ТІЛДІҢ ШҰБАРЛАНУЫ БЕЛЕҢ АЛЫП БАРАДЫ

ТІЛДІҢ ШҰБАРЛАНУЫ БЕЛЕҢ АЛЫП БАРАДЫ

ТІЛДІҢ  ШҰБАРЛАНУЫ  БЕЛЕҢ АЛЫП  БАРАДЫ
ашық дереккөзі

 Моңғолияның астанасы Ұланбатырға табан тіреген қазақтың ең алдымен бас сұғатын мекемелерінің бірі – Моңғолияның Ұлы Құралы немесе біздің тілмен айтқанда, Парламенті. Өйткені, Моңғолияның тарихында жоғары заң шығару органында Баян-Өлгийдегі қазақ ағайындардың арасынан үш депутат сайлау дәстүрге айналған. Бірақ, 2012 жылғы соңғы шақырылымда Баян-Өлгийден сайланған депутаттардың саны 2-ге дейін қысқарыпты. Моңғолияның Ұлы Құрал депутаты, Ұланбатырдағы қазақ жерлестер қоғамының жетекшісі Бәкей Ағыпарұлына қойылған алғашқы сауал осы болды:

– Моңғолияға қазақтар қоныстана бастағалы 150-160-тай жыл болды. Ресми түрде Моңғолияның қарамағына өтіп, азаматтығын қабылдай бастағанына 101 жыл толған екен. Сол жүз жылдықта мұндағы қазақ ұлты өкілдері моңғол ұлтымен тең дәрежелі құқықта өмір сүріп, қоғамдық әлеуметтік мәселелерге араласып келе жатырмыз. Қазіргі Моңғолиядағы тұрғындардың саны – 2 миллион 8 мыңнан астам. Оның бес пайыздайы – қазақ ұлтының өкілдері. Оның жүз мыңға жуығы – Баян-Өлгий аймағында, қалғаны – Ұланбатыр, Дархан, Эрдэнэт, Шарынгол, Налайх секілді өндірісті қалаларда тірлік етеді. Моңғолияның Конституциясы – Негізгі заңы бойынша, мұндағы ұлттар тең құқықты, ешкім ұлтына, нәсіліне және тіліне қарай кемсітілмейді. Сол себепті де, ғасырға жуық уақыт қазақ ұлтының Моңғолиядағы өкілдері жергілікті ұлтпен тең дәрежеде өмір сүрді. Осы Негізгі заңның 8-бабының 2-тармағында елдегі аз санды ұлт өкілдері өз ана тілін дамытуға, ана тілінде білім алуға және мәдени, ғылыми ақпараттарға қол жеткізуге құқылы. Осыған орай заңдық негіздері де жасалған.
Бұған дейін Моңғолияның Парла­ментіне сайлау мажоритарлық жүйе бойынша жүзеге асырылып келді. Сол жүйемен Баян-Өлгий аймағынан өкіл ретінде үш депутат сайланып келген болса, 2012 жылғы сайлау жаңа «Сайлау туралы» заң бойынша жүргізілді. Бұған орай, сайлау мажоритарлық және пропорционалдық жүйемен сайланды. Моңғолияның мемлекеттік Ұлы Құрылтайына 76 депутат мүше болса, оның 48-і мажоритарлық жүйемен, яғни белгілі бір аумақтан, халық арасынан сайланды. Қалған 28-і партиялық тізім бойынша ұсынылды. Сол себептен де, бұрынғы үш депутаттың орнына Баян-Өлгийден екі депутат мандатқа ие болды. Бұл Моңғолияның қазақтарға деген көзқарасының салдарынан емес, Сайлау заңындағы өзгерістер және партиялық тізімде кімдердің тізімнің басында тұрғанына байланысты болып отыр.
– Моңғолиядан Қазақстанға соңғы жиырма жыл көлемінде жүз мыңға жуық қазақ оралды. Алайда, Моңғолия мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасы әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмай келеді. Бұрын қазақстандық Scat әуе компаниясының ұшағы «Алматы – Өскемен – Баян-Өлгий» бағытымен ұшып жүрген. Уақытша ол да тоқтаған екен. Біз Ұланбатырға Қырғызстанның астанасы Бішкек арқылы келдік. Келушілердің көбі – Алматыдан болды және олардың басым көпшілігі тарихи отанына оралған Моңғолияның бұрынғы азаматтары екені де түсінікті. Моңғолия мен Қазақстан арасында неге тікелей көлік байланысы жолға қойылмағаны біраз жұртты әбігерге салған сияқты. Жалпы, екі елдің қарым-қатынасын қандай деңгейде бағалар едіңіз?
