Жаңалықтар

Қарқаралы көштің салтанаты

ашық дереккөзі

Қарқаралы көштің салтанаты

Көшпелі мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақтардың бүкіл өріс аймағы маусымдық жайылымдарға бөлініп, қыстауға ықтасын, жылуыт, малды бораннан қалқалайтын орманды, тоғайлы, қамысты жерлер, жайлауға табиғи сулары мол өзендер мен көлдердің алқаптары, ауасы салқын биік таулардың қойнаулары пайдаланылды. Көктеу мен күздеу бір жерде болған. Жайлауға немесе қыстауға көшу қазақтар үшін ең маңызды кезең саналып, жолға сән-салтанатпен шыққан. И.И.Гейер қазақтардың көш салтанаты жайында: «Барлық жүк түйелерге артылады, олар ең жақсы кілеммен, жабумен, бұйдалармен әшекейленеді. Ауыл адамдары тойға киетін тәуір киімдерін киіп, сән-салтанатпен көліктеріне мініседі, жігіттер ат үстінде түрлі ойын-сауықтарын жасап көңілденеді. Қоналқалық жерде үй тігіп, бір-екі күн тоқтап, жайлауға қайта көшеді» – деген (1909 ж.). Кейбір байлар өз көштерін «қарқара» деп аталатын құс қауырсынын (көпестер әкеліп сатқан түйеқұстың құйрығы да осылай аталған – Т.К.) тең үстіне, күймелерге қадап сәндеген. Мұндай көшті «қарқаралы көш» деп атаған. Г.Н.Потанин: “қарқара деп көш кезінде кебежеге сәндік үшін тағатын қырғауылдың төрт қауырсынын атайды”, – деген (1916 ж.). Қазақтың аңшылық дәстүрінде қырғауыл аулау ерекше орын алғанын ескерсек, қырғауыл қауырсыны көш салтанатының бір атрибуты болған деуге негіз бар. Көш түйелеріне асмалдық деп аталатын оюланған, әшекейленген арнайы жабу жапқан, басына жібек шашақты ызба аспалар қадаған, мініс аттарына сәнді жасалған ер-тоқым ерттеген. М.Красовский көш салтанатын келе­сі­дей сипаттайды: «әйелдер мінген аттарының артқы жамбасын жауып тұратын арнайы қымбат матадан тігілген жабудың бір ұшын белдіктің артына қыстырған, осылайша ат жабуы көш кезінде атты да, ат үстіндегі әйелді де сәндеген; бәйбіше көлігі оюлап кестеленген, сырылған немесе моншақталған, кейде маржан сияқты қымбат тастармен өрнектелген шұға жабумен жабылды, қыздар мінген аттар да қымбат жабдықталды. Жүк артқан түйелердің бастары шашақ қоңыраулармен әшекейленсе, өркештері түйеқұс қауырсындарымен ерекшеленді, ерлер де бұл күні ерекше киініп, қолдарына қымбат қамшы ұстап, аттарына күміспен қақталған ер-тоқымдар ерттелді. Көшті жол бойындағы суаттар, жайылымдармен жақсы таныс ауыл ақсақалдары бас­тайды; одан кейін мал отары жүреді; одан кейінгі көш бойын ауыл ерлері, ерлерден соң ауыл әйелдері жалғастырады; көш соңынан жүк артқан мініс көліктері жүріп отырған; ауылдың жас қыз-жігіттері көштің екі қапталында, кейде ойнап, күліп көш соңында да жүрген. Ауыл көшінің бойы 10 шақырымдай болған. Егер көш жолы ұзаққа созылып, барып жаңа жерге тоқтағанда немесе жайлауға жеткенде қой сойып, ойын-сауық құрған» (1868 ж.). Қазақтар қыстаудан көктеуге көшерде құдайы тамақ беріп, бата жасап барып жолға шыққан. Бұл дәстүр “қауақ сындыру”, “оттан секіру”, “көшті аластау” сияқты әр түрлі ырымдармен жалғасты. Ауыл тоқтаған қоныс “жұрт” деп аталды. Жаңа жердегі жайылымға көшер болса, алдын ала қоныс қарап келгенге “жау­шы” жіберген. Әдеттік құқық бойынша бір ауылдың иеленген жеріне басқа ауыл көше алмайды, қыстық жайылымдық жерге меншікті де қатаң сақтауға тиіс болды. Қоныс қараушы жаңа жерді таңдағанда, өскен шөптің басын байлап, жерге өз руының таңбасын сызып немесе жерге кездік қадап, белгі қалдырған. Жаңа жер иемдену үшін көршілес қонған елден рұқсат