Жаңалықтар

АЛАШШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ ТУЫН КӨТЕРГЕН

ашық дереккөзі

АЛАШШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ ТУЫН КӨТЕРГЕН

 1918 жылдың сәуір-мамыр айында Омбы қаласында өткен қазақ жастарының тұңғыш құрылтайының шешіміне орай, «Бүкілқазақтық жастар ұйымының тілі» ретінде бұл газеттің алғашқы саны 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрген.

Газеттің дәл осы кезде Қызылжар қаласында шыға бастауы аймақта Кеңес өкіметінің құлауына байланысты, билікті қолына алған «Алашорда» үкіметінің саяси шешімінің нәтижесі еді. Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ тіліндегі жария баспасөз органы арқылы Алаш басшылығы жалпы саяси мәселелер — II Бүкілқазақ съезінің шешімдерін жүзеге асыру шараларын насихаттау, халықтың саяси сауатын ашып, ұлттық санасын оятуды көздеді. Күн тәртібінде тұрған ұлттық автономия мәселесін түсіндірумен қатар, тездетіп ұлттық қарулы күштерді құруы тиіс болды. «Жас азаматтың» әр саны Алаш партиясының жұмысын насихаттауға арналды. Омбыдағы оқудағы Алашорда жаста­рының ұйымына айналған «Бірлік ұйымы» 1918 жылы сәуірдің соңында «Жалпы жастар съезін» өткізгені мәлім. Сьезде жер-жердегі жастар ұйымдары бірігіп, «Жас азамат» деуге қаулы қылған. Кіндік комитет төрағалығына Мұрзаұлы, мүшелігіне: Смағұл Сәдуақасұлы, Мұратбек Сейітұлы, Гуля Досымбекова (Міржақып Дулатовтың балдызы. – Авт.), Әбдірахман Байділдәұлы сайланды. «Жас азамат» ұйымының тілі «Жас азамат» атты газетті жабылып қалған Көлбайдың газеті «Үш жүздің» орнына шығармақ болған. Шығарушылыққа Кемеңгерұлын сайлаған. Биыл 95 жыл толып отырған осы «Жас азаматтың» тігінділерін қайта ақтарып, қазіргі ұрпаққа біраз мағлұмат берудің реті келіп тұр. Өйткені бұл басылым туралы ел ішіне таралған мағлұмат әлі аз.Тұңғыш жастар газетінің алғашқы саны «Жас тілек» деген бас мақаламен ашылған. Өз ұлтының тағдыры үшін шырқыраған көсемсөз шеберлері былай дейді:«Жастар съезінің тілегі орындалды, өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты», деп басталып, «…жастардың бас міндеті, үлкен борышы. «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» деп түйеді. «Бұл тілекке жету үшін «Жас азамат» Алаштың алтын туын жайқалдыра алатын, дұшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ел қылатын бірлікті қолданады. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті қолданады. Осы айтылған жолдарда қарсы күш – қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, «Жас азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік.Жастар! Келешектегі буындардан алғыс, я қарғыс алатын дәуірге кездестіңдер! Ұлттың гүлденуі, көркеюі, «Алаш Орданың» абыройы, айбыны болуы сендерден. Кәрі буыннан қайыр аз. Кәрі буын (біразын шығарғанда) қажыған, қайраты қайтқан буын, ерлігі сөніп, жауынгер бабаларын ұмытқан буын – «төрелерге» құлдық ұрып жатыр. Түймеге табынған буын, сайлау партиясымен миларын шірітіп, ұлт намысын, жұрт жұмысын күндік тамағына айырбастаған буын», деп шындық үшін шырылдаған автор, жастарға арнаған сөзін: «Ақ ту көтеріп, найза салып, садақ тартатын күндерің туды!» деген ұранмен аяқтайды.