ҚҰР МАҚТАН СӘН БЕ ЕКЕН...
ҚҰР МАҚТАН СӘН БЕ ЕКЕН...
«Шымкент адам нанғысыз жылдамдықпен дамуда». Осы сөзді бүгіндері жиі естиміз. Әсіресе әкім-қаралар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдерінің қаланың қарқынды дамып бара жатқанын айтып, тамсанғанда эмоциямен айтылған сөздерінің барлығы шын екен деп, байқамай айта салған бос мақтандарына кейде сеніп қаласың. Өз-өзіңе келіп, эйфориядан айыққан кезде Шымкент халқының жағдайы аумалы-төкпелі базар нарқына бағынышты екенін байқайсың. Басқа да себептер жетіп артылады. Сонымен әкім-қаралардың аузындағы Шымкент пен шынайы Шымкенттің нағыз келбеті, тұрмыс-тіршілігі қандай? Бір сәт «қиял қаланың» бүгінгі өміріне көз жүгіртіп көрейікші.
КҮРКІРЕУІ КҮШТІ БОЛҒАН…
Қай елде, қай қалада болмасын ондағы ең негізгі мәселе – жұмыссыздықпен күрес. Шымкентте де бұл тақырып өзінің өзектілігін жойған емес. Сонау тоқсаныншы жылдардан басталған жұмыссыздық әлі күнге азаймай келеді. Ресми деректерге сай 670 мыңға жуық халқы бар шаһарда 12 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген. Оның біразы жастар. Дегенмен бұл нақты цифр емес, өйткені аталмыш дерек ресми мекемелерге келіп тіркелгендердің есебі бойынша жасалған. Ал енді тіркеуге алынбай, екі қолына бір күрек таба алмай жүрген шымкенттіктердің нақты саны қанша екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Әйтеуір көп екенін ішіміз сезеді.
Облыс, қала басшылығы қарап жатқан жоқ, әрине, жұмыссыздықпен күресу үшін қолдарында бар мүмкіндіктерін аяп қалмауда. Дегенмен бастамаларының көпшілігі аяқсыз қалып, ашқан жұмыс орындары ертеңіне жабылып, ұятты күйге түсуде. Ашылған жұмыс орындары дегеннен шығады, облыс орталығында соңғы жылдары жаңа кәсіпорындардың бірқатары ашылмай жатып жабылып жатыр. Сонау Ақордадағы мәртебелі басшыны шақырып, алаулатып, жалаулатып лентасын қидырып, ол кеткен соң көп ұзамай жауып тастағанда кімді алдағанымызды кім білсін, әйтеуір о баста «екі қолға бір күрек таптық» деп қуанғандардың аптығын су сепкендей басып тастадық.
Елбасының тікелей мұрындық болуымен бүкіл елде басталған Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында оңтүстікте 15 шақты кәсіпорын ашылған болатын. Бүгінде соның тең жартысы жұмыс істемей, тірлігі тұралап тұр. Мәселен, жылына 2,5 миллион шаршы метр керамогранит тақталарын өндіріп, елді өнімге қарық қылады деп мақталған Шымкенттегі «Азия Керамик» зауытының лентасын 2010 жылы наурызда Елбасы салтанатты жағдайда қиған еді. Дегенмен, «250 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады» дегенді естіген халықтың елең еткеніне де арзымады. Кәсіпорын «старт» алмай жатып, тұралап, ақырында тоқтап тынды.
Жыл сайын өткізілетін тікелей телебайланыс барысында жергілікті атқамінерлер Елбасының, дүйім жұрттың алдында талай кәсіпорынның ашылғанын айтып, сүйінші сұрағаны әлі есімізде. Соның бірі – аккумулятор зауыты. (Толық атауын қазір өзіміз де ұмытып қалдық.) Онда да қазір құлаққа ұрған танадай тыныштық. Осыдан екі жыл бұрын телебайланыс кезінде «Шымкент-Кашемир» тоқыма өнімдерін шығаратын фабриканың да тұсауы кесілді. «Жалпы, зауыттың құрылуына 560,1 миллион теңге жұмсалды. Зауыт «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан, қазір 272 жұмысшыны жаңадан жұмысқа қабылдауда. Зауыттан шыққан өнімдер алдағы күндері шетелге де экспортталатын болады» деп ақпарат берген де жергікті шенеуніктер еді. Қане? «Шымкент-Кашемирдің» тоқыма өнімдерін шетел былай тұрсын, шымкенттіктердің өзі көрді ме екен?