сұрамаған. Алғаш келген адам белгі қалдырмаса, ол жерді кейін келген адам иемденген. Жайылымдық жер иеленуде екі қауым басшысы арасында талас туса, мәселе келесідей шешілген. Егер бір қауымның басшысы сұлтан, екіншісінің басшысы қарапайым адам болса, жер сұлтанның иелігіне берілген, ал бір қауымның басшысы беделді ақсақал болса, жайылымдық жер ақсақалдың пайдасына шешілген. Жерге дәрежесі тең келетін екі би, екі сұлтан, екі ақсақал таласқан жағдайда жайылым жасының үлкені есебіне беріледі. Иеленген жерге белгі қалдыру қазақ жерінің барлық өңірінде кездескен. Үстірт адайлары жазда солтүстікке қарай, қыста кepi оңтүстікке қарай көшкенде суатқа бірінші келіп тоқтаған ауыл суат немесе құдық басындағы шөптің басын буып байлаған. Топ будым деп аталатын бұл дәстүр ауылдың сол жерді иеленгендігінің белгici. Басқа ауыл байланған шөпті көрсе, онда олар суатқа тоқтамай одан әpi көше берген. Қыстаудан көктеуге көшуге дайындық жерге көк шыға бастағаннан басталады. Кешқұрым ауыл ақсақалының үйіне жиналып, мәжіліс құрып, көшу бағытын ақылдасады, ақсақалдар ұйғарған «сәтті күні» көш жолына шығады. Көш басындағы беделді азаматтар көштен 20-25 шақырымдай озып жүрген, кейде олар көштен бөлініп кетіп, жол-жөнекей аңшылықпен айналысқан. Көш жолы неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым ерте жолға шықты. Көктем ерте түсетін Сыр өңірі және оңтүстікте қыстаудан наурыз айының басында көтеріліп, көшпелі ауыл бір күнде 15 км-дей жол жүрген, көктеуге 15-20 күндей уақытта жеткен. Ерте көктем малдың төлдейтін уақыты. Төлдің аяғы шираған уақытта көктеудегі азық қоры да азайған, сол уақытта ауыл жайлауға қарай көшке шыққан. Көш көлігі қызметін түйе, ат, өгіз атқарды. Бай отбасының көшуі үшін жүк санына қарай 10-12 түйе, әлеуметтік жағдайы орта отбасы үшін 4-6 жүк көлігі, шаңырақтағы адам санына қарай 2-6 мініс көлігі қажет болған. Сыр бойында түйе мініс көлігі ретінде де, жүк көлігі ретінде де міндет атқарса, ал Тарбағатай, Қарқара өңірінде көш кезінде түйені тек жүк көлігі ретінде, ал Қара Ертіс даласында әйелдер түйені мініс көлігі ретінде пайдаланды. Алты қанатты киіз үйді бүкіл жабдығымен көшіру үшін алты түйе қажет болды. Үш түйеге екі қанаттан, қалған үш түйеге уықтарды, оның үстіне әр затты бөліп артқан. Түйеге тең артарда жүк денесін қажамас үшін үстіне киіз жабу жауып, уық ұстап тұру үшін уық қап, қанатты төменнен тартып тұру үшін қанат қап деп аталатын арнайы оюлап сырған бекіме кигізіліп, ол баумен тартып байланып, өркештің екі жағына тасталды, екі өркештің ортасына текемет артылды. Шығыс қазақтарының негізгі бөлігі қысқа қашықтыққа көшетін болғандықтан көш көлігін түйемен қатар ат, өгіз құраған. Алты түйені 7-8 өгіз, алты түйені 10-12 ат ауыстырған. Өгіз және атпен көбіне төрт қанатты киіз үй көшірілген, сондай-ақ ота­рында мал саны аз ауылдар көшкен. Жүк өгіздеріне ыңыршақ кигізілген. Шығыстың қысқа қашықтыққа көшкен ауылдары жайлау­дан қайтарда алдымен өгіз бен қысыр сиырлар, сонан соң жылқы айдап, бұзаулы сиыр мен қозылы қойларды көшпен қатар алып жүрген. Шығыс қазақтарында түйеге негізінен әйелдер отырған, ал Алтай қазақтары арасында түйені тек жүк артуға пайдаланған, мініс көлігі ретінде жылқыны қолданған. Көшу жолдары мен көшу типтері көшпелілер қоныстанған аймақтардың табиғатына байланысты қалыптасты. Көш жолдарының ұзақтығы әр тайпаның дәстүрлі шаруашылығына қарай, мал санының көп-аздығына қарай