Жаңалықтар

Мағжан Жұмабаев: Aқан Cері

ашық дереккөзі

Мағжан Жұмабаев: Aқан Cері

Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып жайлауы жарасқан арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан – мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ, түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңін терген ақын болмайды. Әдебиет – әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі», – деп толғаған екен. Осы орайда біз «Жазушы» баспасынан шыққан ақынның үш томдық шығармалар жинағында жарық көрген «Ақан сері» атты мақаласын жариялауды жөн көрдік. Ақын туралы білгендерін айтып һәм жазып берген  Мырзалыұлы Баялы, Шынғысұлы Қоқыш,  Бозайұлы Ысмағұл ақсақалдарға  һәм Самыратұлы Қазыға көп рақмет айтамын. Мағжан.  

АҚАН СЕРІ

Ұшы, қиыры жоқ сары дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылайдың ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау алаштың ақындығының да ордасындай жер еді. Соңғы 50-60 жыл ішіңде алты алашқа атағы шыққан ақындарымыздың бірталайы сол Көкшетаудың маңайында туып-өскен. «Кең сабаның қорындай, Бертағының баласы Орынбай», екі аяқты адамның ділмәрі, улы тілді соқыр Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан, үні зарлы Атығай соқыр Тоқжан, терең ойлы Атығай шал, аспанға өрлеп ән шырқайтын Біржан сал, өмірі ертегідей әдемі Ақан сері – осылардың бәрі сол күңіренген Көкшенің маңайында туып- өскен ақындар. Бұл ақындардың ішінде адамның іскерлігін алдымен өзіне аударатын – Ақан сері. Сөзінің сұлулығы, тереңдігімен демейміз, өмірінің сұлулығымен. Ақынның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір. Сондықтан біз Ақанның алдымен өмірін жазып, онан соң сөздерін тексереміз.

Ақанның өмірі

Ақанның сүйегі — Орта жүз арғын ішінде қарауыл. Ұлы әкесі Қарауылда – нар шөккен Жарқынбай. Жарқынбайдың бір ұл, тоғыз қызы болған. Ұлы Қорамсадан көпке шейін бала болмаған соң, Жарқынбай бәйбішесі һәм тоғыз кызымен көгеннің бұршағын мойнына салып тәңіріден немере тілейді. Сол тілектің артынан жалғыз ұлы Қорамсаның қосағы Жаңыл жүкті болып, одан ұл туады. Ұлдың атын Ақжігіт қояды. Біздің Ақанымыз осы. Ақан 1843 жылы Көкшетау каласынан күнбатыс пен солтүстік өрелігіне қарай 70 шакырым жердегі Қоскөл деген жерде туған. Ақанның әкесі Қорамса бай, саудагер адам болған. Ол маңайда ол кезде ақша ұстаған қазақ сол Қорамса болды. Әрі малға бай болса, әрі ақша болса, әрине, Қорамса елге қадірлі болмақшы. Ақан 13 жасқа келгенше Бұқардан оқып қайтқан Күнту деген бір молдадан сабақ оқып жүреді. Бірақ біраз ес кіре бастаған соң, молданың балдыр-батпағына зерек Ақанның көңілі толмай бастайды. Сөйтіп, 13 жасында Ақан молдасымен бір шариғатқа таласып, «маған қарсы келдің» деп молдасы оны ұрған соң, «шыбыққа сүйенген шариғатыңды ұрайын» дейді де, оқуыменен қоштасып кете барады. Осыдан былай Ақанның жалпақ жұртқа жат көрінген серілік өмірі басталады. Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер кылып алады. Жүргенде сол жігіттердін алдында қолбасыдай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп, күрең киген. Басында — бұлғақтаған үкі, қолында — домбыра, аузында — ән… Жігіттердің бәрі балуан, бәрі әнші. Бірақ Ақанның әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан ән шырқаса, би билігін, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, аңырып тыңдай калады. Қалың қарауылдың қара көздері «Ақанның әні-ай!» деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың қарауыл Ақанға сері деп лақап береді. Солай жүргенде Ақан бұрын атас­тырып қойған қалыңдығы Шомат қожаның кызы Бәтиманы алады. Онымен он жылға жақын отасып тұрады. Бәтимадан бір ұл, екі қызы болады. Бірақ ұлы тілсіз болады. Он жыл шамасында Бәтима өледі. Бірақ серіліктің соңында жүрген Ақан Бәтиманың өлімін елемейді. Серілікті бұрынғыдан да үдетеді. Құлақ естір жерден алғыр қыран, құмай тазы, жүйрік жияды. Зілғараның баласы Әлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған Қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базарала деген итті алады. Қалың қарауылға аты шыққан Ақтоқты деген арумен көңіл қосады. Тап сол кезде Ақанның қолына алты алашқа аты шыққан Құлагер түседі. Құлагер көбей – қарауыл Шөкетай жылқысынан шыққан. Жабағы тай күнінде Құлагер кез келген жерде, хатта, күртік үстінде өлген малдай серейіп ұйықтай береді екен. Шөкетайдың ағасы Әбілторы сыншы Құлагерді тай күнінде тұлпар болады деп сынаған екен. Құлагер дөненінде қарауыл ішінде алдына қара салмай, сол Құлагерді Ақан сол күнде жүз сомға сатып алады. Бестісінде Құлагер Шабан асында дара келеді. Бұдан былай шет елдерге Ақан мен Құлагердің аты бірге шығады. Ақан қолында Құлагер Арқаның талай зор астарында аузымен құс тістеген сан жүйріктерден озып жүреді. Арғын-алтай Аққошқар-Сайдалының (Сайдалысының) асында Құлагер 300 аттан жеке-дара келеді. Бірақ сол аста бір көңілсіз әңгіме болып калады. Құлагердің артынан Барақбай дегеннің Кетеберкөк деген аты келе жатады. Белгі алуға шыққан Барақбай құлдырап келе жаткан Құлагердің шылауынан ұстаңқырап қалса керек, мұны көріп тұрған Ақанның Барақбайға тілі тиеді. Осы уақиғадан Барақбайдың ішінде Ақанға қарсы кек қалады. Осылай Ақанның атағы талай жерге жайылып тұрған кезде мұның өмірінде бір өзгеріс болады. Желдей ұйытқыған серінің жүрегіне мін деуге бола ма, сол кезде Ақан Ақтоқтысынан айнып, қарауыл Тіналы қажының кызы Ұрқия сұлуға өз әнімен өлең шығара бас­тап, сол Ұрқияны алып қашады. Бірақ жаны сүйіп алған жары Ақанмен ұзақ отаса алмай, үш-ақ ай тұрып, шешек шығып дүниеден қайтады. Жаның сүйген жар нажағайдай жарқ етіп дүние салса, жанға жеңіл жара бола ма? Ұрқия өлгеннен былай Ақанның жаны қасіретке орала бастайды. Ұрқия өлген жетінің ішіңде Ақанның жақсы көрген бір інісі өліп, қасірет үстіне қасірет жамалады. Жараланған жүрек жазылу үшін тағы махаббат іздейді. Ақан айналып Ақтоқтыға келеді. Енді айналып иілгенде Ақтоқтының ұзатқалы жатқан шағы болады. Ақтоқты өкпесін айтып, разы еместігін білдіреді. Ақан қалайда Ақтоқтыны алмақ болады. Ақтоқтының беріліп отырған күйеуі ақсақ екен, қыздың көңілін күйеуден қайтару үшін Ақан сықақ қылып улы өлеңдер шығарады: Бәрекелді, Ақтоқты, тапқаныңа, Жібектен шоқ шекеңе таққаныңа. Бұдан артық құдайдан не тілейсің, Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа… – деп, мысқыл қылады Ақан. Бірақ өкпесі күшті Ақтоқты бұрылмайды. Ақан танысып келе жатқан қызды жалғыз өзі Құлагерімен алып қашады. Қыз қалайда разы болмайтындығын айтқан соң, алдында келе жатқан қыздың сүбесіне сапыны сұғып алып, бір томардың қабағына тастап кетеді. Бірақ Ақтоқты тірі қалып, берілген күйеуіне барады. Ақанның жүрегінде махаббат та, ашу да күшейеді: Ақтоқты, кеткенің бе шыныңменен, Бал бердің талай жерде тіліңменен. Басыңды Сарымида кесіп алып, Өмірімше даулассамшы құныңменен… Дарияның қайраңындай қалқа бала, Зарланып ән шырқаймын уайымменен, –деп ашулы зар шығарады Ақан. Ақан енді көңілін мал да болса жолбарыстай қолындағы Құлагерімен көтермекші болады. Құлагерді (тағы) астан асқа алып жүріп отырады. Ұрқия, Ақтоқты уақиғасына бір жыл шамасы болғанда, керей Сағынайдың асы болады. Ақан сол асқа Құлагерді қосады. 