Бұл жерде газет шыға бастаған кездегі саяси ахуалды тағы да еске алудың реті келіп тұр. 1918 жылдың басында Қазақстанның қалаларында билікті большевиктер басып алып, қара халықты қанға бөктірген болатын. «Сарыарқа» газетінің 1918 жыл­ғы 22 наурыздағы № 35 санында бы­лай делінген: совет үкіметі өткен декабрьдің ішінде бүкіл Россия­дағы жұрттарға «Бас билік тізгінің өзіңде. Мейлің Россия­мен қанаттас автономия бо­лып отыр, мейлің Россиядан бөлі­ніп, өз алдыңа жеке мемлекет бо­лып отыр, ерік өзде­ріңде» деп жария қылған еді. Онысы жалған болды».Қазақстанның көптеген өңірлерінде азамат соғысы етек жайып, «Алашорда» (Алаш автономиясының үкіметі) Кеңестерге қарсы бірігіп күресу үшін Ресей аумағындағы түрлі күштермен одақтасуға мәжбүр болған аумалы-төкпелі заман болатын. Қазақ халқының тәуелсіздікке деген үміті де бұлыңғыр еді. «Жас азамат»: «Келешек қараңғы, жағдай күн сайын құбылған, апатты күндер туды, қазақ халқының дүниеде болу-болмауы тарих безбеніне тартылды, ұлттың өмірлі құқықтары аяққа тапталды, жаңа билік халықтың қанын сорып отыр…» деп сипаттады бұл кезді. Газеттің бірінші санында «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» деген саяси шолу басылды. Онда: «Большевиктер орыс зиялылары мен жұмыскер-қарашекпендердің арасына жік түсірді, бұл ауру бізге жұғып жүрмесін», деп ашық айтып, аз қазақты бірлікке шақырды. Мақала авторы, қазақтың көрнекті көсемсөз шебері, Алаш жастарының жетекшісі Қошмұхамбет Кемеңгеров болатын.Қазақ жастарының Омбыда өткен бірінші съезінде (С. Сейфуллиннің көрсетуі бойынша) Ақмола уезі жас­тарынан құрылған «Жас қазақ» ұйы­мының атынан барған А. Асылбеков сияқтылар нақты жағдайды түсінбей, қазақ тұтастығын бұзып, өздерінше төңкерісшіл, большевикшіл бола қалған еді. Орыс төңкерісшілерінің желбуаз, жалған ұранына сенген қазақ жастарының бұл тобы саяси күрес тәжірибесінен ада, қоғамдық құбылыстарды өз бетінше, саналы бағалай алмайтын. Тіпті, олар саяси күрес, пікірталас дегеннің не екенін білмегендіктен, өздеріне қосылмағандарды балағаттап, жала жабудан тайынбады. Кейінде мұндай алауыздықты отаршыл, шовинистік билік пайдалана білді. Ұлттық мемлекет, тәуелсіздік ұранын көтерген қазақ зиялыларын түгел құртып жіберді. «Алашорданың» саяси ұйым ретіндегі қызметіне баға беріліп, Кеңес құрылысына қарсы шыққандығы қылмыс емес, саяси қозғалыс деп танылып, 1919 жылы кешірілсе де, қазақтың кейбір азаматтары коммунистік билікке жағынып, қоламтаны қайта көсегенін тарих біледі. Мұның өзі санасы оянған халықтан қорқып, әділетсіз саяси қуғын-сүргін науқандарын бастаған тоталитарлық жүйенің отына май құйды. Басқалармен бірге, «Жас азаматтың» қаламгер қайраткерлері де жаппай атылды. Кеңес коммунистері өрттей қорқатын «Алашорда» деген сөз қайта-қайта еске салынып, қазақ зиялыларының ел тәуелсіздігі үшін күресі қылмыс ретінде насихатталды. «Жас азаматтың» Қызылжарда қалай шығып тұрғанын, қазақ жастарының, жалпы қазақ қауымының тәуелсіздікке деген арман-мұңын айғақтап, қоғамдық сананы оятуға күш салғанын Жүсіпбек Аймауытов көрсеткен. Ол Семейдегі «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 