әртүрлі болды. Сырдың төменгі ағысы бойында және Қазақстанның батыс, солтүстік өңірі мен орталық аймағында қоныстанған тайпалар «меридиональды» көшу бағытын ұстанды, Қызылқұм, Іңкардария, Қуаңдария, Жаңадария көшпелілері ерте көктемнен Торғайға қарай, Үстірт қазақтары Елек өзеніне қарай көтерілген. Шөл даланы кесіп өтетін көш суат басына тоқтаған кезде малды тойдыра суарып алып, келесі суатқа жету үшін, тоқтаусыз, яғни аялдамасыз «үдере жүріп» немесе «үдере көшіп» отырды. Көш кешкілік уақытша тоқтатылып, шағын “жолым үй”, “қос” немесе уықсыз тек керегеден “жаппа” тігілді. Қонғыда кейде 2 күн отырған. Сыр өңірінің бай ауылдарының көшу жолы екі бағытта 2000 шақырымды құрады. Статист, топографтар Сыр қазақтарының тек бір бағытқа көшуі 1000, 1500 шақырым (1848 ж.), А.К.Гейнс Сыр қазақтарының көші Тройцк, Тройцкіден әріге дейін жеткен, орта есеппен бір бағыттағы көші 600-800 шақырым (1898 ж.), ал А.И.Добросмыслов «Сырдағы көшпелі тайпалар Қостанай өңіріндегі жайлауға жету үшін орта есеппен 800-1000 шақырымға дейін жол жүрген, жазда Торғай облысы жеріне көшетін Перовск және Қазалы қазақтары қыстаудан жайлауға дейін 600-1000 шақырым, тіпті одан да көп жер жүрген», – деген (1895 ж.). О.Финш пен А.Брэм Сырдариядан басталған көштің бір бағытының Тобылға дейін жететінін жазған (1843 ж.). Л.Ф.Костенко Сыр көшпелілерінің бір күнде 20-25 шақырым, 3-4 сағат тоқтаусыз жүріп отырған, ауа-райы қолайлы күндері бір күнде 40 шақырымға дейін жүргендігін айтады (1880 ж.). 1868 жылғы Уақытша Ереженің 218 бабында: «жайлаулар әрбір болыстық жеріне бөлінді; болыстар шамасы келгенше уезд төңірегінен ұзамауы тиіс деп көрсетілсе де, Сырдария қазақтарының Орынбор облыс­тары жеріне көшуі сақталып қалды», – деп көрсетілген. Ырғызда қоныстанған ауылдар Қостанай жеріндегі Үшбала жайлауына жету үшін 500 шақырым жүрген. Ал Жетісудағы Лепсілік жайлаулардың қыстаудан қашықтығы 3 шақырымнан 360 шақырымға дейін жеткен. Бұл жерде жайлауға ең ерте келу 20 сәуірге, ең кеш келу 15 тамызға, жайлаудан ең ерте кету 15 мамырға, ең кеш кету 1 қазанға саяды. Жетісулық ауылдардың жайлауға тоқтау мерзімінің әр келкілігі егін жинау, шабындықта шөп шабу ісімен тығыз байланысты қалыптасты. Лепсілік ауылдар мерзімдік жайылымдар арасында 100-ден 500 шақырымға дейін, ең көп дегенде 750 шақырымға дейін көш жолында жүрген. Жетісудың жайлаулары таулы-тасты аймақтарда болғандықтан көшпелілер тау шатқалдарын бойлай «тік» немесе «вертикальды» көшіп отырды. Таудың басы салқын, әрі қар кеш еритіндіктен, көк кеш шыққандықтан жайлауға кеш көшкен, күздеуге ерте оралған. Қопал уезіндегі матайлар мен садырлар Лепсі, Ақсу, Басқан, Сарқан, Биен өзендері мен Балқаш көлінің шығыс жақ бетінде қыстап, жазда Алатау етегі мен қыраттарындағы жайлауларға мамыр айының бас кезінен көтеріліп, шілдеде Алатаудан төмен қарай түскен. Қыркүйектің басында тауды бойлай қайта көтерілген. Қарқара өңірі және Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірі, ішінара Орталық Қазақстан көшпелілері арасында көшудің «тасымал» түрі қалыптасты, ауылдың бір бөлігі бірінші көшіп, белгілі жайлауға келіп қонған соң, жүк көліктерін қайта қайтарып, ауылдың қалған бөлігін көшірді. Тасымал көші 3-4 қатынауға дейін созылды. Көштің бұл түрі қысқа қашықтыққа көшетін жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар арасында кең қолданылды. Көшпелілердің құдықтардың үстінен өтуі, жол бойындағы құдықтарды