Жаңалықтар

КҮРІШ КЛАСТЕРІ НЕДЕН БАСТАУ АЛУЫ ТИІС?

ашық дереккөзі

КҮРІШ КЛАСТЕРІ НЕДЕН БАСТАУ АЛУЫ ТИІС?

 Ғылыми негізделіп, өндірісте дәлелденген сол жаңа технологиялардың бәсекеде де қарымы қуатты саналады. Бұл ретте, өндірісті рентабельді ету үшін теория мен тәжірибені бір-біріне байланыстыру маңызды роль атқарады. Себебі, бірінші кезекте теория туындайды да, кезегінде тәжірибеде іс жүзіне асырылады. Ал, белгілі бір өнімді өндіріп, сол өнімнің нарықта өтімді болуы үшін саланы жүйелі жүргізіп  отыру шарт.  Ол үшін өндіріске кластер жүйесін енгізу бүгінгі күннің талабы болып отыр.Қазірде өңірімізде басты брендіміз болып саналатын – балық пен күріштің клас­тер жүйесін дамытуға үлкен басымдық берілуде. Бұл, әрине, халық кәсібін жандандыруға жасалып отырған батыл қадам. Аталған салалардағы тұралап қалған өзекті мәселелердің түйінін шешу жолындағы бетбұрыс енді осы шаруа иелерінің еңсесін тіктейді деген сенім зор. Ал кластер термині турасында әркім әрқалай түсініктерін жеткізеді. Кейбір мамандар күріш кластері – ақталған күріш өнімін терең өңдеп, күріш майын, крахмал, спирт тағы басқа да өнімдерді өңдеп шығару деп түсіндірсе, енді біреулер көктемгі дала жұмыстарына және егін жинауға жеңілдетілген несие беру, кезегімен орталықтандырған түрде өнімді қабылдау, сақтау, ұқсату деген пікір айтады. Міне, осындай ой орамдарына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Пұсырман Айбосынов өзіндік ұстанымын қосады.– Әрине, бұл мәселелер де кластер жүйесінің бір бөлігі болып саналады. Алайда, несиелендіру, күрішті терең өңдеу, өндірілген өнімді ұқсату мәселесі соңғы орынға орналасады, – дейді ол.Маманның айтуынша, облыс бойынша күріш егісіне арналып тегістелген инженерлік жүйе бар. Бірқатар мамандар осы инженерлік тегістелген жерлердің әбден тозығы жеткендіктен өнім түсімділігі төмен болуда деген пікірлерін айтып келеді. Расында да, қолда бар тік қашыртқылардың істен шығуы, гидромелиоративтік жүйелердің тозығы жетуі, жердің тұзданып, батпақтануына әсерін тигізуде. Сондай-ақ, атыздардың тегіс болмауынан су шығыны көп, өнім түсімділігі төмен.Дегенмен, мәселенің басқа да жақтарын ашып көрелік. Кезінде егістік жерлерін түгел тегістеп, гидроқұрылыстарды жаңалаған, жалпы айтқанда барлық қажеттіліктері қамтылған шаруашылықтар болды. Алайда, өнімділіктері жоғары көрсеткіштерге жетпеуде. Есесіне, осындай жағдай жасалмаған, бірақ жоғары өнім алып отырған шаруашылықтар бар. Мысалы, Жалағаш ауданындағы инженерлік жүйеге келтірілген 1178 гектар жері бар «Байтабын» ЖШС-ін алып көрелік. Шаруашылық қолда бар егістікке арналған жердің батпақтануына немесе тұздануына жол бермей, 19 жыл бойы 100 пайыз  пайдалануда. Жылма-жыл дақылдардың ротациялық кезектесу тәртібіне сәйкес 650-750 гектар көлемде күріш егеді. Ауыспалы егіс жүйесінде жоңышқаның үлесі 33-37 пайызды құрайды. Осы шаруашылыққа білікті маман, ғалым – агроном С. Мыханов 1994 жылдан басшылық етеді. Шаруашылық ауыспалы егіс жүйесіндегі дақылдардың ротациялық кезектесу тәртібін қатаң сақтау арқасында күріш, басқа да дақылдардан жоспарланған өнім алып келеді. Одақтың кезінде ескі жоңышқа шөбін дайындаудың жоспарлы көрсеткіші бойынша 1 гектарына 60 центнерден алынуы керек болса, «Байтабын» ЖШС-і  өткен жылы ескі жоңышқаның әр гектарынан  100 центнерден бағалы шөп дайындаса, күріштің орта өнімділігі гектарына 65 центнерден келген.