Жат жұртта жәудіреп жүр ме екен?..
Жат жұртта жәудіреп жүр ме екен?..
Ал өзіміздің бауырлар шетел асып, оқуға барғанда қандай жағдайға тап болады?
Олардың азамат ретінде құқы қандай?
Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында мыңдаған шәкірт шетел асып, «инемен құдық қазып жүр». Ал мұның сыртында шетелдік гранттармен өзге елге қанат қаққан жастарымыз қаншама?
1993 жылы Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы жыл сайын қазақ жастарының 87 мамандық бойынша әлемнің 32 елінде білім алуына жол ашты. Дерекке сүйенсек, бұл стипендия бойынша 5 мыңнан астам қазақстандық шетелде білім алып келген. Ал қазіргі таңда екі жарым мың жас шетелде оқып жатыр.
Десе де, шетелде бала оқытудың артықшылығын ғана айтпай, кемшін тұстарын айтар сәт те келді.
Іргедегі 1,5 миллион халқы бар қытай елі шетелге бала жіберуге айлалы көзбен қарайды. Жылына оқу мақсатында бірнеше мың адамды ғана шекара асырып, 2-6 айлық, әрі кетсе, бір жылдық білім беру курстарына аттандырады. Олардың денін мемлекеттік қызметкерлер құрайды. Ал, 120 миллионнан астам халқы бар Жапония мемлекет тарапынан жылына 15-ақ азаматты шетелде оқытуға рұқсат береді екен. Аталмыш елдердің адам ресурстары көп бола тұра, біз секілді 4-5 жылға бала жібермеулерінің астарында не бар?
Біздің еліміздің оң мен солын енді таныған жастарын шетелге жіберу қауіпті емес пе? Жат елдің идеологиясын айтпағанда, өзге елдерде Қазақстан саясатына ықпал еткісі келетін саяси топтар бар. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», олардың сол идеологияны жастарға сіңіру арқылы мемлекетіміздің саясатына саңылау салмасына кім кепіл?
Елімізге сансыз миссионерлер аттандырған батыс елдері өз аяғымен келген жастарымызды сәтті пайдаланып кетуі де мүмкін емес деп айта алмаймыз.
Жасындай жарқылдаған жастарды жалт-жұлт еткен дүниемен қызықтырып, қаржылай стипендиямен алдарқатып, елітіп әкетпесін десек, бұл мәселеге де бас ауырту артық емес.
Қызым – үйде, қылығы – түзде
Жуырда шығыстанушы-журналист Ғалым Боқаштың «Лондонда оқып жүр» атты мақаласы жарық көргені белгілі. Мұнда автор өзінің де шетелде тәлім алғанын және Еуропа елдерінде өмір сүргенін айта келе, Қазақстаннан келген студенттердің жүріс-тұрысы өзгеше екенін айтады. Мәселен: «Қазақстаннан мұнда келіп оқитындар – я мұнай-газ компаниялары арқылы шағын курсқа жазылған жас мамандар, я бай-бағланның тіл үйренуге, дайындық курсын оқуға келген балалары. Алты-ақ айға келсе де, жекеменшік көлік сатып, я жалға алатындар – арабтар, латын америкалықтар, орыстар мен қазақтар», – деп жазады.
