Жаңалықтар

«Дос іздеп жүрмін»

ашық дереккөзі

«Дос іздеп жүрмін»

Соның бір жерінде: «Өмірге қарасаңшы, айнала толған алдау, арбау, сатып кету, асып кету. Ұрлық та, үптеу де тапа-тал түсте болып жатыр. Арамдық, коррупция, сыбайластық, бопсалау, тартып алу, қанау, қайыршылыққа ұшырату дегенің, әне… Қараңызшы, алысқа бармай-ақ айналаңызға. Сезімді сабырға жеңдіріп көрелік. Бәрі рас, бәрін де ақпарат көздері күн сайын алдымызға жайып жатыр. Бірақ өмірдің ғажаптығы сонда – адам өздері жасап жатқан іс-әрекеттің ортасын­да жақсылықтардың барын, оның да өмір атты дүниенің тінін ұстап тұрғанын аңғара бермейді. Жақсының жолы жіңішке, әлбетте елең­­­дейді, елеусіз қалады. Елеусіз қалмау үшін ел есіне адам­дық пен адалдықты әркез еске түсіре білу парыз дер едік. Ең бастысы сол – адамдық пен адалдықты да көре бі­луіміз керек. Оның әділ де анық жолы – үлгі ете айтып жүру. Жадымызда жүрер жақсылардың есі­мі жаңғырып отырса – жауап та, сауап та сол болмақ керек. Құдайға шү­кір, ондай айтулы да айғақты сәттер өмірімізде аз деп кім айтар», – депті. Он сегізінші каһф сүресінде былай жазылыпты: «Дәулет те, әулет те, балалар да тіршілігінің зейнеттері. Адамға мәңгі қалатыны – ізгі істердің сауабы. Тәңірінің назарында ол бәрінен артық». Ал, ізгіліктің бір тармағы адамдар арасындағы берік, шынайы достық емес пе? Өмір адамды таңдамайды, тал­ға­май­ды екен. Керісінше, адам өмірді таң­дайды, талғайды. Талғау мен таң­дау­дан өнеге туады. «Өнегесіз өмірдің өрісі тар, өнегелі өмірдің өрісі бар» деген қазақ мәтелі бар. Расында, бұл сөздің жаны бар. Өнегелі істің қолдаушысы көп, өрісі кең. Жақсы адамдар арасындағы адал достық айна­ласындағыларға таптырмайтын, нұрлы сәуле шашқан өнеге. Орыс халқының «Досыңның кім екенін маған көрсет, сенің кім еке­ніңді содан танимын» деген сөзі орынды айтылған. Досыңа қарап, сенің кім екенінді білуге болады. Өйткені әр адам өзінің ой-өрісіне, мінез-құлықтарына, өмірге деген көзқарасына, пейіліне қарай сырлас дос табады. Олар аз болса да, сенімді, шынайы, достыққа берік жандар болса жақсы. Жақсы жолдастан келер пайдаларды санап тауысу мүмкін емес. Әрбір адам өзінің жолдасына қарап бағаланатыны және жақсы көрген досынан үлгі алатынын есінде ұстауы тиіс. Ал жаман адамдармен достасу біз айтқандардың бәріне кереғар сипатта. Қазақта: «Адам өзін бақытты се­зіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші, жаныңа ұнайтын, қуаныш әкелетін, сүйікті, күнделікті еңбегің; екінші, сені әрдайым түсіне білетін, сыйлайтын, құрметтейтін өмірлік жарың; үшінші, қуаныш пен қиындығыңды бөлісе білетін, сырыңды ұғатын се­німді достарың», – деген құнарлы сөз бар. Ертеректе жазылған қойын кітап­шамда дос туралы мынадай сөздер жазыппын: «Достарды саны емес сапасымен бағала. Өмірде сыйласып, бірін-бірі құрметтеп, қиыншылықта қолдап, сүйеніш болып, ауырлықты да, қуанышты да бірге бөлісетін, сенің шыққан биігіңе, табысыңа шын жүректен қуанатын, орталарынан қыл өтпейтін берік достар, өкінішке орай, өмірде сирек кездеседі. Ағаш көп салалы бұтағымен, саялы жасыл жапырағымен көрікті болса, адам өмірде жақсы, парасатты, адамгершілігі жоғары, мінезі жайдары, «дос» дегенде жанын беретін