Тоқыма фабрикасының жайы да осындай. «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақтағы тоқыма кластері аясында жүзеге асқан алғашқы табысты жобалардың бірі – «Oxy Textile» ЖШС. Жоғары сапалы мақта өнімдерін шығаратын кешенді автоматтандырылған жіп иіру фабрикасы қазақстандық шикізатты өңдеуге бағытталған болатын. «Кәсіпорын өнімі Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады» дегенді естіген біз сол кезде «ДСҰ-ға кіруден неге қорқамыз осы?» деп желпініп қалып едік. Алайда, алып-ұшқан көңіліміз артынан су сепкендей басылды. Себебі, жоба діттегеніне жете алмады. Сол сияқты мемлекеттік бағдарлама аясында күндiзгiдей жарық беретiн шамның жылына 5,8 млн. данасын шығаруы тиіс «MaxLight Group» ЖШС-iнің де жарнамасы ғана жарқ ете қалды. «Германиядан әкелiнген құрал-жабдықтардың арқасында өңiр сұранысының 65 пайызын қанағаттандырады» делінген серіктестіктің ісі сұйылып кетті. ОҚО әкімдігі баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, Шымкенттегі жаңадан ашылып, тоқтап қалған кәсіпорындардың ешқайсысы іске сол күйі қосылмапты. Күркіреуі күшті болғанмен, сіркіреп қарық қылмайтын кәсіпорындардың іске кіріспей жатып, тұралап қалып жатқаны қынжылтады. Бұл да болса облыс, қала басшылығы айтатын «бізде бәрі кереметтің» шын мәнінде оншалықты керемет емес екенін көрсетеді.
САЯБАҚ ПЕН СУБҰРҚАҚ ТА МАҚТАНЫШ ПА?
Облыс, қала әкімдігі мақтаныш ететін дүниелердің бірі – Шымкенттің абаттандырылуы, қалада мәдениет, демалыс, спорт кешендерінің салынуы. Расын айту керек, Шымкент шынымен де көркейіп, қала келбеті бұрынғысынан әлдеқайда ажарланып қалған. Қаланың қақ ортасындағы базарлар да шетке көшірілді. Бұл жағынан айтар дауымыз жоқ. Көңіліміздің толмайтыны әкім-қаралар неге мақтануға құмар? Солай істеу, қаланы дамыту, көркейту міндеттері емес пе? Кімге міндетсінеді? Қарапайым халық миллиондаған салықты таза әрі көрікті қалада тұруы, жағдайларының дұрыс болуы үшін төлеп жатқан жоқ па?! Жоқ, біздің әкімдер мақтанғанда алдына жан салмайды. «Пәленбай көпір салдық, түген саябақ аштық, бірнеше фонтан тұрғыздық». Бұл әкімдердің БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында, ел алдына шыққанда, алқалы жиындарда айтатын негізгі сөздеріне айналған. Ал жұмыссыздық, әлеуметтік мәселелер, баға тұрақтылығы, шағынаудандардағы қиын жағдайларды ауыздарына да алмайды. Алған күнде де «таяу арада шешеміз»-бен құтылады. Қашанғы бұлай жүреміз? Әкімдер уәделерінде қашан тұрады?
ЖЫЛУ – ЖЫЛДАҒЫ ЖЫР
Уәде дегеннен шығады ғой, қала басшылығы жыл сайын қыс маусымы басталардың алдында биыл қысқа толық дайынбыз, жылыту маусымы уақытылы басталады дейді де, уәделі уақыт жеткенде сөздерінде тұрмайды. Қала ішінің апыр-топырын шығарып қазғылап, тұрбаларды ауыстырып, қара суық келгенде қала тұрғындарын да, өз жұмысшыларын да бүрсеңдетіп қояды. Қыс басталысымен «үйім жылымайды» деп жылап жүрген бір халық. Мақтануға құмар қаланың атқамінерлері осылайша 3 ай ғана болатын жылымық қысты да ойдағыдай өткізе алмайды. Құдай бетін аулақ қылсын, былтырғы Шығыс Қазақстандағыдай жылу беруге қатысты қиындықтар, төтенше жағдайлар орын ала қалса, Шымкент басшылығын жылы орындарынан таппай қалуымыз да ғажап емес. Себебі ондай қиындыққа дайын емес сияқты.
Қала ішіндегі ауылдар
Үшінші қала атанғысы келіп, жанталасып жатқан Шымкенттің аумағы соңғы кездері үлкейіп барады. Жыл өткен сайын маңындағы аудандардың жерін тартып алып, соның есебінен халық санын көбейтпекші. Өз ішінде туу көрсеткіші төмен болған соң, амалсыздан осындай қадамдарға баруға мәжбүр. Әйтпесе өзге ауданның жерін ауылдардағы халқымен қосып алып, ауылды қала қылып жіберетіндей Шымкент ондай дәрежеге әлі жете қойған жоқ.