20 ақпандағы санына «Газет, жорнал оқушыларға» деген мақала бастырып, Семейдің орысша газетінің қазақ баспасөзін ғайбаттап, «оқушылары болмағандықтан қазақтың бір газеті мен жорналы жабылып қалыпты» деген хабарына қарсы сөйлеп, түсінік берген: «Бұл хабар бекер, – депті Ж. Аймауытов, – «Жас азамат» күні бүгінге дейін шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп, тоқтай ма, деген кірбің болып еді. Енді тоқталмас дейміз. Өйткені, Омбы жастары әдебиет кешінен мың сом, Семей жастары бес мың сомдай көмек жіберіп отыр. Тағы сондай көтерушілер табылатын көрінеді». «Жас азаматтың» осы санында Алаш партиясы атынан «Алаш азаматтарына!» деген тақырыппен ашық хат басылған. Қазақ жастарының тұңғыш және бірден-бір газеті бетінен ұлт саяси ұйымының көсемдері жастарға үндеу тастап, «Алаш Орда тігілді, Ақ ту көтерілді. Енді әркім шамасына қарай, ұлтына қызмет қылуы тиіс» деген тарихи міндетті алға тартады. Мысалы, Жүніс деген автордың өлеңі: «…Ұлтына мәңгі бақыт, ерік тілеп, Қол созды «Жас азамат» нұр аспанға!» деп аяқталады. Ақмоладан келген жеделхатта: «Жас азаматтың» нұрлы шырақ жас жалауы болып, бақыты өрлеп, күші молайып, көздеген мақсатына жетуіне тілектеспін» делінсе, Семейдегі «Жанар» атты жастар ұйымы: «Ыстық жүрекпен «Жас азаматты» қарсы аламыз! Тартқан бағытына хайырлы сәт тілеймін», деп құттықтайды. «Әр ұлтты өрге сүйрейтін, өрнек болып тура жолға бастайтын басшы дат – газет болғандықтан, ұлт пайдасын ойлап, адал ниет, ақ жүректен шығатын жасөспірім жаңа талап «Жас азамат» газетінің бауы берік болуына тілектеспіз!» деп, ағынан жарылып қол қойғандар Мұхаметсәлім Кәшімов пен Хасен Темірбеков екен.Халықтың бостандығы үшін күресетін, оның алдағы тағдырының қандай болмағын айқындайтын көзі ашық, жаны таза, саналы жастар екендігін бұл басылым әуелден-ақ жария етті. Мағжан Жұмабаевтың «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай. Газеттің үшінші санына басылған 25 жастағы ақын Мағжанның «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай. Мағжан шумақтарына беташар болған, көсемсөз түріндегі нұсқалы сөз мынау: «Жастар! Жүрек толқытқан шерді, мый толқытқан ойды жарыққа шығарып, майданға салыңдар! Алда жүрген Алаш жолында аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар!Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар! Күнді – түн, жақынды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға, ер жетіп, есі кірмеген елді ойлаңдар!Түн қараңғы, дауыл қатты. Бірақ, ұлт бақыты жастарға – нұрлы сәуле!!! Жасасын, «Алаш Орда!» Жасасын, Алаш көшбасшылары! Жасасын, Алаштың жаужүрек, ұлтшыл жастары!» Жас ақынның жалындатқан шақыруы тек өзінің ғана емес, алты миллион қазақтың атынан айтылып, қазақ көгіне шалқи көтерілген Ұлт ұраны еді:Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты.Қырандай күшті қанатты,Мен жастарға сенемін!..

«Алаш!» – айбынды ұраны, Қасиетті құраны.Алаштың олар құрбаны,Мен жастарға сенемін!

Тау суындай гүрілдер,Айбынды Алаш – елім дер.Алтын Арқа – жерім дерМен жастарға сенемін!..

Мен сенемін жастарға!Алаш атын аспанғаШығарар олар, бір таңда!Мен жастарға сенемін!