тазалап отыруы, көш жолдарының өзен, бұлақ көздерінен шалғай кеткенде табиғи су көздері жоқ ен далада малды шөлден аман алып қалудың қамы еді, әрі құдықтар көшпелілер жолын жалғастырып жатты. Құдық басы суат деп те аталды. Бір суаттан екінші бір суатқа жету жолының қашықтығы 5-10 шақырым болатын. Көшпелілер үшін әсіресе Бетпақдала сияқты шөлді кесіп өту өте қиын болған. Бетпақдала (басқа да шөлдерге қатысты) арқылы Орталық Қазақстанға қарай көшетін тайпалар ыстық түспей жайлауға жетіп алу үшін наурыздың басынан көш жолына шыққан. Бетпақдаладан бір жол Торғай бойына, одан әрі Оңтүстік Оралды жалғастырып жатса, Орталық Қазақстан мен Оңтүстікті жалғастырып жатқан “Хан жолы”, “Қарқара жолы”, “Уанас жолы”, “Жеті қоңыр жолы”, “Сарысу жолы” жолдары бір кездері керуен жолдары болса, кейін бұл жолдардың белгілі бір бөліктері мал шаруашылығын күшейтуге қызмет еткен. Сыр қазақтары да Дариялық тақыр, Арысқұм сияқты шөлді кесіп өткен, ал қысқа қарай Сырға жету үшін осы шөлдерден күзгі алғашқы қар түскенде өткен. Сырдарияның төменгі ағысынан бастау алып, қазақ жерінің солтүстік батысына апаратын тарихи жолдың бірін «Сәтбай жолы», екіншісін «Тау жолы» құрады. «Сәтбай жолы Қарақұм құмдарынан бастау алып, Сырдария бойынан құмды алқаптарды кесіп өтіп Торғай бойына, одан әрі солтүстік батысқа апаратын еді, одан Оралға дейін созылып жатқан. Сәтбай жолының топографиялық ерекшелігі, жолдың дұрыс және тура бағытпен салынып, көбінесе табиғи су көздері бар, көгалды, жайылымы кең жерлерді басып өтетіндігінде. Сәтбай жолы, Тау жолының батысында, бір-біріне паралель жатыр. «Сәтбай жолы» бойынша көшу бағыты Сырдың сол жақ жағасынан басталған, көшпелілер Сырдария өзенінің мұзы үстінен наурыздың басында өтіп алған соң, Ақжотақұм, Құрмаяқ деген жерлерден өтіп, Қарақұмды көктеу ретінде пайдаланған, жайлауға барар жолда Баймұратөзекке (Алабасқа құяр тұсы) келіп тоқтаған, одан әрі Торғай, Қабырға өзендері арқылы жүріп, Қостанай уезінің Торғай уезімен шектесетін оңтүстік шекарасында орналасқан Сала мекеніне келіп жеткен. Царьская болысының қазақтары Саладағы суаттарға тоқтап, одан әрі Қостанай уезінің Шаштыраз жайылымына жеткен. Олар қыркүйектің 15-20-да жайлаудан кері қарай көшке жиналып, Торғай уезіндегі Тосым болысындағы Баймұрат күздеуіне 15 қазандарда жеткен, одан әрі Қарақұмға 15 қарашада жетіп, 15 күндей тоқтаған, одан әрі қыстауға бет алып, Сырға желтоқсанда келіп жеткен екен. Сыр қазақтары көш жолында жайлауға дейін шамамен 70 рет, қыстауға қайтар жолда шамамен 45 рет жолда тоқтаған. Сыр ауылдарының көбі қыстауда 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығында 90 күн, ішінара кей ауылдар, 10 наурызға дейін отырған. Қыстаудан ауылдардың алды 1-ші наурызда-ақ көтеріліп, Қостанай жайлауларына 90-110 күн жолда жүріп барған. Қостанай уезіне орыс қоныстану­шы­ла­рының келуі жайлаулық қоныстардың көлемін тарылта бастады. 1898 жылы Қостанай уезінің жайлауларында көшіп-қонып жүрген Перовск уезі Царьская болысына қарасты кей ауылдар 1900 жылы өз жайлауларына бармай Сала жайлауына тоқтаған. Бұл олардың жайлауға көшу қашықтығының қысқарғандығын көрсетеді. Сәтбай жолының негізгі суаттары Торғай уезінің Тосын болысының үстінде жатыр. 