Жаңалықтар

Қоғам қайда барады?

ашық дереккөзі

Қоғам қайда барады?

Адамдар бірін-бірі қылмысқа итермелеп жатқан опасыз өмір. Әкесі қызын, шешесі ұлын орға жыққан сұм тағдыр. Жағымды хабар есту мұң болды түге. Қоғам тозып бара ма, әлде адам азғындап кетті ме? 

Соңғы кезде бұл сауал кім-кімді де терең ойға батырып жүргені белгілі. Көзге түрпідей, құлаққа жағымсыз естілетін мұндай жайттар бұрын да тіркелген шығар, кім білсін?! Алайда, қазір соңы қайғылы оқиғамен бітетін суық хабарды күн сайын есту үйреншікті жағдайға айналды. Бұған кім кінәлі? Кейбіреулер мұның себеп-салдарын қоғамнан іздейді. Бірақ қоғамда өмір сүріп жүрген кім? Әрине, адам. Қазір сол адам деген атқа кір келтіріп жүргендерден көз сүрінеді. 

«Естімеген елде көп». Өткенде Қарағанды қаласында екі қыздың бір-біріне  үйленгенін естіп жаға ұстадық. Ішімізден «Құдай бетін ары қылсын» деуден басқа ештеңе айта алмадық. Бірақ бұған әлгі қыздар түк те қысылған да, қымсынған да жоқ. Қаланың қақ ортасында «лимузин» көлігімен қыдырып, жұрттың назарын өздеріне аударғанына мәз. Мұнымен қоймай, кәдуілгі қыз бен жігітше тойдың барлық рәсімін атқарып, дүркіретіп той жасаған. Сорақысы сол, телеарналар мен интернет сайттары айтатын, жазатын түк таппағандай, жарыса  көрсетіп жатты.  Осы да насихаттайтын нәрсе ме? Телеарна мен интернетке байланған жастар мен жасөспірімдерге қандай тәрбие береміз? Мұны ойлап жатқан жан бар ма? Керісінше, қоғамдық орындарда сайран салып, тайраңдаған оларға неге тыйым салынбады? Ол ол ма, әлгі бикештер  2011 жылы қабылданған «Неке және отбасы» туралы заңда елімізде біржыныстылардың некесіне тыйым салынғанына да пысқырмаған сияқты. Демократияны желеу етіп, Еуропаға еліктеген шөпжелкелер өз өміріне балта шапқанын біле ме екен? 

Елімізде біржыныстылар талай мәрте шеру жасауға талпыныс білдірді де. Бірақ олардың әрекетінен түк шықпады десек те, ел-жұрттың алдында отау құрып жатқаны заңды белден басқандық емес пе? Бұл «жаңалықты» америкалық BBC «Қазақстанда тұңғыш рет біржыныстылардың тойы өтті. Құтты болсын!» деп қуана-қуана әлемге таратқанын қайтерсіз. Франция, Голландия ақпарат құралдары да үндемей қалған жоқ. Әп-сәтте Қарағандының аты дүниежүзіне таныла кетті. 

Статистикалық мәліметтер өздерін қоғамнан алшақ ұстайтын бұл топтың қарасы басым екенін айтады. СПИД орталығы қазіргі таң­да шамамен елімізде 240 мыңға жуық гомосексуал барын көрсетіпті. Ал, шын мәнінде, нақты көрсеткіш бірнеше есе көп көрінеді. О заманда, бұ заман ділімізге, дінімізге жат әрекет – әйелге әйел затының үйленуі, еркекке ер адамның әйел болуы қоғамның тамырымен жойылуына әкелері анық. Кезінде Сталиннің қылышынан қан тамған 30-жылдары қызтекелікке қатаң тыйым сал­ып, оларды соттау туралы жабық заң­ды қабылдағанын біреу білсе, біреу білмес. Осы шешімінің арқасында КСРО-дағы 2 миллионға жуық гейлердің азаюына түрткі болыпты. Өкініштісі сол, бізде азғын­дардың некелесуіне тыйым салынса да, қоғамның ондайларға көзі үйреніп алғандай. 

Янукович гейлерді қолдауға қарсы емес

Ал, Украинада тұрғындар гей-парад өткізбеу үшін табандап тұрып алды. «Киев Прайд 2013» ұйымдастыру комитетінен түскен ұсыныс соттың қарауына жіберілген болатын. Себебі, шеруге шығуға ниет білдірген 500-дей адам әлеуметтік топтарға жасалып жатқан қысымды тоқтату керектігіне екпін түсіріпті. Қанша жерден шыр-пыр болса да, шеру өтпей қалды. Алайда, еурокомиссия Киев әкімдігінің бұл шешіміне разы еместігін айтып, «Олар да қоғамның бір бөлшегі. Сондықтан да украиндық билікті азаматтар құқығын қорғауға және құрметтеуге шақырамыз. Гей шеру өткізу – бұл әлеуметтік өмір мен төзімділіктің мәселесі» деп араша түскісі келді. Еуропалық саясатты кеңейту жөніндегі комиссардың баспасөз хатшысы Петер Станоның айтуынша, аталмыш шара былтыр да белгілі себептермен кейінге қалдырылған екен. Еуроодақ ұйымы шерудің өтуіне барлық жағдайды жасауды жергілікті билікке тапсырғанын қадап айтса да,  дегеніне жете қоймағаны белгілі. 

«Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» демей ме? Еуроодақ доқ көрсетті ме, әлде құрығының ұзын екенін аңғартты ма, әйтеуір Украина президенті Виктор Янукович өзінің жолдауында мемлекеттегі гейлердің ролін жоғары бағалауына тура келіпті. Себебі, ақпан айында Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының 38 депутаты Радаға үндеу жасап, гомосексуализмді насихаттауға ты­йым салуға байланысты заң жобасын қайтаруды сұраған көрінеді. Әсіресе, бұл өздерін қорғауға мұқтажбыз деп санайтындардың көңілін көтере түсті. «Біздің мәселемізге билік органдарының құлақ асып, ақпарат құралдарының үн қосуы үшін жеті жыл уақытымыз кетті. Енді мемлекет басшысының батасын алып, қоғамдық қозғалыстардың алдыңғы ондығына кіруге тырысамыз», – деп ағынан жарылыпты «Украина гей форумының» өкілдері. Бұл мәселеден Грузия да тыс қалар емес. Өткен аптада Грузия парламентінің қарауына түскен «Гейлерді қорғау туралы» заң жобасын Әділет министрлігінің өзі жасақтапты. Заңнамалық құжатта құқығы аяққа тапталып жатқан әлеуметтік топтың мүддесін қорғайтын баптар келтірілген. Бірақ та Грузия парламентінің бұл заң жобасын мақұлдауы екіталай.