Смағұл Садуақасовтың аузынан шыққан: «Мағжан – қазақ жастарының ой-санасының әміршісі» деген сөздің түп-тамыры, бәлкім, осы бір отты-жалынды өлең жолдарында жатқан шығар. Үлкен тебіреніспен, күйзелген жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұдан былай да: «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буырқанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ. Әнұран екпіндес, шақыру, дабыл сипатында қайта-қайта «Мен жастарға сенемін!» деп келіп отыратын толқындар, көкірегінде сәл ғана шоғы бар саналы пендені жалындататын күшті көрік еді. Осы ұлы ұранды туғызған кезде Мағжанның өзі 25 жаста, ал газет редакторы Кемеңгерұлы 22-де, білікті көсемсөз шебері ретінде танылған Смағұл Сәдуақасұлы 20 жаста ғана. Осындай от жүректі, озық ойлы қазақ жастары өздерінің арман-мұратын халқына тарату үшін баспасөздің құдіретті күшін пайдаланған. Осы бірінші санының беташарына «Омбыдағы Алаш партиясының бас комитетінің» атынан «Алаш азаматтарына!» деген тақырыппен жарияланған әкелер мен ағалар сөзі «Алашорда» үкіметі қанаттанып, ел билігін қолына ала бастаған сол айлардағы саяси ахуалды түсіндіруге арналған. Қатардағы үгіт пен насихат емес, жастардың өздері шығара бастаған «Жас азамат» газеті үшін арнайы жазылған салмақты сөз, салиқалы ақыл-кеңес былай басталған: «180 миллион Россия халқын 300 жылдан астам бір шыбықпен айдаған Роман тұқымының тағы күйреп, іс басынан құлағанда, [одан кейін] жеті айдай зорлықпен, қан ішерлік пен билік жүргізіп дәурен сүрген большевик үкіметі де, Сібір жерінде жығылды». Сондықтан күрестің жаңа ұраны мынау болмағын «Жас азамат» былай үндеді: «Азаматтар! Құдай Алаштың тілегін берді. Дұшпан кеудесі басылды, үні өшті. Қозғалмастай күйге түсті.Алаш Орда тігілді, Ақ ту көтерілді. Күні ертең тұрмыс тонын пішетін, келешекке үлгі жөн салатын Алаш құрылтайы болмақ. Аяқтан әуіре, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ!Өткен өмірдегі ауыр жағдайға қалың қайғы, көз жасы – бәрі де енді ұмыт болды. Қара шаңырақ «Алаш Орданың» тігілгені – бір уақытта қазақты алға шығарды.Ақсақалдар, ағалар! Ақыл айтып, жол бастаңдар! Баяғы еркін дәуреннен сөз қозғап, жастардың жүректеріне қызулық жалынын салыңдар! Қазақ-қырғыз бір кезде кемеліне келген, өз алдына хандық құрып, билік жүргізген ел емес пе еді? Топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені, қол бастаған батыры бар емес пе еді?Дәулетті байлар, мырзалар! Кісілік малда емес, әсте бүгін бар дүние, ертең жоқ. Әркім шамасына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс!»Ерекше атап өтуге тұратын жайт, «Жас азаматтың» 1918 жылғы 16 желтоқсандағы саны редакция атынан «Екінші Жалпы қазақ съезінде алты Алаштың баласы түгел бас қосып, қазақ ұлтының келешектегі елдігіне негіз құрған тарихи 13-інші декабрь күн бүтін Алаш ұранды Қазақ өлкесіне құтты болсын!» деген құттықтаумен ашылып, түгелдей Алаш автономиясының бір жылдығына арналды. Басмақаладағы мына сөздер сол дәуірдегі Тәуелсіздік аңсаған әр қазақтың жігерін