1910 жылы Царьская болысының көшпелілерінің бағытын бақылаған статистар: «Тосын болысы қазақ көш жолдарының тарихында Сырдария қазақтары «жаппастардың» жазда Қостанай жайлауларына дейін және одан кері қайтатын жолы үстінде жатыр. Ақпан аяғы мен наурыздың басында жаппастар Сыр бойынан кетіп, солтүстікке қарай Тобыл өзенінің жағалауына қарай бет алады, ал тамыз айында кері қарай жылжиды. Ұрқаштан Торғайға дейінгі жол бойына біздің экспедицияға отар-отар түйесі, қойы бар Сырбойылық жаппастар жолықты», – деп жазған (1911 ж.). Бұлардың «Сәтбай жолымен» жүретін көшпелі жаппас­тар екені анық. Сәтбай жолының шығыс бетінде жатқан «Тау жолының» бағытына келер болсақ, бұл жол Сыр өзенінен бастау алып, Айнакөл көлі арқылы Торғай даласымен жүріп отырып, Қостанай өңіріндегі жайлауларға дейін жалғасқан. Сыр бойылық көшпелілердің бұл екі жолы Торғай уезінде Торғай өзенінің оң жақ бетінде, Сала жайлауына жетер тұста тоғысқан. Сәтбай жолы мен Тау жолының қашықтығы, бағыты жағынан топографиялық ерекшелігі Үстірттен солтүстікке қарай бағытталған адай және табын руларының солтүстікке көшу жолына сәйкес келеді. «Адай жолы» және «Табын жолы» да бір-біріне параллель түскен, Маңғыстаудың Хиуамен шеттесетін аймағында орналасқан көшпелілердің Елек өзені бойына дейін баратын «Елек жолы» да ұзақ жолдардың бірі. Оңтүстік Үстірт көшпелілері Ембі өзені бойындағы жайлауларына жету үшін Сам, Шатырлы құмдарынан өткен. А.И.Левшиннің “Есіл мен Торғайда жазды өткізген бағаналы-наймандар қыста Қуаңдария бойына, ал жаппастар қараша айында Троицк жақтан Сырдария жағасына қарай бет алады” (1832 ж.), П.Небольсиннің “Сырдариялық алтын, жаппастар жазда Тройцкіге дейін көшкен” – деген мәліметтері (1854 ж.) Сыр қазақтарының жазғы қоныстарының бір шеті Есіл мен Торғай өзендерінің аңғары болса, бір шеті тіпті Тройцк жаққа дейін жеткендігін, “Сәтбай жолы” мен “Тау жолының” Сыр мен батысты жалғап жатқан тарихи дәуірлердегі байырғы көш-керуен жолы екенін нақтылайды. Сырдың төменгі ағысының оңтүстікпен шекараласатын шығыс аймағы қазақтарының қыстаудан көтерілу, қайту уақыттарында Сырдың батыс аймағынан айырмашылықтары болды. Г.Загряжский бойынша Сарысу жайлауларына қарай көтерілуі ерте көктемнен наурыздың басынан басталады, қыста Қызылқұмға көшкен қазақтар бұл кезде қойларын Сырдариядан мұз арқылы өткізіп алады. 25 наурызға қарай көшпелілер Сарысуды жағалап жүріп отырады. Жөлек болысының көшпелілері Шу өзені арқылы, Головачев және Сарышаған болысының көшпелілері Телекөл және Телікөлата арқылы көшеді. Көктеуге сәуір айының ортасына дейін тұрақтады. Ал, бай ауылдар Көлтөбе жайылымы, Билек ата бейіті арқылы Шақпақ төбеге, одан әрі Жаманқорғанға жетіп, мамырға дейін отырған. Одан әрі Мойынқұм, Ақаяқ арқылы Жырқамысқа келіп, бұл жерде мамырдың аяғына дейін болған. Қаражарға маусымның басында жетіп, шілденің ортасына отырып, одан кейін кері қайтып, Сырдария аңғарына тамыздың ортасында жеткен. Сарышаған болысының көшпелілері түйе малын қорғау мақсатында, өзендегі судың жылылығынан және сонаның көптігіне байланысты Сырдария жағалауына 15 тамыздан ерте келмейді. Қайтар жолда Ескідариялықтан судың жоқтығына байланысты тоқтамай жүріп өтеді. Ал, Ұлытау және Кішітауға қарай көш бастағандар, мамыр айында Көкалажарға жетеді, одан әрі Еспе өзенінің жоғарғы жағына көтеріліп, осы жерде 2-3 күн тоқтайды. Кішітау етегіне маусымның соңында жеткен. Малы аз қазақтар Дүйсенбай шатқалында тамыздың басына дейін қалып, Кішітау, Ұлытауға кеткен көшпелілерге қайтар жолда қосылған (1903 ж.). Ұлытау мен Кішітау аралығындағы Сандық жайлауына дейін 120 шақырым, көш жолы Қарағанды өзенінен оң жаққа қарай бұрылады, көшпелілердің бір бөлігі Қаракеңгір, Сарысу бойында қалады. Сарысу өзені жайылымдары әсіресе түйе малы мен жылқы үшін аса қолайлы болған. Сыр қазақтарының Сарысу жайлауларынан ерте көтерілуінің себебі, біріншіден, тамыз айында бұл жерде су тұзды болып ішуге жарамайды, отырықшылар 4-5 аршын тереңдіктен шыққан аса тұзды емес суды пайдаланады, екіншіден сарысулық наймандар солтүстіктен өз қыстауларына ерте тамыз айында оралады. Е.