Жаңалықтар

БАЙҒОЗЫ БАТЫР

ашық дереккөзі

БАЙҒОЗЫ БАТЫР

Аталы-балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресте шықты. Батырдың атамекені Сарысу өзенінің басы – Ақтау, Ортау, Көктің көлі. Ол 90-нан асып қайтыс болған. Сүйегі Жаңаарқа ауданындағы “Қызыл ту” совхозының жерінде. Бейіті тұрған жерді “Батырдың басы” деп атайды.(“Қазақ Совет Энциклопедиясы”, 2-т., 84-бет, 1973 ж.) Тоталитарлық билік кезінде қазақтың өткен тарихын бұрмалау, елдің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған хас батырлардың есімдерін халық жадынан ұмыттыру, оларды елемеу құйтырқы саясаттың арам пиғылды әрекеттерінің бірі болатын. Соның салқыны Байғозы батырға да тиді. Байғозы Наймантайұлына әр томының қалыңдығы сынық сүйем келетін Қазақ Совет Энциклопедиясында небәрі 15 жолдық мәлімет беріліпті. Батырлардың бірі емес, бірегейі Байғозы Наймантайұлы. Ол 1705 жылы туып, 1803 жылы дүние салған. Батырдың өмір жолын, қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күресіне сіңірген қыруар еңбегін зерттеумен кеңес заманында жұртқа танымал ғалым, ақын Балтабай Адамбаев марқұм айналысқан болатын. Балтекең талай жылдар ел аралап жинаған кұнды материалдарын уақытында жарыққа шығара алмады. Бұдан соң бұл маңызды іспен үзбей, жан-жақты шұғылданған белгілі жазушы-этнограф, филология ғылымының докторы, профессор марқұм Ақселеу Сейдімбек. Байғозының соғыстағы ерлігі мен батыр атағының жас кезінен шыққанын айғақтайтын тарихи жазба деректер баршылық. Бұған ең алдымен көңіл аударған Шоқан Уәлиханов. Ол “XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар” деп аталатын очеркінде Байғозының жас кезінен батыл болғанына Шақшақ Жәнібек батырмен екеуінің арасында болған мына бір жайтты дәлел етеді. Ресейден қашқан торғауыт-қалмақтарды қуып келе жатқан Абылай ханның қолы жолай ат шалдыруға тоқтайды. Ханмен іргелес жерде Шақшақ Жәнібек батыр қорқор тартып, дем алып отырады. Ол өзінің өр мінез, тәкаппарлығымен де белгілі. Ханнан басқаларды адам деп менсінбейді. Кенет бір жас жігіт омыраулай келіп, ат үстінен қолын созып, Жәнібектің қорқорын сұрайды. Бұл батырға шыбын шаққандай әсер етпейді, ештеңе болмағандай қорқорын сорып отыра береді. Темекіге мейірі қанған соң, қорқордың күлін қызыл етігінің өкшесіне қағып түсіріп, қайтадан қалтасына салып қояды. …Көп ұзамай соғыс басталып кетеді. Құрамында 10 мың жауынгері бар торғауыттар Абылай ханның шағын қолын тықсырып, жеңе бастайды. Қазақтар амалсыздан қашуға мәжбүр болады. Әсіресе қара атты, ұзын қалмақ бет қаратар емес. Батырға да жан керек. Жәнібек те қашады. Қолдан келер қайран жоқ, өкініш өзегін өртеп: “Мына ақымақтың көзін құртатын бір қазақ болмағаны ма?” деп айғай салады. Сол кезде Байғозы жұлқына алға шығып, шірене садақ тартады. Зырқырай ұшқан қозыжауырын жебе қалмақты аттан жай ұрғандай жұлып түсіреді. Бұлай болар деп күтпеген жау абдырап сасып қалады. Қазақтар атойлап қалмақтарға тап береді. Сағы сынған торғауыт жасағы жеңіліске ұшырайды. Сөйтіп, жас Байғозының ержүректігі арқасында қазақ қолы өзінен әлдеқайда күші басым жауды тізе бүктіреді. Соғыстан соң аузында қорқоры бар Байғозы Жәнібекке жақындап келіп: “Батыр аға, темекі тартатын кез, енді келді”, – депті. “Міне, Байғозының батырлығы осылай басталған, бұдан соң оның есімін бәрі білді”, – дейді Шоқан Уәлиханов. Ш.