Шаруашылықтың күрішші-механизаторларға көрсетіп отырған қамқорлықтарын айтпасқа болмайды. Мәселен, бас мамандардың орташа жалақылары 100 мың теңге болса, 50 центнерден өнім алған күрішші, бригадирлердің  жалақыларынан бөлек, қосымша 1млн. теңге, 60 центнерден өнім алған жағдайда 1,5 млн. теңге көлемінде сыйақымен марапатталады. Егіншілікте барлық технологиялық талаптардың бұлжытпай сақталуы нәтижесінде «Байтабын» ЖШС-і  абыройлы жетістіктерге жетіп отыр. Серіктестік өткен жылы банкрот шегіне жеткен екі шаруашылықтың жерін және осы шаруашылық қамтуындағы шаруалардың бастарын біріктіріп, қамқорлығына алып, биылғы жылы барлығы 1300 гектар күріш егісін орналастырды. Серіктестік басшысының айтуынша, қосып алған шаруашылықтар жерінің тозығы жетіп, әбден құнарсызданған, қайтадан қалпына келтіріп, ойдағыдай өнім алып отыру үшін ауыспалы егіс жүйесіне сәйкес 6-8 жыл қажет етілмек.Жоғарыда айтқанымыздай, «Байтабын» ЖШС-і құрылғалы жердің батпақтануына, тұздануына, бір сөзбен айтқанда жердің пайдаланусыз есептен шығуына апармаған. Бұл орайда, жер құнарлығын сақтауда барлық технологияларды ғылыми дәлелденген тәжірибені басшылыққа алуы  сеп болып отыр.– Сол секілді, – дейді маман сөзінің барысында, – «Абзал және К» ТС-нің нәтижелі жұмысын атауға болады. Компания тұқым шаруашылығын дамытуда, озық технологияларды енгізуде  тынымсыз еңбек етіп келеді. Күріш кластерін дамыту үшін өндірілген өнімді кестелі түрде сақтау, өңдеу, ұқсату, қазіргі тілмен айтқанда коммерциялық процесс бүгінгі нарық заманында жаңалық болып табылмайды. Ал, күрішті терең өңдеу мәселесі біздер үшін жаңалық болар. Мәселен, күріштен май сығып шығару. Күріш майы жоғары бағаланады, нарық бағамымен есептегенде 1 литр күріш майы 2500 теңге екен. Біздегі халық толықтай шекілдеуік майын тұтынады. Дүкеніміздегі шекілдеуік майының 1 литрі 300 теңгеден. Айырмашылық 2200 теңге. Күріш майы пайдалы болғанмен, оны сатып алып, күнделікті пайдалануға көпшіліктің қалтасы көтермейтіндігі белгілі. Жарайды, күріш майын, басқа да өнімдерді өңдеп шығардық, жаңалық аштық. Сол кәсіпорындағы санаулы адамдарды жұмыспен қамтып, қанағаттанарлық жалақымен қамтамасыз еттік. Бірақ, одан ауылдағы күріш өндіруші диқаншылардың жағдайлары жақсара ма? Жаңалық ашу үшін немесе белгілі бір өнімді терең өңдеу үшін бірінші кезекте, негізгі өндірілетін өнімнің түсімділігі мен сапасын арттыру қажет. Осы орайда, іргелі шаруашылықтардың басын біріктіріп, қаржы-материалдық жәрдем көрсетіп, өнімін қабылдап, ұқсатумен ғана айналысқан инвесторлардың банкротқа ұшырағандығын айтпасқа болмайды. Өйткені олар, негізінен күріш егісін егуді мақсат етті. Сол инвесторларға мамандардың берген кеңестері әлсіз болды ма, әлде басқа да себептер болды ма, өкінішке қарай нәтиже жеміссіз болып шықты. Ақырында, күріш өнімділігі төмендеп, кешегі ірі болып саналатын  инвесторлар кетіп, іргелі шаруашылықтарға жергілікті инвесторлар қаржылай қолдау көрсетіп отыр.