Туризмді дамыту – басты мақсатымыз
Туризмді дамыту – басты мақсатымыз
Бүгінде бұл ауданда 13 ауылдық округ бар. Халқының саны 106 мың адамға жетіп отыр. Киелі Қазығұрт тауының баурайынан орын тепкен ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық ахуалы жыл сайын жақсарып келеді. Аудан әкімі Болатбек Қыстауов мырзамен сұхбаттасып, өңірдің бүгінгі жағдайы туралы ой бөліскен едік.
– Болатбек Дүйсенбекұлы, Қазығұрт ауданының бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы не айтар едіңіз?
– Ауданымызда 106600 тұрғын тұрады. 64 елді мекен бар. Ауданның негізгі шұғылданатын саласы егін мен мал шаруашылығы. Былтыр 75 000 гектар жер игерілді. Астық өндіру бойынша облыстық деңгейде бірінші орынды иеленіп, «Алтын күз» жеңімпазы болдық. Биыл да жерді игеру жұмыстарын одан әрі жандандырып, 85 900 гектарға жеткізбекпіз. Оның ішінде 23 000 гектар мақсарыға, 25 000 гектар астық дақылдарына арналып отыр. Бұл жұмыстар аяқталуға жақын.
Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламалар да жыл өткен сайын орындалуы жағынан дамып келеді. Айталық, «Жұмыспен қамту – 2020», «Сыбаға», «Өңірлерді дамыту», «Ақбұлақ» таза ауызсу сияқты бағдарламалар кеңінен атқарылып отыр. 2012 жылы 7 млрд. 300 млн. теңгенің құрылыс нысандары салынды. Соның ішінде 64 елді мекеннің 42-сі бүгінгі таңда таза ауызсу құбырымен толық қамтамасыз етілді. Халық санына шаққанда 84 пайызға жетті. Қалған 22 елді мекенде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша су көздері 2013-2014 жылдары анықталып, соның негізінде жүргізілетін жұмыстарды жолға қойсақ, 2017-2018 жылдары аудан халқын 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтитын боламыз.
Ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша үш кезеңнен тұратын жұмыстар іске асырылуда. 2012 жылдың қаңтарында 11 елді мекен ғана газ құбырымен қамтылған болатын. Алға қойған межемізге сәйкес 2014 жылы аудан халқының 75 пайызы көгілдір отынмен қамтылмақ.
Ауданымызда 42 орта мектеп бар. Ал, ыңғайластырылған мектептердің саны 22. Барлығы 25580 оқушы бар. Типтік үлгіге сай келмейтін мектептердің мәселесін шешу де қолға алынып отыр. Облыс басшысы Асқар Исабекұлының тапсырмасы бойынша апатты жағдайдағы оқу ордаларын реттеу бірінші кезекте тұр. 2013 жылдың қорытындысында апатты жағдайдағы мектептер болмайды деп отырмыз. Ендігі мәселе ыңғайластырылған мектептердің құрылысын жүргізу. Ол ауданның бекітілген даму бағдарламасы шеңберінде іске аса береді. Аудан бойынша мектепке дейінгі мекемеге баратын балалардың саны 6 мыңға жуық. Солардың 4087-сін балабақшамен қамтамасыз етіп отырмыз. 13 мемлекеттік балабақша, 1 жекеменшік балабақша қызмет қызмет көрсетіп тұр. Жекеменшік балабақшалардың қатарын арттыру үшін де тиісті жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылдың соңына дейін осындай 3 балабақша пайдалануға беріледі. Осы жылға межеміз 65 пайыз балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз ету.
– Ауданда кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары қалай жүзеге асуда?
– Былтыр түрлі қаржы институттарынан 1 млрд. 280 млн. теңгеге несие алынды. «Жұмыспен қамту – 2020», «Дипломмен ауылға» және «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламалары бойынша біраз шаралар атқарылды. Былтыр 72 кәсіпкер шағын несие алып, шаруаларын дөңгелеткен болса, осыған орай жұмыс орындары да ашылды. 2012 жылдың қорытындысында аудан бойынша тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 4 мыңға жетті. Елбасы Н.Назарбаевтың және облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасына сәйкес, «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы да ауданымызда қолға алынған болатын. Былтыр 13 жоба іске асты. Ол жерлерде 385 жаңа жұмыс орындары ашылды. Солардың ішінде ет өңдеу саласы бойынша «Серпер Инвест» ЖШС-і жұмысын бастады. Ол жерде ет өнімінің 27 түрі шығарылады. Биыл да өңдеу саласы бойынша 3 жобаны іске асырмақпыз. Биыл тағы да 3075 азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады деп отырмыз.
– Былтыр облыс бау-бақша өнімдерін жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті. Онда Қазығұрт ауданының да үлесі мол деп ойлаймыз. Жинаған өнімді сақтайтын аудандағы қоймалардың жайы қалай?
