Сурет ұрлаған суыққолдар
Сурет ұрлаған суыққолдар
Қастеевті қазақ ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізге өмірі мен дарынын арнаған Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтпаев сынды саңлақтармен қатар қоямыз.
Әбілхан Қастеевтің 4 мыңнан астам туындысы бар. Олардың тақырыптары да, өмірге келу тарихы да сан қилы. Бір анығы қылқалам шеберінің қолтаңбасынан – кеңістік пен еркіндікті көре аламыз. Өнертанушылардың Қастеев қолтаңбасын жазбай танитын ерекшеліктерінің бірі – осы. Қастеевтің атын жамылып, мұражайға және ұрпақтарына белгісіз сурет әкеліп, мынау ұлы суретшінің өз қолымен салған бейнесі дейтіндер де толастар емес. Әрине, ол туындылардың ішінде – суретшінің қолымен тарту етілген суреттер бар, сондай-ақ жалған көшірмелер де кездеседі.
Бейнелеу өнерінің хас шебері, Жаркент өңірінің тумасы Әбілхан Қастеевтің еңбектері өзінің аты берілген Мемлекеттік өнер мұражайында, Орталық мұражайда, Павлодар мен Жаркент мұражайларына, туған ауылы Шежіндегі мұражайда қойылған. Ал қалған жұмыстары Мемлекеттік мұрағатқа суретшінің өз қолымен өткізіліп, тізімделген екен. Жуырда Әбілхан Қастеевтің қызы – Гүлдария Әбілханқызы әкесінің 20 туындысының жоғалғанын жариялап, өнер сүйер қауым мен жұртшылықты елең еткізді. Суреттер Мемлекеттік мұрағаттан ұшты-күйлі ғайып болған. Оны мұрағаттың басшылығы да, қызметкерлері де қашан, қалай ұрланғанын дөп басып айта алмайды. Тіпті 2010 жылы Қастеев суреттері салынған қораптың бос екенін анықтаса да, әке мұрасын іздеген қызы сұрау салғанша жұмған аузын ашпай отырған. Ұлттық мұраға айналған туындыларды, қазақ халқының салт-дәстүрі мен табиғатын, шаруашылығын, ауыл адамдарының сипаты мен күнделікті тұрмысын мәңгілікке бейнелеген суретші еңбектерінің қалай жоғалғанын анықтау үшін Гүлдария Әбілханқызын арнайы іздеп барған едік. Әуелде Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы арқылы суретшінің қызын тауып алдық. Суретшінің өзі тұрған үйінде, қазіргі мұражай-үйде Гүлдария апаймен кездестік. Сонда әңгіменің ауаны суретші ұрпағының «Әттеген-айынан» басталды. «Егер 2010 жылы Мұрағат туындылардың ұрланғанын жария еткенде, бүгінге дейін бірталайы табылып қалар еді», – деді.
Мұрағат машақаты …
– 2011 жылдың шілде-тамыз айларында мемлекеттік мұрағатқа бардым. Келесі жылы, яғни 2014 жылы әкеміздің туғанына – 110 жыл толады. Соған орай отбасымызбен деректі фильм түсірсек деген жоспарымыз болған. Осы мақсатпен әкемнің жұмыстарын, құжаттарын іздеп бардым. Өйткені 1963 жылы әкем бірқатар жұмыстарын, құжаттарын, газет қиындыларын мұрағатқа өз қолымен өткізіп, тізімін жасаған. Сол журнал бойынша құжаттарды қарай бастадым. Мұрағат қызметкерлері барлығын уақытында тауып беріп, керек-жарақты сайлап берді. Мұрағат ғимаратының дәліздерінде әкемнің суреттерінің көшірмесін іліп қойыпты. Ішім жылып қалды. Күнде-күнде келіп жүрдім, өйткені бір күнде бәрін көріп бітіре алмайсың. Алдыма берген папкалардың ішіндегі қағаздары жақсы сақталған, риза болдым. Сөйтіп қаралмаған 20 папка қалғанда «Ертең кел, арғы күні кел» деп сағызша созып, екі ортада біраз сабылдыртты. Тағы бір барғанымда директордың орынбасарына кіріп шығыңыз деді. «20 папка бос, ішіндегісі жоқ. Оның қалай жоғалғанын біз де білмейміз», – деді. Мен: «Мемлекеттік мұрағат сақтай алмаған дүниені кім сақтайды? Әкем сендерге өзі сеніп тапсырды емес пе? