АНАДОЛЫҒА АЛТАЙ АТЫН ЖЕТКІЗГЕН...

АНАДОЛЫҒА АЛТАЙ АТЫН ЖЕТКІЗГЕН...

АНАДОЛЫҒА  АЛТАЙ  АТЫН  ЖЕТКІЗГЕН...
ашық дереккөзі

 Дегенмен Араб көктемін болдырмауға қатты тырысқан Ердоған ереуілшілермен келіссөзге келді. Олардың уақыт беруін сұрады. Дәл осы мерзімде Ыстамбулға жолымыз түскен еді. Оқырман назарына осы сапардан түйген ойларымызды ұсынамыз


                                             ҚАЛЫҢ ЖҰРТ ҚОЛДАҒАН ЕРДОҒАН

Біздің Ыстамбулға биылғы сапарымыз – Таксим мен Гези бағын­дағы ереуілдердің қызып тұрған тұсында өтті. Көптеген саяси сарапшылар Түркияда Араб көктемінің қайталануы мүмкін деген болжамдарға да ерік бере бастаған. Алайда, Түркия­ның Бас министрі Та­йып Ердоғанды жақтаушылардың саны – ереуілшілердің санынан он есеге артық болды.
Біз Ыстамбулда болған шіл­денің 12-сінен бастап Ердоған өзі сайланған «Ақ партияның» ереуілдерін ұйымдастырып, өзін қолдаушылардың алдында Таксимдегі ереуілшілер мен Түркияның бүкіл өңірінде шеруге шыққандарға сес көрсетті. Сөйтіп, екі күннің ішінде Гези мен Таксимдегі наразылық акцияларына қатысушыларды қуып шықты.
Таксим майданындағы оқи­ғаға Түркиядағы қазақтардың көзқарасын білу қызық-ақ.
Біріншіден, бұндағы аз қазақтың саясатпен ісі жоқ деуге болады. Олардың басым көпшілігі кәсіппен айналысады. Ең бастысы, кәсібі аман болса болды, басқасына тым көңіл аудара бермейді. Дегенмен, елдегі оқиғаларға құлағы түрік. Мен тілдескен қазақтардың барлығы – Ердоғанның саясатын қолдайды. Және оған қарсы шығушылардың артында қандай да бір сыртқы күштердің тұрғанына сенімді.
– Таксимде қарсылық акциясын өткізіп жатқандар «мұсылман еместер» деді, – алғашқы кездескен әйел адам.
– Неге олай ойлайсыз?
– Өйткені, Ердоғанның түркі халқы үшін жасап жатқанын көрмеу, мұсылмандыққа жатпайды. Ердоған премьерлікке жеткен он жылдан астам уақыт ішінде Түркияның әлеуметтік, эко­но­микалық жағдайы біршама ілгеріледі. Халық беймарал тірлік етіп жатыр. «Ататүрік» әуежайынан асып түсетін тағы бір халықаралық әуежайдың құрылысы басталды. Аспалы көпірдің үшіншісін салу қолға алынды. Теңіз астымен метро жүргізу жоспарлануда. Бұдан артық Түркияға не қажет?
Пахреддин Шахин жеке кәсіп­пен айналысады. Елдегі саяси оқиғаларды жиі қадағалап отырады. Соның арқасында болар, елдегі өрістеген саяси дүрбелеңдерге қатысты өз болжамы және байламы бар:
– Түркияның ықылым заман­нан бергі тарихында Ердоған дәуірінің өзіндік орны бар. Ол жақсы саясаткер, Түркия халқы үшін көптеген жақсылықтар жасады. Дегенмен, Ердоғанның да қателіктері бастан асады. Сирия мәселесін де оң шеше алмай отыр. Америкамен одақтасты. Көрдіңіз бе, жұрт Таксимде ереуілдетіп, Ердоғанның басы сонымен қатып жүрген кезде, күрдтер белең алып, өз армиясын жасақтап, өз туын көтеріп шығып жатыр. Бұл саясатта қателесуге болмайды дегенді көрсетеді. Сәл қателік жіберсең, террористер мен сепаратистер оны өз пайдасына пайдаланып кетуі бек мүмкін. Кейде біздің өз қорқынышымыз бар. Күрдтер өз дегеніне жетіп, Түркиядан даулап жүрген территориясын алып, автономия құра ма деп алаңдаймыз. Егер ондай күн туатын болса, түріктердің нағыз көтерілгенін көресіз. Қазіргілердікі ойыншық, оларды сыртқы күштер айдап салып отыр. Меніңше, Ердоғанның Америкаға қажеті болмай қалған секілді. Сол себепті де осындай ойындар ұйымдастырып отыр.
Еркежан Мұсаханның Түркияда тұрып жатқанына 10 жыл. Мұнда білім алу мақсатымен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келген. Медик. Оның айтуынша, Түркияның қазіргі дамуы, қол жеткен табыстары Батыстағы әріптестеріне ұнамайды.
– Батыс мемлекеттері Түркияны республика ретінде мойындаған кезде, оның кейбір мәселелердегі құқын шектеген екен. Соның бірі жер асты жолдарын салу, құбырларын тарту. Қазір Ыстамбулда Мәрмара теңізінің астымен по­йыз жүргізуді, метро салуды қолға алып жатқаны мәлім. Осы қадам Америка мен Батысқа ұнамайды. Бүгінгі ереуілдерді ұйымдастыру арқылы Ердоғанды орнынан тайдыру мақсатында қарапайым халықты айдап салып отыр. Ердоған мықты саясаткер. Ол өз орнынан сайлаусыз кетпейді, – дейді ол.
Ердоған ереуілшілермен келіссөзге келді. Олардың 8 айға дейін шыда­уын және сайлауды күтуін өтінді. Алайда, Гези бұнымен тынышталған жоқ. Біз Ыстамбулдан қайта оралатын күні де ереуілшілер онда бас қосып жатты.

