Жаңалықтар

Ендігі үміт – етті мериноста

ашық дереккөзі

Ендігі үміт – етті мериноста

Қой шаруа­шылығының дамуында жетпісінші жылдары биязы жүнді қойларды өсіруге басымдық беріліп, республикамызда биязы жүнді қойлардың үлесі  жетпіс пайыздан да асып, жүн өндіру және өңдеу салалары қарқынды дамы­ған еді.  Кейінірек жағдай күрт өзгерді. Заманауи техно­логиялардың арқасында әрі арзан, әрі нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алатын мақ­тадан немесе жасанды жолмен алынатын жаңа маталар жасау экономикалық тұрғыдан тиімді және нарық талабына сай болды. Сондықтан да, трикотаж саласына негізгі шикізат дайындайтын биязы жүн өндірісі төмендеп, жүн өніміне сұраныс нашарлады. Әлемдік нарықта мақтадан, басқа да өсімдіктерден  өндірі­летін және жасанды жолмен шығарылатын маталарға деген сұраныс басымдық алды, олар арзан әрі қолдануға да қолайлы еді. Осыған сәйкес  әлемдік өндірістегі биязы жүннің үлесі де азайып, 3%-ға дейін төмендеді. 

Әлемде қой шаруа­шылығындағы басымдық жүн өндірісінен гөрі, одан молырақ алынатын ет өндірісіне ауды. Ең сапалы жақсы биязы жүн өндіретін Австралияда  1980 жылдары   180 миллионнан астам қой болған,   жүнге деген сұраныстың азаюынан қазіргі кезде 60 миллиондай ғана қой қалды.  Австралиялықтар биязы жүнді қой шаруашылығын сақтап қалу мақсатында биязы жүн беретін, бірақ еттілігі мол бағыттағы қойларға басымдық беріп, осы бағытта австралиялық етті меринос тұқымын шығарды. Басты мақсат – нарықта сұранысы бар ет өндірісін дамыту. Биязы жүнді қой өсірген аймақтарда етті бағыттағы қойлар өсіріліп, босап қалған қолданыстағы жайылымдардың өнімділігін сақтап қалу үшін етті ірі қара малдарын өсіруді жолға қойды. 

Әлемдік нарықтағы жүнге деген сұраныстың азаюына байланысты, сексенінші жылдардың соңына қарай қой өсіретін көптеген елдер етті бағыттағы қойларды өсіруге бет алды. Осы кезеңдерде қазақстандық ғалымдар да етті биязы жүнді қой тұқымын шығару қажеттілігін ұғынып, жергілікті қазақтың биязы жүнді қойының негізінде, әлемдік селекцияның үздік жетістіктерін оңтайлы пайдалануды қолға алған еді. 

Жер шарында адамзаттың көбеюіне байланысты адам­дардың негізгі азық-түлік өнім­дерінің бірі – ет және ет өнімдерін өндіру қажеттілігі жоғарылады. Адам қалыпты өмір сүруі үшін жылына 80 кг ет тұтынуы керек болса, көптеген елдерде, оның ішінде Африка, Оңтүстік Америка, Индонезия және басқа елдерде жылына бар болғаны 20 кг ет өндіріледі. Яғни, адам ағзасына өте қажет малдан өндірілетін ақуыздың тапшылығын өтеу әлемдік проблемаға айналды. 

Адамзат тіршілігіне өте қажет ақуыз тапшылығын шешу әр мемлекеттің әлеуеттік мүмкіндіктеріне тәуелді екені анық. Осы тұрғыдан біздің еліміздің табиғи жайылымдық байлығы мен халқымыздың мал өсіру дәстүрі ет өндірісін тиімді жолға қоюға  толық мүмкіндік беретіні белгілі. Республикамыздың сарқылмас байлығы – табиғи жайылымдар мен шабындықтар көбіне шөл және шөлейт жерлерде орналасқан, екіншіден, соңғы жылдардағы ауа-райының өзгеруіне байланысты шөлейттену процесі де кең етек алуда. Сондықтан да, жайылымдық әлеуетімізді толық пайдалану мақсатында, бірінші кезекте, шөл және шөлейт жерлерімізді игеру үшін қой шаруашылығын өркендету тиімді екені даусыз. Сонымен, ет және ет өнімдері өндірісін дамытудағы басты бағыттардың бірі – қой етін өндіру десек те болады. Қой шаруашылығын өркендетуде жоғары сапалы жүн өнімін өндірумен қатар көп мөлшердегі ет өнімін беретін  етті бағыттағы биязы жүнді қой шаруашылығын дамытудың маңызы зор екені заманауи шындық. 

Дүние жүзінде 500-ден аса қой тұқымдары мен типтері бар болса, оның ішіндегі биязы жүнді етті тұқымдар бірнешеу ғана – ол Германиядағы «дейчемеринофлейшшаф”, Оңтүстік Африка Республикасындағы “доне” және Австралиядағы “австралиялық етті меринос”. 

