Жаңалықтар

ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫН САҚТАЙ АЛАМЫЗ БА?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫН САҚТАЙ АЛАМЫЗ БА?

Содан бергі жарты жылдай уақытта Үкіметтің биылғы күзге қарай өңірлерді дамытудың жаңа бағдарламасын дайындап жатқаны жайындағы жоспарынан хабарымыз бар. Бұл жайында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев маусым айында мәлімдеген болатын. Министрдің айтуына қарағанда, бұған дейін қабылданған әртүрлі жеті бағдарламаны біріктіріп, өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасын қабылдау жоспарланып отыр екен. Өйткені бұл бағдарламалардың көбі бірін-бірі қайталайды және тиімділігі тым төмен. Алайда оның қандай бағдарламалар екендігі нақтыланбаған. Ерболат Досаев бұл жұмысты 2013-2014 жылдары аяқтауды жос­парлап отырғанын мәлім еткен. 2011 жылдан бастап «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында болашағы жоқ деп табылған ауылдардың тұрғындарын өндіріс пен ірі қала орта­лығына шоғырландырып, жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етіп келе жатқаны мәлім. Бұл бағдарлама бойынша, 50 мыңдай ауыл тұрғыны болашағы жоқ ауылдардан көшіріледі деп есептелінген. Бұл Қазақстанның 9 облысын қамтыған. Елсіз қалған елді мекендердің басым көпшілігі – Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарына қарасты. Яғни солтүстік облыстардың көптеген ауылдары болашағы жоқ деп танылып, жабылып жатыр. 2011 жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінсе, 2012 жылы ол 100 миллиард теңгеге дейін өскен. Осы бағдарлама аясында – 3,5 мың пәтер салу жоспарланған. Бұл бағдарлама – 2020 жылға дейін созылатынын ескерсек, жыл сайын қаншама ауыл, аудандардың болашағы жоқ деп танылып, қаншасы қаңырап бос қаларын кім біледі?! Бүгінге дейін болашағы жоқ деп танылған елді мекендердің саны – 400-ден асыпты. 2003-2010 жылдарға арналған өңірлерді дамыту бағдарламасының негізгі көздегені ауылдардағы тұрғындардың санын екі есеге дейін азайту еді. Бірақ, бұл бағдарламаның бергенінен залалы көп болды десек артық айтқандық емес. Біріншіден, қалаларға ағылған ауыл тұрғындары жаңа проблемаларды тудырса, екіншіден, ауылды тас­тап қалаға ағылғандардың да маңдайы жарқырай қойғаны шамалы. Өңірлерді дамыту проблемасы Қазақстан үшін 20 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басындағы жаппай жекешелендірудің салдарынан ұжымдық шаруашылықтардың тас-талқаны шығып, ауылда тіршілік көзі қалмай қалды десе де болады. Қазіргі ауылдарды ұстап тұрған екі негізгі обьект бар. Бірі – мектеп, екіншісі – аурухана. Бірақ сол мектепте оқушылардың саны жыл өткен сайын азайып бара жатыр. Бұған куә біздің жақындағы ауылдарға сапарымыз. Бағытымыз – жылдағыдай Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы. Қашан, қай уақытта барсақ та, ауылдардың инфрақұрылымдарының жақсарып, тіршілік нышанының жылдағыдан жақсарғанын байқай алмаймыз. Керісінше, жыл өткен сайын кері кеткен, кетеуі кеткен істердің куәсі болудамыз. Үржар ауданына Алматыдан қатынау үшін Алматы-Өскемен күре жолымен жолға түсеміз. Дәл осы жолдың Шығыс Қазақстан облысына қарасты бөлігінің жөндеу көрмегеніне қанша жыл өткені бір Алланың өзіне ғана аян. Үржар ауданы – шекара аймақтардың біріне жатады. Аудан орталығынан 70 шақырым жерде ғана Бақты кеден бекеті орналасқан. Осы бекеттен бастап салынып жатқан жолдың құрылысы басталғалы да біраз жылдың жүзі. Алайда сол пәленбай жылдың ішінде бар жоғы 80 шақырым жолдың құрылысы ғана аяқталған. Алматы-Өскемен күре жолынан шығысты бетке алып, жергілікті жұрт 92 атап кеткен бұрылыстан, оңға бұрылғаннан кейін-ақ түте-түтең шығады. Әлі салынып бітпеген жодың әуресі басталады ақ шаңға көміп. Салынып жатқан жолдар мен, жұмылдырылып жатқан техниканы