Жаңалықтар

Ауыл әкімдерін сайлау

ашық дереккөзі

Ауыл әкімдерін сайлау

Қазіргі қолдағы бар деректер бойынша, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облысының кейбір өңірлерінде әкім сайлау ісі өз мәресіне жетті. Бүгін Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан  облысының кейбір өңірлеріндегі мәслихаттар ауыл әкімдерін таңдайтын болады. Ертең бұл үрдіс Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстанның қалған өңірлерінде және Жамбыл облысында жалғасын таппақ. 

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдірудің ең негізгі тетігі орталықтан басқарудан қол үзу, өзінің жеке бюджетін жасақтау, сол арқылы өңірдегі проблеманы өз бетінше шешуге ұмтылу. Қазақстан ауылдарының проблемасы күн өткен са­йын ұлғайып келе жатқаны мәлім. Осы мәселенің тығырыққа тірелуіне себепкер мәселенің бірі – жоғарыдан, орталықтан басқарылатын бюджеттің өз арнасына жете алмай жатуынан болса керек. Сол себепті де осы бір толғағы тоқсан мәселені бір жақты етудің кілті ретінде ауыл әкімдерін сайлау үрдісі енгізіліп отыр. Елбасы 2012 жылдың 28 қарашасында «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқарудың Тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл тұжырымдамада жергілікті өзін-өзі басқарудың тетігі ретінде ауыл әкімдерінің өкілеттігін кезең-кезеңмен арттыру көзделген. Ауыл әкімдері бұдан былай – шаруашылықта, әлеуметттік салада өз бетінше шешім қабылдау, жергілікті ресурстарды – жер, мүлік секілді қолда бар мүліктерді пайдалану, кіші және орта бизнестің дамуына қол ұшын созу секілді мәселелерді өз бетінше шешуге қол жеткізетін болады. 

Бүгінгі енгізіліп жатқан өзгерістердің бастысы – ауыл әкімдерін жанама сайлау арқылы сайлау, яғни, бүкіл халықтық сайлау емес, мәслихаттар арқылы сайлау. Ол үшін аудан әкіміне үміткерлерді ұсыну өкілеттігі тиіп отыр. Аудан әкімі үміткерлердің тізімін ұсынбас бұрын, жергілікті халықпен ақылдасады делінген. Көптеген саясаттанушылар ауыл әкімдерін жанама сайлау арқылы сайлауды бүгінгі саяси реформадағы қателіктер ретінде көрсетіп отыр. 

«Алайда, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев, ауыл шенеуніктері өздерін сайлаған электоратты ойлаудың орнына, олар үнемі жоғарыға алаңдап, өзінен жоғары тұрғандардың алдында бүгежектеп жүрсе, өз қызметін қалай дұрыс атқара алады? Сол үшін ауыл және шағын қалалардың әкімдерін сайлау әкімдердің халықпен санасуына, халық үшін тиімді жұмыс істеуіне өз септігін тигізер еді. Бұл күнде болып жататын кадрлық өзгерістерден жақсы», – деген ол жалпы халықтық сайлауларға жасалған алғашқы қадам бұл деген ой айтады. 

Қазақстан әкімдерді сайлау науқанына өте ұзақ ойланып барып қадам басты. Әкімдерді сайлау көрші Ресейде баяғыдан бері қалыптасып келе жатқан үрдіс. Ауыл әкімдері бұдан былай халық алдындағы жауапкершілікті түсінетін болады және өзінің қалтасын қампайтуды емес, ауылды көркейтуді мұрат етеді. Әзірге бұл тек арман ғана. Жергілікті өзін-өзі басқару реформасының болашақтағы көздегені осы. Әкімдердің бұған дейін мойнына жүктелмеген міндеттердің бірі – ауылдың өз бюджетінің пайда болуы. Бұл бюджетті ауыл әкімдері ауылдың қай жыртығын жамауға жұмсауға ерікті. Сондай-ақ, аудан әкімдерінің белгілеп беруімен біраз мүлік ауыл әкімдерінің өкілеттігіне беріледі. Оны да ауыл әкімдері кімге, қалай бөлетінін өзі білмек. Бірақ бұның барлығын олар халықтың келісімімен, жалпы жиналыстардың шешімімен жүзеге асыруы тиіс. Ол үшін мұндайдан хабары бар адамдардың ауыл әкімі маңайына топтастырылғаны немесе әкімдікке сай­ланғаны жөн. 

Әкімдікке үміткерлер 25 жастан кіші емес, Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс. Ауыл әкімдері төрт жылға сайланады. Осы сайлау бойынша барлық әкімдердің 91,5 пайызы қамтылмақ. Ауыл әкімдерін сайлауды аяқтаған Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашовке ондағы сайлау барысынан ақпарат беруін өтініп хабарласқанымызда алған мәліметіміз:

– Сайлауға 214 үміткер қатысып, 72 әкім сайланды. Яғни бір орынға үш үміткерден келді. Тіпті кейбір ауылдарда үміткерлердің саны екіден аспады. Оның 51-і бұрынғы әкімдер, 21-і жаңадан сайланып отыр. Гендерлік тұрғыдан қарайтын болсақ, сайланған әкімдердің 90 пайызы еркектер, он пайызы әйелдер. Атырау қаласының өзінде 9 округтің әкімі сайланса, Құлсары қаласының әкімі және 4 кенттің әкімі сайланған. Қалғандары ауылдық әкімдер. Әкімдікке үміткерлердің ең жасы – 35-те болса, ең үлкені 60-та. Әкімдікке үміткерлердің басым көпшілігі – оқытушылар, заңгерлер мен коммерциялық құрылымдардың өкілдері, – Асау Ниязұлы. 

Бір қызығы, әкімдікке үміткерлердің арасында «Нұр Отан» партиясынан өзге партия өкілдері болмаған екен. Егер, әкімдікке үміткерлерді ұсыну өкілеттігі аудан әкіміне берілсе, аудан әкімдерінің басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалының жетекшісі болса, ауыл әкімін сайлаудағы бұл тенденцияны түсіну қиын емес секілді.  

Сол секілді ауыл әкімдерін сайлауды алғашқы боп бастаған Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ольга Вахитовна Сағымбекованың мәліметтеріне сүйенсек, додаға түскен 421 үміткердің 189-ы әкім боп сайланған. Оның 172-сі ауылдық округтің, 5-уі елді мекеннің, 8 поселке, 4-еуі қаланың әкімі.  Үміткерлер бір орынға орта есеппен 2,2 адамнан келген. Еліміздің ең ірі облысындағы ауыл әкімдерін сайлау өз мәресіне, артық әңгімесіз, ың-шыңсыз жеткен. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