Жаңалықтар

КӨГІЛДІР ОТЫН – КӨПТІҢ ИГІЛІГІ

ашық дереккөзі

КӨГІЛДІР ОТЫН – КӨПТІҢ ИГІЛІГІ

Ендігі кезекте облыс аумағынан «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының өтуі, облыс халқының көгілдір отынға қол жетімділігін еселеп, барлық елді мекендердің қамтылуына жол ашып отыр.

Магистральды газ құбырына қосу арқылы облыс­тың елді мекендерін газдандырудың І кезеңінде алдағы екі жыл ішінде 21 елді мекенді газдандыру  жоспарланған. Бұл жұмыстар тиісті дәрежеде атқарылған жағдайда, яғни, бірінші кезеңде Қызылорда облысы халқының 70 пайы­зын газбен қамтуға мүмкіндік туады. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры құрылы­сы­ның жүргізілуі үстіміздегі жылдың соңына дейін бел­гіленген. Соған байланысты аймақтың елді мекендерін газ­дандыруға толық дайын болуды қамтамасыз ету мақсатында биыл техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу үшін барлығы 921,8 млн. теңге қаржы қажет болса, қазіргі таңда соның 623,6 млн. теңгесі бөлінген. 

    Облыстық энергетика және тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық басқармасының деректеріне жүгінсек, бөлінген 623,6 млн. теңге қаржыға келесі жұмыстар атқарылмақ. Оның алғашқысы 13 автоматтандырылған газ тарату стансаларын (АГТС) салып, оларды магис­тральды құбырға қосудың техни­калық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу. Соны­мен қатар, Арал, Байқоңыр, Қазалы қалаларының қалаішілік газ құбырлары құрылысының техникалық құжаттары әзірленеді. Сол секілді сегіз елді мекенді газ­дандырудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу қарастырылған. Қазір бұл жұмыстар бойынша мемле­кеттік сатып алу рәсімдері өткізілуде. Қалған 298,2 млн. теңге қаржы бөлінуімен келесі 10 елді мекенді газ­дандырудың жобалау-сметалық құжат­та­масын дайын­дау көзделген.

Алдын ала есептеулер бойынша аталған елді мекендерді газдандыру үшін құрылыс-монтаж жұмыс­тарына 2014-2015 жылдар аралығында респуб­ликалық бюджеттен шамамен 40 млрд. теңге қарастырылуы қажет. Қазір Қызылорда қаласының тұрғындары түгелдей дерлік көгілдір отын игілігін көріп отыр. Алайда, түрлі себептермен қаланың әр түпкірінде газ құбырлары жетпей қалған үйлер де бар. Олардың жалпы саны – 367. Бұл турасында облыс әкімі тиісті атқарушы органға тапсырма берген болатын. Қазірде дайындық шаралары қолға алынып та кетті. 

  Қысқасы, Қызылорда облысында көгілдір отынға қол жетімділік жыл сайын еселене түспек. Бұл дегеніңіз, халықтың тұрмыс жағдайы ғана емес, өндірістің өрге басуының, кәсіптің кең қанат жаюының кепілі болса керек.

Қызылорда облысы