шын достарды табуға тырыс. Оларды қызметіне, қалтасына қарап бағаламай, адами қасиетіне,табиғи жайдарлы мінезіне, сыпайы жүріс-тұрысына, сана-түйсігіне қарап таңда. Ешқашан досыңды өзіннің бас пайдаң үшін сата көрме». Қазақ: «Жақсының жанында жүрсең шапағаты тиеді. Жаманның жаныңда жүрсең кесапаты тиеді!» – дейтін өте мәнді, керемет салиқалы сөз бар. Бұл – өмірдің ортасынан ойып алынған, талқылауды, дәлелдеуді қажет етпейтін – аксиома. Адамдар арсындағы достық, бауырмашылдық қарым-қатынас шын ашық, бүкпесіз көңілмен, еш бақай есепсіз, сауда-қысапсыз, қулық-сұмдықсыз болғаны қандай ғанибет. Қазақтың тағы да: «Дос болсаң берік бол, досыңа серік бол» деген қанатты сөздері бар. Ал, келесі бір мақал былай дейді: «Доссыз өмір –сөнген көмір». Ия, достарсыз өмір сүру – сайқымазақ, мың құбылған, дөңгелеген мына дүниеде қиынның қиыны. «Достарсыз бұл күнде, күн көру мүмкін бе? Досымыз көбейсін, бола берсін…», немесе «Достар, достар, жүрсің қайда? Бірге еді ғой жанымыз…» деп сағынышпен жүрегіміз ел­жірей, көңілімізді мұңға бөлеп, қимас достарымызды еске алатынымыз да бар-ау кей-кезде. Адамның күні адаммен. Доссыз адам қанатсыз құспен, бұтақсыз ағашпен, балықсыз көлмен тең. Сенің басыңда қандай қиындық, ауыртпалық болмасын бірге бөлісуге, қажет болса тіпті бауыр етін кесіп беруге дайын, рухани қуатты, ізгілігі мол, ойы сергек, сана-парсаты биік, адами қасиеттерге бай, жақсылық пен игіліктің сәулесі айналасына нұр болып төгіліп жүрген, шапағаты мол досқа не жетсін, шіркін! Ондай досы бар адамдарға сыртынан қызыға, сүйсіне қарап, жүрегің нұрға толып, ішің жылып сала бермей ме?! Кейде «Досыңды үш күн сына­ма,­ үш жыл сына,» – деген сөз де орын­ды айтылған ба деп ойлаймын. Өйткені, айнымас достық бір-екі күнде айқындалмайды, ұзақ уақыттан кейін ғана шын дос екені сезіліп, келбеті анықталып, сенімге кіріп, жүрегіңнен өз орнын тауып, ол қастерлі достық сезімге айналады. «Достарың адал болса, Ең бақытты болғаның. Достарың арам болса, Бақытсыз болып сорладың» – деген сөздердің де жаны бар. Достыққа берік, досына мейлінше адал, өмірдің суығына бірге тоңып, отына бірге күйіп жүретін сенімді досы бар адам – бақытты жан. Сондықтан да қазақ: «Достардан қамал тұрғыз» деп бекер айтпаған болар, сірә. Достықты қадірлеу, құрметтей білу, оны ардақтау, бағалау, шын аялау – адамдық, үлкен ұлы қасиет. Ол әркімнің қолынан келе бермейді-ау. Кел-мей-ді… Ел аузында мынадай тағы бір әңгіме бар. «…Бірде түннің ортасы ауа елге белгілі, арқалы, дарынды бір сазгер досына телефон шалып: – Досым, мені құттықтауыңа болады. Көптен бері мазалап, берекемді алып жүрген, сыр мен назға толы әнімді дәл қазір жазып бітірдім. Қуа­ны­шым қойныма сыймай, оның сиясы кеппей тұрып, сенен сүйінші сұрап тұрмын, – дейді бақытқа кенелген жүрегі жарыла. – Жарадың, досым. Құтты болсын. Бірақ, мені түн ішінде мазаламай, тәтті ұйқымды бөлмей, сол қуанышыңды таңертең-ақ жеткізсең болмас па еді, – депті самарқау ғана әлгі досы. Сонда композитор досының шал­қы­ған көңілі бір пәсте су сепкендей ба­сылып: – Онда, кешір. Мен, аңқау басым, бұрын «достықта ешқандай шекара, санаулы мезгіл жоқ» деп ойлайтын едім, – деп телефонның тұтқасын