АЙМАҚТАРДЫҢ БІРЛІГІ КҮШЕЙЕДІ

АЙМАҚТАРДЫҢ БІРЛІГІ КҮШЕЙЕДІ

АЙМАҚТАРДЫҢ БІРЛІГІ КҮШЕЙЕДІ
ашық дереккөзі

Өскемен қаласында ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің же­текшілігімен, еліміздің бірқатар аймақтарымен, атап айтқанда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының аймақаралық интеграциялық форумы ұйымдастырылды. Эко­номикалық және әлеуметтік маңызы зор бұл шараға орталық және жергілікті атқарушы органдар, ірі өндірістік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, шағын және орта кәсіпкерлік, сарапшылар қауымдастығы өкілдері қатысты. Министрлер кабинетінің басшысы форумға қатысушылардың назарын ҚР Президенті Н.На­зарбаевтың «Қазақстан-2050» стра­тегиялық бағдарламасында көрсетілген маңызды міндеттерді, мәселен, аймақтарды интеграциялау мәселесін жүзеге асыруға аударды. 

Салтанатты ашылу барысында «Аймақтық интеграция мәселелері Кедендік одақ пен Қазақстанның ДСҰ-ға өту алдында бірінші қатарға шығады. Аймақтардың өзара белсенді іс-қимылы үшін бастау алаңы болуымен, өзара тиімді келісімдер мен уағдаластықтар жасау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызуымен маңызды», – деп мәлімдеген Серік Ахметов Мемлекет басшысы тарапынан берілген пәрмен еліміздің түкпір-түкпірінде бірдей орындалуы тиістігін ескертті. Сонымен қатар бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында, Өңірлік даму министрлігін құру керектігіне тоқталды: «Түптеп келгенде, бүгін аймақтар арасындағы өзара жаңа тұрпатты қарым-қатынасқа, олардың бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін нақты шешімдер іздестіруге бастайтын серпін берілді». 

Қазақ билігі аталмыш кездесулер орталық және жергілікті атқарушы органдар, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара түсіністікті жақсартуға, іскерлік байланыстар мен аймақаралық кооперацияларды дамытуға ықпал етеді деген сенімде. Сол себепті, форумға белсене атсалысқан облыстардың өзара ынтымақтастығы мен серіктестігінің келешегі жарқын екендігін айтқан Ахметов: «Сіздердің өңірлеріңіз ел аумағының 40 пайыз алып жатыр, мұнда республика халқының үштен бірі тұрады, бұл облыстар республикалық ішкі жалпы өнімнің 19%-ын береді», – деді.

Бүгінде өңірлік кооперацияларды дамытуда негізгі міндет жергілікті атқарушы органдарға жүктелмек. Ол үшін өңірлік даму жөніндегі көзқарасты өзгерткен абзал. Осы орайда, нормативтік-құқықтық және өңірлерді дамытудың құрылымдық базасы түзілді. Соңғы жылдары жергілікті аймақтарда маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік және тұрғын-үй инфрақұрылымдарын жаңартуға да ден қойылды. Барлық өңірлерде ӘКК, кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп жатыр, арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалдық парктер құрылған, жергілікті өзін-өзі басқару дамытылуда, іскерлік ахуал жақсарып, инвесторлар үшін жағдайлар жасалуда, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылуда. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және өңірлердің ықпалы мен әлеуетін пайдалану үшін мемлекеттік органдар, шағын және орта кәсіпкерлік, даму институттары, отандық және шетелдік инвесторлардың өзара келісілген, үйлестірілген іс-қимылдары жүйеленуі тиіс. Бұл орайда, С.Ахметовтің айтуынша, аймақаралық байланыстарды дамыту үшін, өндірістік және кластерлік кооперациялар салаларында, ішінде бюджеттік, ӘКК-нің өзара іс-қимылы, туризмді дамыту, кадрлармен қамту сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктері ашылуда. 

Форум шеңберінде Үкімет басшысы Өңірлік даму министрлігіне, сондай-ақ, үстіміздегі жылдың соңында барлық облыстардың, мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысатын аймақтардың бірінші форумын өткізуге кең көлемде дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды: «Біздің мақсатымыз – Мемлекет басшысының еліміздің гүлденуі мен тұрақтылығына жету туралы тапсырмасын абыроймен орындау».

Алғаш рет ұйымдастырылған осы шара соңында Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстары әкімдерінің арасында өңіраралық байланыстарды кеңейту мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, төрт облыстың әкімі 20 миллиард теңгенің 40 келісім-шартын жасасты. Өскеменде «Алтай» технологиялық паркіндегі көрмеге барып, форумға қатысушы төрт облыс кәсіпорындарының өнімдері және олардың индустриалдық-инновациялық мүмкіндіктерімен танысты.