жанып, асыл арманға бастаған жалынды ұран еді. Тоқсан бес жыл өтсе де, тебіренбей оқу мүмкін емес:«[1917 жылғы] 13-інші декабрь – Екінші жалпы қазақ съезінің Ақ орда тігіп, Алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күні. «Автономияға мал-жанды құрбан қыламыз!» деп қойған соң, күңіреніп құран оқығанда, ақжүрек адал ниетпен ақсақалдар, жастар тілек қылғанда, қуанғаннан моллалардың көңілі босап, еңіреген күні. Мінеки, сол ұлт қанын тасытқан, үміт құрағына ат шаптыртқан тарихи 13 декабрьге – тап бір жыл.Осы бір жылдың ішінде Алаш тізгінін қолына алған «Алашорданың» басынан кешкен ауырлықтары көп болды. Әлі де тар кешу, тайғақ жолдар болуы мүмкін. Ұлт тілегі бір күнде тездікпен һәм жеңілдікпен орындалмайды, от алып, қамысқа түсуді көтермейді. 13 декабрьдің қазіргі алдымызға тартқан жемістері Алаш автономиясына іргетас салды. Бұл –бір. Шашыраған ұлтшылдықты бір ізге салып, бір жерге жинап, ұлт күресіне үлгі берді. Бұл – екі. Жалған ұлтшылдардың өрісін тарылтты. Бұл – үш. Осындай, өлгенді тірілткен, өшкенді жандырған, өткен дәуренді, ұшқан бақты еске түсірген 13 декабрьді өте құрметтеп өткізуге, саясат дүниесі сау қалпында емес. Бірақ қоюланған түн тараңқырап, кейін бұлт ажырап, нұрын төгіп, таң ататын. Ерте ме, кеш пе, 13 декабрь Алаш елінің ардақты күндерінің бірі саналар. Алаш тарихына алтын сиямен жазылар!»Ұлт көсемдерінің «Тәуелсіздік!» деген бір сөзге сыйған арманы орындалды, бірақ 13 желтоқсанды Ұлт Мерекесі етсек деген аманатын әлі ескере қойған жоқпыз. Бұл да – өкінішті шындық. Газет қаламгерлері осы газет арқылы оқырмандарына сөз тастап, азаттық күресінің жылнамасын жасауға шақырады, естеліктер мен құжаттарды «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Абай» басқармаларына (редакцияларына.-Авт.) осы бастан жинауға қам қылып, оларға Алаштың азаматтары тартынбай, керекті нәрселерді уақытымен жеткізіп тұрса екен», деп сұрайды. Өйткені: «Мәдениет жолына аяқ басам, жарыққа қол сермеймін, деген жұртқа өзінің һәм басқаның бұрынғы кім екенін танып, таразыға салуы үшін тарих керек. Өткенді еске түсіріп, жақсыдан жаманды, қараңғыдан жарықты айырып, адамның көз алдына айқын ашып көрсететін – осы тарих. Надандық ұйқысынан жаңа бас көтеріп, жарық жолға қарай қарманып, қол сермеушінің бірі – біздің қазақ. Және сол жарық жолға жетуге дауа болатын көп құралдың бірі де – тарих». «Жас азаматтың» 1918 жылғы 4 қазандағы алтыншы санында басылған Смағұл Сәдуақасұлының «Өмір үшін күресу» деген мақаласы кемел ойдың жемісі десе болғандай. Әлқиссасын қалың қазаққа таныс әрі түсінікті тіршілік түйткілдерінен бастап: «Адам баласына жан-дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе тамақсыз, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық құру, тіл, қолөнер білімін кәсіп қылу, жалға жүру, тіленшілік құру, ұрлық қылу – бәрі де жан-дүниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп». Автор өз ойын айқын түсіндіру үшін қазақ халқы мен алыстағы неміс жұртының тұрмыстық жағдайларын салыстыра