Жаңалықтар

СИНГАПУРША СЕКІРІС ЖАСАУ

ашық дереккөзі

СИНГАПУРША СЕКІРІС ЖАСАУ

Осы аптада өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Премьер-министр Серік Ахметов: «Еркін экономикалық аймақ­тарды дамыту жұмысы біркелкі атқарылып жатқан жоқ. Инфрақұрылымға қомақты қаражат құйылды. Бірақ бас­қарушы компаниялар мен инвесторларды тарту жұмыстары кемшін түсіп жатыр. Біз әрбір экономикалық және индустриалды аймақтың стратегиясын нақты анықтап алуымыз керек. Бұған дейін қолға алынған жұмыстарды ақырына дейін жеткізуіміз керек», – деді. 

Бұл кемшіліктерді жою үшін Серік Ахметов алдағы уақытта арнайы аймақтарда қолға алынатын жобалар тыңғылықты түрде іріктеліп, олардың инновациялық жаңалықтарға арқау болуы керектігін баса айтты. 

Бүгінге дейінгі жұмыстарды қорытындылағанда, арнайы экономикалық аймақтарда жаңа өндірістің 120 түрі іске қосылған екен. Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау бұларға қосымша тағы 120 өндіріс ошағының салынып жатқанын мәлімдеді. 

2009-2012 жылдар аралығында арнайы экономикалық аймақтарда 224 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Оның 22 пайызы «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің» үлесінде. Сондықтан қазір қарқынды дамып жатқан бұл аймақтың аумағын ұлғайту туралы мәселе қарастырылып жатыр.

Бірақ арнайы экономикалық аймақтардың бәрі бірдей жемісті емес. Альберт Раудың айтуынша, жоспардағы даму көрсеткішіне жете алмаған аймақтар ішінде «Оңтүстік» (тігін), «Сарыарқа» (металлургия), «Ақтау теңіз порты» (логистика), «Павлодар» (химия), «Қорғас» (сауда-саттық), «Бурабай» (туризм) АЭА бар.

Сылбыр дамып жатқан үш бірдей арнайы экономикалық аймақтағы жұмысты жандандыру үшін Серік Ахметов оларға арнайы кураторлар тағайындалатынын мәлімдеді. «Оңтүстік» АЭА жауапты ретінде экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев, «Сарыарқа» АЭА кураторы болып индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, ал «Ақтау теңіз порты» АЭА кураторы болып «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті Асқар Мамин тағайындалды. 

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы тігін өнеркәсібіне бейімделген болатын, бірақ бұл аймақтағы даму көрсеткіші өте төмен. Оны дамытуға жеке қаражат көздерінен 24 млрд. теңге бөлініп, инфрақұрылымы толықтай қалыптасқан болса да, өндірісті жолға қою мәселесі шешілмей тұр. 

Бұлардан басқа «Астана – жаңа қала» (құрылыс), «Ұлттық индус­триалды мұнай-химия технопаркі» (мұнай-химия) жұмыс істейді. 

Бүгінге дейін арнайы эконо­микалық аймақтардың инфр­ақұ­рылымын дайындауға 400 миллиард теңгеден көп қаржы жұмсалған. Бұл қаражаттың төрттен үш бөлігі жеке инвестициялар екені көп жайттан хабар берсе керек. 

Соңғы төрт жылда АЭА дамытуға республикалық бюжеттен 44 млрд. теңге бөлінген, ал жеке қаражат көздерінен 82 млрд. теңгеден астам қаржы құйылған. 

Арнайы экономикалық аймақтар­дың тиімділігі туралы айтқанда, индустрия және жаңа технологиялар министрлігі осы уақытқа дейін 270 млрд. теңгенің өнімі шығарылғанын алға тартады. Жалпы шамасы 28 млрд. теңге салық түрінде бюджет қоржынына құйылған, яғни республикалық бюджеттен осы мақсатта бөлінген қаржының үштен бірінің қайтарымы бар деген сөз. 

Үкімет енді арнайы экономикалық аймақтардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін оның жұмыс істеу әдістерін қайта қарау жөн деп санайды. «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» жаңа заңда жеңілдіктер санын көбейту, жекеменшік жер телімінде АЭА құру мүмкіндігі, инфрақұрылымды дамытуға бюджет қаражатын көбейту, т.б. мәселелер нақтыланды. 

Арнайы экономикалық аймақтарды одан әрі дамыту үшін Ахметов үкіметі Сингапур тәжірибесін үлгі ретінде қарастырып отыр. Осы мақсатта сингапурлық Jurong Consultants компаниясымен әріптестік қарым-қатынас орнатылмақ. 

Сингапурлық компанияның вице-президенті Уилфред Лу Қазақстан үкіметінің отырысына қатысып, үш кезеңнен тұратын стратегиялық даму жоспары туралы баяндама жасады. Алғашқы кезеңде компания Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар туралы жан-жақты ақпарат жинап, оған сараптама жүргізсе, одан соң ұйымдастырушы құрылым моделін дайындайды. АЭА дамыту бағдарламасы екінші және үшінші кезеңдерде жүзеге асырылмақ. 

Алдағы екі жылда сингапурлық мемлекеттік үлесі бар компания Қазақстандағы арнайы эко­номикалық аймақтар жұмысын жандандыруға бел шеше кіріскелі отыр. Бұл үшін әрбір арнайы экономикалық аймақты дамыту стратегиясын анықтап, тыңғылықты жұмыс жүргізу керек.

Астана