермерлік (шаруа) шаруашылық деп, істі пайдаға шығарудың мүмкіндігін тауып еді. Олар бірақ шаруаны ғылымға, озық техника мен технологияға, өнім алу мен ұқсатып өткізудің үйлесімділігіне негіздеп барып дамытылған салаға айналдырған. Ал біздегі жағдайда олардың атауы бар да, затының бірі жоқ, капиталистік аттыға еремін деумен феодалдық таңы айрылған жаяудың күнін кешудеміз. Феодалдық емей немене, фермерлік немесе шаруа қожалықтарына біреу келіп, біреу кетіп жатады. Келгендер де, кеткендер де мемлекеттік бақылаудың есебінде жоқ, шынын айтқанда, көпшілігі өзге жұмыс жоқтықтан, амалы таусылғандықтан келіп, кететін, күй таңдамайтын жалғыз бастылар. 

Рас, фермерлік те өзінің табиғатында біреудің еңбегін қанау арқылы баю мақсатын көздейтін капиталистік құрылым. Бірақ оны дамыған елдер жалпыға ортақ капиталдық заңның аясында ұстайды. Ал біздегі қарадүрсін фермерліктің, немесе шаруа қожалығының қызметтеріне не экономикалық, не әлеуметтік талдау жасаудың бір мысалын көргендер, әлгі «ауылдық жерде 25 мың теңге еңбекақы аз еместің» пиғылында не жатқанын сірә сезгендер бар ма? 

Фермерге жалданған адамның әлеу­меттік, тұрмыстық жағ­да­йын қорғайтын, араша түсетін кә­сіподағы, партиясы, басқа да ұйымы бар ма? Жоқ. Жоқ болғасын фермер оны феодалдық әдіспен жұмсайды – құл­дықта жасырын ұстаудың елдегі көп мысалы осының дәлелі. Мұндай ауыл шаруа­шылығы жекелей алғанда фермерге ғана белгілі бір шамада табыс әкеледі, елге табыс кіргізуі мүмкін емес. Біздегі шаруа қожалықтары – жабық құрылым. Адам Смит капитализмді табыс әкелудің «көрінбейтін қолы» деп еді ғой, ол бекер екен, ал Карл Маркстің керісінше оны «азап шектірудің қолы» деуі рас болып шықты. Нобель сыйлығының иегері Джозеф Стиглицтің: «Совет Одағында өмір оңай емес еді, алайда кедейлік шектен шықпаған, адамдарда білім алу, медициналық қамту, еңбек ету жөнінен салыстырмалы түрде теңдік бар еді» деуі, сірә, социалистік жүйені мақтау емес, капиталистік құрылымға нара­зылығы болса керек. Енді өткенге оралу жоқ, колхоздар мен совхоздар жоспарлы экономиканың элементтері ретінде жаңа жүйеге үйлеспейтіндіктен қызметтері ыды­рады, алайда алты Англия сиятын осыншама алып территориядан кетпей егін егіп, мал өсіріп, өзін де, күн санап көбейіп бара жатқан қала жұртын да асырап келе жатқан, ұлттың ең жақсы дәстүрлері мен салттарын сіңірумен рухани құндылықтарымыз сақталуының қайнар көзі  ауылдың – ыдырайтындай не жазығы бар.

Қазір республика бойынша тұрғындары елуге жетпеген ауылдар жойылып, олар округтерге орталық болған ірілеу мекендерге қосылуда. Мәселе, жылдар бойы өздерін өздері бағып, бай да емес, жарлы да емес қоңыр тұрмыстың қадірлі мекендеріне айналып, дағдылы ғұмыр кешкен сол шағын ауылдардың тек әйтеуірі жойылуы, қосылуында ғана емес, бірақ сол жойылулар мен қосылулар бұрынғы тұрмысты жақ­сар­та­тындай неге жеткізетіндігінде. Олардың онсыз да жекедегі бес-он малын жердің меншіктігінен алысқа шығара алмай мекен маңына жақын жайып, ауылдың айналасын аздырып отырған жерге келіп, одан әрі аздыра түскеннен басқа не «пайдасы» бар екені белгісіз. Сөйтіп бәрін де нарық жағдайы өзі реттейді, өзі шешеді деумен басталған түсінік бұл реттегі ешқандай да не ғылыми, не тәжі­ри­белік зерттеулер мен талқылаулардың жоқ­тығынан, тактикалық та, стратегиялық та дәйекті бағдарлама жасалмай, «самозанятость», «өз күнкөрісімен» кетіп барады. Әлем­дік тәжірибенің деректеріне қарағанда, дамыған елдерде, «самозанятость» құрылым деген ұғым мүлде жоқ көрінеді. Ал біздегі, түп­теп келгенде, жұмыссыздық екен. ҚР статистика агенттігінің 2009 жылғы дерегі бойынша елде жұмыссыздар 554,5 мың болатын, содан төрт жыл (!) өткенде агенттік оны 469,2 мың деп берді. Сонда жұмыссыздық төрт жылда тек 80 мыңға ғана азайған, сол төрт жылдан кейін «самозанятость» 3 мыңға өсіп, 3 миллионға жеткен. Сонда қашан да нақтылығы жоқ статистикамызға сенсек, жұмыссыздар, кем дегенде, 3,5 миллион адам және олар 16-35 жас аралығындағы қайратты жастар. Бұлар, негізінен ауылдың үлесінде. Жұмыссыз отырған ауыл тұрғындары жалпы халқымыздың 47 пайызын құрайды, елдегі 4 миллион 700 мың жастардың тең жартысы ауылда, 3,5 миллион жұмыссыз ауылдықтар – «алтын бесігіміздің» адамдары емей кімдер?! Қайда, қалай тербелуде?