323 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда, анау Сайдалы асында ішіне қан қатқан Барақбай Құлагерді көлденеңнен соқтырып өлтіреді. Асқа жиылған құмырсқадай қалың ел шуылдасып, гулесіп, бәйгесін алып, ойын ойнап жатқанда, Ақан мидай далада жолдасы Құлагердің басында кәдімгідей мөлдіретіп көзінің жасын төгіп отырады. Күн былай тұрсын, түн бойы күңіреніп Құлагерінің, сандалкерінің, еркесі, үркеккерінің басын құшақтап отырады. Жан жолдасын қолымен өлтірген адамдай күйінеді. «Әлдеқайдағы Ерейменге неге алып келдім? Мал да болса, адамнан есті жануар-ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жасы бұршақтап тұрды-ау! Осы сұмдықтың боларын білген екен ғой еркеккерім»,– деп өкінеді. Керейдің игі жақсыларының өздері келіп көңіл айтып, қол қусырып ауылға шақырғандарына жұбанбай, бармай, күңіреніп, бір күн, бір түн далада өлген еркесінің басыңда отырады. Сол отырғанда өзі мен сандалкеріне өлең шығарады: Жануар Құлагерім қолдан кетті, Дұшпанның қастығынан қаза жетті. Қаржас боп, қанжығалы, керей, алтай, Қуандық, Сүйіндік боп намыс өтті. Тамам жұрт көтермекке аттанғанда, Алдынан қарсы бармай маған нетті? Жиыннан жеке келген тұлпарым-ай, Үмітсіз қандай дұшпан қағып өтті. Қырмызы, қара құлпы кұйрығын-ай, Суырылып топтан озған жүйрігім-ай. Жеріне Ерейменнің, айдап келген, Тәңірінің айналайын бұйрығын-ай… – деп күңіренеді Ақан. Жараға жара қосылып, ауыр қасіретпен Ақан еліне қайтады. Тағдыр шіркін тас бауыр ғой, тап сол жылы Ақанның алғыр қыраны — Қараторғай һәм Базарала тазысы өледі. Қазақ: «Ер жігіт тұлпардың тұяғымен, сұңқардың қияғымен, сылдыр қаққан судың бойымен, алма мойын сұлудың қойнымен жұбанады» , – дейді екен. Енді Ақанға өмірде жұбанарлық не қалды?.. Жан сүйген жары Ұрқиядан өлі айрылған, «талай жерде тіліменен бал берген» Ақтоқтысынан тірі айрылған, тұлпарын көмген, сұңқары мен құмайы өлген, енді не қалды? Енді Ақанға теңізден терең ой қалды. Қорғасыннан ауыр, түннен қараңғы қайғы қалды. Удан ащы қасірет қалды. Жасы да отыздың ішіне кіріп қалған. Өмірдің жайнаған гүлін көріп келген Ақан өз өмірінің бықсып-күйіп күлге айналғанын көре бастайды… Сол уақыттан былай Ақанның жанында үлкен өзгеріс болады. Бұқардан оқып қайтып, Көкшетауда дәріс айтып тұрған, белгілі Науан қазіретке анда-санда барып сабақ алады. Дінге, сопылыкка беріледі. Хақ асығы дуанадай малдан, елден безіп, дінменен жан тазартуға кіріседі. Бұрын судай сұлу махаббатты жырлайтын Акан сопылыкпен жан тазарту жайын жырлай бастайды. Бірақ сүйегіне біткен серілік серіліп кетпейді. Бәлки, серіліктері жұртқа жат, ұғымсыз түрге кіріседі. Ақанда мынадай кенет ірі өзгеріс көрген соң, ел күңкіл қыла бастайды. Күңкілдің түбі Ақанға пері иеленіпті деген сөзге айналады. Шынында Ақанның құлқынын, істерінің жай адамның құлық-істеріне үйлеспеуі мұндай сөздерді еріксіз шығаратындай. Жаз шығып, жан-жануар қыбырлап, қалың ел қайта жайлауға көшкенде, Ақан сақау баласымен Қоскөлдің сыртындағы – Сарыкөлдің жағасындағы ағаш үйде жалғыз қалады. Қалың қамысты көл. Қою қалың, иесіз қыстау. Ақан. Тілсіз бала. Түн болады. Жел шығады. Қою қамыс зуылдайды, ішінде Ақан күңіренеді. Сақау балада үн жоқ. Екі көзі жаудырап Ақанға қарайды да отырады…Күндіз де сол… Ішуге де, дәретке де суды Сарыкөлден ғана алады. Сарыкөлдің суына тірі тышқан түсірмейді. Мінген