XIV ДАЛАЙ ЛАМА ДАНЗАНЖАМЦ АЙТЫПТЫ:

XIV ДАЛАЙ ЛАМА ДАНЗАНЖАМЦ АЙТЫПТЫ:

XIV ДАЛАЙ ЛАМА  ДАНЗАНЖАМЦ АЙТЫПТЫ:
ашық дереккөзі

Егер олай болмаса, хайуаннан қай жеріміз артық? Шынайы өмірдің нағыз мәнін, бақыты мен шаттығын табу үшін ең алдымен ойымыз таза һәм тұнық болғаны  абзал. Ойымыз он жаққа, санамыз сан саққа жүгіріп, нәпсіге ерік беріп қойсақ, еш бір ісімізде береке болмайды, есіл уақытты босқа жіберіп, текке өлтіреміз».

***

Адам баласының өмірінде аса маңызды екі құндылық бар. Осы екеуінен өзгесін келесі орындарға қоя беруге болады. Барлық адам діни сенім-нанымдарының қандай екендігіне қарамастан мейірімді һәм кешірімшіл болғаны абзал. Сонда үнемі көңіліміз жайланып, әрдайым жадырап жайнап жүрмекпіз. Қамшының сабындай қысқа осынау аласапыран дүниеде бізге осыдан артық таңдау да жоқ».

***

Адам баласы ақша табу үшін денсаулығын құрбандыққа шалып жібереді. Сосын, тапқан ақшасын сол денін сауықтыру үшін жұмсайды. Болашаққа барынша асығады да бүгінін ұмытады. Ақырғы нәтижеде адам бүгінгі де, ертеңгі кеңістікте де ғұмыр кеше алмайды. Жалпы, әр пенде ешқашан өлмейтіндей өмір сүреді де, күндердің бір күнінде ешқашан өмір сүрмегендей-ақ өліп тынады.

***

Адам баласында сенім мен үміттің мыңдаған шоғы маздап тұрады. Бірі сөнсе де, өзгесі қалады. Бірер сәтсіздікке ұрынған соң сенімін жоғалтатындар болады. Алайда, өмір деген өлшеусіз бай, адамның ақыл-ойы тұңғиық терең. Бір ғана үмітке барлығын арту көрсоқырлық. Егер сол жалғыз үміт ақталмаса, өмір құрдымға кетпей ме? Сондықтан, ондай қатерге өзімізді итермейік.

Асыл адам өмірі

Әр таңда оянған сайын күннің көзін көргеніңе қуан. Сен есен саусың, асыл жансың. Азат та асыл жанның көрер қызығы алда. Осы мүмкіндікті босқа жібермегін. Әлемге нұрлы шуақ шашу үшін өзіңді дамыт, жүрегіңді тазарт. Дәл бүгіннен бастап, өзгелерге шын ниетпен қатынас жасағын. Арам ой мен жаман ниеттен аулақ болып, өзіңді сергек ұста.

Қоғамдық  жауапкершілік

Жаңа ғасыр бізден тың идеяларды талап етіп жатыр. Сондықтан, бұрынғыдан да кең өріс, көпшіл көзқарас адамзатқа аса қажет болып отыр. Қара бастың қамын күйттейтін заман келмеске кетті. «Менің ғана отбасым, ата тегім, руым, ұлтым» деп тар шеңберде шектелмей күллі адамзаттың күнін жоқтап, мұңын мұңдайтын зор жауапкершілік бізге жүктелді.

Ішке үңілу

Діннің мәні өзгені сынап-мінеуге емес, адам өзін таразылауға бағытталады. Сыртқа көз салғаннан гөрі өз ішіңе көбірек үңілгін. Ашу, ызаға қаншалықты ерік беріп жүрмін, дүниеқорлыққа, өр көкіректікке ойысып бара жатқан жоқпын ба? Осы сұрақты өзімізге күн сайын қойып жүрейік. Әркімнің ішкі әлемі – сынақ зертханасы. Адам жетіле түсу үшін осы зертханаға күрделі зерттеулер жүргізіп, көңіл құпиясына терең бойлағаны абзал!»

Ешқашан түңілмеңіз!

Өмір сынақтарының ешбірінен түңілмеңіз. Керісінше, жүректі орнықтырып, көңіл көкжиегін кеңейтіп, дамуға ұмтылыңыз. Миыңызда көп ақпарат, білім, таным жиналуы мүмкін. Бірақ, жүрек пен көңілдегі көрікті ой бәрінен қымбат құндылық. Жүрегіңіз махаббат пен сүйіспеншілікке толы болсын. Тек өз айналаңызды ғана емес, он сегіз мың ғаламды аялаңыз. Сіздің жүрегіңізде тұрақтаған сабырлылық пен тыныштық бүкіл әлемге нұрын төгеді. Қайталап айтайын, ешқашан түңілмеңіз!

Сана, парасат

 Өзгенің мың қатесін көргеннен – өзіңіздің бір мініңізді саналы түрде түсінгеніңіз абзал. Біреуді қомсынып, кеміту – татулықты бұзып, қақтығыс тудырудан басқа еш пайда әкелмейді. Барды сол күйінде қабылдай беріңіз. Біреулер туралы айтқанда, тек оның жақсылығын ғана еске алыңыз. Егер біреуге жала жапсаңыз, бейнебір нәжісті уыстап ауызға салғанмен пара-пар.

Аударған
Қуандық Шамахайұлы