Өткен жылы қабылданған қаланың Бас жоспары бойынша тағы да ондаған ауылды «жұтып» қойды. Мәселен Ордабасы ауданынан 2 ауыл қала территориясына кіргізілсе, Сайрам ауданына қарасты 29 ауыл Шымкент құрамына өткен. Өзінің қотырын қаси алмай жүрген шаһар суы да, нуы да, тіпті жолы да жоқ, «Ильич шамынсыз» отырған қала ішіндегі шағын елді мекендердің күрмеуі тоқсан мәселелерін шешіп бере алмай отырып, осындай қадамға барды.
Шымкенттің кеше ғана орынынан кеткен әкімі Қайрат Молдасейітов пен оның алдындағы Арман Жетпісбай мырзалар таяу жылдары облыс орталығы адам танымастай өзгереді деген-тұғын. Мұндай сөздерді, мұндай уәделерді бұған дейін қаланы басқарған әкімдердің барлығы дерлік айтқаны есімізде. Алайда Шымкенттің қаладан гөрі ауылға айналып бара жатқанын сырт көз көп айтады бүгінде. Бас жоспар бекітілді-ау, бірақ маңайдағы қосылған ауылдар енді өздерін қаланың бір бөлшегіндей сезінетін кез әлі тым алыс секілді. Себебі қаланың өз мәселелері бастан асады.
Анығын айту керек, Шымкентке ішкері еніп жатқан шашыраңқы елді мекендердің, шағынаудандардың санынан жаңыласың. Санамалап көрейікші, «Нұртас», «БАМ», «Бозарық», «Самал — 1, 2, 3», «Қайтпас — 1, 2», Қазығұрт, Сәуле, Шапағат, Пахтакор, Наурыз, Чапаевка, Фосфор, Қорғасын зауыттарының аймағы, аэропорт маңы, Қатынкөпір, Қайнарбұлақ саяжай аймағы, Бадам, Қошқарата өзендері бо-йында шашырап жатқан, ішкі және сыртқы ауылдар, баяғыда-ақ қала ортасында қалып кетсе де, шаһар талабына сай келмейтін көшелер, орамдар, теміржол вокзалы, ескі автовокзал, цемент, шифер, фосфор зауыттарының айналасы, қаланың орталығындағы 112-орам, Түркістан көшесі бойындағы үйлер осылай тізіліп кете береді. Бұларды қала дегеннен гөрі қала ішіндегі ауылдар деген дұрысырақ.
Анығын айту керек, шымкенттіктердің дені қаланың ескі бөлігінде шоғырланған. Ал қалаға кіретін ауылдарда жол, көлік, жылу, жарық, газ мәселелері толық шешілмеген. Жуық арада шешіле қоюы да екіталай. Қала басшылығы «шешеміз» деуден бір танбайды. Бұлай уәде беріп келе жатқандарына ондаған жыл болды. Жыл он екі ай тұрғындар тарапынан дау туындайды да жатады. Өйткені кезінде төңіректегі жерлерді қалаға қосып, мыңдаған жер телімдері оңды-солды үлестірілген. Сөйтіп қала сол тұста ұзынынан да, көлденеңінен де есепсіз өсіп шыға келген-ді.
Бүгіндері шымкенттіктерден гөрі «суб-шымкенттіктердің» саны көбейе бастаған. Түсінуімізше, облыс, қала басшылығы жан-жағындағы ауыл аймақтарды құрамына қосып алып, осылайша миллионға жетпей жатқан бір-екі жүз мың халықтың орынын толтыруды мақсат тұтып отыр. Егер қаланың өз ішіндегі игерілмей, қаңырап жатқан бөліктері ретке келтіріліп, тұрғын үйлер салынып, тиімді инфрақұрылым қалыптасып, жұмыс орындары көптеп ашылып жатса шеттегі елді мекендерді қоспай-ақ, қала халқының саны еселеп артар еді ғой деп пайымдаймыз. Елбасы үшінші қала мәртебесіне ұмтылу қажеттігін айтқан кезде әйтеуір қалай болса солай халық санын көбейтіп, ондағы халықты адам төзгісіз жағдайда жылдап тастап қоюды тапсырмағаны, қайта Шымкентті өркениетті қалаға айналдырып, ең бірінші кезекте халыққа жайлы жағдай жасауды, елдің наласына қалмауды тапсырғаны анық. Амал не, батыстық үлгідегі «Шымкент-ситиге» айналғысы келетін Шымкент осылайша әлі күнге ескі «рабат» қалпынан шыға алмай келеді…
ҚЫЛМЫС ӨРШІП БАРАДЫ
Шаһарда қылмыс саны жыл санап арта түсуде. Кісі өлтіру дейсіз бе, үй тонау, зорлау, пара алу, жемқорлық – қылмыс деген өршіп тұр. Мұны шенділердің өздері де мойындауда. Құқықбұзушылықпен күресу, оның алдын-алуға ішкі істер бөлімі өзінің қауқарсыз екенін байқатты. Олардың қызметіне жергілікті биліктің де көңілі толмайды.