атын да суармайды. Мал келе жатса, алдынан шығып айдап жібереді. Ақан анда-санда жайлаудағы елді аралайды. Астындағы – жүзіктің көзінен өткендей жаратып тастаған бедеу. Екі жағында – екі сұлу ат. Қайда барса, бір елі қалмайды. Шақырса екеуі екі жақтан келіп, тізесіне иектерін сүйеп тұрады. Ақанның өзінен басқа тірі жанды маңдарына жолатпайды. Өздері – туғалы жүген-құрық кимеген шу асау. Ақан бір ауылға түссе, далаға барып оттап, Ақан аттанарда келеді. Ақан кез келген ауылға түсе де бермейді. Қалың қарауылдың ішінде өзінің таңдап алған белгілі ордалары бар. Сол ордаларға ғана түсіп, солардың ғана асын ішіп, солардың ғана төсегіне жатады. Болмаса қазы-қартаға бөлеп қойса да, кез келген үйге түспейді Ақан. Түсіп отырған үйінің ыдыс-аяғында кір, қыл көрсе, яки сол үйдің әйелінің бір былықтығын байқап қалса, пісіп тұрған дәмді тастап, рұқсат алып, аттанып кете барады. Киімі кір адаммен отырғанда, тізелесіп те отырмайды. Төсегі кірлеу үй болса, үйге жатпай, далаға жатады. Жаз болса, көлдің жағасына барып, қыс болса, үюлі шөптің ішіне барып, кейде Алланы аузынан тастамай, басын сәждеден көтермейтін болады. Жанды дінмен тазарту керек дейді. Ал енді кейде алланы ұмытқандай болып, дінін, намаз, оразасын – бәрін қойып кетеді. Күні-түні күңіреніп өлең жазады, ән шығарады. Далада болсын, ауылдың жанында болсын, өзінің зарлы сарынымен ән шырқайды. Ақанның осы мінездерінің, осы істерінің бәрі жат, бәрі жұмбақ, бәрі ұғымсыз, ел не деуге де білмей қалады. Жынды деп-ақ қояр еді, қалың қарауылда Ақаннан есті, Ақаннан шешен, Ақаннан көсем кім бар? Ермін деген ерлер шеше алмаған түйінді Ақан шешеді. Екі жақсы бас қосса, сөзді Ақан бастайды. Қандай ұшынған дау болса да Ақан бітіреді. Ендеше, Ақан – жынды емес. Оған мұсылман перісі иеленген болар дейді жұрт. Күн- күн сайын осы сөз өседі. Бастап еміс-еміс боп, өлімсіреп туған өсек, барған сайын бойы өсіп, бұғанасы қатып дәуірлей береді… Ақан. Ерейменде Кұлагердің басында түнеп отырғанда, таң алдында салқыншалау жел шығады. Ақан тоңазығандай болады, шерлі Ақан күңіреніп отыра береді. Сол арада болар-болмас қобыздың қылын, домбыраның ішегін шерткендей нәзік мұңды дауыс жан-жаққа жайылғандай болады. Әлгідей болмайды, жорғалаған желдің ішінен жібектей судырлап, талдай бұраңдаған, жүзіне кәдімгі айдың нұрындағы нұр төгілген бір әйел шыға келеді. Ол келген мұсылман перісінің ханының қызы екен. Адамзаттың еркесі Ақан сері қалың шерге душар болған соң, ханның кызы ерке сұлу Ақанды жұбату үшін желге мініп, ұшып келген екен. Келіп жұбатады… Сол күннен былай Ақан мен пері күндіз айрылып, түнде қосылатын болады… Жоқ, пері Ақанға Ерейменде иеленген емес екен. Періге иелену Ақанның тұқымында бар екен. Олардың қонысы – Қоскөлдің өзі ежелден перінің мекені екен. Марқұм Қорамсаның өзі перімен айналысқан адам екен. Қорамсаның өзі де бірнеше күндеп, айлап ешкімге тіл қатпай, үйден шықпай, бұқбанау жасап аулақ отырып алатыны бар екен. Сол уакытта оның пері жары келеді екен. Ақанға пері қызын қосқан онын пері шешесінің өзі екен. Осылардың бәрі құр «екен» ғана емес, ап-анық нәрсе, көзбен көрген де кісі бар… Шұңғырша қарауыл Әбіш деген жігіт күзді күні шөп шапқалы қыстауға барып, іңірде шошалада балта қайрап отырады. Ортада от бықсып жатады. Шошаланың іші қара көлеңке. Бір мезгілде жел шыққандай, қыстаудың желкесіндегі қалың қайыңның жапырақтары сыбдырлағандай, қораның төбесіне жапқан қамыстар судырлағандай, сырғауылдар сықырлағандай болады. Желмен ашылғандай