ҚАРЖЫНЫ ҚАДАҒАЛАУ ҚАТАЯ ТҮСПЕК
ҚАРЖЫНЫ ҚАДАҒАЛАУ ҚАТАЯ ТҮСПЕК
Отырыста 2013 жылдың алғашқы алты айындағы еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуы туралы баяндама жасаған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев: «Әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, алдын ала бағалау бойынша Қазақстанның ЖІӨ бірінші жарты жылдықта 5,1%-ке артты, бұл тұтастай алғанда біздің болжамымызбен сәйкес келеді», – деп мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, қаңтар-маусым аралығында 2,7 пайызға жеткен инфляция былтырғы деңгейден аспапты. Ал жылдық көрсеткішке шақсақ, 5,9 пайыз. Сонымен қатар экспорт 10,8 пайызға қысқарса, импорт керісінше, 10,3 пайызға өскен. Бұл дегеніңіз, шикізат көзіне байланған қазақстандық экономика әлі де өндіріс пен өңдеу саласына көңіл бөле алмай отыр ғанын білдірді. Сарапшылар қауымы Кедендік одаққа қатысты бірнеше рет жағымсыз пікір білдіріп, кәсіпкерлер мен отандық тауар өндірушілер КО-ның шағын және орта кәсіпкерлікке, оның ішінде, бәсекелестік пен экономикалық тұрғыдағы тиімділікке кері әсер ететінін айтып, дабыл қағудан шаршамай жүрсе, билік керісінше, жағымды жаңалықтармен бөлісуде жомарттық танытады. Мәселен, кешегі баяндамасында Ерболат Досаев: «2013 жылдың қаңтар-мамыр айларында Кеден Одағы елдерімен өзара сауда-саттық 1,8 пайызға өсіп, 9,4 млрд. АҚШ долларынан артты», – деді.Бүгінде әлемдік нарықтағы алтын бағасының төмендеуі Қазақстанның халықаралық резервіне де кері әсерін тигізіпті. Яғни, министрдің айтуынша, жыл басынан бері 4,1 пайызға өсіп, 89,6 миллиард долларға жеткенмен, алтынның құнсыздануы салдарынан халықаралық резерв 7,6 пайызға төмендеген: «Оның ішінде еліміздің жалпы халықаралық резерві 26,1 миллиард долларды құрап, жыл басынан бері 7,6 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш негізінен алтынға әлемдік бағамның төмендеуіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ, ұлттық қордың шетелдік валютадағы активі 63,5 миллиард долларды құрап, жыл басынан бері 9,8 пайызға өсті».Әлемдік қаржылық дағдарысқа Жер шарының түкпір-түкпіріндегі жекеменшік банктердің ашкөздігі себеп болғаны мәлім. Пайыздық мөлшерлемесі арзан несиені «батпан құйрық» көрген банктер жеке тұлғалар мен саналуан мекемелерге өте қымбатқа таратты. Мұның салдарын әлемдік экономика әлі күнге тартып келе жатыр. Дамыған елдердегі рецессия мен стагнацияның басты себебі де осы. Көші жайлап түзеле бастаған жекеменшік банктер бүгінде несиелеудің қарқынын арттыруға мүдделі. Сондықтан шығар, мамыр айындағы несиелік көрсеткіш жыл басындағымен салыстырғанда, 4,5 пайызға өсіп, 10,3 триллион теңге болыпты. Ал ұзақмерзімдік несиелеу көлемі 1,5 пайызға өскен. Үкіметтің әп дегенде 6 пайыздың шеңберімен белгілеген экономикалық өсім сол деңгейде көрінеді. Министрлер кабинеті осының арқасында биыл Жалпы ішкі өнім көлемінің 6 пайыздан кем болмайтынын айтады. Алайда, кейбір салалардағы жағымсыз көрсеткіштер де бар. Алғашқы алты айда мұнай шикізатын өндіру 1,8 пайызға төмендеуі экономикалық өсімді 0,3 пайызға тежегенін жеткізген Е.Досаев қара металлургияны өндіру саласындағы қарқын 15,6 пайызға қысқарғанына қынжылды: «Сұраныстың төмендеуімен бірге «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ындағы қыздыру пештеріндегі жұмыстың тұрақсыздығы мен құрал-жабдықтардың апаттық жағдайда болуы да кері әсер етті».Әлемдік экономиканың тығырықтан шыға алмауы Қазақстан экономикасына да ықпалын тигізуде. Осы себепті, Үкімет мүшелері халықты дағдарысқа қарсы күрес шараларын күшейттік деп сендіріп отыр. Қазіргі кезде еліміздегі тұрғынүй құрылысына салынатын инвестиция көлемі күрт артқан көрінеді. Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде 212,7 млрд. теңгеге жеткен бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда, 20,4 пайызға артқан. Маусымда 40 пайызға өсіп, құрылыстағы қарқын бойынша Қызылорда, Қарағанды мен Қостанай облыстары алға шыққан. Есесіне, Алматы мен Астананың құрылыс алаңдарындағы жұмыс 40-30 пайызға жуық төмендепті. Несиелік баспанаға бағытталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 80,1 мың шаршы метрлік тұрғын үй (1 200 пәтер) пайдалануға берілген. Бұл жоспарланған меженің небары 18 пайызы ғана. Бюджеттік қаражатты игере алмаудың салдарынан талай қандас баспанасыз жүр. Мұндай келеңсіздік әсіресе, Маңғыстау мен Ақмола облыстарында жоғары – 71 және 76 пайыз. Сондай-ақ, Жамбыл облысында да тұрғынүй құрылысына қатысты жағдай аса мәз емес. «Жығылған үстіне жұдырық», «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша алғашқы жартыжылдықта жоспар 45 пайызға игерілген. Жалға алатын баспанаға келсек, 2013 жылдың 1 маусымында 57,7 мың шаршы метрлік тұрғынүй (946 пәтер) пайдалануға берілген. Мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы есеп берген ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев алғашқы жартыжылдықта ел қазынасына 3 160,6 млрд. теңге (97,6 пайыз) түскенін жеткізді. Бұл былтырғымен салыстырғанда, 2,2 пайызға аз көрінеді. Салықтық түсімдердің 102,7 пайызға (42,8 млрд. теңге) орындалғанын айтқан Б.Жәмішев бұл көрсеткіштің 23,3 пайызға артық болғанын жеткізді: «2013 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93 млрд. теңге салық мерзімінде төленбеген, жыл басымен салыстырғанда ағымдағы салықтардың есептелуіне, сондай-ақ салықтық тексерістер актілері бойынша есептеулерге қарағанда салықтық берешек 11,7 млрд. теңгеге, немесе 14,4 пайызға өскен».Отырысты қорытындылай келе, «Есептік кезеңде біз ішкі жалпы өнім өсімін 5,1 пайызға арттыруға қол жеткіздік. Біздің еліміздің экономикасына қысым көрсететін сыртқы факторлардың ықпалына қарамастан, биыл экономика өсімінің 6 пайызға жеткізілуі тиіс», – деп баса айтқан Серік Ахметов экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға еліміздегі макроэкономикалық жағдайларға әлемдік экономикада қалыптасқан тенденцияларды есепке ала отырып, тұрақты мониторинг ұйымдастыруды, қажет болған жағдайда өмір шындығын есепке алып, қолданыстағы дағдарысқа қарсы шараларға түзетулер жасау туралы ұсыныс енгізуді тапсырды. Сонымен қатар Үкімет жетекшісі экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерімен бірлесіп үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2014-2016 жылдарға арналған үшжылдық бюджет пен осы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламент Мәжілісіне ұсынуға пәрмен берді. Ал ауыл шаруашылығы министрлігіне егін орағын мерзімінде, шығынсыз өткізу, ал, Мұнай және газ министрлігіне оны жеткілікті көлемде жанар-жағар маймен қамтамасыз ету тапсырылды. Отырыста қаражатқа қатысты талай сорақылықтың басын ашқан Б.Жәмішевтің айтуынша, қаңтар-маусым аралығында өткізілген 2 мың 945 бақылау шарасының нәтижесінде 249 миллиард теңгеге жуық қаржы жемқорлардың құрсағында кетіпті. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар, яғни тендерлер өткізу кезінде 119,3 миллиард теңге қолды болса, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілікті құру талаптарын бұзушылықтар – 50,5 миллиард, бюджеттік қаражаттарды пайдалану кезінде салалық заңнама талаптарын бұзушылықтар – 55 миллиард теңге. Ол аз десеңіз, кейбір оңай олжаға құныққан ашкөз шенеуніктер тіпті, жобалау-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтпеген нысандардың құрылысына 14,7 миллиард теңгені «жұмсаған» көрінеді. Мақсатсыз жұмсалған қаражат көлемі – 2 миллиард теңге. Тексеру барысында мемлекеттік органдарға тиесілі мүлікті, автокөліктер мен басқа да заттарға бөлінген миллиардтаған қаражаттың 900 миллионға жуығы желге ұшқан: «Сонымен қатар 1,9 миллиард теңге тұратын мемлекеттің негізгі мүлік-құралдары белгіленген тәртіптерге қайшы түрде біреуге беріліп кеткен не есептен шығарып тасталған. 0,4 миллиард теңге соманы шенділер еңбекақы түрінде заңсыз алған. Іссапарлық шығындарда 0,6 миллиард теңге заңсыз жаратылған». Сондай-ақ, мемлекеттік қазынадан шыққан 1,2 миллиард теңге бюджеттік кредит бекітілген шарттар мен процедураларды бұза отырып, таратылған екен. Жемқорлар қол салған 81,3 млрд. теңгенің 73,3 миллиард теңгесі бюджетке кері қайтарылыпты. Премьер-министр Серік Ахметов желге ұшқан қаржыны қатаң қадағалауды тапсыра келе, құзырлы орган өкілдері мен Қаржы министріне заң бұзған шенеуніктерді жеке-дара тексеру керектігін ескертті.