Александровтың жазбасын негізге алсақ, Перовскілік шөмекейлер Қарақұмда көктеуге, одан әрі Ырғыз уезіне қарай екі жолмен көшкен: Ырғыз-Торғай-Ырғыз бағытындағы бір көш жолы Жалтыр сор және Шебер көлдеріне жеткен, екінші жол Қазалы уезінен өтіп, Қарақұмға жетеді. Одан әрі Торғай уезі Алқа көліне жетіп, бір бөлігі осы жердегі жайлауларда қалса, бір бөлігіне Шалқар теңіз көлінің жағалауы уақытша қонысты қамтамасыз еткен. Ал, төртқаралардың қыстаудан жайлауға көші көктемнің алғашқы айларында басталып, Қарақұмда тоқтап, одан әрі Торғай уезіне жайлауға барған. Қарақұмнан екі бағыттағы жол арқылы шыққан төртқаралар Ырғыз шекарасына жеткенде үш бағытқа бөлініп кетеді. Қазалылық төртқаралардың көшінің үш жолы да Торғай уезі жеріндегі жайлауларға Ырғыз уезі арқылы жеткен. Қарақұмдағы көктеуден кейін қазалылық шектілер жайлауды Ырғыз уезі жеріндегі Төлсай өзені мен Ащысай өзені аралығына және Ибалы тауы етегіне салды. Е.Александровтың “…Бірінші бағыт Ырғыз және Ор өзенінен Орскіге дейін, жалпы Қарақұмнан батысқа қарай, екінші бағыт батысқа Кіші Борсыққа қарай апарды. Қызылқұм мен Жаңадария өзені жағалауын мекендейтін шекті, қарасақал, шөмекей, төртқара руларының әрқайсысының жайлауға көш жолдары болды. Қуаңдария көшпелілері Сырдария бойына уақытша аялдама жасап, одан әрі қыр арқылы Қарақұмға дейін тоқтаусыз көше береді де, шөмекейлер Қолмас тауынан шығысқа қарайғы жерде, төртқара мен қарасақалдар Қолмас пен Теректі арасындағы жерде, ал шектілер Теректіден батысқа қарай қоныстанды”, – деген дерегі де Ырғыз бен Торғай уездеріне қарай көшетін Сыр қазақтарының көш жолдарының бағыттарының “күрделі” екендігін дәлелдейді (1872 ж.). Ашмарин шектілердің Ырғыз уезінің жерлеріне жетіп, жазда Егізқара тауларына, Буратал, Ащыбұлақ, Үшқамты, Жарбұлақ және Қандай өзендеріне дейін, одан әрі Мұғалжар тауларын бойлай отырып, Ембі өзені жағасына дейін барғандығын көрсеткен. Шартты түрде Е.Александров көрсеткен көш жолын “Ырғыз жолы”, Ашмарин көрсеткен көш жолын “Елек жолы” немесе “Ақтөбе жолы” деп атауға болады. А.И.Добросмыслов бойынша Сарысудан бастап Тройцкіге дейінгі жолдың қашықтығы 945 шақырым, түйемен жүргенде әр суаттың қашықтығы 1 күндік жер, барлығы 27 күндік жолды құрайды. Ал, Телекөл көлінен бастап Орск қаласына дейінгі жолдың қашықтығы 910 шақырым, Телекөлден бастап Арыскөл тұзды көлінің солтүстік қиырындағы Қамысты бұлаққа дейін 2 күн, Қайдакөлден Бащыкөлге, Қабырға өзенінен Торғайға дейін жарты күннен, барлығы 26 күндік жолды құрайды. А.И.Добросмыслов көрсеткен Сарысу жолы Сыр өңірінен шығып Сарысу арқылы Торғай уезі жерінен өтіп, одан ірі солтүстік-батысқа қарай бағытталған. Керуен жолы ретінде қалыптасқан бұл жол кейін көшпелілердің көш жолы ретінде қызмет еткен. А.И.Добросмыслов, Сарысу арқылы өтетін бұл жол Сырдария қазақтарының ғана емес, Торғай уезі қазақтарының да жолын қамтамасыз еткендігін айта отырып, бұл екі жолдың бойынан жаз бойына көшпелі ауылдарды кездестіруге болатын, – дейді (1897 ж.). А.