акырын ғана есік ашылып кетеді. Үйге үш әйел кіреді. Алдыңғысы денелі, ұлғайған бір бәйбіше; екіншісі — орта жастағы әйел; үшіншісі – талдай нәзік, талдырмаш бір қыз. Үшеуінің де жүзінен сорғалаған сәуле төгіліп тұрғандай. Киімдеріне көз тоқтамайды. Үшеуі де қолдарымен жүздерін тасалай бергендей. Келіп босағаға отырысады. Әбіш қалтырап, тоңғандай, тісі сақылдап «кұлқуалланы» оқи бастайды. Мұсылман пері құраннан қаша ма, үш әйел отыра береді. Біраздан бәйбіше сары іңгендей ыңыранып сөз бастайды. «Шырағым, Әбіш, танымаған соң, сен бізді жатсынып отырған шығарсың. Мен – Қорамса атаң үйіндегі шешеңмін. Мынау – Ақан ағаң үйіндегі жеңгең, анау – менің кіші балам еді. Таза жүретін, мұсылман адамға беруге ойым бар еді. Үй-ішіміз болып сені ұнатысып, саған қосқалы келіп отырмын»,— дейді. Бәйбіше соңғы сөздерін айтқанда, сұлу кыз қағынған аққудай күлімдеп, керіліп қояды. Әбіште құт жок, зәре жоқ. «Әлхямді құлқиуалладан» қайран болмаған соң, Әбіш жандәрмен тізесінің астында жатқан балтаны ала ұмтылады. Сол уақытта үш әйел күбір-күбір сөйлескендей болып, судырап үйден шыға жөнеледі. Әбіш оттың басында талып қалады. Есін жиған соң, аулына қайтып, ауруға айналып, өмір бойы шала естілеу болып қалады… Жок, жалғыз Әбіш емес, басқа да көрушілер болған. Ақанның қыстауының сыртындағы тоғайдан өткенде перілердің шулап, сақ-сақ күліп, ойнап жатқанын талайлар-ақ естіген. Шөбектің немересі Жаналы мырзаға да сол перілердің біреуі қара мысық болып келіпті-міс деседі. Бұл «еміс-емісті» қоя тұрып, Ақан ұйқтап жатқанда алысырақ тұрып қараса, әркім-ақ оның перімен жатқанын көруге болады. Ақан жатқанда көрпенің астында ылғи екеу болып жатады екен… Міне, Ақан қырыққа аяқ басқанда, сұлулықтың асығы Ақан жарынан, тұлпарынан, сұңқарынан айрылғанда, өмір айдынында ән салып жүзіп бара жатқан қу қанатынан қайырылғанда, Ақанның жүйрік жаны ой дариясына шомып, сұлулығы жоқ былық тұрмыстан безгенде, халық оны ұға алмай, Ақанның жұмбақ өмірін шеше алмай, оны алып барып періге байлайды. Бірақ халық соқыр сезімімен кешегі ерке серісі — Ақанның сұлу тұрмысына кір жаққысы келмей, жанды затты сұлу періге апарып қосады. Жұмбақ та сұлу; таппаса да, шешпесе де сұлу. Дұрыс, Ақанға пері иеленіпті деген сөзді әдейі таратушы, өлімсіреп туған өсекке әдейі жан беруші, жел берушілер де болған. Әсіресе, «қалың қарауылдың кыдыр орнаған ордасы» — Шөбек балалары. Перғауынсыз Мұса бола ма? Бірақ Мұсаның өзі перғауынға соқтықпаса, тиер ме еді? Тағы бірақ маңайындағы перғауындарға соқтықпаса, Мұса болар ма еді? Қарауылдың сөз білем деген ерлерін, әсіресе, көршісі — Шөбек балаларын Ақанға қас қылған – улы тілі. Шынында, Ақанның тіліндей улы тіл сирек болар. Тиген жерін удай ойып жібереді-ау! Ақан бір жерде отырып, Шөбек немерелері туралы мынау өлеңді айтады: Тас мұрынды — Бегалы, Сар тоқалы Сердалы, Іскен басы — Сералы, Қотыр ауыз Мұқанәлі, Көнтек ауыз Нұралы, Бос сопағы — Баялы, Ералы, Жаналы, Сайдалы — Сауытбектің сарала иті сықылды, Енеңді ұрайынның балалары… Боқтыбай айтқандай, пәлі-пәлі…1 Мынадай сөзді есітіп отырып, Шөбектің көп баласы қалай намыстанбас, қалай Ақанды қорлап өсек таратпас?.. Қыскасы, Ақан туралы өсектің тарап кетуіне алдымен оның мінезінің жаттығы себеп болса, екіншіден, оның ащы тілі де қосымша болған. Қалайда, казақ баласының шешені, сөз тапкыры Ақанға ешкім – досы да, қасы да – бетіне келіп, ісің жат-ау, саған пері иеленіпті деген сөз бар деп айтуға бата алмаған. Достары түгіл, қастары да алдында «Ақан