Жасыратыны жоқ, мемлекет тарапынан жасалып келетін қолдаулардың арқасында егінші қауым еңсесін көтеріп, ойдағыдай егінін егіп келеді. Әйтсе де технологиялардың дамыған уақытында негізгі дақыл – күріштің өнімділігі қаншалықты дей аламыз?  Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2012 жылы 75,5 мың гектар күріш егісінің әр гектарынан 43,3 центнерден өнім жиналған. Алайда, кейбір ірі шаруашылықтардың өнім көрсеткіштері облыс көрсеткішінен төмен. Бұл жағдай дақылдарды өсірудегі технологиялық тәртіптердің сақтамауын көрсетсе керек. П.Айбосыновтың тағы бір атап өткеніндей, егіншілік саласына қатысты көптеген жағдайда ирригацияның тозғандығы, тұқым сапасының нашарлағандығы жиі сөз болады. Өкінішке қарай, осылардың қатарында, тіпті басты мәселе жердің құнарлығын арттыру мәселесі қалыс қалып отырады. Жерге қанша салмақ артсаң да көтереді. Дегенмен, ойдағыдай өнім алу үшін жерге ерекше күтім қажет. Жерге дән салынарда  «Бір дәнің, мың дән болсын»  демей ме. Олай болса, жерден ойдағыдай өнім алып отыру үшін, оның құнарлығын арттыру әрдайым бірінші орында болуы тиіс. Себебі, көпжылдық тәжірибеде дәлелденгендей, ауыс­палы егіс жүйесінің тәртібін қатаң сақтаған жағдайда ғана күріштен жоғары өнімге қол жеткізіліп отырса, сонымен қатар бағалы жоңышқа шөбін дайындауға мүмкіндік туады. Бұл қазіргі «Сыбаға» бағдарламасының кең көлемде дамуына, жалпы айтқанда мал шаруашылығының ауқымды өсуіне үлкен септігін тигізетіндігі сөзсіз. Дегенмен, біршама шаруашылықтар ротациялық тәртіпті  сақтамай, күрішті көптеп егіп, көп өнім аламыз деген пікірде қалып келеді.Өнімнің бәсекеге қабілетті болуы үшін өндірілетін өнім көрсеткіші жоғары болуы тиіс. Ақпараттарды көрер болсақ, Ресейде күріш өнімділігі орта есеппен гектарына 65-70 центнерден келеді. Біздерде нақты 40 центнерден алынса, бөріктерін аспанға лақтырады. Өнім түсімділігі бұдан да аз болып  жататын жағдайды айтпай-ақ қоялық. Біздегі егінші шаруалардың басым қатарының алып отырған көрсеткіштері бойынша  табыстары  орталау, бір маусымнан екінші маусымға дейін бұйыртқан нәпақасын көреді. «Егінші жылда арманда» – деген сөз осындайдан туындаса керек. Көрші елдер өнімдерін біздердікінен 2-3 есе артық өндірсе, біздер солардың тұқымдарын пайдаланып отырғанның өзінде, бұрынғы деңгейде өнім алып отыруымыз, өндірістің тұралап қалғандығын аңғартады. Сол көршілеріміз баға бәсекесінде өнімнің құнын төмендеткеннің өзінде де зиян шекпейді. Себебі, өнімділіктері жоғары әрі тұтынушы сұранысына сәйкес сапалы.