отырып, қалың қазағын озық немістің деңгейінде көргісі келеді. «Не іске болса да әдіс керек. Және заман өткен сайын, әдіс өзгеріп тұрмақшы. Мысалы, тұрмыс жүзінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм ең әдіссіз біздің қазақты алайық, екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қарай өзгеріп отырады», – дей келіп, уақыт талабына сай тіршіліктің амал-әрекеті де бейімделіп отыруға тиіс екендігін насихаттайды. Сол кездегі басты мәселе, қазақтың бүкіл тағдыры шешілетін, келешегінің қандай боларына себепкер жер мәселесі «Жас азаматтың» негізгі тақырыптарының бірі болғаны заңды еді. Газетті шығарушылар «Қазақ жері» деген мақалада: «Қазақ жерін Ресей – сүлік сорды. Большевик көп нәрсе істеген жоқ, бірақ қазақты түгел кедейлендіріп, орыс қылып жібермекке бел буды», – деп тарихи шындықты ашып көрсетті. Қ. Кемеңгерұлы «Қазақ жеріне қолқа салушылар» деген мақаласында кеңес үкіметінің қазақ жері жөніндегі саясатын сын сүзгісінен өткізіп, өз ойын білдіреді, нақты дәлелдерін көзге көрсетіп, қолға ұстатқандай келтіреді де, мынадай түйін жасайды: «Мінекей, Алаш! Автономия болмаған күнде, шегіне беретін қолқаң осы. Жер – мәңгі байлық, алдыңдағы малыңнан, қойныңдағы ақшаңнан қымбат. Өнер-білім кенжелігі болса да, автономияға аласұрып жатқанымыз – Жер үшін!». Бұл арада әңгіме «Ұясы бұзылған Ресей мемлекетіне» енді табынудың жөні жоқ екендігі, қазақ халқы тәуелсіздік үшін, өз болашағының тізгінін өз қолына алу үшін күресуі, соның бәрі қазақ жерінің бүтіндігі туралы болып отыр. Күрделі саяси және қоғамдық тақырыптарға қалам тербеген «Жас азамат» авторлары сол кездегі өзара тірескен саяси күштердің ара салмағын бағамдап, халыққа түсінікті тілде баяндап беріп отырды. Байділдә Мырзаұлы мен Ғабділдә Найзабекұлының «Бұны не дейміз?» деген талдамалы мақаласында большевиктердің қазақ даласындағы іс-әрекеттері әшкереленеді. «Жетісу жағында большевиктер қазақ болсын, қазақ-орыс болсын, қойдай қырып, қанын судай ағызып жатқанын» жазды.Сібір үкіметі мен Алаш автономиясы бірін-бірі тану, мойындау жөніндегі келіссөзі барысын газет мұқият көрсетіп отырған. «Жас азаматтағы» осы тақырыпқа байланысты Бөкейхан кейін былай деп жазды: «Біздің Сібір үкіметімен ұзаққа созылған келіссөздеріміз Орал облысындағы Алаш автономиясын жойды. Мүмкін, большевиктерден азат етілген қазақ облыстары Алаш автономиясын күтіп отырмастан, Түркістанмен жақындасудың бағыт-бағдарын іздер»… «Ресей Алаш автономиясын мойындамаған жағдайда Түркістаннан айырылады, ал Сібір Алаш сияқты одақтасын жоғалтады: Автономияның құлау қаупі Алаш партиясына қалай болғанда да, Алашорданы Сібірмен одақ болудан бас тартуға, Алаш автономиясын жариялауға және қазақ халқының бірлігін сақтап қалуға тырысуға мәжбүр етті. Сібір үкіметінің Алаш автономиясын мо-йындауы Түркістанды Ресей аумағындағы федерациялық құрылым ретінде орнығуына мүмкіндік берер деп үміттендік»…Газетте жазылғандай, орыстың бір білім­дары айтқан: «Орыс халқы бір әкімшілікті ұзақ сүймейді, әлденеше