аға» деп жорғалайды екен. Осылай жұмбак өмірмен Ақан елуге таялып келе жатады. Сұлу өмір жарқ етіп, нажағайдай өте шыққан. Өткен күн қиял туғызған ертегі сықылды. Көп ішінде көпке ұқсамайтын бір өзі, көп ішінде жалғыз. Қалың қарауылдың ішінде жанын ұққан жан жоқ. Жұбатарлық досы жоқ, жаралы жанын жазарлық жары жок. Әлдеқайда бетпақ шөл, бетпақ шөлде жалғыз жол. Сол жолменен жалғыз жан табанын тасқа тілдіріп, маңдайын күнге күйдіріп кетіп бара жатқандай. Қайдан шыққанын, қайда бара жатқанын, не үшін бара жатқанын өзі білмейді. Тілек жоқ, үміт жоқ, мақсат жоқ. Түннен караңғы, қорғасыннан ауыр ой ғана бар. Осындай күйде келе жаткан Ақан кәріліктің босағасынан бұрылып кетіп, қайтадан өмірдің сұлу жолына түспек болады. Оймен ойланып сөмген қайғының қары қарып сөнген жүректағы тіріле бастайды. Елу жыл жасап талай күйіп күл болған, талай талып есін жиған жүрек тағы отқа, махаббатқа, жарға ұмтыла бастайды. Махаббат іздеп тағы аласұрып, шарқ ұрады. Қанды көз қыран қияға қонып, қиянға қарай бастайды. Ол күңде қалың қарауылдың ішінде аты ауыздан түспейтін үш ару бар. Шөбектің немересі Ұркия, аға сұлтан Шыңғыстың немере карындасы, Абылай тұқымынан Жүсіп төренің қызы – Жамал. Сұлулыққа қырағы Ақан үш сұлуды киядан көреді де, қанатын қағынады. Жүйрік жүрек үш аруға да шеңгел салғысы келеді. Үзілген үміт жалғанғандай болып, Ақан тағы махаббатты жырлай бастайды. Үш аруға «Үш тоты» деп ат қойып, өлең шығарады. Бірак бір нәрсеге байланбай жүрек тұра алмақ емес. Бір аздан Ақан үш арудың біреуіне ауа бастайды. Ол ауғаны — Жамал. Жамал он алты жаста-ақ. Жібек желден жаратылғандай ару, Жиреншеден тәлім алғандай шешен, Едігеден бата алғандай данышпан. Қалайда Ақан Жамалды осылай сипаттайды. Осы жас Жамалға Ақанның жүрегі байлана береді. Жүйрік жүрек бір бастаса, не сүйіп қосылмай, не қосыла алмай күйіп, күлден кебін кимей тоқтай ма, Ақан бара-бара жас Жамалды біржола берік сүйеді. «Үш тотының» ішінен «қалқа бала» деп Жамалды бөліп алады. Бұл сүйгенін: Қыздарды мен не қылам-сылам? Қалайша ғашық отка сабыр кылам? Жаңарткан өмірімді қалқа бала, Басы –жым, ортасы – мим, аяғы – ләм,–деп жұртка өзі жария кылады. Кірсіз махаббат көптің көңілін не қылсын?! Өмірде екі сүю болмайды дейді жұрт. Жұрт не демейді? Өзіндей болмағаны үшін Ақанды «пері соққан» дейді. Жұрт аспанға өрлеген жүйрік жүректі мойнына құрық түссе, құлағы салпиып тұра калатын мұжықтың мәстегі болсын дейді. Жұрт желден жүйрік жүрекке мойныңа түскен бүғалықтан бұлқынып шығам деуші болма деп, шіріп қалған шындықтан сабақ береді. Жүйрік жел ұшпай тұра ала ма? Жүйрік жүрек құшпай тұра ала ма? Жүрек сүюі болмаса, салқын, бос қуысқа айналмай ма?! Жиһанда жалғыз мәңгі нәрсе махаббат емес пе, өлген махаббат екінші түрде, екінші түсте кайта тірілмек емес пе?! Ендеше, Ұрқияны сүйген Ақанның Ұрқия өліп, көп жыл өткен соң Жамалды сүюінде де ешбір таң нәрсе жоқ. Кім біледі, Ақан жас Жамалда тіріліп келген Ұрқияны көрген шығар… Қалайда, Ақанның Жамалды сүюі барған сайын арта береді. Жасы елуден асып, кәрілікке барып қалған Ақан іштен сүйіп, іштен күйеді. Бастап сырттан өлең шығарып жүргені болмаса, Жамалдың өзіне білдірмейді. Екі жастың арасы қыс пен жаздай болған соң, бұл сүюдің пайдасыз екенін ойлап күйінеді. Жамал жүректі құр өртейтін әйел болып туғанша, ұл болып неге тумады екен деп назаланады. Тал бойың Құлагердің сағағындай, Тамағың піскен алма сабағындай. Қаз мойын, мөлдіреген қарақат көз, Иегің ителгінің тамағындай. Ішінде өз жұртыңның