                                             ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚЫЗ ҰЗАТУ САЛТЫ

Әлемге тарыдай шашыраған қ­азақ­тардың өзге ұлт өкілдерінен оқшау­ланып, өзара қауымдасуының нәти­жесінде өзіне тән қазақы дәстүр­лердің қалыптасуының куәсі болудамыз. Түр­киядағы қазақтардың қыз ұзату салты – біздегіге де, түріктерге де ұқсамайды екен. Дәстүрлі ислами қоғамда еркек пен әйелдің дастарханын екі жеке жасайтын ортада қазақтың өзіне тән дәстүрлерін жалғастыру да оңайға соға қоймас. Десе де, мұнда қазақ тойының кейбір көріністерін ұшыратуға болатындығын байқадық. Әуелі бізге ұнағаны қызды үйден шығарып салардағы қоштасу әні. Дәстүрлі қазақ қоғамында айтылатын сыңсу, қоштасулардың бүгінгі заманауиланған қыз ұзатуда ұмыт қалып келе жатқаны анық. Қыз жеңгелерін ертіп алып сыңсу айтпаса да, шешелері, аға-бауырлары, жеңгелері шығарып саларда қоштасу рәсімін жасайды екен. Кейбір көпті көрген әжелеріміз жанынан өлең шумақтарын шығарып, қызына ақылын да, кеңесін де тәптіштеп айтып жібереді екен. Бұдан кейін құсын қолына қондырған жігіт қалыңдығын ертіп бірден той залына тартады. Қалыңдық пен күйеу жігітті оңашалап алған әйелдер қауымы қызыққа белшесінен батады. Барлық ырым-жоралғылар осы ортада орын алады. Қыздың бетін жасы алпысты алқымдап қалған қарт адам ашты. Әрі домбырасыз, қара өлеңнің мәнерімен. Сөздерінің мағынасы түйдек-түйдек, салмақты шықты. Берген батасы да ерекше.
– Домбыраны білетін адам Түркия жастарының арасында өте сирек. Сол себепті де, барымызбен базар болып жатырмыз, – дейді той иелері. Кейбір қолы жеткендері Қазақстандағы атақты асабаларды шақырып, тойын шырқ үйіртеді екен. Қолы қысқалары үшін бұл да олжа.
Қыз ұзатылардан бұрын оның жасауы жігіт үйіне жеткізіледі. Әрі оның әсем бұйымдарының арасында міндетті түрде қазақы оюмен көмкерілген төсеніштер, көрпелер және алаша, тұскиіздері болуы тиіс. Бұл әдейі жасақталатын қа­зақ әшекейлі бөлменің жиһаздары. Сөй­тіп жас отауға қажеттінің бәрін дайындағаннан кейін, шаңырақ көтеруге қадам басады.