– Моңғолия демократиялық жолды таңдағаннан кейін, ол елдің азаматтары таңдаған еліне көшуіне, іс сапармен, жеке сапармен баруына және таңдаған мемлекетінің азаматтығын алуына құқылы болды. Сол құқықтарын пайдаланған қазақ ағайындардың басым көпшілігі тарихи отанына оралды. Қазақстанның азаматтығын қабылдады. Алайда Моңғолиядан қанша қазақтың Қазақстанға қоныс аударғаны туралы нақты дерек жоқ. Кейбір дерек көздері – 65 мың десе, енді біреулері 100 мың дейді. Меніңше, қалай дегенмен де қоныс аударғандардың саны жетпіс мыңнан кем емес. Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы уақыт аралығында Моңғолияға үш рет ресми сапармен келіп кетті. Моңғолияның әр кездегі президенттері де Қазақстанға ресми іс-сапармен барып оралды. Басқа да деңгейде екі ел қарым-қатынастарын жақсартуға байланысты кездесулер жиі қайталанды. Алайда, бүгінгі таңда Моңғолия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты өте жақсы деңгейде деп айтуға да, мүлдем тоқтап қалды деуге де келмейді. Біріншіден, жекелеген адамдар арасындағы байланыс, қарым-қатынас өте жақсы деңгейге жетті. Қазақстанның кез келген бизнесмен, кәсіпкерлері келіп, мұнда өзінің кәсібін жүргізуге мүмкіндік ала алады. Моңғолияның азаматтары да Қазақстанға барып қоныстануына, іс қызметін жүргізуіне құқылы. Екі ел арасындағы ресми қатынасы, экономикалық, сауда қатынасы және басқа қарым-қатынастарға келетін болсақ, осыдан екі жыл бұрын Астанада Моңғолияның мәдениет күндері болды. Енді сондай шара жақын күндері Ұланбатырда өткізіледі деп жоспарланған. Scat әуе компаниясының «Алматы-Өскемен-Өлгий» бағытымен ұшырылып келген ұшағының тоқтау себебіне келер болсақ, Моңғолия үкіметі тарапынан қазақстандық Scat компаниясына өз азаматтарының қауіпсіздігі жөнінде нақты талаптар қойған болатын. Өйткені олардың ұшырып келген әуе кемесі өткен ғасырдағы Кеңестік империяға тиесілі ескі «ЯК-40» ұшағы болатын. Оның бүгінгі заманғы техникалық талаптарға жауап бере алмасы анық. Сол себепті Scat әуекомпаниясына әуе кемесін басқасымен алмастыру туралы ұсыныс жасалған. Бірақ олар ол ұсынысқа құлақ аспады. Сол себепті де, «Алматы-Өскемен-Өлгий» бағытымен ұшырылатын рейстің тоқтағанына бір жарым жыл болды. Біз осы рейсті қайта жандандыру туралы Моңғол үкіметіне бірнеше рет депутаттық сауалдар жолдап, талаптар қойдық. Әрі бұл сауалдарымызға жауап та алдық. Моңғолияның Көлік және жол министрінің ресми жауабында: «Егерде Қазақстан үкіметі мүдделілік танытатын болса, Моңғолияның бірнеше әуе компаниясы бұл істі өз қолына алуға дайын» деген еді. Моңғолияның әуе компаниялары қазір әлемнің түкпір-түкпіріне рейс ашып отыр және технологияның бәрін Батыстан, Америкадан сатып алған. Мәселен, «Моңғол Эйр» компаниясы жақында тағы бір «Боинг» әуекемесін сатып алды. Олар Американың өзіне транзитсіз рейс ұшырып келеді. Сол себепті де бұл істі моңғолиялық әуе компаниялар атқаруына әбден болады.
– Ал Қазақстан тарапының бұған айтар уәжі қандай?
– Қазақстан бұл талапқа мойынсұнып отырған көрінеді. Тек олардың қойып отырған талабы, Ұланбатыр-Астана бағытына ұшырылатын рейсті қазақстандық әуекомпаниялар жүзеге асырсын дегенге саяды. Қазір бұл мәселе оң шешімін тапты. Әуе байланысы қайта жанданатын күн алыс емес.
