ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАЙДЫ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАЙДЫ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАЙДЫ
ашық дереккөзі
Осыдан төрт жыл бұрын Халықаралық Бизнес Академиясының бастамасымен қолға алынған «Ұлытау» Мәдени-лингвистикалық лагері» қазақ тілін оқытудың инновациялық бағдарламасы жалғасуда. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Қазақстанның тұңғыш президенті қоры мен Түркия Үкіметі жанынан құрылған Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі, сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің қолдауымен өткізілген бұл шараның басты мақсаты – Қазақстан азаматтарына мемлекеттік тілді меңгеруге ықпал етумен бірге қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихи мекендері туралы кеңінен мағлұмат беру. Ұйымдастырушылардың сөзімен айтсақ, «Ұлытау» Мәдени-лингвистикалық лагері – тілдік және мәдени кедергілерді жоюға ықпал ететін тиімді шара. Өйткені, 8 күн бойы лагерьді мекендейтін тыңдаушылар қазақтың ұлттық құндылықтарына, мәдени мұрасына, тарихы мен салт-дәстүріне қаныға отырып, қазақ тілінің грамматикасымен бірге жөн-жоралғыны, мақал-мәтелді бірге меңгереді. Сейсенбі күні қазақша үйреніп жатқан отандастармен кездесіп қайтқан журналистер қауымы көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі бойынша өмір сүріп жатқан лагерь мүшелерімен танысты. Жағалай орналастырылған ақшаңқан киіз үйлерге бірнеше төсек жағалай қойылыпты. Әр үйдің алдында қолжуғыш бар. Дәріс өтетін үйлердің сыртына қызыл, жасыл және сары белбеу тағылған. Бұл тыңдаушылардың деңгейіне сәйкестендірілген белгі. Яғни, қызыл – жоғары, жасыл – орташа, сары – бастауыш деңгей. Біз алғаш бас сұққан үйдің тыңдаушылары әр сөзге мақал-мәтел құрастырып жатыр екен. Екі топқа бөлінген тыңдаушылар өздеріне берілген әр сөзге барынша көп мақал айтуға тырысады немесе белгілі бір сөздің мағынасын түсіндіріп беруі шарт. Таңертеңгі ұйқысын еліміздің Әнұранымен ашатын олар жаттығудың орнына «Қара жорға» биін билейді екен. Оқыту барысында ұстаздар қауымы ұлттық қолөнер, дәстүрді үйретумен бірге киелі саналатын тарихи орындарды да аралатып көрсетеді екен. Қатысушылар тіпті, сиыр мен бие де сауып көріпті. БАҚ өкілдеріне арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырған олар бесікке салу, тұсау кесу және бата беру салтынан көрініс ұйымдастырды. ХАБ Баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрия Хасанованың айтуынша, алғаш рет Ұлытауда өткізілген бағдарламаның атауына да осы киелі мекен таңдалып алынған. Екінші жылы – Бурабайда, сосын Жамбыл облысына көшкен лагерь биыл Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылына тоқтаған. Ал келесі жылы қайда өткізілетіні әзір беймәлім. Былтырға дейін 10 күнге созылған оқу бағдарламасы енді 8 күнмен шектеледі. Есесіне, бір маусымда, яғни, жаз мезгілінде 4 рет тыңдаушы қабылданбақ. Жолдама құны – 150 мың теңге. Оны сатып алатындар да әртүрлі адамдар. Бұл орайда Нұрия Хасанова: «Мәселен, былтыр бір студент қыздың туған күніне сыйлық ретінде анасы осы лагерьге жолдама сатып алыпты. Алғашқыда бұлқан-талқан болған ол бағдарламадан кейін пікірін күрт өзгертіп, бағдарламаға қатысқанына өкінбейтінін айтты», – дейді. Кез келген көлемді бастама қаржылық шығынды қажет ететіні мәлім. Бұл орайда, Халықаралық Бизнес Академиясы биыл тығырықтан шығар жол тауыпты. ҚР Тұңғыш Президенті қоры тарапынан бөлінген 1 млн. теңгеге тыңдаушылар жататын киіз үйлерді сатып алыпты. Бұған дейін киіз үйдің бір күндік жалға алу құны 30 мың теңге болған. Ұлттық құндылықтарды, қазақ тілін насихаттауға үндейтін игі бастамаға қолдау көрсетудің орнына жергілікті әкімшіліктер керісінше, ақы талап етіп отырған. Соған қарамастан, 4 жылдың ішінде 200-ден астам тыңдаушы қатысқан лингвистикалық-мәдени лагерь қанатын кеңге жайып келеді. Жобаға қатысушы – шығысқазақстандық Светлана Бекназарова: «Ұлтым орыс, бірақ қазақ жігітімен тұрмыс құрғандықтан, қазір қазақ отбасында тұрып жатырмын. Үйде қазақы салт-дәстүрді сақтауға тырысамыз. Мысалы, тұңғышым дүниеге келгенде қырқынан шығардық, бесікке салдық, тұсауын кестік… Бұл жоба менің ұлттық құндылықтарды білуге деген құлшынысымды одан сайын арттыра түсті. Меніңше, Қазақстан азаматтары түгел қазақша білуге міндетті. Ғылыми деңгейде болмаса да жөн сұрасатын, тіл табыса алатын деңгейде болуы тиіс. Ал мекемелердегі құжаттарды түгел қазақ тілінде аударған жөн. Бұл мемлекеттік тілді меңгеруге деген талпынысқа игі әсер етеді», – дейді. Ал «Ер дәулеті – еңбек», «кітап – алтын қазына» деген мақалдар маған қатты ұнады», – деп ағынан жарылған алматылық Светлана Левченконың айтуынша, жобаны барынша дамытып, адамдарды көптеп тарту керек. Сейсенбі күні лагерьдегі бағдарламаға қатысқан азаматтарға арнайы сертификатты салтанатты түрде табыстаған Халықаралық Бизнес Академиясының ректоры Балықбаев мырза: «ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың талабына сәйкес, Қазақстан үштұғырлы ел болсын десек, ең алдымен мемлекеттік тілді дамытуымыз керек. «Ұлытау» жобасының басты мақсаты – тілді үйретумен шектелмей, қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау. Бүгін бағдарламаны бітірген тыңдаушылардың барлығына табыс тілеп, шын жүректен құттықтаймын!», – деді.