Бұдан біраз уақыт бұрын Қазақстаннан мұхит асып, білім алуға барған Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың Бостондағы жарылысқа қатысы бар деп айып тағылғанын бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары жар сала айтқан. Бұл істің астарында не бары белгісіз. Ал шетелдегі қазақстандық студенттердің құқығын қорғау мәселесі туралы Қазақстанның мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына арналған дөңгелек үстелде депутат Гүлнар Ысқанова сөз еткен еді. Жат жерге барғанда кездесетін қиындыққа қарамай-ақ қазақ жастары шетелде білім алуға құштар екенін әркім-ақ көріп жүр. Алматыдағы №13 мектептің түлегі, қазірде Дубайдағы австралиялық Wollongong университетінің студенті Еркебұлан Бейсенбаев оқуын бітірісімен туған жеріне оралып, елінің тасын өрге домалатуды ойлайды. «Бізде қазір көптеген мекемелерде үлкен ағаларымыз әлі де кеңес заманының ой-санасымен өмір сүреді, шындығы осы. Ал, біз болсақ, алған білімімізді, тәжірибемізді көрсетіп, жаңаша әрекет етуіміз керек. Экономика, саясат, әлеуметтік жағынан болсын, Қазақстанға жаңаша ойлайтын мамандар, жаңа жобалар қажет», – дейді Еркебұлан Бейсенбаев.
Ал жақында ғана Вайоминг университеті мен ҚазҰУ-дың келісімшартына сәйкес, магистранттарға арналған екі апталық тағылымдамадан өтіп келген ҚазҰУ-дың магистранты Әйгерім Тәсілованың пікірінше, шетелде оқудың орны бөлек. Олай дейтіні, шетелде студенттің білім алуына толық жағдай қарастырылған. Мәселен, бір студентке үш компьютер тиесілі, әрі біздегідей емес, студенттер жазда да жатақханада тұра алады. «Білім сапасын айтпағанда, студенттің әлеуметтік жағдайын бірінші айтар едім. Егер мұндай мүмкіндік тағы туса, ойланбастан барар едім», – дейді ол ағынан жарылып.
Әрине, келешектің көкжиегін кеңіту үшін жастарымыздың дамыған елдерді көруі, сол жақтан дәріс алып, елінің кемесін алға сүйреуін мемлекет те қолдайды. Осы бағытта «Болашақ» бағдарламасы жастарды өзі таңдаған озық оқу орнына орналастыру, оны оқуын бітіргенше қадағалау, сосын елге оралған соң жұмыспен қамту сынды жұмыстарды дөңгелетіп жатқаны рас.
«Болашақ халықаралық бағдарламалар» орталығы сайтындағы дерекке қарағанда, бұл стипендиядан үміткердің 1-3 жыл аралығында жұмыс өтілінен басқа өзгеріс жоқ. Бағдарлама директорының орынбасары Әсет Әбдуәлиевтің айтуынша, стипендияға үміткердің жұмыс өтілі болуы керек, сонымен бірге жұмыс беруші компания стипендияға ие болған азаматтың жұмыс орны сақталатыны жөнінде ақпарат беруі тиіс.
Осыған қарағанда «Болашақпен» оқу бітіргендер енді жоғарғы жалақысы бар жұмыстарға жүгірмей, өзі істеп кеткен қызмет орнының дамуына үлес қосады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, ғылым кандидаты Мария Жұмабекова да бұл өзгерісті қолдағанымен осы жайтқа алаңдайтындығын білдірді. Себебі, «Болашақ» бағдарламасымен оқығысы келген шәкірттер университет бітірісімен бағдарламаның грантын ұтып алуды емес, жұмыс табуды ойлайды. Оның пікірінше, 21-22 жасында университет бітіретін жастарға жеңілдік жасалуы керек.
«Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуды армандайтын Айдын Амангелдінің бағдарламаға енген өзгерістен кейін арманы алыстай түсіпті. «Биыл бакалаврды бітіріп, магистратураны шетелде «Болашақпен» оқимын деп жоспарлап жүргенмін. Төрт жыл университетте оқығандықтан мен еш жерде жұмыс істемедім. Яғни жұмыс өтілім жоқ. Енді шетелдік оқу орындарындағы басқа бағдарламалар бойынша грант ұтып алуға тырысамын. Ал одан ештеңе шықпаса, жұмыс іздеуге тура келеді. Жұмыс тапсам, екі жылдан кейін «Болашаққа» құжат тапсырып көремін», – деп мақсатынан бас тартпайтындығын білдірді.