Жаңалықтар

Саяси элита: Кім беделді?

ашық дереккөзі

Саяси элита: Кім беделді?

Бұған дейін де бұл орталық еліміздегі беделді басқарушы және мүмкіндігі мол саясаткерлердің тізімін жасаған еді. Бұл сауалнамаға 24 сарапшы қатысты. 

Сонымен танымалдығы мен беделдігі бойынша ең жоғары балл жинаған ҰҚҚ басшысы Нұртай Әбіқаев. Ол рейтингтің біріншілігін берген емес. Кейбір сарапшылардың пікіріне құлақ ассақ, Әбіқаев мырзаның бастамасымен елімізде Антитеррористік орталық ашылып, ішкі өзара қарым-қатынастың жаңа тетігі ретінде қызмет етіп келеді. Жуырда ғана Елбасы Жарлығымен бұл орталықтың дәрежесі жоғарылаған болатын. Антитеррорлық орталық күшіне енген сайын Қауіпсіздік кеңесінің беделі әлсіреуде. Осы кеңестің хатшысы Қайрат Қожамжаров 30-шы орынға тұрақтаған екен. 

Жүзден жүйрік үштіктің қатарында мемлекеттік хатшы Марат Тәжин бар. Соңғы кездері Тәжин мырза саясат сахнасында халықтың көңілінен шыққан пікірлерімен танымал болған сияқты. Мәселен, Марат Тәжин мырза: «Шынайы ұлттық мақтаныш шынайы ұлттық тарихтан басталады», – деп тарихты бұрмалаудан аулақ болуға шақырған еді. Іле-шала орыстілді басылымдарда Марат Тәжин мырзаның саяси кемшіліктері туралы көптеген мақалалар жарық көрген болатын. Шынайы тарихымызды білуге қарсылар әлі күнге шаш-етектен-ау. Үштікті түйіндеген саясаткер кім деп ойлайсыз? Ол – Кәрім Мәсімов. Қазіргі Президент әкімшілігінің жетекшісі. Премьер-министр болғанында халыққа пайдалы шаруаларды бастап, әлеуметтік жеңілдіктер жасағандықтан бұдан бұрынғы рейтингіде екінші орынға тұрақтаған еді. Ал шілдедегі рейтингте үшінші орынды иеленген, бірақ бұл қызметте Мәсімов мырза беделді және келешегі зор деген критерийлер бойынша жоғары балл алған. Мүмкіндігі жағынан төменгі көрсеткіш қойылса керек.

Үздік үштікке кірмесе де ауырсалмақты саясаткерлер баршылық. Сарапшылардың айтуынша,  жұмыс сапасы мен келешегіне қарағанда олардың беделі өте жоғары. Олар – Премьер-министр Серік Ахметов және Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Ахметов мырза Премьер-министр тағына келгенде: «мемлекеттік маңызы бар отырыстар қазақ тілінде жүргізіледі», – деп сарапшылар мен халықты бір сүйсіндірген болатын. 

Бұл ауырсалмақты саясаткерлердің қатарында сыбдырын білдіртпейтін саясаткерлер, яғни Президенттің штаттан тыс екі кеңесшісі – Болат Өтемұратов пен Тимур Құлыбаев та бар. Екеуінің де миллиардер екені белгілі. Forbes тізімінде әлемдік байлармен иық тірестіріп тұр. Бұл олигархтарды саясаткерлер қатарынан емес, беделді байлар қатарынан іздеу керек сияқты. Сондай-ақ Қаржы министрі Болат Жәмішев, Парламент мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин, вице-премьер әрі Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтің салмағы бір. Үдемелі индустриялық бағдарламасының жүзеге асып, 100-ден астам кәсіпорынның іске қосылғаны белгілі. Өйткені ин­дустриялық-инновациялық да­му­дың түрлі сценарийлері  жасалып, басым салалық секторлар мен кластерлерді таңдап алу, өнеркәсіптік саясаттың халықаралық үздік тәжірибелерін енгізу Исекешев басқаратын министрліктің мойнында. Осы аптада Исекешев мырзаға тағы бір қызмет жүктелді. Ол «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына куратор болды. Ол еліміздегі барлық экономикалық аймақтарға жауапты. 

Өткен маусымдағы рейтингте Қайрат Келімбетов сегізінші орында болса, бұл маусымда 23-орынға бір-ақ сырғыған. Ал тоғызыншы орынға жайғасқан Григорий Марченко бұл жолы 25-орынға ысырылыпты. Сарапшылар Марченконы келешегінен үміт күттірмейтін саясаткер ретінде бағалаған, өйткені осы критерий бойынша өте төмен баға беріпті. Ал ондықтың ар жақ, бер жағында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко орналасқан. 

Қазір жаздың нағыз ортасы. Бұл мерзімде депутаттар жазғы каникулға шығады.  Парламенттің демалысқа кеткеніне 2 аптадан асты. Сондықтан бұл рейтингке депутат мырзалардың мүмкіндігі мен беделі кірмеген шығар…