Уәлиханов осы очеркінде Байғозының ерлігімен қатар оның табандылығын, ұс­там­дылығын көрсететін тағы бір дерек келтірген. Бұл жолы шайқас қырғыз бен қазақ арасында бо­лады. Қанжығалы Есет батыр манап Теміржанды өлтірген. Қырғыздар ашына соғысып, қазақтың үш батырын: Жаулыбайды, Үсенді және Байғозыны тұтқынға алады. Манабының кегін алу үшін қырғыздар қолға түскен қазақ батырларының бірін өлтірмек болады. Жеребе Байғозыға түседі. Одан манапты кім өлтіргенін сұрайды, Байғозы батыр қатқыл үнмен: “Мен ешкімге айғақ болғым келмейді”, – дейді. Батырдың бетін шығысқа қаратып, қырық қадам жерге барып қырғыз мергені көздей бастайды. Байғозы шарт жүгінген қалпынан қозғалмай, ажал күтеді. Мынадай қас қақпаған ерлігіне сүйсінді ме немесе қазақтардың қолында пүшәйман болған қырғыздарды айырбастап алғысы келді ме, әйтеуір мылтық атылмады. “Мен ешнәрсе ойлаған да, қорыққан да жоқпын. Басымды мықтап таңып алдым да, мылтықтың атылуын күтіп отыра бердім”, –депті кейін Байғозы. Енді батыр туралы ел аузында сары алтын­дай сақталған тамаша аңыз-әңгімелер көп-ақ. Кейбірін марқұм әкем Арын Айболатұлынан есгіген болатынмын. Сонымен… Хантауына бекінген хонтайшы Қалдан-Сереннің қандыбалақ шапқыншылары Арқадағы қазақ ауылдарының адамдарын байлап, малдарын айдап әкетіп, маза бермепті. Байғозы батыр мен Жарылғап батыр Көкшетаудағы Абылай ханға барып, жағдайды айтады. – Қалдан-Сереннің бергі жағында қалың әскері жатыр. Оған тиісу үлкен соғысқа ұласады. Одан гөрі шағын қолмен хонтайшының ордасын қамап алайық. Соған қолды дұшпанның көзіне түсірмей Бетпақшөл арқылы кім бастап барады? – депті Абылай. – Мен бастап барамын, – дейді Байғозы. – Шөлге ұрындырмауды өз мойныма алайын, – депті Жарылғап. Абылай хан 300 адам жасақпен аттаныпты. Әскер бірінің артынан бірі шұбыра тек түнде жүріп, күндіз жатады. Жарылғап қолдың алдында барлаушы, Байғозы артта бақылаушы. Осылай суыт жүріспен Хантауында бейғам отырған қалмақ ордасының үстінен түседі. Ханның жасағы мейманасы асқан хонтай­шының үрейін ұшырып, қан төкпей, айдап әкеткен адамдар мен малдарды түгел қайырады. Хонтайшы айыбына ханға қызын беріп, бұдан былай тиіспеуге бітім жасайды. Қайтып келе жатқанда Абылай қолды алға жіберіп, Байғозы мен Жарылғапты алып қалады. – Жарылғап, сенің түнде найза ша­ныш­қан жеріңнен су табылады. Ал, Байғозы, жеті­қараңғыда келе жатып, маңайда қыбырлағанның бәрін көзің шалады. Осы екеуіңнің қандай кереметтерің бар, соны оңашада маған көрсетіндерші? – дейді хан. Жарылғап сілкініп қалғанда қойнынан алтайы қызыл түлкі ата жөнеледі. Сол сәтте Байғозының қойнынан бір қара бүркіт ұшып шығып, әлгі түлкіге шүйліге береді. Қас пен көздің арасында түлкі жалт беріп, иесінің қапталына қойып кетеді… көтеріле жөнелген – бүркіт те тез көзден ғайып болады. – Иә, көрдім, көрдім. Біріңнің киең – алтайы қызыл түлкі екен, екіншіңдікі – қыран бүркіт екен. Әруақты ерлер екенсіңдер, ризамын, – депті Абылай хан. Әрине, бұл аңыз. Халық батырларын осылайша әспеттеген. Бірақ мұның негізінде бұлтартпайтын шындық бар. Сонау Сарыарқадан оңтүстіктегі Мойынқұм іргесіндегі Хантауына адастырмай алып келетін “Хан жолы” күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Бұл жерде сәл шегініс жасап, Байғозы батырдың ғұмырнамалық мәліметтеріне назар аударғанымыз жөн болады. Наймантайұлы Байғозының туып-өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді таулардың арасы. Батырдың шыққан тегі Орта жүздің тарақты тайпасынан. Шежіре дерегі бойынша он екі ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау, одан Есенгелді, одан Сүтемген, одан Наймантай батыр, одан Байғозы батыр туған. Байғозы батыр жасы ұлғайған кезде де қалмақ басқыншыларын қақ маңдайға соғудан, ел іргесінің тыныштығын қорғаудан әсте танбағаны туралы қызықты әңгімелер әлі де сақталған. Бір жолы жоңғарлар қазақ еліне Қарқаралы жақтан шабуыл жасап, Қаракесекті басып өтіп, Қуандықтың шетіне жақындап қалды деген суық хабар жетеді. Байғозы батыр дереу Асау күрең атына мініп, ақсары туын көтеріп, сарбаздарын бастап жауға аттанады. Жиені Жарылғап батырға жаушы жібереді. Қалмақтарға Қызылтау бөктерінде кездеседі. Бірақ, бірден ұрыс салмай, алдын бөгеп, сыртынан қоршап алады. Көп ұзамай батыстан сары жел тұрып, маңайға сасық тұман түседі. Солтүстіктен қалың шаң борайды. Міне, батыр осы кезде ғана дабыл қаққызады. Соғыс басталады. Жарылғап батырдың жасағы да қаһарын шаша жауға ат қояды. Жан алып, жан берген қанды майдан қыза түседі. Қалмақ шапқыншылары сарбаздардың тегеурініне шыдас бермей күйрей жеңіліп, қырғынға ұшырайды. Байғозы өзі ұрысқа кірмей, биіктен бақылап, басқарып, ту ұстап тұрады. – Батыреке, шабуылды неге ерте бастама­ды­ңыз? – депті, жеңістен соң Жарылғап. – Сен де бір соғысымды көрсін, жауды қалай тізе бүктіру тәсілімді үйренсін деп келуіңді күттім, – деген екен Батыр. Қызылтаудағы сол қырғын болған жер осыдан былай “Сасық жартас” атаньпты. Байғозы батырдың көптеген жорықтарына белсене қатысып, өзі де талай ерлік көрсеткен жиені Жарылғап батыр бірде: – Батыреке, қазақ жерін қалмақ, ойрат шапқыншыларынан қорғап көп соғыстыңыз ғой. Сондағы ерекше бір ерлігіңіз туралы айтып беріңізші? – деп сұрапты. Байғозы батыр сәл ойланып, былай деген екен. – Ерлікті қашанда ел жасайды, бірақ атағы бастаушыда қалады. Халық жасаған ерлікті иемденіп неғылайын. Одан да өзіме тән үш нәрсені айтайын: – Бала кезім, ауыл Балқаштың жағасында отыр. Ұйықтап жатсам Наймантай әкем: “Аққозым мен Қарақозым өлген соң, мені Құдайдың тышқаны да басынды-ау! Мына иттерді мысық құрлы көрмегені ғой”, – деп жамылып жатқан жарғақ тонымның сыртынан қамшымен екі-үш рет тартып жіберді. Соның алдында ғана Аққозы, Қарақозы есімді екі батыр ағамыз қалмақтармен соғыста мерт болған еді. “Не болды?” – деп оянсам, арқандаулы шұбар атын жолбарыс жарып кетіпті. Жерошақтың жанында жатқан темір көсеуді алып, ат арқандалған жерге келсем, шұбар ат діңкиіп жатыр екен. Санынан жұдырық сыйғандай ойып жепті. Жерге қырбық қар түскен. Жолбарыстың ізімен келсем, қалың қамыстың ішінде жатыр екен. Мені көргеннен тісін ақситып тұра ұмтылды. Темір көсеумен қақ басқа бір ұрып сұлаттым да, үйге сүйреп әкелдім. Екіншіде ел жайлауда отырған, үйде шалқамнан ұйқтап жатсам, кеудемде сұп-суық бірдеңе жорғалап келеді. Ақырын көзімді ашып қарасам, білектей қарашұбар жылан. Аузымды аша бердім. Ін деді ме жорғалап кіре берді, басын қыршып алдым. Үшіншіден, үш айдай ешкі қотыр болдым. Құрт денемді канша жеп жатса да қасынып, етіме қол тигізбедім. Енді ойласам, осыларым ерлік-ау деймін! ІІ. Қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген соғыста теңдесі жоқ ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған Байғозының әкесі Наймантай Тәуке ханның бас батырларының бірі болғаны тарихтан мәлім. Түркістан, Ташкент, Жетісу аймағын жаудан қорғау үшін қазақ-қырғыз-қарақалпақ қосындары тізе қосып жүргізген соғыстарда жойқын ерліктерімен танылған. Қазақ-жоңғар соғысының батырлары туралы ел аузында сақталған жырлардың бірінде: – Қолында қамшысы бар айбалтадай, Батыл бол, батыр болсаң Наймантайдай!