И.Добросмысловтың бұл жазбасынан Перовск уезінің шығысында қоныстанған қазақтардың Атбасар уезіне және солтүстік-батысқа апаратын Тау жолының белгілі бір бөліктерінің қашықтығын нақтылауға болады. Телекөлден Орскіге дейінгі жол 910 шақырым құраған болса, тек Сыр бойынан Қостанай шекарасына дейін шамамен 800 шақырым жол шығады. А.И.Добросмыслов «Сырдария облысының мал отары Торғай жеріне Орск-Қазалы пош­та жолының бойында орналасқан Теректі станциясы арқылы кіріп, одан әрі көш-керуен жолдарының бағыттарымен жүреді», – дей отырып, Ырғыз үстінен өтетін келесідей 5 көш-керуен жолын көрсетеді: 1) Ырғыз-Қарабұтақ-Орск; 2) Ырғыз-Қарабұтақ-Ақтөбе-Бердянка-Орынбор; 3) Ырғыз-Қарабұтақ-Ақтөбе-Верхнеозерная; 4) Ырғыз-Қарабұтақ-Ақтөбе-Томарөткел- Елек-Защита; 5) Ырғыз-Торғай-Қостанай-Веринский поселкасы (Тройцк тракті). Қыстаудан жайлауға қарай бағыт алған көш жолдары жайында екі түрлі қарама-қайшылықты пікір бар. Г.Загряжский: «көш жолдары керуен жолдарымен байланысты емес, көшпелі қазақтар білетін, өз алдына бөлек жол», – дей отырып, көш жолдарын қалыптастыру немесе таңдау малдың қамымен байланысты болғандығын айтады (1903 ж.). Авторлардың негізгі дені, керуен жолдары кейін көш жолдары ретінде қызмет еткен, – дейді. В.В.Бартольдтың Сырдария және Талас өзендерін кесіп өтетін керуен жолдарына қатысты дерегіне сүйене отырып, Ә.Марғұлан: «Қазақстанның Оңтүстігі мен шөлейтінің арасындағы Бетпақдаланы көшпелі шаруаның кесіп өтуі өте қиын. Көшпелі шаруа одан өткенде жазғұтұрым қар суының мол кезінде, не күзгі бірінші ақша қар түскен кезде ғана өтетін. Осы тәрізді жаз шыға шөлейітке (Орталық Қазақстанға) барып қысқа қарсы Оңтүстікке көшіп келіп, мал шаруа­сын күшейтудің нәтижесінде, Бетпақдаланың бойынан бірнеше көш-керуен жолы түседі», – деп көш жолдарымен керуен жолдарын бірге қарастырған (1949 ж.). А.Н.Тетерников: «Сырдарияның оң жақ бетіндегі көшпелілер көктемде Қарақұм құмдарына, одан әрі солтүстіктің шұрайлы жерлеріне көшер жолында саудагерлер керуеніне қарсы жолығып отырды», – деген (1867 ж.). Бұл көшпелілердің керуен жолдарын пайдаланғандығығын нақтылайды. Ырғыз үстінен өтетін керуен жолдары бағытының көш жолдарының бағытымен сәйкестігі мол деуге болады, ал Орск, Томскіге апаратын керуен жолдары көш жолдарының нақты үстінен түспейді, екі жол белгілі бір пункттерде ғана түйісіп отырған. Көш жолдарының қалыптасу және қолданыс аясына қатысты бұл екі пікірмен келісетін де, келіспейтін де тұстарымыз бар. Байырғы керуен жолдары жаугершілікте жорық жолдары, көш жолдары ретінде қызмет еткені белгілі, дегенменде керуен жолдары толығымен көш жолын қамтыған жоқ. Көшпелілер мал қамы үшін керуен жолдарынан шығып кетіп, жайылымы мол жерлерге қарай түсіп отырған. Мысалы, Сыр қазақтарының көш жолдары керуен жолдарының нақты үстінен түспейді. Сыр қазақтарының көш жолдары Ырғыз жолында, Сарысу жолында керуен жолдарының үлкен бір бөлігін қамтиды, «Сәтбай жолы», «Тау жолы» Орск, Томскіге апаратын байырғы керуен жолдарының бір бөлігін ғана қамтып, тек белгілі бір бекеттер мен суаттарда ғана түйісіп отырды. Көшпелілердің бір бөлігінің мал қамы үшін мерзімдік жайылымдарды ауыстыруы қыс кезінде де жалғасты, батыс қазақтарының бір бөлігі Сыр бойына, керісінше Сыр қазақтарының бір бөлігі Қызылқұмға, ал Маңғыстау, Үстірт қазақтарының бір бөлігі Хиуаға дейін барған. Әрине, қыс қолайлы