Соңғы кездері билік тарапынан ресми түрде «Қазақстанда 7232 ауыл бар, соның ішінде 3750 ауыл мықты, аяқтарында тұр, 2500 ауыл – орта, 1 мыңға жуығы – шағын ауылдар. Егер ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттың бірінші деңгейіне шығарғымыз келсе, ауылды қолға алу керек. Қазір бұл үшін ресурс жеткілікті» секілді әңгімелер естіліп жүр. Бұдан шығатын қисын – ауылдың азық-түлік өндіруші ретіндегі мемлекет қауіпсіздігінің негізі екендігіне, азық-түлік мәселесін тек әйтеуір қаржы шешпейтіндігіне, ол алдымен жұмыс істейтін адамдарға, ауылдың материалдық та, рухани да ерекше құрылым ретіндегі орны мен роліне тәуелді екендігіне бұрын назар аударылмай келген. Шаруаның бүгініне қарағанда триллиондаған қаражат ауыл шаруашылығын көтеруге септігі тимей, сөз жоқ, ептілердің қалтасында кетті. Қашан да, соның ішінде есеп-қисап қатаң талап етілетін мына нарық заманында қандай іс те экономикалық ғылымды басшылыққа алуға тиіс. Іске осы тұрғыдан келудің, яғни одан пайда табу, көбейту, жетілдірудің жолы – қызметті тиімділікке жеткізетін тактика мен стратегияны үйлестіре жүргізуді қажет етеді. Ал ауыл шаруашылығының мына жағдайы істі үйлестіру емес, қаржыны есепсіз, бақылаусыз үлестіру арқылы коррупцияға жол ашты да қойды. Мұнда экономика атымен жоқ, бұл экономика емес, бұл – бухгалтерия.

Сонымен, мемлекет тарапынан қанша қаржы бөлінсе де, солардың құрдымға кетіп жатқандығынан ауыл пайда көріп тұрған жоқ, басқасы жоғарыда баяндалды, бұған да триллион теңге бөлінгеніне қарамастан тек ауыз судың өзіне 4 мың ауыл, яғни елдегі барлық ауылдың жартысынан астамы зәру болып отыр. «Хабар» арнасының ха­бар­лауы бойынша (24.04.2013) бір Оңтүстік Қазақстан облысында ғана 1 миллиард теңге жұмсалған ауыз су сапасыздықтан ішуге жарамай қалған, 200 миллион теңге талан-таражға түскен.