– деген сөз бар. Наймантайдың сүйегі Түркістандағы Ахмет Яссауи мазарының іргесіне қойылған. Наймантай батыр баласы Байғозының ерге лайық қасиеттерін ерте танып, жас кезінен жанына ертіп, соғыс өнеріне баулыған. Тіптен әкелі-балалы болып жауға қатар шапқан кездері де аз емес сияқты. Ел аузындағы: “Жауға шапсаң Наймантайдай бол, батыр болсаң Байғозыдай бол!” деген сөз сол бір алмағайып заманда тізе қосып соғысқа кірген әкелі-балалы қос батырға сүйсінген соң айтылса керек. XVIII ғасырдағы қазақ батырларының қалмақ басқыншылығына қарсы ерлік күрестері туралы нақты фактілерден гөрі ауызекі аңыздар көбірек айтылатыны белгілі. Ал, Байғозы батырдың туған елдің бостандығы жолындағы жорықтарда жасаған теңдесі жоқ ерліктерін баяндайтын тарихи деректер жеткілікті. Жоңғар билеушісі Лама Доржы 1752 мешін жылы қыркүйекте 20 мың қолмен қазақ жеріне басып кіреді. Бөгенбай, Байғозы, Сәңкібай батыр бастаған сарбаздар жауды тас-талқан етіп жеңіп, осы қанды айқаста Доржыны жер жас­тандырады. Доржының орнына таққа отырған Дабашы 1754 ит жылы 10 мың жауынгермен қазақ еліне тағы да шабуыл жасайды. Бұл жолы небәрі екі мыңға жетер-жетпес жасақпен қарсы шыққан Абылай жеңіліске ұшырап, 300-дей сарбазынан айрылады. Ел тыныштығын сақтауды көздеген Абылай хан қалай да қарымта кайтаруды ойлап, 1755 доңыз жылының жазында бір түмендей қолмен ата жауға аттанады. Қалың жасақ екіге бөлініп майдан ашады. Біріншісін Көкжал Барақ, Баймұрат, Жидебай және Шынқожа бастап, Еміл бойында жауға бас көтертпестей соққы береді. Ал Малайсары, Баян, Байғозы, Сәңкібай, Шой басқарған қол тегеурінді қимылмен ойран салып, Дабашының қыруар әскерін Талқының асуынан асыра тырағайлата қуып, сол қарқынмен Қорғас, Құлжаға дейін тықсырады… Қазақ пен жоңғар жасақтарының арасында болған Бұлантыдағы, Қарасиырдағы, Қозымаңырақтағы, Аңырақайдағы, Ереймен­тау­дағы, Түркістандағы, Ыстықкөлдегі сұ­ра­пыл шайқастардың бәрінде Байғозы батыр бел ортасында болып, асқан ерліктер көрсеткен. Солардың неше алуан таңғажайып оқиғалары Арқаның Жанақ, Шөже сияқты ақиық ақын-жырауларының жан тебіренткен жыр-толғауларында және Мәшһүр-Жүсіп сияқты ғұламаның жазбаларында сақталып қалған. Олар нағыз ерліктің шежіресі іспетті. Сол ғұлама былай депті: «Абылайханның заманындағы қазақ жұртынан шыққан батырлар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, Балтекей Тұрсынбай, Тарақты Байғозы… Бұл айтылған батырлардың бәрі де Ербекейше бұзау жарып «батыр» атанған емес, жалғыз жүріп қалмақтың қамалын бұзған батырлар… Терістаңбалы Найман Жарылғап батырдың қазасын естігенде Абылай хан тебірене былай депті: – Бүгінде жер бетінде тірі жүргенім үшін үш адамға қарыздармын. Оның бірі – бүгін маған Жарылғаптай қас батырдың қазасын естіртуге келіп отырған мына Керей Жәнібек. Қан майдан төсінде қалмақтар атымды жарып, жаяу қалғанымда астындағы атынан секіріп түсіп алдыма көлденең тартқан ер. Екіншісі – Аякөзде қаптаған қара қытаймен кескілескен ұрыс салып жүргенде санымнан оқ тиіп, аттан аунай бергенімде аяғымды жерге тигізбей іліп әкеткен Тарақты Байғозы батыр еді. Үшіншісі – Баратолада Дауашыны шапқанда, байқамай хойттың төрт батырының арасына түсіп қалып, жаным мұрнымның ұшына келгенде найзадай жарқылдап, әп-сәтте солардың үшеуіне ажал құштырған Терістаңбалы Найман Жарылғап еді. Арыстан еді, көкжал еді. Жарық дүниеден өтіпті. Өмір бойы осы үш адамға қарыздармын. Халық жадында қастерлеп сақталған Байғозы батыр туралы аңыз-әңгімелер тамаша көркемдігімен, рухани әсерінің күштілігімен жұртшылықты әлі де қайран қалдырады. Мәселен: – Тарақтыда Байғозы, Бұда асқан ер еді. Ел шетіне жау келсе, Мен барайын дер еді, – деп келетін Құлтума ақынның тамаша жыр жолдары Байғозының қаһармандық болмысын айғақтап тұрғандай. Ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректерге сүйене отырып академик Р.Б.Сүлейменов пен ғалым В.А.Моисеев былай дейді: “Алғашқыда жоңғарлармен, кейін манжүр-кытай жаулаушыларымен күрес барысында Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Жәнібек, Баян, Есет, Байғозы, Жанатай, Оразымбет, Тұрсынбай сияқты ержүрек батырлардың, білікті әскербасылардың қалың легі ел ішінен суырылып шықты”. «(Из истории Казахстана XVIII века» Алма-Ата, 1998 г., 136 стр.) Марқұм Ақселеу Сейдімбек зерттеулерінде батыр туралы мынаны атап көрсетті: – Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбіл­мәм­бет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдын көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би-жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жанатай сияқты батырлардан тәлім алды, Керней Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ, Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады. Байғозымен бірге жортуына үзбей қатысқан, жоңғарларға талай рет күйрете соққы берген Әлеуке Орыбай батырды, Абылай ханның қырғызға жасаған жорығында ерекше көзге түскен Көгедей Қабақ батырды да еске алып, рухына бас иеміз. Қариялардың айтуы бойынша, Байғозы батыр ел қыстаудан Кенелі жайлауына көшіп бара жатқанда, Жаман Сарысу өзенінің бойында 1803 жылы 97 жасында қайтыс болыпты. Батырға топырақ бұйырған жер қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа мен Шет аудандарының жапсарындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Байғозы батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады. Осыған байланысты атақты Жанақ ақынның ел жадында мынадай жыр шумақтары сақталып қалған: – Бес қаруын сайлаған, Кегін алмай қоймаған, Он жылдығын ойлаған, Құрыққа бойы бойлаған, Бір құлынға тоймаған, Байғозы да өтті дүниеден. Байғозы өлгеннен кейін де тарақтыдан батырлық үзілмеген. “Ақсерке мен Құлжан өліп те Тарақты ел болған” дейтін мәтел бар. Оның мәнісі былай. Тарақтылар орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене атсалысқанын тарихи фактілер растайды. Алғашқыда олар Саржан Қасымовтың, кейін Кенесары ханның козғалысын қолдайды. Шамамен, 1830 жылы Тарақты Ақсерке мен Құлжан (Байғозының немересі) және Тоқа Бәйтелі батырлар мың қолмен Шоңның Қарағашы деген жерде (Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының бұрынғы “Рассвет” совхозының маңы) полковник Шубиннің солдаттарымен соғысады. От қарулы отаршыларға төтеп бере алмаған көтерілісшілер көп қырғынға ұшырайды. Сол соғыста Ақсерке мен Құлжан батырлар шейіт болады. Тарақтылар Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қатысқанын жоғарыда айттық. Соның бір дәлелі Сары атамыздан тарайтын Алыбай батырдың немерелері Аққозы, Байқозы, Тойқозы Ақмола бекінісіне шабуыл кезінде зеңбірек оғына ұшқан. Белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында бұл ерлік жақсы суреттелген. – Абылай он жетісінде қалмақ шапқан, Сөз емес жай айтылған текке мақтан. Байқозы, Тойқозы мен Аққозы да, Хан Кене жорығында қаза тапқан, – деген өлең бар. Байғозы батырлығымен қатар артына аталы сөз қалдырған білікті, кемеңгер адам ретінде де ел есінде сақталған. Ол өзінің замандасы Тышқанбай бидің сөзін ұнатқанда: «Сайрашы, қара бұлбұлым» десе, ұнатпағанда «Қақсамашы, қара құзғыным» дейді екен. Батыр мен Бекболат би (Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы) нағашылы-жиен болып, әзілдесе береді екен. Өйткені Тарақты Байқошқардың қызы Тоқмейілден атақты Қаз дауысты Қазыбек би туған. Тарақтыға қатысты бір дауды дұрыс шешпегені үшін Байғозы Байдалы биге: – Жел жағымнан панамсың, күн жағымнан саямсың деп жүрсем, әншейін тіліңді көрсетіп, тісіңді жасырып жүр екенсің ғой, – деген екен. Байғозы батырдың үрім-бұтағы қаулай өскен. Кең байтақ Қазақ елінің қайсы түкпірінен де кездеседі. Бұлар Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыс­тарында және Түркістан қаласында тұрады. Олар кімдер? Бұл сұраққа батырдың алтыншы ұрпағы саналатын филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы марқұм Ақселеу Сейдімбек былай жауап берген еді: – Байғозы батырды жастайынан пір тұтып, аруағына үнемі тағзым ететін, ата жолынан айнымайтын, еліне қалтықсыз қызмет көрсетуді өздерінің басты мұраты санаған тұлғалы азаматтарымыз аз болмаған. Солардың қатарында ХIХ ғасырда өмір сүрген Тұяқ шешен мен Шілменбет биді атап көрсетуге болар еді. Ал, күні кеше өткен ХХ ғасырға көз жіберсек, жақсы мен жайсаңдармыз көбейе түскен. Атап айтсақ, Ұлы Отан соғысының батыры, атақты сұрмерген Ыбрайым Сүлейменов, ақ күріштің атасы, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев, күміс көмей әншілер Әміре Қашаубаев пен Рақия Қойшыбаева, белгілі сазгер Бекен Жамақаев, танымал жазушылар Балтабай Адамбаев, Бүркіт Ысқақов, Медеу Сәрсекеев, Өмір Кәріпұлы, Қуандық Түменбаев, Хасен Қожа-Ахмет және басқалары. Бүгінде төл тарихымыздың ажырамас бір бөлігіне айналған Байғозы батырдың ерлігін құрмет тұтқан халқымыз оны әсте ұмытпақ емес. Әрқашанда қастерлеп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге тұтады. Еліміздің тәуелсіздігі салтанат құрып отырғанда мұның мән-мағынасы еселеп арта түспек. Бабамыздың қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы қаһармандық күресін жұртшылыққа кеңінен әрі тиянақты насихаттаудың маңызы зор. Осыған орай Қарағанды облысындағы бұрынғы Ағадыр ауданының қалың жұртшылығы «Байғозы батыр қорын» құрып, игі бастама көтерген болатын. Ата-баба аруағын сыйлап, ұлтымыздың тарихи жадын жаңғыртып отыруға бағытталған мұндай шара ешкімді де бейтарап қалдырмаса керек. Бұл қорға батырдың Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Алматы облыстарында тұратын үрім-бұтақтары әлқадарынша үлес қосуға мүдделілік танытты. Елінің бақыты мен бүтіндігі жолында жан аямай күрескен тендесі жоқ баһадүрдің бірі – Наймантайұлы Байғозыға 2001 жылдың 29 қыркүйегінде, жұмада Жамбыл жерінде, Тараз қаласында алғашқы рет ас беріліп, құран оқылды. Бұған батырдың Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және қырғыз елінде тұратын ұрпақтары, соғыс және еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – барлығы мыңға жуық адам қатысты. Жиында сөйлеген азаматтар Байғозы батыр аруағына шын жүректен тағзым жасап, осындай сауапты шараны еліміздің басқа да әйгілі тұлғалары туралы жүйелі ұйымдастырудың танымдық та тәрбиелік маңызы зор екенін, оның жас ұрпаққа оңды ықпал жасайтынын атап көрсетті. Батырға арналған астың қалай өткізілгені облыстық телерадио компаниясы арқылы бүкіл облыс жұртшылығына көрсетілді. Қалың көпшіліктің қолдауы арқасында Жаман өзенінің бойындағы «Батыр басы» аталатын қорымда Байғозы батыр кесенесі 2001 жылы қайта жаңғыртылып, сәулетті болып салынды. Құрылысты жүргізуге Амантай Жұматаев көп еңбек сіңірген. Сол сияқты Берік Бекенұлы, Тұрсын Төлеубайұлы, ағайынды Тәжіғұловтар, Жаңаарқа