көріп, әйтеуір осы бір 80 шақырымның биыл не келесі жылы аяқталмаса да, алыс болашақта бітетінін ойлап шүкірлік етесің. Алайда, Кеңес одағы құлағаннан кейін жөндеу көрмеген ауыл арасы жолдарын көргенде салың одан әрі суға кетеді. Бұл ауылға әкім-қаралар келмеген бе, келсе тек вертолетпен ғана қатынай ма? Түсіну қиын. Ауылдың жүдеу тартқан осы келбетін көріп отырып, қалай ғана дамыған отыздықтан дәметіп жүргенімізге де қайран қаласың? Үржар ауданы, Барқытбел өңірі түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы өлкенің бірі. Биылғы жауын-шашынның молдығы мал азығының да, жеміс-жидектің де түсімін молайтыпты. Үржар ауданынан 30 шақырым қашықтағы Көкөзек ауылындағы халықтың негізгі күн көрісі егін мен мал шаруашылығы. Биыл онда «Балапан» бағдарламасымен балабақша да ашылған. Ауыл клубы жұмыс істейді. Соған қарамастан жыл өткен сайын мектеп жасындағы балалардың саны азайып барады. Бүгінде мектепте 200-ге жетеқабыл оқушы оқиды. Отызға тарта мұғалім жұмыс істейді. Мектеп бітірген жастардың көбі – туған ауылына қайтуға құлықсыз. Өйткені жас­тар үшін мұнда қызық ештеңе жоқ. Мектеп оқушыларының өзі мектепті тез аяқтап, жұмақ қалаға тартып кетуге асығуда. Бәрінен де шаруаларға ауыр тигені – биыл көктемнен басталған аусыл ауруының басылмай тұрғаны. «Сыбаға» бағдарламасымен шағын несие алып, шаруашылығын көркейтуді мақсат тұтқан малшылардың сиырларының көбі басы ісінеді екен де, тырапай асады. Оған мал дәрігерінің де қылар қайраны жоқ. Олардың астына су жаңа «Нива» көлігін мінгізіп қойғанымен, малға келген індетті ауыздықтауға ешкім қауқарсыз. Шекара ауданның халқы жыл өткен сайын азайып бара жатуы кім кімді де алаңдатуы керек қой. Алайда халықты ауылда күштеп ұстап тұру мүмкін емес. Ол үшін жағдай жасалуы тиіс. Бір кезде миллионер колхоз атанған Көкөзекте бүгінде ұжымдасқан шаруашылық та, жеке кәсіпкерлер де жоқтың қасы. Бары саусақпен санарлық. Алайда осы ауылда өзіміздің қазақтар өмір сүреді. Тек алдындағы бес-алты малы мен жеке бау-бақшасынан өзге сенері жоқ. P.S. Шығыс Қазақстан облысы бойынша, Семей қаласында депрессиялық ауылдардан көшірілетін тұрғындар үшін 49 бір қабатты типті үйлерді салу мақсатында – 233 миллион теңге, инженерлік коммуникацияларды тарту мақсатында – 300 миллион теңге қарастырылған. Өскемен қаласында республикалық бюджет есебінен – 56 үй және бір жатақхана салыну көзделген. 1999 жылдың өзінде 159 ауданның 27-сін Үкімет болашағы бұлдыр аудандар қатарына қосқаны белгілі. Бұл аудандардағы халық саны – 1 миллионға тарта еді ол кезде. 1995-2002 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша 62 мыңнан астам адам ауылдардан қалаға ағылды. 2000-2002 жылдары 300-ден астам елді мекен жойылса, тек биылдың өзінде 93 ауыл Қазақстан картасынан өшірілмек. Ал жыл өткен сайын ауылшаруашылық өнімдерінің басым көпшілігін өзгеден, шетелден тасымалдаудың үлесі көбеймесе азаймай отыр. Шығыс Қазақстан облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша, биылғы егістік 1 миллион 176 мың гектарға жеткен. Бірақ бұл кеңестік кезеңмен салыстырғанда 2 есеге дейін азайғандығын көрсетіп отыр. Мал басы да өскеннің орнына кеміп кеткен. Мұның барлығы мемлекеттік басқарудағы жүйесіздіктің салдары. Нарықтық экономиканың жүйелі түрде емес, жабайы түрде жалғасқанының кесірі. Мемлекет ауылды гүлдендіру үшін шамасынша қимылдап бағады. Алайда қыруар қаржы жұмсалған мемлекеттік бағдарламалардың көбі тұралаған ауылды тұрғызуға көмектескен емес. Есесіне ауылдар жойылып жатыр. Жыл сайын осы қарқынмен кете беретін болсақ, бүкіл мемлекеттің алтын қазығына айналған ауылдарымыздың сау тамтығы қалмайтын түрі бар. Әсіресе, шекара аудандардың жаппай бос қалуының өзі қорқынышты.

 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