                                                      ЫСТАМБУЛДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ

Ыстамбулға ат басын тіреген әрбір қазақтың іздейтін бір ордасы – 1986 жылдан жұмыс жасап келе жатқан Қазақ түркілер қоғамы. Қазақ қоғамының құрылғанына бүгінде 27 жыл, қазақ­тардың Түркияны мекендегеніне 59 жыл толып отыр. Келесі жылы осы бір қасиетті мекенге атбасын тірегендерінің 60 жылдығын атап өтуді мақсат ететін олардың Түркі жұртына, сол кездегі Премьер Аднан Мендереске алғыстары шексіз. 1933 жылы Алтайдан ауған көштің Қытайдың ішкі өлкелерін басып, Гансу, Шынхай, Тибетті басып өтіп, Үндістан, Пәкістанға жетіп жығылған жұрнағын түркі қардешілерінің бауырына басуы олардың арып-ашқан көңіліне үлкен медеу болған еді. Алтайдан ауғанда 20 мыңға таяу шыққан ауылдардың гоминдаң, қытай, дүңген, моңғолдардың шабуылынан аман қалғандары, жолдағы үскірік аяз бен аптап ыстыққа шыдамай, ыс ауруына шалдығып, небәрі 1300 ғана адам аман қалған екен. Сол қазақтардың ұрпағы бүгінде өсіп-өніп, 22 мыңға жетіп отыр. Еуропаға алғаш жол тартқан қазақтар да осы Алтайдан ауған елдің ұрпағы болатын. Сөйтіп қазақ өмір сүретін аумақтың ұлғаюына септігі тиді. Еуропаға қазақтардың бару тарихы да екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталады. Ыстамбулдағы қазақ қоғамының негізгі мақсаты – бүгінде туған тілінен, ділінен жырақтап, өзге ұлттың ықпалында майдай еріп бара жатқан жас буынға қазақтығын ұмыттырмауға септігін тигізу. Әзір мұнда мектепке дейінгі жас балаларға арналған қазақ балабақшасы жұмыс істейді. Балабақша екі түрлі бағытта жұмыс істейді, біріншісі – қазақ балаларына қазақ тілін үйрету болса, екіншісі – Құран курстарын үйрету.
– Біз қазақтардың басын жиып, Қазақстанның кез-келген мейрамдарын өткізуді мақсат етеміз. Қазақстанның Ыстамбулдағы Бас консулдығымен бірге, Тәуелсіздік мейрамын өткіземіз. Осыдан бес-алты жыл бұрын Наурыз мейрамын өткізіп тұратын едік. Қазір оны түркі ағайындармен бірге өткізетін болдық.
Түркияға алғашқы келген буын­ның оқуға қолы жете алмағаны ақиқат. Ал соңғы буын өкілдері, жас­тардың барлығы оқу оқып, білім алып, Түркияның талай жақсы меке­мелерінде жұмыс істеп жүр, – дейді қоғам басшысы Жәлел Кахраман.
Қазақ қоғамындағылардың айтуы бойынша, Түркиядағы қазақ­тардың Қазақстанмен байланысы өте ерекше. Дегенмен жақсы тұрмысын қиып Қазақстанға оралуға асықпайды. Қазақстанға келіп, қайтып кеткендер де аса көп екен. Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен арадағы байланыс жақсы. Алайда өздері бас болып, ашып отырған қазақ тілін үйрету курстарына Қазақстан тарапынан ешқандай көмектің болмауына қынжылады.
Қазір Түркияның он шақты елді мекенінде қазақтар өмір сүреді. Олар ең алғаш Түркияға ат басын бұрғанда Түркия үкіметі қазақтар үшін жасақтап берген Алтай көйде (ауылында) бүгінде 20-дай ғана отбасы тірлік етеді. Қалғандары қала сағалап кеткен. Қазақтардың ең көп шоғырланған жері – Ыстамбул. Қаланың Зейтінбурны, Гүнешлікөй аудандарында қазақтар көптеп кездеседі. Негізгі кәсібі – қолөнер, тері кәсіпшілігі, пластикалық бұйым­дарды жасау, жеке кәсіпкерлік. Қазіргі жастарының көбі – жоғары білімді, түрлі салада қызмет атқарады.

Есенгүл Кәпқызы
Алматы – Ыстамбул – Алматы