– Қазақстан бизнесі бүгінде халықаралық деңгейге шықты. Біраз мемлекеттерге Қазақстан тарапынан инвестиция салынғаны мәлім. Ал Моңғолияның бизнесінде Қазақстанның үлесі қандай? Қазақ кәсіпкерлері инвестиция салған саланы айтып бере аласыз ба?
– Қазақстандық бизнесмендер Моңғолия бизнесіне бірталай мүдделілік танытты және біраз салада инвестиция салып та көрді. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, құрылыс саласында, жол, көлік саласында, тау-кен саласында инвестиция салып, басшылық жасап жүрген азаматтар бар. Бірақ, менің қолымда нақты статистика болмай отыр.
– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Қазақстан шетте жүрген қандастарын шақыр­ғаны белгілі. Моңғолиядағы қандас­тарымыз осы көштің алғаш­қы легі болып, тарихи Отанына ат басын тіреді. Сол қазақтардың өздері, ұрпақтары бүгінде жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе, қазақ руханиятына еселеп үлес қосты. Қазір Моңғолиядан оралған қазақтардың басым көпшілігі, мәдени көпшілік орындарда, ақпарат құралдарында, жоғары оқу орындарында табысты еңбек етіп келеді. Сарапшылар ұлттық аймақ статусына ие Баянөлгийде қаймағы бұзылмаған қазақы ортаның қалыптасқаны бұған септігін тигізді деп есептейді. Алайда қазір сол Баянөлгий рухани тұрғыдан жұтаңдыққа ұшырады деген ақпарат бар. Жалпы, сіздер ондағы қазақы ортаның сақталып қалуы үшін қандай күш жұмсап отырсыздар?
– Біз бұны мақтан тұтамыз. Қаншама жылдар атажұртынан жырақ жүрсе де, өз ана тілін сақтап қана қоймай сол тілде әдебиет, мәдениет жасап, жалпы қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын қазір ғалымдар, сарапшылар және саясаттанушылар айтып жүр. Бұл үрдіс әрі қарай да жалғасын табатын болады. Ол анық. Өйткені, жоғарыда айтып өткенімдей, Моңғолияның Негізгі заңында аз санды ұлттардың руханияты мен ана тілін дамытуға көмектесу, қолдау нақты баптар арқылы көрініс тапқан. Сонымен бірге аз санды ұлттардың өз ана тілінде білім алуына кең жол ашылған. Моңғолияның Білім туралы заңының 5-бабында «Аз санды ұлт өкілдерінің өз ана тілінде білім алуына толық мүмкіндік жасалады» делінген. Осы заңның аясында қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий аймағында жалпы білім беру мектептері қазақ тілінде білім береді, әрі бұл жалғаса бермек. Дегенмен, көңілге түйткіл салар мәселелер өте көп. Оның бірі – осы қазақ мектептерін бітірген балалардың көпшілігі моңғол тілін жетік меңгермеген. Екінші жағынан, жай қарым-қатынаста тілдің шұбарлануы қатты белең алып барады. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан рухани орта да, руханият та босаңсыды. Бұл Моңғолия үкіметінің ұстанып отырған саясатынан болып отырған жоқ, оған кінәлі тағы да өзіміз.
– Менің естуімше, Моңғолиядағы ақпарат құралдарының барлығы жекеменшіктің қолында. Мемлекет тарапынан шығарылатын ақпарат құралдары жоқ көрінеді. Алайда Баян-Өлгийде күніне халықпен бір сағат қауышатын қазақ радиосын Үкімет қаржыландырады екен. Осы қазақ радиосының бүгінгі хал-ахуалы қалай?
– Моңғолияның заңдарына сәйкес, ақпарат құралдарын мемлекет тарапынан қаржыландыруға тыйым салынған. Моңғолияның ұлттық бұқаралық радио телевизиясында жеті жүзден астам қызметкері бар. Былайынан мемлекеттік дәрежесі жоқ. Осы ақпарат құралының бір бөлімшесі Баян-Өлгий аймағында жұмыс істейді. Бұндай филиал басқа аймақтарда жоқ, тек Баян-Өлгий аймағында ғана және бұл халыққа қазақ тілінде ақпарат таратады. Баян-Өлгий аймағында қазақ тілінде күніне бір сағат ақпарат тарататын қазақ радиосы 1965 жылы Чехословакияның техникалық көмегімен ашылған. Дегенмен, одан бергі елу жылға жуық уақыт ішінде оның техникалық жабдықтары ескірді. Биыл наурыз айында осы қазақ радиосының техникасы толығымен жаңаланды. Қазір мемлекеттен қаржыландырылатын бірден бір ақпарат құралы осы Өлгий қаласында жұмыс істеп тұр.