– 2012 жылдың қорытындысында ауданымызда 831 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы қолданылды. Жылыжай көлемі 5 гектарға жетті. Былтыр жылыжайдағы өнімнің өнімділігі 12 мың тоннаны құрады. Әрине, бұларды сақтайтын қоймалар қажет. Былтыр сыйымдылығы 4140 тонна болатын қоймалар пайдалануға берілген болса, жалпы 2013 жылдың бірінші қаңтарына қоймалардың сыйымдылығы 8390 тоннаға жетіп отыр. Биыл тағы 4000 мың тоннаға лайықталған қойма пайдалануға берілетін болады. Енді Шанақ стансасынан логистикалық орталық салуды жоспарлап отырмыз. 100 000 тоннаға дейінгі өнімді сол жерде сақтап, темір жол арқылы тиісті жерге жеткізетін боламыз.
– «Жолдың жайын жүрген біледі» деген сөз бар. Халыққа ең қажетті инфрақұрылымның бірі – жол. Бұл сала бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ауданда 52 шақырымды құрайтын республикалық жол және 325 шақырым аудандық ішкі жолдарымыз бар. Облыстық жолдардың 100 пайызы орта жөндеуден өткен. Ауданның ішкі жолдарын жөндеу мәселесі күн тәртібінде тұр. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы 142 млн теңгеге ішкі жолдар жөнделетін болады. 2020 жылға дейін ішкі жолдарды талапқа сай етіп жөндеу жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз.
– Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың саны өсіп барады. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу шаралары жүзеге қалай асуда?
– Дұрыс айтасыз. Өкінішке қарай, біздің ауданымызда да жастар арасындағы әртүрлі қылмыстар болып тұрады. Қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Әрине, біріншіден, жастарды спортқа баулыған жөн деп ойлаймын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында былтыр Қарабау ауылдық округіне қарасты Сынтас елді мекенінде заманауи талапқа сай келетін үлкен спорт кешені пайдалануға берілді. Жалпы аудан көлемінде спортпен шұғылданатын азаматтардың саны 20 мыңнан асып отыр. Тек қана спортқа тарту емес, кәсіппен айналысуларына да мүмкіндік жасалып жатыр. Сонымен қатар, ауылдарымыздағы ақсақалдарымыз, алқа билеріміз мектептердің психолог мамандарымен бірлесіп әр мектепке барып, оқушылармен кездесулер өткізеді, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал, жастарды кәсіпке баулу туралы бір мысалды айта кетейін. Ауданымызда мал бордақылаумен айналысатын «Жарас» деген мекеме бар. Ол жерде ауыл жастарына кәсіпті үйрету үшін жұмысқа тартады. Еңбек ақыларын алады және мал бордақылудың қыр-сырына қанығады. Одан ары қарай өздері жеке кәсіппен айналысуларына мүмкіндіктер қарастырылады. Яғни осы сала бойынша жеке кәсіпкер болып шығады. Сол жерде жұмыс істеген жастардың тоғызы өз кәсіптерін дөңгелетіп әкетті. Алды 200 басқа дейін, қалғандары 10-20 бас болса да, мал бордақылаумен айналысып жатыр. Бұдан басқа жастарды жылыжайға жұмысқа тартып отырмыз. Ол жерден де жастар жұмысты толық меңгеріп алғаннан кейін өздері жеке шығып, кәсіп жасайтын болады. Бір сөзбен айтқанда, жастарды еңбекпен тәрбиелеуді қолға алдық. Нәтижесі де жаман емес. Осыны бұдан әрі басқа да салаларға енгізу ойымызда бар. Ал спорт мектептеріне барып шұғылданатын жастарымыздың саны 3589-дан асып отыр. Олар мектептен тыс уақытта спортты жандарына серік етіп жүр. Өзіміз де мекеме басшыларымен аптасына үш рет футбол ойнап тұрамыз. Мемлекеттік қызметкерлер арасында футболдан жиі жарыстар ұйымдастырамыз.
– Қазығұрттай киелі мекенге әкім болу үлкен жауапкершілік жүктейтін шығар…
– Мәселе – әкім болу емес. 106 мың халықтың алдындағы жауапкершілік бірінші орында. Салмақ осыда. Шамамның келгенінше бар мүмкіндігімізді жұмсап, ауданды гүлдендіруге, өркендетуге қызмет етіп отырмыз. Бүгінгі жағдайымыз жаман емес. Шүкіршілік етеміз. Ал енді шынымен да Қазығұрт ауданының ерекшелігі мен қасиеті бар. «Қазығұрттың басында кеме қалған» деп жатамыз. Бұның өзі үлкен тарих. «Нұх пайғамбардың кемесі қалған» деген аңыз бар. Наурыз Қазығұрттан басталады деп жыл сайын наурыз мерекесін басқа аудандардан бұрын және ерекше атап өтеміз. Енді Қазығұртқа байланысты аңызды өскелең ұрпаққа дұрыс насихаттап жеткізуіміз керек. Кеме монументін заманға лайықтап, сырттан келіп көретін қонақтар үшін көркейту жұмыстарын да қолға алып жатқан жайымыз бар. Ауданымыздың табиғаты талайды таңдай қақтырардай деп мақтана аламыз. Туризмді дамыту мақсатында төрт бағытты қолға алып отырмыз. Біріншісі – Ақбура әулие; екіншісі – кеме қалған Қазығұрт тауын; үшінші – Қожа Ахмет Яссауидың немере інісі Ысмайыл ата кесенесін; төртінші – Өгем тауына атпен немесе жаяу адамдардың серуендеп, тамылжыған керемет табиғатты тамашалауларына мүмкіншілік жасау.