еркелейсің, Айдынның ақ қайраны, шабағындай. Осынша жүрегімді жандырғанша, Ұл боп тусаң не етеді, қарағым-ай?.. – дейді Ақан. Бірақ қалың оттай жүректе заулаған махаббат сыртқа шықпай тұра алмайды. Дүниеде күшті нәрсе екеу-ақ қой: өлім һәм махаббат. Адам өзгені айналып өтсе де, өлім мен махаббатты айналып өте алмақ емес. Ақан өзін қанша тыймақшы болса да, сол күшті махаббаттың күйдіруімен өзіне-өзі ие бола алмай, сүйгенін ақыры Жамалға білдіреді: Бұраң бел, жазық маңдай, сүмбілден шаш, Тартылған бойың сымдай, қиылған қас. Ақ жүзің түстік жерден көрінеді, Секілді жарқырайсың бриллиант тас. Сипатың жұмақтағы Хорылғайын, Көрген жан жамалыңа болады мас. Сайраған қапастағы тоты құссың, Білмейді қәдіріңді бұл күнгі жас. Айтуға тура түйреп жасың кіші, Сыртыңнан иемдеймін, ей, қарындас. Тау-тасты шабыт қылған ақиықпын, Болмайды сені ойласам ішкенім ас. Жорытқан түс секілді жіберейін, Бұл сөздің пайымын біл де, түндігін аш… Алдына далбай тастап шырғаладым, Шабытқа келе алмасаң, қылғаның қас, – деп жазады Ақан. Бір ғана емес, көп жазады. Желдей екпінді албырт жастай, өрт болып жанған жүректен шыққан жалынды өлеңдер жазады. Бірақ қанша есті болғанымен, жас Жамал Ақанның жанын қайдан ұға алсын?! Оның сүттен таза махаббатына қайдан баға бере алсын? Кім біледі, баға берген де шығар-ау, бірақ жұрттың сөзін аттап өтіп, елуден асқан адаммен қалай өмірін қоса алсын. «Қара қазактың, жабайы адамның қызы болса, бір сәрі. Жүсіп төренің қызы мұны істесе, біткен төренің сүйегіне таңба емес пе?» Қалайда, Жамал Ақанға жылы жауап бермейді. Жамалдың бұл мінезі Ақанның өзегін тіпті өртейді. Махаббаты бұрынғыдан мың есе күшейеді. Ақан Жамал маған жылы жауап бермеген екен деп өкпелеп, ғашықтығын тоқтатпайды. Шынында, ғашықтық деген алып-салмалы қолдағы нәрсе емес қой. Жамалдың сүюін білдірмеуіне көзі жеткен соң, Ақан іштен сүйіп, іштен күюге айналады. Күн-түн күңіреніп өлең шығарады. Ән шығарады. Ақанның Жамалға қатты ғашық екендігі, оған арнап ылғи өлең, ән шығаратындығы, Жамалдың ол ғашықтыққа ілтифат қылмауы жұртқа жайылып кетеді. Замандастары ұшырасқан жерде мысқыл қылыңкырайды. «Ақан-ау, қыз саған мойнын бұрмайды, осы ғашықтықтан не пайда?» – деседі екен. Осындай сөздерге Ақан: «Менің ғашық болуым үшін оның ғашық болуы шарт па екен, ғашықтық бір нәрсеге байланып жүре ме екен?» – дейді екен. Ғашықтықты дұрыс ұғу деген осы болады ғой. Не керек, жоғалтқан тәңірісін кәрілік босағасында қайта тапқан Ақан, сол тәңіріге таза ниетті құл болып табынуға арланбайды, қажымайды. Сүюден-күюден, күндіз-түні күңіреніп махаббатты толғаудан талмайды. Барған сайын махаббат тереңдей берді. Сөйтіп жүргенде жас Жамалдың ұзатылатын шағы болып қалады. Жамал ұзатылады. Алыстан көрінсе де, көңілге медеу болып жүрген Жамал енді жоғалады. Мал берген жабайы күйеу сұлу Жамалды меншіктеп алуға келген. Жамал танысып жүр, айдынның деніндегі ауылда ойын-той, айдынның қара толқындары арасында қанаты сынып, құс төресі – аққу отыр. Аққу әлдеқайда алыс­та алтын сәуле көреді. Ескі күші есіне түсіп ұмтылады, қағынады. Көтеріліп кетуге дәрмен жоқ. Жырлайды да, жылайды; жылайды да, жырлайды. Алыстағы алтын сәуле оған ілтифат қылмай, созылып, күлімдеп өз жолына бара жатыр. Соңғы минут, сәуле жоғалып барады. Тұңғиық айдын. Құтырған толқын. Жаралы аққу. Қалған барлық қүшін жиып ұмтылады, пайда жоқ, толқын күшейгендей. Хал біткендей. Сәуле сөніп бара жатыр. Енді Аққудың аузынан жыр төгіледі. Мұңды үн құйылады: өлім менен өмірдің үні. Үзіліп