– Қазақстанда моңғолиялық 800 қазақ отбасының Қазақстанның азаматтығын заңсыз алғандығы және Моңғолия азаматтығын қайта алғысы келетіндігі жайында ақпарат шу болған еді. Оның үстіне іле-шала www.baiolke.com сайты Моңғолия азаматтығын қайта алған 200 адамның тізімін жариялады. Жалпы, осы мәселенің жай-күйінен хабар бере аласыз ба?
– Жалпы, Қазақстанның азаматтығын түрлі жолдармен қабылдаған, алайда, Моңғолия азаматтығын қайта сұрап жатқан қазақтарды моңғолиялық сарапшы ғалымдар үш топқа бөліп қарастырады. Бірінші, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қоныс аударған, Моңғолия азаматтығынан шығуға өз еркімен арыз берген және біраз жыл Қазақстанда өмір сүрген, алайда денсаулығына орай, қайта оралғандар. Бірақ, олар тым аз, жүзге де жетпейді. Екінші топ – бір кездері Қазақстанға көшпес бұрын, Моңғолия азаматтығынан шығып көшетін үрдіс болған. Сол үрдіспен азаматтықтан шығуға арызын беріп алып, көше алмай қалғандар. Сол арыздың негізінде олар Моңғолия азаматтығынан шығып қалған, Қазақстан азаматтығын қабылдамаған, азаматтығы жоқтар тобы. Сол екі ортада олардың балалары өмірге келген, кәмелет жасына толған дегендей, біраз әуре-сарсаңға түскен. Олар да өте аз, тіпті саусақпен санарлық ғана. Үшінші топ – алаяқтықтың құрбаны болғандар. Өздеріңіз де білесіздер, Қазақстанда көші-қон квотасы арқылы ақшалай жәрдемақы төленгелі он жылдай уақыт болды, осы қаржыға ие болуды мақсат еткен кейбір пысықтар Баян-Өлгийдегі жемқорлармен жең ұшынан жалғасып, көші-қон квотасын бизнеске айналдырып алған. Солардың пысықайлықтарының салдарынан, өз ауылынан жүз метр ұзап шықпаған момын малшылар Моңғолия азаматтығынан қалай шығып қалғандарын өздері де білмей қалған. Себебі, пысықтар олардың шетелге шығатын құжаттарын алдап алып, орнына ақша әкеп беруге уәде берген көрінеді. Бәлкім бұл пысықайлардың Қазақстанда да сыбайластары да бар болған шығар. Сөйтіп, бір топ қазақтың құжаттарын заңсыз және алаяқтық жолмен қолына түсіргендер өзара ымыраласа отырып, момын халықтың қаржысын заңсыз жолмен иемденгендерінің сыртында, азаматтықтан шығуына ықпал еткен. Қазақстан тарапы оларды өз азаматтығына қабылдап, Моңғол үкіметіне нота жіберген. Сөйтіп Моңғолия оларды азаматтықтан шығарып жіберген. Негізінен бұлардың саны өте көп. Біз осы мәселені Моңғолияның президентіне жақсылап таныстырып бердік. Сол кісінің тапсырмасымен, Моңғолияның Шетел азаматтарымен жұмыс істейтін агенттігінің басшысы Баян-Өлгий аймағында арнайы сапармен болып, азаматтармен кездесіп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп келді. Сөйтіп, Моңғолия президентінің жарлығымен 200 адам Моңғолияның азаматтығына қайта қабылданды. Әлі де 500-600 адам бар сияқты. Бұны да заң жолымен, адам құқығына шектеу келтірмей шешуге ынталылық танытып жатырмыз. Жалпы, меніңше, бұл мәселеге орай, екі елдің бірлескен тәуелсіз комиссиясы жұмыс істеп, алаяқтардың кесірінен зардап шеккен қазақтардың мәселесін біржақты ету қажет сияқты. Өйткені бұл адамдардың шаруасын реттеу үшін әуелі олар бірінші Қазақстан азаматтығынан шығып келуі қажет. Ол үшін жиналатын құжаттардың саны қыруар, әрі біраз уақытты алады. Жақында Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі ретінде Қалыбек Қобландин тағайындалды. Біз оған осы мәселені егжей-тегжейлі таныстырдық. Ол да оған мүдделілік танытты. Сол себепті бәрі де оң шешімін тауып қалатын шығар деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Есенгүл Кәпқызы

Алматы – Ұланбатыр – Алматы