депосының бастығы Берік Жұмағұлов және шырақшы Өмір Кәріпұлы игі іске үлкен қолғабыс жасаған. Батыр кесенесінің ашылуына Астанадан, Алматыдан, Тараздан, Шымкенттен және Кентау мен Түркістаннан ағайын-туыстар қатысып, құдайы тамақ берілді, құран оқылды. Бәріміз кесене ішіндегі қабырға маңдай тигізіп, тәу еттік. Бесік-қабыр соншалықты ыстық көрінді, бір сәт бабамыздың рухымен тілдескендей жақсы әсер алдық. Кентаулық ағамыз Ақжол ақсақалдың батыр бабасына арнап мақамдап оқыған дұғасы, ерлікті, елдікті мадақтаған мағыналы өлеңдері жұртшылықтың аруаққа деген ынта-ықыласын арттырып, мақтаныш сезімін туғызды. Байғозының жауға шапқанда ұстайтын Ақ­са­рыбас деп аталатын жорық туын Жаңа­­арқа ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы шаруашылықта тұратын ұрпағы Саламат Әбдіғұлов (Бұл батырдың 85 жас­та алған бесінші әйелі – жалайыр қызынан тарағандардың бірі) көп жылдар бойы көздің қарашығындай сақтап келген еді. Бабамыздан қалған осы жалғыз жәдігер қазір Президенттің мәдени орталығында сақтаулы тұр. Байғозы батыр қалмақ шапқыншылығына қарсы бүкіл халық болып екі ғасыр жүргізілген соғысының жұртқа танымал басшыларының бірі. Байғозы батырдың 300 жылдық мерей тойы 2005 жылдың 12 тамызында Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақадыр кентінен 40 шақырым қашықтықтағы «Батыр басы» деп аталатын киелі жерде үлкен салтанатпен мерекеленді. Осы тойға Қазақстанның барлық облыстары атсалысты деуге болады. Қасиетті Түркістаннан, Шымкенттен, Жамбылдан, Жезқазғаннан, Көкшетаудан, Семейден, Қызылордадан, Қарағандыдан әкелінген ақшаңқан үйлер тігілді. Бұл тойдың мәртебесін шын мәнісінде көтеріп, батырдың рухын, әруағын ел-жұртымыздың ешқашанда ұмытпағанын білдірсе керек. Ең алдымен Қарағанды облысының имамы Қанат Сансызбайұлы Байғозы батыр рухына арналған арнайы құран бағыштады. Содан соң Елбасы Н.Назарбаевтың батыр тойына арнаған құттықтауы оқылып, оны жиылған жұрт үлкен ілтипатпен тыңдады. Нұрсұлтан Әбішұлы тебірене былай депті: «Қазақ халқының тарихы – еліміз бен жеріміздің азаттығы мен тұтастығы, соның жарқын болашағы жолындағы ерлік күрестерге толы, аса даңқты тарих. Біз соның арқасында бүгінде осынау қасиетті де ұлан байтақ жерді сақтап қалып, байырғы бабаларымыздың лайықты мұрагері болып отырмыз. Осы жолда талай-талай ер жүрек батырларымыз қайраты қайтқанша аттан түспей, қол бастап, ту ұстап, туған жерін қорғаумен өтті. Соларды шола қарағанда, Байғозы батырдың шоқтықты тұлғасы да көзімізге әрдайым оқшау түсуге әбден лайықты. Оның ерлікке толы өмірі мен азаматтық болмыс-бітімі халық зердесінен берік орын алып, бүгінгі күнге көмескіленбей жетіп отыр. Сондықтан батырдың рухын ардақтап, өмірін зерттеп, ерлігін насихаттап, құрмет көрсету – әрі парыз, әрі зор ғанибет іс. Біз өткенімізді, ардақ тұтар азаматтарымызды бір сәтке де ұмытпауымыз керек». Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Қ.Мұхамеджановтың арнайы баяндамасы мен халық жазушысы, Сенат депутаты Әбіш Кекілбаевтың терең толғамды сөзінде батырдың қазақ халқына сіңірген өлшеусіз зор еңбегі санаға сәуле түсірерлік дәрежеде жан-жақты айтылды. Осы тойға көршілес Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексенбин арнайы сый-сияпат жасады. Елбасымыз «Біз тойларды тарихтан тағылым алу, ұлықтан ұлағат алу үшін өткізуіміз керек!» деп ерекше атап өткені белгілі. Мына той тап сондай той болды. Тұңғыш рет «Жыр арқауы – елдік пен ерлік» атты республикалық жыраулар конкурсы өтті. Кен даланы ән-күй кернеді. Атақты