ТҰМАНДЫ АЛЬБИОНДА ҚАЙТА ҚАУЫШУ
ТҰМАНДЫ АЛЬБИОНДА ҚАЙТА ҚАУЫШУ
Кездесу барысында Астанада іргетасы қаланған келіссөздер тағы да пысықталды. Әсіресе екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту аспектілері кеңінен сөз болып, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ. Ұлыбританияның кәрі құрлықта, жалпы дүниежүзінде экономикасы тұрақты, бұғанасы берік мемлекет екенін ескерсек, еліміздің Лондонмен өзара ынтымақтастықты берік орнатуы орынды. Жуырда Дэвид Кэмерон елімізге ат басын тіреп, сауда-экономикалық байланыстарға қатысты бірнеше келіссөздерге қол қойып кеткен болатын. Сонымен қатар Британия премьері әлемдегі ең қоры мол «Болашақ» зауытының ашылуына қатысқан. Елбасының өз сөзімен айтар болсақ: «Біз Кэмерон мырзамен бірге Солтүстік Каспий жобасының аса маңызды өндірістік нысанының бірі – мұнай мен газ тазартатын «Болашақ» зауытын іске қостық. Осылайша әлемдегі ең ірі мұнай кен орны – Қашағанда өнеркәсіптік өңдіру жұмысын бастауға мүмкіндік туып отыр. Біз Ұлыбританиямен «шикізатты инвестиция мен озық технологияға айырбастау» формуласы бойынша энергетикалық диалогты одан әрі нығайтуға әзірміз», – деді. Бұл кездесудің соңында Елбасы: «Мен Д.Кэмеронның Қазақстанға сапарынан мемлекеттеріміздің ынтымақтастығының жаңа дәуірі басталатынына сенемін», – деген болатын. Сонымен қатар Кэмеронның бұл сапарында Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылған еді. Ол ынтымақтастық әлеуетін ғана емес, қарым-қатынасымызды сапалы жаңа деңгейге шығарудағы екі мемлекеттің саяси ерік-жігерін де көрсетуі тиіс. Бүгінде Ұлыбритания Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция тартуда АҚШ пен Нидерландыдан кейінгі үшінші орынға шыққан. Қазір инвестицияның көлемі 12 миллиард долларға жуық. Елімізде британдық капиталдың қатысуымен 600-дей кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде екі ел арасында денсаулық сақтау, білім беру, жылжымайтын мүлік және қаржылық қызмет көрсету салаларының ауқымын кеңейте түсіп, инвестиция салуды ұлғайту, сондай-ақ виза мәселесін шешу де қарастырылған болатын. Елбасының бұл сапары Ұлыбританияның король отбасында мұрагер ханзаданың өмірге келуімен тұспа-тұс келді. Бұл айтулы мереке Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия патшайымы ІІ Елизаваетаның таққа отырғанына 60 жыл толуымен дәлме-дәл келген. Мұрагер Кэмбридж герцогинясы Кейт Миддлтон мен Кэмбридж герцогы Уильям отбасында дүниеге келді. Британдықтардың осы мерекесіне орай Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің және Қазақстан халқының атынан король отбасына құттықтау жеделхатын жолдады. «ІІ Елизаветаның шөбересінің дүниеге келуі – патшайымның 60 жылдық билігіне тұспа-тұс келуінде ерекше мән бар», – делінген жеделхатта. Мемлекет басшысы патшайымға және бүкіл король отбасына зор денсаулық, ұзақ өмір, ал Ұлыбритания халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.
Ақниет ОСПАНБАЙ