«АБЫЛАЙКЕНТ» ДЕП АТАСАҚ ШЕ?
«АБЫЛАЙКЕНТ» ДЕП АТАСАҚ ШЕ?
Осы пікірді қолдап жүрген авторлар тарихқа үңіліп, қазақтың жер-суға, елді мекенге атау беруінің заңдылығын ескере бермейді. Қазақта «Кереку» деген сөз еш уақытта болмаған, ешбір сөздікте мұндай сөз жоқ. Ондай кісі есімі де, жеке фамилиясы да, тегі де кездеспейді. Сонда бұл атау қайдан шыққан, қандай жолмен пайда болған?
Кейбір авторлар «Кереку»сөзін «Керегежар» деген сөзден шыққан деп те пікір айтып жүр. Бұл пікір де шындықтан алыс жатыр.
Ал көпшілік жұрт «Кереку» сөзінің мағынасына мән бере бермейді. Оны түсіну үшін Павлодар қаласының пайда болу тарихына байланысты еңбектерге көз салайық. Мысалы, С-Петербургте 1897 жылы Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефронның «Энциклопедический словарь» деген еңбегінде мынадай тарихи дерек бар : «В прежнее время Павлодарская станица носившая название Корякова служила главным пунктом погрузки соли из озера Корякова в 20 верст от станицы. В последнее время эта погрузка производится в разных местах Иртыша и особого склада соли в Павлодаре не имеется» (T. XXII, 574c.). 1925 жылы Москвада жарық көрген «Энциклопедический словарь русского языка библиографического института Гранат» (31T.,17 б.) былай деп жазылған: «Павлодар был основан в 1720 году под именем Коряковского поста, затем переименован в Коряковскую станицу, а в 1860 г. в город Павлодар». Осы пікірді Үлкен совет энциклопедиясы да қайталайды: «Город основан в 1720 г. как Коряковский форпост (затем станица, преобразованная в 1861 г. в город Павлодар)» (БСЭ, т. 19,м., 1975, с.68).
Қазақстанда шыққан «Краткий энциклопедический словарь. Казахстан» (Алматы, 2005 ж., 350 б.) жоғарыда көрсетілген деректерді қайталайды: «Павлодар основан в 1720 г. как Коряковское военное укрепление». Ал 2010 жылы «Аруна» баспасы жарыққа шығарған «Топонимика Казахстана. Энциклопедический справочник» былай деп дұрыс көрсетеді: «Павлодар ведет свою историю с 1720 года, со времени появления форпоста Коряковский (от названия соленого озеро Коряковское). В 1838 году форпост был преобразован в станицу Коряковскую. 4 (16) апреля 1861 года Коряков получил статус «защитного города с наименованием Павлодар в честь новорожденного Великого князя Павла Александровича» (710 б.) ».
Осы қалаға тұңғыш атауын берген тұзды көл Коряковка Павлодар қаласының солтүстік-шығысында 15 км жерде орналасқан, әлі кеуіп қалмай сақталып келеді. Осы жерде оның атымен аталған Коряковка селосы да бар. Көлге ие болған купец Коряков көлдің тұзын Оралға, Сібірге жіберіп отырып байыған адам болған. Павлодар қаласы тұрған жерде оның тұз артатын шағын пристаны болған. Аталған және басқа деректерде қала Кереку деген жерде, не елді мекенде пайда болды деген мағлұмат кездеспейді.
Сонымен Коряков қалайша Керекуге айналған деген заңды сұрақ туындайды.
Топонимика ғылымында атауды бір тілден екінші тілге берудің екі жолы бар. Бірінші – транскрипция әдісі. Бұл әдіс бойынша атау берген халықтың ауызша айтылған атауын қабылдаушы халық өзінің естуі бойынша қабылдап өз тілінің ережесіне сәйкестендіріп қолданады. Осы әдіс бойынша орысша Коряков сөзі қазақ тілінде Коряку-Кереку болып өзгерген. Мысалы біздің Уәлиімізді орыстар Вали, Уәлихановымызды Валиханов деген сияқты.
Атауды бір тілден екінші тілге берудің екінші жолы – транслитерация. Бұл әдіс бойынша атау берген халықтың атауын қабылдаушы халық өзінің қарпімен, бір қарпін өзгертпей қатесіз дұрыс береді (Коряков-Коряков деп). Сонымен «Кереку» орыстың Коряков деген фамилиясының қазақша қате транскрипцияланған яғни бұрмаланған түрі. Ендеше атын қайта тірілтіп, өнеркәсібі қарқындап өсіп келе жатқан, келешегі өте зор қалаға береміз деу топонимикалық сауатсыздық болады.
ҰҒА География институты Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры» РМҚК – мен бірлесіп 32 томдық «Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогын» барлық облыстар бойынша қазақ және орыс тілдерінде 2003-2010 жылдары жарыққа шығарды. Каталог масштабы 1: 100 000-дық топографиялық карталарда бар 120 мыңдай (cілтемесімен) жалпы жер-су, елді мекен және т.б. обьектілердің атауларын қамтиды. Оның 91,7 мыңы нақты жеке географиялық обьектілердің атауы. Соның 32,4 мыңы орографиялық обьектілер (жота, тау, шоқы, төбе, аңғар, жазық, ойпат, және т.б.), 25,9 мыңы гидрографиялық объектілер (өзен, көл, бұлақ және т.б.).
Каталогқа кірген орфографиялық обьектілердің 7,7 мыңы, яғни 23,9 % гидрографиялық обьектілердің 8,0 мыңы, яғни 31,0 % осы еңбек басылып шыққанға дейін орыс тілінде қате бұрмаланып айтылып және жазылып қолданылып келінді. Мысалы: Ертіс-Иртыш (дұрысы Ертис), Есіл-Ишим (Есиль), Іле-Или (Иле), Шынғырлау-Утва (Шынгырлау), Көкшетау таулары-Кокчетавские горы (Кокшетауские горы), Ерейментау тауы – Ермантауские горы (Ерейментауские горы), Қызыларай тауы – Кзылрайские горы (Кызыларайские горы), Қарағанды қаласы – город Караганда (г. Караганды) және т.б.
Каталогта осы сияқты орыс тілінде трансляциясы мен транскрипциясы бұрмаланған мыңдаған тарихи атаулар түзетілді, көптеген байырғы атаулардың тарихи атаулары қалпына келтірілді. Мысалы, Жоңғар Алатауы, Жоңғар қақпасы емес – Жетісу Алатауы, Жетісу қақпасы сияқты.
Өкінішті жағдай әлі күнге дейін бұрынғы қалыптасқан ескі дәстүр бойынша орыс тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген тарихи географиялық атаулар баяғыша бұрмаланған түрінде қолданылып келеді. Солардан құтылмай тұрып қазақша Кереку деп бұрмаланған орыс атауын Павлодарға қайтарамыз дегенді келешек ұрпақ кешірмес.
Павлодарға жаңадан атау береміз десек қазақ тілінің алтын қорының мүмкіндігі өте зор ғой. Ертіс өзенінің бойында орналасқан қалаға Ертіскент, Ақертіс, тіпті болмаса Абылай, Абылайкент деп неге бермеске? Павелдің еңбегі Қазақстанға Абылайдан көп болып па?
С.Әбдірахманов,
География институтының аға ғылыми
қызметкері, топонимика-терминология
тобының жетекшісі