Жаңалықтар

Саудыраған жез емес...

ашық дереккөзі

Саудыраған жез емес...

Посткеңестік елдердің арасында «Мәдени құндылықтарға қатысты Заң» Ресей Федерациясында қабылданып, бүгінде нақты қолданысқа енген екен. 

Сондай-ақ бұл елде осы мә­селемен шұғылданатын Мәдениет және ақпарат министрлігінің ішінен құрылған арнайы департамент те бар көрінеді. Ал бізде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасынан өзге асыл құндылықтарымызды қайта тірілтетін, қорғауға алатын, қаншалықты құнды екенін зерделеуді үнемі қадағалайтын қауқарлы бір заң һәм талап жоқтың қасы. 

Мәдени құндылық дегенде ал­­дымен көз алдымызға «Алтын адам», «Тайқазан» секілді мұражай экспонаттары елестейді. Кейбіреулер үшін жәдігерлер аса бағалы болып көрінбеуі мүмкін. Өйткені біздің халықтың түсінігінде қымбат дүние тек ақ­шамен есептеледі. Ал шын мә­нінде өз жерімізден табылған, тарихтағы жүріп өткен жолымызды айғақтайтын, елімізді ше­тел­­дерге танытатын заттық де­рек­тер аса құнды екенін әлі күнге көбіміз түсінбей келеміз. Мұ­ра­жайда тұрған экспонаттар мұ­ра­жай қызметкерлеріне ғана керектей, басқамызға қатысы жоқтай, міз бақпай жүре беретіндігімізден көптеген құндылықтарымыздың шекара асып жатқанын да байқамаймыз. Тек, әйтеуір, реті келгенде «бізде анау бар, мынау бар» деп мақтануға келгенде алдымызға жан салмаймыз. 

Өзіндік бет-бейнесі, тарихы, рухани құндылықтары бар ел ретінде бас­қаларға танылуда мұражайдың атқаратын рөлі ерекше. Көп жағдайда мұражайдағы экспонаттарымызды шетелдердегі көрмелерге апарып, Қазақстан деген мемлекеттің, қазақ деген халықтың бар екенін жер әлем­ге паш етеміз. Әрине, барымызбен мақтанған жақсы-ақ, бірақ мұн­дайда сол шетелге апарған жәді­гер­ле­рімізге қауіп төнетіндігін де ескерген жөн. Жол-жөнекей жәдігерлер жол машақатынан қирап немесе за­қым­данып жатады. Одан да зорғысы, біреулер қолды етеді немесе өртеніп кетеді деген сияқты. Міне, біздің мәдени құндылықтарымыз осындай кездейсоқ, жайсыз жайлардан мүлдем сақтандырылмаған. Тіпті ел тәуелсіздігінің символы іспеттес «Алтын Адамның» өзін оқыс жағдайлардан сақтандыру қарастырылмапты және оның нақты құны да белгісіз. Себебі біздің елде мәдени байлықтардың құнын өлшейтін жүйе қалыптаспаған және мұны реттейтін заң да осалдау. 

Мәдени мұраларды сақтандыру ісі бүгінде әлемдік сақтандыру на­рығының ең бір қарқынды дамып келе жатқан құрамдас бөлігі болып табылады. Алайда тарихи-мәдени ескерткіштер мен экспонаттарды сақтандыру ісі табысы аса мол кәсіп болып саналмайды. Бұл жерде негізгі басымдықты болашақ ұрпақ алдындағы азаматтық міндет деп ұққан жөн. Яғни, сақтандыру әлеуметтік жауапкершілікті бизнес дегенге саяды. Сондай-ақ оған халыққа рухани қызмет көрсетудің бір түрі деп қарау керек. 

Дәл қазір Қазақстанда 25 мың­нан астам жылжымайтын тарихи­ ес­керткіштер, монументтер мен архи­тек­туралық керемет нысандар бар екені есептелген. Сондай-ақ 11 мың кітап­хана, 14 мұражай, 7 та­рихи-мә­дени қорық-мұражайлар, 215 мұ­ра­ғатта халқымыздың бүкіл рухани байлығы сақтаулы тұр десе де болады. Ал әлем бойынша жоғалған және бүлінген мәдени мұралар реестрінде келтірілген деректерге сүйенсек, дәл қазір дүниежүзі бойынша 100 мыңнан астам құндылық жоғалып, іздеу жарияланған болса, жыл сайын 10 мыңы және жоғалатын көрінеді.

Мамандардың айтуынша,­ мұра­жай­дағы жәдігерлер аса қажеттілік туған жағ­дайда, шекарадан өткізерде сақ­тан­ды­руды талап еткенде ғана амал­сыздан сақтандырылады. Ал сонда мұражайдан ешқайда шыға­рылмаған күннің өзінде жәдігерлерге төнетін қауіп жоқ па? Өткен жылдары Ал­ма­тыдағы Ә.Қастеев музейінен ұлы суретшінің 20 картинасы ұрланғаны мәлім болды. Төрт-бесеуі қайта табылғанға ұқсайды. Қалғандары қайда? Кімдер ұрлады? Бұл сауалдарға жауап жоқ. Жаратқанның өзі «сақ­тансаң, сақтаймын» демей ме? Ендеше, сан соғып қалмай тұрғанда азды-көпті құндылықтарымызды қызғыштай қорып, келер ұрпаққа аманат етейік!

Сіз не дейсіз?

Қайрат МҰСАБАЕВ, «Әзірет Сұлтан» тарихи қорық мұражайының ғылыми қызметкері:

– Дәл қазіргі кезде­ мұра­жай­дағы жәдігерлер сақтан­ды­рылмай отыр. Мұның өзіндік себептері бар. Біріншіден, мемлекет тарапынан құндылықтарды сақтандыруға қаржы бөлінбейді. Екіншіден, жәдігерлердің нақты құнын анықтау өте қиын. Өйт­кені олар бухгалтерлік есеппен бағаланбайды, әр зат өзінше құнды. Ал жәдігерлерімізді шетелдерде өтетін көрмелерге апарған кезде міндетті түрде сақтандыру компанияларымен келісіп, шартты түрде бағасын белгілеп сақтан­дырамыз. Себебі шетелде біздің жәдігерлеріміз жоғалуы немесе біреулер оның көшірмесін жасап алуы мүмкін. Осындай түрлі жағдайлар кездесіп жатады ғой. Сондықтан мүлкімізді сақтандыру қажет. Шетелде ұйымдастырылатын көрмелерге мұражай мүлкі сақтандырусыз жіберілмейді де. Ал енді өзіміздің мұражай ішіндегі жәдігерлеріміз бен құндылықтарымызды сақтан­ды­рудың қажеттігін соңғы кездері Мәдениет министрлігінің, басқа да­ құзырлы орындардың назарына ұсынып, мәселе қозғап жүр­міз. Кез келген елде мәдени мұра­лардың мемлекеттік маңызы бар және бұл шаруамен отандық сақ­тан­дырушылар айналысуы керек. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ,

Оңтүстік Қазақстан облысы