байды тойдыратын нәпсісі зор қатын сияқты» деп. Өткен жылғы Керенский үкіметі жақпаған соң, күдерді үзу керек. Осы күні әсіре-қызылданып жүргендердің ертең сырт беріп кетуі, орыс табиғатынан күтілмейтін ғажап іс емес. Соның үшін көпшілік кадет-монархистер жағында болуға мүмкін. Бұл кей қалалардың сайлауында көрініп қалды…». Мұны жазып отырған, әлбетте, саяси күресте тәжірибе жинап, шыныққан Міржақып, Қошмұхаммет, Смағұл, Мағжан… деңгейлес, сауатты автор екеніне күмән жоқ. Газеттің әр нөміріне қазіргі заманғы кәсіби журналист маманның көзімен қарағанда, уақыт өткен сайын басылымның пісіп, жедел ширағаны байқалады. Тақырып таңдаудағы әуелгі шашыраңқылық тыйылып, келелі мәселелердің жүйесін тауып, батыл барлап, терең қазу, кең қамту басым. Мысалы, «Біздің ұлтшылдар» деген мақалада Тәуелсіздік үшін күреске кіргендерге мынадай кеңес берілген: «Көңілсіз болу – шын ұлтшылдарға лайық емес, өйткені, ұлт жұмысына белсене кіріспей жатып, қажып қалу, анық толық екі жылға жетпей, ұлтшылдардың еңсесі түсіп, салы суға кетіп, қажып қалса, бұқараның жапқан көңілін кім ашады? Ұлтты теңдікке кім жеткізеді? Мұны ойласақ, еріксіз табанды әскер, ұлтжан боламыз. Ұлтжан болған кісі айға-жылға деп кесіп кірмейді. Өлшеулі күні ойлаған мақсатына жете алмаса, жұртқа сөзін тыңдата алмаса да, «қажыдым» деп тартынбас керек, әр тарапынан кедергі қойылған сайын, қайраты артып, қуаты күшейіп, тасқын судай екпіндей бермек.Шегіну, жасқану, қажу – ұлтшылдықтың жауы. Сонда да, дұрыс ойынан қайтпайтын, түзу, таза, мықты пікірлі болмақ керек. Имам ағзам айтады: «бір пікірді дұрыс деп сенгеннен кейін, біреу келіп: «пікірің дұрыс емес» деп, дұрыс еместігіне дәлел қылып, таяқты көз алдыңда жыланға айналдырса да, бір сенген пікіріңнен қайтпа!» деп». «Жұрттың көбі большевиктердің әдемі сөздеріне, «әр ұлттың өз тізгіні өзінде болсын» дегеніне семіріп жүргенде, саяси қырағылар «большевиктен сақтаныңдар!» дейді. «…Милиция жинаудың басты мақсаты – елді апаттан қорғау. Соның үшін «Алашорда» жұмысы уақытша қандай күйде болса да, Алаш милициясы табан тайдырмай қызмет істей беру керек. Алаш полктарына кіріп, ел қорғау – жастардың мойнындағы парызы. «Қырық жыл қырғын келсе де, ажалды өледі» деп, қатерлі шындықты да жасырмайды..«Жас азаматтың» дерек көзі ретіндегі құнына баға жетпейді. Осыдан 95 жыл бұрын қазақ көгінде жарқырай көрінген бұл басылымның әр саны, әр автордың ағынан жарылған адал ниетті пікірлері халқымыздың рухани қазынасы толықтыра түсті. Газеттің авторлары туралы анықталған деректермен қоса, ашылмай қалған лақап есімдерді де еске салсақ, артығы болмас. Мұнда, Міржақып, Мағжан, Смағұл, Қошмұхамбет, Малдыбаев Біләл, Кәшімов Мұхаметсалық, Серкебаев Бекмұхамбет, Нұралин Төлебай, Ахмет Жанталин сияқты ысылған қаламгер-журналистермен қатар, азан шақырып қойған аты-жөні жасырын тілші-хабаршыларды да тізіп өтейік: «Жолаушы», «Тілші», «Шаңқан», «Жүніс-оптимист», «Дала баласы», «Ел баласы»–Қошмұхамет Кемеңгерұлы, «Мәшім» –Ғабдрахман Байділдин болуы мүмкін, «Жәдігер-Жаныс», «Жас Әлтай», Сайменов, Нұрымов, Ғабдолла Найзабеков, Жасым Темірбеков, Хамза Ибрахимұлы, Байдай Мырзалин, Смағұл Байкебаев т.