Жаңалықтар

МЫРЗАШӨЛДІҢ МӘУЕЛІ БАҒЫ

ашық дереккөзі

МЫРЗАШӨЛДІҢ МӘУЕЛІ БАҒЫ

Италиядан жеткізілген көшеттер оңтүстіктің ауа райына тез бейімделіп, алғашқы жемісін де бере бастады. Әйтпесе былтыр сәуір айында отырғызылған көшеттер қыркүйекте өнім берген. Содан да болса керек, бүгінде әр гектары 5 тонна алма беретін бұл баудың даңқы асып тұр.

Баудың қожайыны Артықбай Ақтөреев. Мемлекеттен беріліп отырған азын-аулақ несие болмаса, қалғанын өз қалтасынан шығарып, ауылдан осындай мәуелі бақ өсіруде. Артықбай ағаның айтуынша, диқаншылық кәсіп әкесі Падаштан дарыған. Ол кісі кеңшарда 24 жыл бойы агроном, бригадир болып еңбек еткен көрінеді. Әкесінің қауын-қарбыз егіп, өсіріп, піскенін вагон-вагонға тиеп, Ресей жаққа жөнелтетінін айтады. Осылайша, әкесінің сара жолын жалғастыруды міндет тұтқан Артықбай Ақтөреев ауылшаруашылығы жұмысымен айналысуға бел буыпты. Кезінде, Оңтүстік Қазақстан облысынан Германияға қауынды бірінші болып апарғандардың бірі – Артықбай еді. 2006 жылы ол бастаған топ Германияның Гелмайер қаласына таяу Бун деген шағын шаһарына артынып-тартынып барыпты. Олар 19 көлік жалдаған. Әрқайсында орта есеппен 20 тоннадай қауын болыпты. Яғни, 400 тоннаға жуық өнімді жеткізеді. Немістердің талабы қатал. Талғамы күшті. Бірақ Мырзашөлдің тәтті қауыны айрықша дәмімен немістердің көңілінен шығып, сатып алушылар көбейіпті. Осылайша шетелдегі алғашқы сапары өзін-өзі ақтаса керек.

Мұхиттың арғы жағында болып, тәжірибе жинап қайтқан Артықбай Ақтөреев америкалық әдіспен шиті себудің де пайдасы көп екенін айтады. Диқандарды жаңа іске жатырқамай қарауға шақырады. Айтуынша, жаңа әдістің тиімділігі сол, қаржы үнемдейді екенсіз. Мәселен, жүйек бойына 20 см-ден 4 шиттен тасталады. Бұрынғыдай шитті қайтадан сеуіп, егістікті қайта бұзып шығынға батпайсыз.

Бүгінде Артықбай әрі диқан, әрі кәсіпкер. Оның әмбебап шаруа қожалығы бар. «Қаршыға» аграрлық қожалығын құрып, жұмысты жандандыра түскен. Бүгінгінің бизнесмені ғаламтордағы күнделікті жаңалықтарды да құр жібермейді. Көбінесе ол қай жерде қандай тауардың өтімділігі мен сұранысы жайындағы ақпараттардан хабардар болып отырады. Өндіріске озық технология мен тиімді тәсілдерді енгізуге құштар. Өйткені одан қайтарым болатынына сенеді. Тамшылатып суаруды Мырзашөл өңірінде алғаш қолданғандардың бірі. Оның шаруа қожалығында 800 гектар жер бар. 56 гектарға бау егілген. Рас, көшеттердің көпшілігін Өзбекстаннан әкеліп отырғызғандықтан субсидияға қол жеткізе алмай жүр. «Анар біздің республикада жоқ. Оны Мақтаралда да өсіруге болатынын дәлелдеп әлек болып жүрмін. Сол үшін субсидия берілсе жақсы болар еді», – дейді бағбан. Бірақ өзгеден көмек күтіп, қарап отыратын ол емес. 2012 жылы 12 гектар танапқа анар көшетінің бірнеше түбін егіп, өсіріп те қойыпты. Енді жүзім өсіруді қолға алуда. Артықбай ағаның бауында алма, өрік, алмұрт, шабдалы, шие, қара өрік дейсің бе, әйтеуір бәрі бар. Шаруа қожалығы сонымен қатар жылқы, қой, ірі қара мал да өсіреді. Артықбайдың басшылығымен 13 адам тұрақты жұмысқа тартылыпты. Шекара бөлінісі кезінде 100 гектар жері көрші мемлекетте қалып қойса керек. Ол бұрын малдың жайылымы болған көрінеді. Өріс тар болған соң, мал басын азайтуға мәжбүр болған. Негізінен мал мақталықтың орнына ғана жайылады.

Оңтүстік Қазақстан облысы