тастай салыпты…» Ия, өмірде мұндай оқиғалар кездесе береді. Достықты арам есеппен, қарақан басының пайдасы үшін құратын адамдар бар екені өкінішті. Ондай достарды орысша айтсақ, «самопал достар» деген жөн болар. Қызмет сатысы өзінен биіктеу болса «көке», «тәте», «жәке» деп балға үймелеген аш арадай жабысып, алдында құрдай жорғалап, желдей есіп, жаны қалмай безгек қағатын, ал ертең ол кісі қызметтен кетсе немесе зейнетке шықса сәлем беруді өзіне ар санап, теріс айналып кететін жандарды көргенде Сіз не күйге түсесіз? Мейлі, жауап іздеп қиналмаңыз, ондайлар үшін бұл – мына қитұрқы дүниеде өмір сүрудің бір жолы шы­ғар… Халық арасында «Көңіл бір атым насыбайдан қалады» деген сөз бар. Расында да, болмашы нәрсеге досыңды ренжіту, теріс, арам пиғылмен алдау, көңілін қалдыру достықтың арасына сызат түсіреді. Кейде ол көңілді суытып, екі араны қашықтатып, сенімді таптап, адамдар арасын мүлдем ажыратып жіберуі де ғажап емес. Адамның көңілі мөлдір, кірсіз шыны, бұлтсыз көк аспан секілді. Сондықтан достық көңілді, шынайы қарым-қатынасты құрметтеу, ардақтау, аялау әркімге үлкен жүк, жауапты міндет. Тіршілікте жылтыр, екіжүзді, өмірде берекесіз, жолдастыққа тия­нақ­сыз, достықта сатқын, пиғылы арам, пасық, әр қимылы есептеулі, адамға жасаған қызметі сатулы, жағымпаз, намыссыз, түйсігі төмен жандардан сақтасын әркімді! Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары: «Достық нешеу?» – деп сұрақ қояды. Сонда Әйтімбет тұрып: «Достықтың екі түрі болады. Бірі адал достық та, екіншісі амал достық» – деп жауап қатады. «Дұрыс-ақ. Енді оларды қалай ажырата аламыз?» – дегендерге: «Адал достық – өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады», – депті Әйтімбет шешен. Белгілі қазақ жазушысы, Мем­ле­кеттік сыйлықтың иегері Рамазан Тоқтаров өз замандастарының кейбір қылықтары туралы: «Тау мен тасты – су, адамзатты – сөз бұзады» – деп жатады. Жоқ, қазіргі адамзатты бұзатын – бақай есеп. Шіркін-ай, бақай есебі жоқ бір адамды көрсем, соның құлы болар едім. Қандай керемет ақылды, арлы, саналы жан болсын, өзінің бір керегін көздеп, сол үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенін көрсем, іріген сүттей айнып қала беремін», – депті ағынан жарылып. Бұл өмірдің ащы шындығы. Бақай есеппен сенімен жақындасып, дос болатын, үлкен лауазымды қызметі үшін сыйлап, алдыңа шығып елпеңдеп, өтірік күліп, аузыңа қарайтын «самопал достар» қаншама! Неге өмір солай екен? Достықты біздің замандастарымыз қалай түсініп, қай дәрежеде бағалап жүр?! Шындыққа келсек, қазіргі көптеген адамдар осы бір қимас нәзік қасиетті түбегейлі түсінбей, қадір-қасиетін төмендетіп жүр ме деген ойға кетем кей кезде. Грек ойшылы Эзоп күнұзақ қолына шырақ ұстап, алаңда арлы-берлі жүреді де қояды екен. «Күн жарықта шырақ ұстап жүргеніңізді қалай түсінуге болады?» – деп сұрағандарға, Эзоп әдетте: «Дос іздеп жүрмін» деген жауабын алға тосады екен. Ия, араласқан адамның өзінің жарқын мінезімен, ақ пейілімен баурап алатын, қиналғанда қолұшын беруге, сүрінгенді демеп жіберуге қашанда әзір тұратын нағыз дос табу қай кезде де оңай болмаған

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы,

профессор Тараз қаласы