бара жатқан жүректің жыры… Жамал ұзатылардағы Ақанның шығарған «Сырымбет» әні – сол өліп бара жатқан құс төресі аққудың әні. Біздің зарлы әндеріміз көп. Бірақ «Сырымбеттей» терең зарлы ән сирек болар. Жердің жүзіндегі мұң, адам баласының барлық зары сол «Сырымбетке» жиналғандай. Жамал ұзатылатын күндерде Ақан күндіз-түні күңіреніп «Сырымбетін» шырқайды да жүреді. Ақан түндерде «Сырымбетті» шырқағанда, кім ғана жыламаған, қалың қарауыл жылаған. Жас пен кәрі жылаған, әсіресе, нәзік жанды жас Жамал жылаған. Аулың қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңкар баласына. А-а-а-ау, сәулем! Қарындас-ау, енді есен бол… Бидайыққа лайық қалқа бала, Бөктергіге қор болып барасың да… Аулың қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына. Дариға, қайрылмадың, қалқа бала, Жүректің енді ем жоқ қой жарасына… Алтын қайық жарасар күймесімен, Назым тартпас бұлбұл құс сүймесімен. Қоскөл жаққа таныса киіп барған, Бешпетіңді бер, қалқа, түймесімен. А-а-а… сәулем. Қарындас-ау, енді есен бол… Сырымбет тауы — Жамалдың әкесі Жүсіп төренің қонысы. Ақанның Жамалға ғашықтығын жүйрік жүректің соңғы соғылуы, «Сырымбетті» Ақан жырларының ең соңғы сұлу жыры деуге болады. Жамал ұзатылған соң, Ақан тұңғиық қайғысын құшақтап, қалың елдің ішінде жалғыз қалады. Ақанның мұңды соңғы өмірі гүлсіз, үнсіз, жырсыз, түрсіз өмірге айналады. Бұрынғы жат мінездері тіпті жат, ұғымсыз түрге кіреді. Бірақ, дариға, жүйрік жүректің қайғымен жылынып, сөнгенін, терең жанның оймен уланып өлгенін кім ұққан?! Ақан алпыстан асқан кезде қазақ даласында қарашекпендердің қаптап келіп жатқанын айқын көріп, жақсы жерінен айрылған соң, елдің кедей болғандығын, елдің алды қараңғы екендігін жырлай бастайды. Әсіресе, қарашекпендер Ақанның ата мекені Қоскөлдің желкесіндегі Сарыкөлге қол салғанда, Ақан ылғи жүректен шығатын жырларымен қазақтың жерін жоқтай бастайды. Ақанның соңғы өмірі жырмен жер жоқтауға, Сарыкөлді іздеуге жұмсалған деуге болады. Бірақ қанша ізденсе де, Көкшетау мен Қоскөлдің арасын жүре-жүре жол қылса да, Сарыкөлді өзіне қалдыра алмаған, Сарыкөлге мұжық қаласы түскен. Туған жері мұжыққа кеткен сон, Ақан 50 шақырым жердегі Сасықкөлдегі бір күйеуіне көшіп барады. Сол күйеуінің қолында алты алашқа аты шыққан Ақан сері сұлу жырларымен, зарлы әндерімен, әсіресе басқа адамға үйлеспейтін жат мінездерімен аты шыққан Ақан ауырып, жетпіс жасында, 1913 жылы дүниеден қайтады. Сөйтіп, аласұрған ұшқыр жан, шарқ ұрған жүрек, жабайы жұртқа ұғымсыз, жат мінезді ірі жүрек, сұлулық іздеп, өмір бойы от болып заулап жанған жүрек мәңгі мұзға айналады… Ақанның жат мінездерін, өмір бойы тәңірі көріп сұлулықка табынуын көз алдыма алып келсем, менің есіме Англияның ақыны Оскар Уайльд келіп түседі. Оскар өмір бойы сұлулықты жырлаған, жалпы жұрттан сері деген лақап алған. Жұрт оны да сері деген. Сол серілігі үшін абақтыға жапқан… Ақан да сұлулыққа табынған. Алты алаштан сері деген ат алған… Бірақ Ақанның сұлулыққа табынуы тереңірек. Ақанның өмірінің жұмбағы түйіндірек. Мұның өмірі – мұң мен зар. Сол сұлулыққа табынудан туған мұң мен зар. Егер Ақан Оскар Уайльдтай өнерлі елдің ішінде туса… бұл тілекке жауап табу қиын. Мұндай тілекке жауап іздей бастасаң, еліңнің заулаған оттай баяғысы, қап-қара түндей кешегісі, жалпылдаған жындай бүгінгісі, қара тұман келешегі көз алдыңа келіп, Ереймен тауының бауырында өлген Құлагердің басын кұшақтап күңіреніп отырған Ақан серінің қасіретіндей жаныңды терең қасірет билеп алып кетеді…