Жоғарыда айтылғандай, әлемде ең жақсы биязы жүн өндіретін Австралияда  қазіргі кезде 60 млн. қойы ғана қалды.  Австралиялықтар босаған аймақтарда етті малды көбейтіп, жүнді-етті биязы жүнді қой шаруашылығын осындай жүн беретін етті тұқымдармен алмастыруда. 

Әлемдік биязы жүнді қой шаруа­шылығының даму бағытына қарай Қазақ қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғалымдары сексенінші жылдардың басынан етті бағыттағы қой тұқымын қалыптастыру бағытында ғылыми селекциялық жұмыстар жүргізді. Талдықорған және Алматы өңірлерінің шөл және шөлейт жерлерінде биязы жүнді бағыттағы қой тұқымдарынан осы аймақта баудандастырылған қазақтың биязы жүнді қойы өсірілетін. Осы қойлардың жергілікті жерге бейімділігін пайдалана отырып, олардың еттілігін арттыру мақсатында сындарлы сұрыптау жұмыстары жүргізілді. Алғашқы кезеңдерде, қазақтың биязы жүнді қойларының ішінен ең етті малдар таңдалып, тұқымішілік селекция әдісімен етті бағыттағы отарлар саны көбейтілді. Селекциялық үрдістің соңғы кезеңдерінде еттілік қасиетті күшейту мақсатында етті бағыттағы қой тұқымдарының тектік әлеуеттілігі пайдаланылды. Немістің «дейчемеринофлейшшаф” қошқарларының генетикалық әлеуеттілігі жергілікті қойлардың еттілік бағыттағы кейбір олқылықтарын жедел толықтыру үшін қолданылды. Биязы жүнді қойлардың етті бағыттағы “Етті меринос” тұқымының тұқыммал отарлары Алматы облысының «Алматы» тұқыммал зауыты шаруашылығында, Ескелді атындағы өндірістік кооперативінде және «Сарыбұлақ асыл тұқым» шаруашылығында шоғырланған. Осы малдардың негізінде  «Етті меринос» атты жаңа қой тұқымының сапасын анықтап қабылдау  2010 жылы мемлекеттік комиссияда қаралып, 2011 жылы Зияткерлік комитет тарапынан селекциялық жетістік ретінде мақұлданып, патент берілгені отандық ғалымдар үшін мақтаныш. 

Бұл негізгі өсіру аймағы шөл және шөлейтті құмдар болып табылатын әлемдік тәжірибедегі алғашқы биязы жүнді етті қой тұқымы. 

Жаңа «Етті меринос» қой тұқымын шығару барысында қолданылған кейбір селекциялық тәсілдер әлемдік селекция үрдісіне қосылған жаңалық. Мысалы, әлемдік тәжірибеде австралиялық меринос та, доне тұқымы да будандастыру жолымен алынған. Қазақстандық жаңа тұқым тұқымды таза өсіру жолымен шығарылған алғашқы қой тұқымы. 

Жаңа тұқым қойларының өз төлінен көбею қасиеттері және төлдерінің аман сақталуы жергілікті мал тұқымдардың деңгейінде. Олар жыл бойы шалғай жайлауларда, әсіресе, шөл және шөлейт белдеулердегі жайылымдарда жайылуға, қыстың қатаң кезеңдеріне (қалың қар, боранды аяз, көктайғақ) жақсы бейімделген. Өз төлінен көбею қасиетінің жоғары болуы және еттілік қасиетінің төліне тұрақты берілуі жаңа тұқымның тектілік әлеуетінің қалыптасқанын дәлелдейді. 

Ет өнімділігі бойынша бұл қойлар доне, австралиялық етті меринос, сондай-ақ дейче меринофлейшшаф сияқты алдыңғы қатарлы етті биязы жүнді қой тұқымдарынан кем емес. Базалық шаруашылықтардағы үздік отарлардағы саулықтардың тірілей салмағы 70-72 кг-ға, жүн өнімділігі 7 кг-ға дейін жетеді. Бұл көрсеткіштер әлемдік биязы жүнді қой шаруашылығының үздік жетістіктеріне сай келеді. 

Жаңа тұқым қойларының ерек­шеліктері – дене бітімінің дөңгеленген пішіні, жауырын арасының кеңдігі, денесінің артқы бөлігінің жалпақтығы, әсіресе, жамбасының толықтығынан көрініс табатын еттілік пішіндерінің айқындылығы. 