Үстіміздегі жылдың 1-тоқсаны бойынша қалада 3984 қылмыс тіркеліпті. Бұл өткен жылмен салыстарғанда 8,6 пайызға артық. Шымкент бойынша, әл-Фараби ауданы алға шыққан. Мұнда түнде жүргізілген рейд жұмыстарына қарамай, қоғамдық орындар мен кафе, клубтарда орын алатын қылмыстар саны артқан. Алайда, ішкі істер бөлімі тоқсан бойы заңсыз сауда мен қайыршылардың да жолын кесуде аянбай еңбек еттік деп мақтанады.
Прокурорлар болса, қылмысты болдырмау үшін жүргізілетін профилиактикалық жұмыстың жоқтығын айтады. Айтуларынша, қаладағы 16,17,18 шағынаудандар бүгінде қылмыс ошағына айналған. Өйткені полицияның бақылауынсыз қалған аулалар көп екен. Ол аз дегендей, «Чапаевка» елді мекені есірткі сататындарға толып кетіпті. Одан бөлек дәл осы жерде екі-үш мәрте жарылыс болғанын айта кетейік. Кім жарғаны әлі белгісіз. Тап бір қаланың қақ ортасына лаңкестер кіріп кеткен бе дерсің…
Қылмыс дегенде ауызға бірінші түсетіні– жемқорлық пен парақорлық. Аталмыш қылмыс бойынша ОҚО мен оның орталығы Шымкент Қазақстан бойынша алғашқы орынды бермей жүргелі қашан. Тіпті құқықығымызды қорғайды дейтін полицейлердің өзі қылмыс жасаудан ешкімнен қалыспауда. Үстіміздегі жылдың алғашқы үш айында полиция қызметкерлерінің үстінен Ішкі қауіпсіздік басқармасына 465 азаматтан шағым түсіпті. Ал ОҚО ішкі істер департаментінде жұмыс істейтіндердің саны 5 мыңнан асады. Егер оған прокуратура мен қаржы полициясына түскен арыздарды қоссақ, жоғарыдағы көрсеткіш одан да көбейетіні белгілі. Қызыл жағалылардың үстінен неге шағым көбейіп кетті екен? Бес мың адам қызмет атқаратын мекемеге қатысты үш айда бес жүздей арыз түссе, бұл әрбір оныншы полицей қылмыскер дегенді білдірмей ме?
Жемқорлық дегеннен шығады ғой, облыс басшылығы сенім артып, осы кісі тірлікті алға сүйрейді-ау деген білдей бір басқарманың бастығы, мемлекеттік мекемелердің жауапты мамандары дейсіз бе соңғы бір-екі айдың жүзінде жемқорлыққа қатысы бар бірнеше шенді-шекпенділердің үстінен де қылмыстық іс қозғалды. Біреуі тергеу абақтысында отырса енді бірі қашып жүр. Осы оқиғалар орын алысымен облыстық, қалалық әкімдіктегі бірнеше шенеунік жылы орындарын тастап, өз еріктерімен жұмыстан кетті. Шымкенттің әкімі болған Қайрат Молдасейітов табан астынан күрт бұзылған денсаулық жағдайын сылтау етсе, облыс басшысының орынбасары Болатбек Нәжмединұлының орынтағынан не үшін кеткені беймәлім. Желдей ескен сөздерге сенсек, орынбасар мырза істі болып жатқан басқарма басшысы Әбілсейіт Рабаевтың қылмыстық ісіне қатысы бар болған көрінеді. Ең сорақысы, жемқорлық дейтін жегікұрт биліктің жоғары сатысындағыларды да ірітіп-шірітіп барады. Арты қайырлы болсын дейік.
Түйін.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытсақ, Шымкенттің жағдайы әкім-қаралар айтатындай керемет еместігін байқаймыз. Ең бірінші басымдыққа халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын, қауіпсіздігін шығармайынша осылай болғаны болған. Ал әзірге қала басшылығы үлкенді-кішілі жиындарда «дамып жатырмыздан» басқаны айтар емес. Лайым солай болғай.
Айтпақшы, Шымкент әкімдігіне жаңа басшы тағайындалғанына бір-екі ғана айдың жүзі болды. Есімі елге онша таныс болмаса да, жастығы мен бұған дейін атқарған қызметтеріне қарап, жаңа әкім Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды шаһарды бұрын болмаған биіктерге көтереді деп сенеміз. Әйтеуір жаманатты болмай, жемқорлық, парақорлық сияқты «шенеуніктер қылмысының» арасынан табылмаса екен, қала халқының шын жанашыры болса деген тілегіміз бар.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ Оңтүстік Қазақстан облысы