Осындай жағдайда ауыл ауыл болып тіршілік ете ала ма? Бүгінде тұрғындары 50-ге жетпеген жүздеген шағын ауылдар есептен шығарылып, ит-құстың мекеніне айналып, қаңырап қалды. Тұрғындары елуге жетпесе мекен тіршілігін тоқтатады, ал елуден асып, мысалы алпыс шамасында болса ше, сонда мұның түбегейлі әлеуметтік, экономикалық, құрылымдық қисыны қалай? Түсіну қиын. Жаңа экономикалық жүйеде енді ұсақтарға орын жоқ. Ұрласаң да миллиондап, миллиардтап ұрлайсың. Мұндай жерлерді қоныс қылғандар, негізінен, зейнет жасына жеткен қариялар, азын-аулақ малын бағумен жұмыстанып күн көріп жүрген кәркес, салт адамдар. Енді олар іріленген, алайда өздерінде де жұмыссыздары көп, мекендердің тұрғындары қатарын одан да көбейтуде. Сөйтіп «іріленген» ауылдардың тұрғындары ол жаққа «сыймай», кейін шағын және ірі қалаларға кетеді. Ол жақта да олардың ешкімге керегі жоқ, бәрі меншікте, қариялар әлеуметтік жәрдем күтіп, жастар бүгінде қайда да атышулы «құл базарында» саудаға түсуді көбейтеді. Ал бұлардың арты қандай әлеуметтік кеселдерге апаратыны белгілі. Асылы, ауылдың реформасы өнеркәсіптің, қаржының, мекемелер мен ведомствалардың реформасы емес еді, оны тұтқиылдан, мысалы, шетелден асыл тұқымды мал жеткізумен гүлдендіремін деп дәмелену сірә, ауыл шаруашылығынан, ауыл жайынан білігі төмен, не жоқтардың ісі. Түптеп келгенде, жоғарыда аталғандардың барлығы да тек ішкі қаржыға, сыртқы бағаға тәуелді болғандықтан олар кез келген уақытта дағдарысқа ұшырау қаупі көп салалар. Ал ауыл шаруасы кездессе де өте сирек кездесетін жұтқа, немесе эпизоотиялық індетке жолығуы мүмкін. Ауылда аса баю да сирек. Ол бірақ өзін-өзі асыраумен аштық көрмейтін, қалыпты тіршіліктің мекені. Оған келетін нәубет тек қана қолдан жасалатындығын білу үшін көп ақылдың қажеті жоқ. Кеше «мал баққан, жай жатқан» жұртымыздың 20-30 жылдарды құлақ естіп, көз көрмеген дейтіндей қияметіне ұшырататындай не айыбы болып еді? Әрі кетсе «25 мың теңге айлық» алып, алмаса ол да жоқ, өзінің он-он бес малымен ғұмыр кешіп, бала өсіріп, оқуына ақша тауып, мемлекетке қол жаймай «алтын бесігімізді» тербетіп жүргендердің нарықтық экономика билеген іс пен санаға не жазығы бар, тоз-тоз болып кететіндей? Бұл ретте елдегі қаңыраған ауылдың мысалдарын санамалап, ертелі-кеш айта беруге болады. Сонда да азаматтық ойдың адамы, атақты жазушы Герольд Бельгердің «Дат» газетінде, биылғы жылдың 16 мамыр күнгі шығарылымында жарияланған, «Плетение чепухи» материалына назар аударуды ұсынар едім. Есілдің жағасындағы есіл қалған ауыл туралы пікірі бар ауылға да ортақ қасірет. Соның сәл алдында, сәуір айында ғана, Батыс Қазақстан облысында 6 мың тұрғыны бар «Жалпақтал» ауылы өз шаруамызды өзіміз атқарамыз деумен «Қазтал» ауданына күштеп қосуға елеулі қарсылық көрсетіп, дегендеріне жетті. «Ауылда жастар азайып барады» деп жазды жақында «Егемен Қазақстан» газетінде А.Несіпбай (22.05.2013) Қарағанды облысынан. «Өңірдегі 418 ауылдық елді мекеннің 107-сінің келешегі кең, ал 304-інің дамуы орташа деңгейде. Қалаға ағылушылардың басым бөлігі осындай болашағы бұлыңғыр ауылдардан болып жатыр. 30 мың жастар кеткен. Жергілікті еңбекшілердің денін 45 жастан жоғарылар құрайды. Жастар 9 пайыз ғана. Сонда ертең шаруаны кім істейді? Облысқа 200-ге тарта мал дәрігері керек… қайтпек керек? Ұлтымыздың алтын тамырын сақтай аламыз ба?» деп, уайым айтады. Бәрі рас, егер ауыл шаруасына қажет өзге де мамандықтарды есепке алса, 100 мың адам керек екен. Аграрлы-индустриалды елдің осыншама дәрменсіз болуға хақысы бар ма? Газет қызметкері әлгі жан ауыртатын мәселелердің сұрақтарын кімге қойып отыр, кімге қарата айтылған? Егер білсе, білгеннің міндеті кемшілікті тіркеу емес, соған талдау жасау, пікір түйдіру, жауапты органдарды атап назар аударту. БАҚ-тың күші тек сонымен есептеледі. Ауыл шаруасының ғылыми, техникалық, қаржылық қызметтері осы сала министрлігінің, жауапты буындарының міндеті екені рас. Бірақ әлеуметтік, мәдени, экономикалық, тұрмыстық дербес орта ретіндегі құрылым – министр Мамытбековтің емес, жалпымемлекеттік жауапкершіліктегі міндет. Мамытбеков ауыл шаруашылығын өркендетудің аграрлық қызметтерімен айналысуы тиіс, ал оларды жүзеге асыратын орындар мен ауылдың мүддесі тікелей мемлекет жауапкершілігінде. Ал мына жағдайда ауылдың енді өркендейтіндігіне салаға қатысты шенеуніктердің өздері де сеніп отырған жоқ. Бәрін де нарық өзі реттейді, жекенің иелігіндегі шаруа тез өрлейді, енді азық-түлікке қарық боламыздың аяғы сөйтіп, әсіресе мал шаруашылығын тұралатты. Оның негізгі зардабын ауыл – жеке құрылым тартып отыр. Ауыл жүйесіндегі ыдыраудың қазіргі барысы біздің көршіміз, экономикадағы әріптесіміз, кедендік кеңістіктегі серіктесіміз Ресей деревняларының қаусаған бүгінгі түрі шошындыруы керек. Осы елдегі «Свободная пресса» басылымының авторы Виталий Словецкийдің деректері бойынша, бір ғана Смоленск облысындағы деревнялардың жар­тысынан астамы қазірдің өзінде қаңырап қалған, екі шағын қалалық мекеннің енді бола­шағы жоқ көрінеді, бұларда небәрі 3 мың ғана тұрғын қалған. Ал бүкіл Ре­сей­дегі барлық деревнялардың 36 пайы­зын­да тек ондаған адам қалған. Орталық Фе­дералдық округтегі 20 мың деревняда бір де бір адам жоқ. Псков, Тверь, Тула, Иваново, Рязань облыстарында да осы жағдай. Елдегі маскүнемдер есебі 3-8 мил­лион аралығында. Сөйте тұра, осынша де­ревнясы азған елдің бір Мәскеуінде ғана миллиардерлердің саны 76 екен, бұл капитализм елдерінің «аталары» – Нью-Иорк пен Лондондағылардан едәуір көп. Оның жалпы елдегі есебі – 163 адам, бұл көрсеткіш бойынша дүние жүзінде 2-3 орындарда, ал өмір сүру деңгейі – 70 орын­да.