айтыс­кер Аманжол Әлтаев жырдан шашу шашты. Байғозы батырдың ерлік істерін арқау еткен «Байғозының жебесі» атты жырын ала келген көкшетаулық Баянғали Әлімжанов жыраулар сайысында озып шығып, бас бәйгеге тігілген темір тұлпарды тақымына басты. Сыр бойынан келген Берік Жүсіпов, Қойшыбай Омаров, Дидар Қалиев сияқты таңдайынан сөз төгілген жыраулар Ыбырай Жақаев атындағы және арнайы белгіленген басқа да жүлделерге ие болды. Жоңғар басқыншылығына қарсы қазақ елінің теңдесі жоқ бұл қаһармандық соғысы тәуелсіздік жолындағы күрестің ең бір шоқтықты белесі болып табылады. Отан сүйгіштік жұмыспен шыңдалған қазақ батырлары өз тарихындағы ірі жеңістердің біріне емес, бірігейіне сол кезде қол жеткізген болатын. Мына той сол ержүрек бабалар рухына бас иген, атақты батыр Байғозыны құрмет тұтып, абыройын арттырған елдің қадір-қасиетін паш етті. Тәуелсіздік заманында ерлікті қалай марапаттаудың лайықты үлгісіне айналды. Сол себепті оның тәрбиелік мән-мағынасы жарқырай түсті. Жоғарыда айтылғандар бізге мынадай нақты ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз: 1. Байғозының қазақтың атақты батыры екенін тарихи деректер айғақтап отыр. Бұған тарихшыларымыздың зерттеулері де толық көз жеткізеді. Бұл жерде тағы қайталап айтсақ, Байғозының қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауға сіңірген аса зор еңбегі Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай және Жәнібек батырлардан бір де кем емес. Осыған байланысты оны мәңгі есте қалдырудың нақты шаралары белгіленіп, мемлекет тарапынан шұғыл жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жерде Елбасының батырдың 300 жылдық тойына жолдаған құттықтауында айтылған нұсқаулар басшылыққа алынуы қажет. Батыр тойынан бері сегіз жылдан астам уақыт өтті. Алайда, Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған ешбір іс-әрекет байқалмайды. Бұл маңызды шаруаға ең алдымен үкімет тарапынан баса назар аударылуы тиіс еді. Бірақ, олай болмай отыр. Батырды халық жадында мәңгі сақтау үшін оған ескерткіш қойылып, есімі аудан, мектеп, көшелеге берілгені дұрыс. Мәселен, Қарағанды облысының Шет ауданында батырдың атын берсе лайықты болады. Мұның тарих үшін де маңызы зор. Байғозы батырдың атына мемлекетіміздің Ақ Ордасы – Астанадан бір үлкен көшенің аты берілсе қандай ғанибет! Өшкен жанып, өлген тірілді дегеннің өзі сол емес пе?!. 2. Сонау Арқадан Іле бойына барып, Райымбек батырмен тізе қосып, ата жаудан Жетісу жерін қорғаған батырға Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының біреуінің атын беру елдіктің белгісі болады. Қарағанды қаласында ескерткіш орнату қажет. Байғозының өз кіндігінен тараған ұрпақтардың бірі, күні кеше марқұм болған Ақселеу Сейдімбек соны арман еткен еді. Сол сияқты батырдың Тараз қаласындағы ұрпақтарының осы ежелгі шаhардан оған көше атын беруді сұраған өтініштері де еленбей келеді. Бұл қалай? 3. Қазақ халқының жоңғар басқын­шы­лы­ғына қарсы жүргізген соғысындағы Байғозы батырдың ерлігі туралы тарихи деректер еліміздің тарихына, мектеп оқулығына енгізілуі тиіс. Байғозыға, оның әкесі Наймантай батырға қатысты өмірлік баяндаулар, өлеңдер, дастандар, ел аузында сақталған аңыздар жиналып, кітап болып басылса, нұр үстіне нұр. Ата-баба дәстүрін құрметтеу қашанда абыройлы борышымыз. Соның арқасында біз елдігімізді, ерлігімізді дәріптеп, жас ұрпаққа лайықты тәрбие береміз. Бұл – қазақ халқының бірлігін, тәуелсіздігін нығайтып, басқа жұрттармен терезесі тең болуына жол ашады.

 

Сағат АРЫНҰЛЫ