Жаңалықтар

АРАМЫЗДАН ЖИРЕНШЕ ШЕШЕНДЕР ШЫҒА МА?

ашық дереккөзі

АРАМЫЗДАН ЖИРЕНШЕ ШЕШЕНДЕР ШЫҒА МА?

Туа біткен талантымен талайды тамсандырған заманның заңғар тұлғалары да, тектілігін жас талғамай таныта білгендігін тарихтан білеміз. Сабалақ атанған Абылайханның өзі буыны қатаймаған шағында мал бағып жүріп, қолына қойдың асылған басын бергенде бүкіл ауыл балаларын дөң басына жинап, алдымен тілін кесіп: «сен, шешен бол!»деп біреуіне берген, таңдайын кесіп:«сен, жезтаңдай бол!» деп бөле жеген екен. Оның тұқымының текті екенін осы қылығынан аңғарған  үй бәйбішесі Абылайхан екенін бірден білген деседі. Кемеңгерлік пен данагөйлік қаннан дариды. Білімділік пен мәдениеттілік, тіпті тұлға болып қалыптасу уақыт өте келе пайда болатынын білеміз. Оған қарсы құбылыс – алғырлық екінің бірінің маңдайына жазылмаған өнер. Қазаққа ғана тән қайырымдылықтың қаймағын бұзбаған текті би-шешендеріміз өткен заманның алыптары. Ал олардың бүгінгі тұяғын қалай сипаттар едік… Жеті жасында дау шешіп, он жасында ел билеп, он үшінде отау құрған кешегі бабаларымыздың ерлігін бүгінгі балаларымыз жасай ала ма?

Қазіргі балалалар (жасөспірімдер, жас жеткіншектер) мүлде басқаша. «Қожаның» хикаясынан гөрі, «Человек Паук» пен «Гари Поттер» ағайдың дүниелерімен тыныстағанды ұнататынын жасыра алмаймыз.Түсіру сапасы мен түпкі идея­сы жайлы сөз қозғамағанның өзінде, «Кунг фу панда» мен «Тачкиді» тамсанып көретін бүгінгі балғындар «Алты жасар Алпамыс» пен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» дейтін төл туындыларымызды естігісі де келмейтін сияқты. Тілі былдырлаған сәбилеріміздің шет ел мультиктері кейіпкерлерінің атын атап жүргенін естігенде жағаңды ұстайсың. Бір жағынан таңқалатын, тамсанатын несі бар деп те ойлаймын. Жас бүлдіршіннің қабылдау процесі жақсы жүріп жатқанда көретіні, еститіні солар болса, амал нешік. Ұлттық дүниетанымның іргетасы жас қазақстандық бүлдіршіндерге осылай орнықса, ертеңгісі одан сор. Ортасы шала, тілі шала – соның тынысымен тыныстаған қазақ баласы «шала» болмай қайда барсын? Ұлттық ән-жыр мен салт-сананың не екенінен бейхабар өскендер ертеңінде қазақтың жоқтаушысы болатынына күмәнім бар. Ал бұған кінәліні кім деп айта аламыз? Қоғам ба? Адам ба? Бұл айтқандарды қазіргі балаларды түгел қаралау деп түсінбеген де жөн. Қоғамдағы қалыптасып келе жатқан болмыс осындай. Бетховен сияқты 5 жасында музыка жазып, жұртты аузына қаратқандар да жоқ емес дейді білетіндер. Таланты тас жарса, жас ақын Жамбылдай болып алсын. 10 жасында Астанада кеш өткізіп, Құл-Мұхаммед келіп қолын алып, Жолдасбеков концертін жүргізіп, Оңғарсынова «әлем әдебиетіндегі құбылыс» деп бағалап, Президенттің өзі басынан сипап, робот сыйлап, оны Жамбыл «неге кітап сыйламады» деп өкпелегені – бүгінгі бала образының қаншалықты күрделеніп жатқанынан хабар берсе керек.  Жамбыл сияқтының ауылда талайы болған. Сондай балалардың біразы қазір – Астанада калькуляторға шұқшиятын мамандықты игеріп жатыр. Біреудің сыртынан мынандай деп анықтама беру – қиынға айналған заманда, Жамбыл секілді вундеркиндтер туралы да дәл қазір тіс жару – қиындау. Францияға барған бір ағамыз, «осы кіп-кішкентай болып алып, француздың балалары, қалай французша сайрайды-ей» деп таңғалған көрінеді ертеректе. Біздің басымызға да соған ұқсас жәй келіп тұр қазір. Ауылда «Менің атым Қожа» мен осы тектес фильмдерді көріп, Соқпақбаевтың кітабын сүйіп оқитын өз басым, қалаға келгенде, «кіп-кішкентай қазақтың балалары, қалай орысша сайрайды-ей» деп таңғалғаным да өтірік емес. Қожаның дәуірі мен біздің заманды шектен тыс салыстыру да, қазіргі балғындарды батысшыл қылып көрсетіп жіберуі мүмкін. Интернет пен электронды технологиялардың дамыған заманында өмір сүріп жатқан бала, рас қандай болуы керек? Балаңыздың арба итеріп жүргенінен гөрі, машинасының есігін пултьпен ашып-жауып тұрғанын сіз де көргіңіз келеді. Батысшыл деп кінәласаңыз – әлгі интернет пен өзге де техникалардың тілі, қазақ емес, солтүстіктегі көршіміздің тілінде сайрап тұр. Демек, бұл жерде басты рөлге – бала емес, ата-ана шығады деген сөз. Әке-шешесі қалай үйретіп, қайда жөн сілтесе – бала да сонда жүретіні ақиқат. Алайда, небір зұлматтан аман қалған қазақтан кешегі Абай мен Мұхтардың жолын қуатын, қазақтың дәстүрін сақтайтын білекті ұл, қылықты қыз тумайды деу де күпірлік шығар. Ендігі ел ертеңі, ондағы ұрпақ жалғасының қайтпек керек екенін ойланғанымыз абзал.

  

Еркежан ЖҰМАТАЙ