болып, мал азығы жеткілікті болса, негізінен қыста көшпеуге тырысқан. Қазақтардың мерзімдік көш жол­да­рының бірнеше бағыттарын қалып­тас­тыруы, мал шаруашылығын ұйым­дас­тырудың технологиясын жетік мең­гер­ген­дігімен байланысты. Көші-қон бағыты мен қоныстану территориясы рулық қатынасқа негізделді, мысалы Перовск уезінің шығыс бөлігінде қоныстанған Орта жүз тайпалары Атбасар уезіне, Перовск уезінің батысы мен Қазалы уезінің басым бөлігін құраған Кіші жүз қазақтары қазақ жерінің батысы мен солтүстік-батысына, яғни өз руластарының жеріне қарай көшті. Ғ.Тоғжанов 1926 жылы жазған дере­гінде: «Қазіргі кезеңде ішінара көшпелілік сақталып отырғанмен ол жартылай көшпелі сипатқа ауысқан, көшудің ара-қашықтығы, характері өзгерген. Таза көшпелі шаруашылықтарды қазіргі кезде тек темір жолдан, қаладан, базардан алыс орналасқан шет жерден кездестіреміз (оңтүстік уездер мен адайлар), ал солтүстік уездерде (Қостанай, Петропавл, Орал, Ақтөбе және т.б.) алып қарасақ, бұл уездерде қазақ шаруашылығында көшпелілік тоқтаған, көшпелі болып қалғандарының өзі ең алыс дегенде қыстаудан 5-10, 15 шақырым жерге көшеді», – дейді. Бұл дерек алысқа көшу ішінара 1926 жылдарға дейін сақталғандығын нақтылайды. 1924-1925 жылдары Қызылорда уезі, Төлес ауылында болған статистер «ауыл мүшелері қыстаудан көшіп, жаздық киіз үйлерін қыстаудан 4 шақырымдай жерге тікті», – деген. Бұрын Сыр бойы қазақтарының көшу қашықтығы 800-1200 шақырымды құрағанын ескерсек, бұл ауыл көшпелілерінің көшу қашықтығының мүлдем қысқарғандығын және көшпеліліктен отырықшылыққа ауысу процесінің соңғы кезеңдерінің жүріп жатқандығын дәлелдейді. П.П.Румянцев: «өткен ғасырдың 20­ жылдарында хандық биліктің жойыл­ған­дығына қарамастан, бұл жерде (Сырдария өзені, Ұя өзенінен Каспийге дейінгі аралықты айтып тұр – Т.К.) қазақ халқын басқару тікелей орыс үкіметінің бақылауында болған жоқ, рулық және ордалық бөліктерде басында орыс билігі бекіткен сұлтандар тұрды, шындығына келгенде олардың билігінің әсері орыс шекарасына жақын маңдағы қазақтарға ғана кеңінен жүрді. Сондықтанда Ұя өзенінен Каспийге дейінгі аралықта және Сырдария өзені бойында көшпелілік әлі сақталып қалып отыр. Қазіргі (ХХ ғ. басы – Т.К.) Торғай және Сырдария облыстарының қазақтары өткен ғасырдың ортасына (ХІХ ғ – Т.К.) дейін тәуелсіз болып келді», – деген (1910 ж.). ХХ ғасырдың басында Сырдария, Ұя өзенінен Каспийге дейінгі аралықта көшпеліліктің сақталуының себебі бұл өңірде орыс билігі тісінің қатты батпағандығында. Ш.Уәлиханов: “Бір қаланың аумағына жетерлік жер бір ауылдың жайылымдық жерін қамтамасыз ете алмайды, әрбір малшы ауыл үшін қыстық, жаздық, көктеулік, күздеулік жайылымдық жер керек… Қазіргі кезде жайылымдық жерлері тарылғандықтан жерге мұқтаж болып отыр. Қазіргідегідей жерді округтарға бөліп, белгілі рулар мен жекелеген адамдарды қыстау мен жайлауға бекітіп беру дәстүрлі мал шаруашылығының ырғағының бұзылуына әкеп соғады. Қазіргі кезде көшпелі мал шаруашылығы орын алып тұрған кезде көлемі шағын жерден, айтарлықтай пайда келтіру мүмкін емес”, – деген еді. Осылайша, ХІХ ғасырдың орта кезінен бастап кей ауылдар қыстауда тұрақтап, жартылай отырықшы шаруашылыққа көше бастады, бір бөлігі көшу радиусын 20-25 км.-ге дейін қысқартты. Осындай тығырыққа тірелген тұйықтан шығудың бір жолы отырықшы шаруашылыққа өту еді.

Тәттігүл Қартаева,

әл-Фараби атындағы 

ҚазҰУ-нің доценті, 

тарих ғылымдарының кандидаты