– Бұрындары шаруашылықтарда «Книга историй полей» деген кітап болатын, – дейді маман. – Осы 10 жылғы арналған кітапта әрбір танапқа қандай дақыл егілгендігі, дақылдың тұқымы айдың қай күні себілгендігі, суға бастырылғаны, минералды тыңайтқыштың қандай түрі және қанша мөлшері берілгендігі, қандай арам шөптердің өскендігі, қандай зиянкес­тер мен күріш ауруы болғандығы, оларға қарсы не шара көрілгендігі, дақылдың орта өнімділігі қаншадан келгендігі түсірілетін. Жалпы айтқанда, аталмыш кітап танаптарға сараптама жасап, зерделеуге толықтай мүмкіндік беріп, жерге қандай бап керектігін көрсетіп отырады. Қазір осы кітап жоқ және ешкім пайдаланбайды. Инвесторларды айтпағанда, шаруашылық басшыларының жиі ауысатындығы бар. Арғы жағын айтпай-ақ, соңғы 5 жылда белгілі бір танапта қандай дақыл егілгендігіне, басқа да қандай шаралар атқарылғандығына, өнімділігі қандай болғандығына жауап беруі қиын болары аян. Демек ол кітаптың тигізер пайдасы мол.Күріш тұқымдарының өніп-өсу энергиясы әлсіреген, дән байламау ауруы жиі кездеседі. Соның себебінен өнім түсімділігі азайған. Сондықтан да, өңіріміздің шаруашылықтары соңғы жылдары Ресейдің күріш шаруашылықтарымен тығыз байланыс орнатып, Краснодар өлкесінде өндірілетін жаңа сортты және элиталы күріш тұқымдарын алдыртып, өндірумен айналысуда. Осы күріштің тұқымдары 3 жылға дейін ойдағыдай өнім бере алады да, содан кейінгі жылдары өнімділігі төмендей түседі. Оның басты себебі, бір жерге үздіксіз күріш егіліп келгендіктен болады. Яғни, жылда бір орынға күріш егуден, жердің құнарлы қабатындағы өсімдікке қажетті құнарлы заттар сумен шайылады, жер тығыздалып, тұзданады, батпақтанады. Соның әсерінен күріште әртүрлі ауру пайда болып жатады. Мысалы, бір жерде үздіксіз күріш өсіру перикуляриоз ауруына әкеп соқтырады. Дән байламаудың басты себебі, жерді уақытында демалтып, жоңышқа шөбін өсіріп тыңайтып, құнартпаудан, агротехникалық талаптарды өз деңгейінде орындамаудан болады.Мұның бәрін екшелей келгенде, күріш кластері жердің құнарлығын арттырудан бас­тау алуы тиіс деген ұстаным айтылып отыр. Ауыспалы егіс жүйесінде міндетті түрде жоңышқа егісінің белгіленген үлесі болуы шарт. Кезегінде, тұтынушы сұранысына сай келетін күріш сорттарының элиталы және репродукциялы тұқымдары егілуі қажет. Сонда ғана, өндірілген өнім бәсекеге қабілетті бола алады. Ол үшін, белгіленген технологияларды орындай отырып, гектарына алынып келген 30 тіпті 40 центнерді екі есеге көтеру бағытында жұмыс жүргізілуі қажет. Сонымен қатар, сапалы өндірілген күріш өнімі тұтынушы талаптарын қанағаттандырып, нарық әлемінде үнемі, үздіксіз сұранысқа ие болуы тиіс. Маман пікірі бойынша тобықтай түйін мынау: жақсы өнім алынған және сапалы өнім өндірілген жағдайда  шаруашылық та, инвестиция салып отырғандар да рентабельдікке қол жеткізіп, жалпы өндіріс алға жылжып, дами түседі. Бас­тысы, күрішші диқаншылардың қаржы-экономикалық жағдайы жақсарады. Міне, осыны күріш кластері деп түсінгеніміз абзал. Осылайша, егіншілік саласы қарқынды дамып, алынған өнімділік жоғары болған кезде кезегімен терең өңдеу мәселесі де туындайды.  Қуат Шарабидинов

Қызылорда облысы