Ет сапасына тоқталсақ, енесінен бөлінген 4-4,5 айлық қозыларды дереу етке сойғанда алынатын қозы етінде енесінің сүті мен жазғы  көк шөптің  дәмдері жақсы үйлесіп, оның дәмдік сапасы өте жоғары болады.  Басқа мал түліктерімен салыстырғанда, осы белгілері бойынша қозы еті ересек малдарға қарағанда қатты ерекшеленеді. Қозы етіне тән осындай сапалық артықшылықтар жаңа тұқым тоқтыларында жақсы жетілген. 

Францияның ұлттық зоотехника­лық зерттеулер орталығы нарықтағы салмағы 15-20 кг ұшаларға (әртүрлі қой тұқымдарынан алынған)  деген сұранысты  зерттеп, төмендегі жағдайды анықтады: құрамындағы су мөлшері 60-65%, протеин – 15-20%, протеиннің майға қатынасы 1,0-2,0 бірлік құрайтын  жоғарғы қоңдылықтағы  қозы ұшалары ең үлкен сұранысқа ие. Бұл тұрғыдан алғанда ұнамды салмақ пен ұшадағы протеиннің майға қатынасы (17,2 кг және 1,0-1,3) 4 айлық гемпшир және етті меринос қозыларына тән. Бұл деректер жаңа «Етті меринос» қой тұқымының ет сапасы және тез жетілгіштігі жағынан артықшылықтарын көрсетеді.  

 Астанада 2011 жылдың 11 қарашасында өткен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері форумында еліміздің Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев қой шаруа­шылығын одан әрі дамыту, орасан зор көлемдегі шөл және шөлейтті жайылымдарды игеру қажеттілігін атап көрсетті. Ол кісі бұл мақсатта елімізде етті қойлармен қатар жүнді қойларды қолдану мүмкіндігін айтты. Мұндай етті тұқым – жаңадан шығарылған биязы жүнді «Етті меринос» қой тұқымы болып табылады. 

Әлемдік тәжірибеде алғаш рет шөл және шөлейтті аймақта жаңа биязы жүнді етті қой тұқымын шығарудың селекциялық-генетикалық әдісі қалып­тастырылды. 

Жаңа тұқымның таралу аймағы кең: жаңа тұқымның асыл тұқымды малдары Алматы облысының 4 ауданында өсіріледі  (Талғар, Кербұлақ, Көксу, Ескелді аудандары).  Көрсетілген 4 аудандағы қолда бар 500 мыңнан астам қойдың 400 мыңнан астам басы «Етті меринос» қой тұқымы. Олар қысқы жайылымда жаюға және жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға өте жақсы бейімделген. Алматы облысының басқа он екі ауданында осы малдардың тұқымдық малдары өсіріліп, жергілікті қойлардың еттілігін арттыру мақсатында жақ­сартушы қошқарлар кеңінен пайдаланылуда. Алматы облысынан тысқары Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысының негізгі қой шаруашылықтарында осы тұқым белең алуда. Сонымен қатар, осы жаңа тұқымның таң­даулы қошқарларынан алынған ұрықтар Ресей Федерациясының асылтұқымды қой шаруа­шылық­тарында қолданылуда. Таралым аймағының кеңеюі және негіз­гі шоғырланған аумағындағы мал басының жеткілікті болуы етті биязы жүнді қойлардың өзін­дік тұқыммал базасының қа­лып­тасқанына дәлел. 

Ірі ұжымшарлар мен кеңшар­лардың орнына ұсақ шаруа қожалықтарын құру тұқым асылдандыру жұмыстарын қиындатқаны белгілі. Осындай жағдайларда селекциялық жұмыстарды жүргі­зудің үлгісі ретінде Алматы облысының «Жетісу» аймақтық қой өсірушілер одағын атауға болады. Мұнда ең үздік тұқыммал шаруашылықтарынан сатып алынған  және бір жерге шоғырландырылған аталық қошқарлар шаруа қожа­лық­тарындағы саулықтарды ұрық­тандыруға пайдаланылып жүр. Осылайша, жыл сайын  140 мыңнан астам биязы жүнді саулықтар жаңа тұқым қошқарларымен ұрық­тандырылып, аймақтағы қойлардың сапалық жағынан жақсарып келе жатқаны байқалады. Аймақтық қой өсірушілер одағының жаңа тұқым етті меринос қойының негізгі асылтұқымды малдары шоғырланған өңірде белсенді мал­асылдандыру жұмыстарын жүргізуі жаңа тұқымның тектік қасиетін ұштай түсуге ықпалын тигізіп, өңірдегі жаңа бағыттағы қой тұқымдарының тектік әлеуеттілігін арттыруға мұ­рындық болуда. 

“Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне” келсек, “Етті меринос жаңа тұқымын шығару және оны кеңінен таратып өсіру” атты мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ғылыми-өндірістік жұмыс еліміздің экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосатын әлеуметтік маңызы зор, өндіріске енген, сол өндірістің тиімділігін арттыратын практикалық мәні зор ғылыми еңбек.