Бұрын ауыл болды, олар социализмнің жос­парлы экономикасына бағынған дербес колхоз, совхоз атанған.

Бірақ ол кім жүйрік, кім азулы, кім епті, әлеуметтік дарвинизм өршіген жаңа капиталистік құрылыста бәсекелестік үйлесім таппайтын болып, дүниежүзі тәжірибесінде бар фермерлік бағыттағы агроөнеркәсіптік кешенге қарай ауысуы керек болды. Енді содан ауыл да жоқ, кешен де жоқ, түсініксіз тіршілік келгені мынау. Кейде БАҚ тарапынан сырт көзге шаруасы келісіп, бәрі де ойдағыдай өтіп жатыр дегізерліктей ауылдарды көрсету бар. Рас болуға керек, рас болса, неге ол ауыл ғана құлпырады, ал мыңдаған өзгелері, яғни бүкіл ауылдың 80 пайызы қалайша қалт-құлт етіп күн кешуде? Әлгі көркейгендер он сегізінші ғасырда Ресейде көзбояушылықты бейнелейтін «Потемкин деревнясының» 21 ғасырға оралуы емес пе? Фермерлік шаруа жайы капиталдық жүйеде ежелден қалыптастырған тәсіл бойынша отбасылық, жеке немесе топтық қызмет арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, ұқсататын, сатуға шығаратын, ғылымға, техникаға, іскерлікке негізделген әмбебап құрылым болуы тиіс. Осы жағдайда орнықты шет елдерде ауыл шаруашылығымен айналысатындар жалпы тұрғындардың 2,5-5 пайызын ғана құрайды және олар елдің азық-түлік жөніндегі қажеттілігін толық қамтамасыз етуімен бірге артығын экспортқа шығарып, мемлекетке қыруар пайда әкелуде. Ал бізде халықтың 47 пайыз тұрғыны бар ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 5 пайыздық көрсеткіш. Оның да басым бөлігі – тәуекелді сала – егіншіліктен келетінге ұқсайды. 2011 жыл егіншілік үшін қолайлы келіп, бұрын-соңды болмаған өнім алынды. Сол кездегі ауыл шаруашылығынан ІЖӨ-дегі үлес не бәрі 4,12 пайыз болған. Статистика агенттігінің алдын ала мәліметтеріне қарағанда, ауыл шаруашылығы өнімдері