б. Еліміздің тәуелсіздігі, жеріміздің бүтіндігі үшін күрескен ардақты ұлдарымыздың қатарында осылардың әрқайсының да лайықты орны бар. Осы азаматтардың ұрпақтары арамызда жүргені де шындық.Сөйте тұрсақ та, ұлы ойшыл Мұхтар Әуезовтің қаламынан 21 жасында туған мына қолтаңбасына тоқталмай кетуді жөн көрмедік. «Жас азаматтың» 1918 жылғы 15 қазан, сейсенбі күнгі жетінші санында басталып, он күннен кейін сегізінші санында нүктесін қойған «Ескеру керек» деген мақаласында заман кескіні дәл беріліп, сол заман талабына қарай, қазақ халінің қандайлығы, одан арғы келешектің кейпі турасында толғанады. Кемел ойлы данышпан Мұхтардың жастықтағы аяқ алысы, қалам тербесі, құлаш сермесі мақаланың әрбір жолынан атойлап көрінеді. Әуелі әріден бастайды:«Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман – киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хәл бұлқынбай, жатқа бағынудың жолында болды… Әртүрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты…». Оқырманын терең ойға жетелей келіп, жас Мұхтар: «Бұл уақытта заман ол тұманды сейілтті. Енді қандай өзгерістер болса да, халық жоғалмайды, бақыт қайта оралып күліп қарайды, деген үміт Алаш жүрегін қуантып тұр. Бір жұрттың басынан кешкен әртүрлі дәуір, сол халықтың қалпына әртүрлі із қалдырып отыратыны тарих жүзінен белгілі… Бұл күнде қазақтың сол нәрлі мінезінің бәрі де азды… күнде айдап, тықсырып отырғандықтан болса да, басшыдан қалмайтын намыскер, шыныққан, тарамыс қайратты елдің орнын бұл күнде қуанышқа қуана, күйінішке күйіне білмейтін, салбыраған, намыссыз, қорқақ, ұсақ өтірікші жұрт алды». Қай заманда да, қоғам мүшелерінің бірауыздылығы – қайтпас-қайсар қуат беретінін дәлелдей келіп, «Алаш мұраты үшін жасаған әрбір қадамың ұрпағыңа үлгі болсын» деген тілекпен аяқтаған көсемсөз шеберінің осы бір ғана мақаласының өзі «Жас азамат» оқырмандарына ой салғанына күмән жоқ. «Жас азаматтың» соңғы саны 1919 жылғы 3 ақпанда шықты да, тоқтады. Зерттеуші Дихан Қамзабекұлы атап көрсеткендей, жастар газеті ұлт болашағы үшін ақырғы санына дейін адал қызмет етті.Ахмет Байтұрсыновтың мына сөздері ешқашан мәнін жоймайтыны түсінікті. «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес», – деген еді ол. «Олай болмаған болса, – дейді А. Байтұрсынов алдыңғы ойын жалғастырып, – онда табиғат заңынан тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сияқты болып шығады». Осынау ащы айтылған шындықтың алдында бас имеу­ге бола ма? Демек, қазақ баспасөзінің жүз жылдық тарихы осы арнада ақты, ол өсті, өсіп, жетілді. Қазақ публицистерінің маңдайына ұстаған темірқазық тақырыбы да қазақтың мұңы, қазақтың арманы, қазақ тартқан азапты жеңілдетудің жолын іздеу, десек дұрыс.

З. Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры,С. Мәлікова, СҚО мемлекеттік мұрағатының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты(Жалғасы бар)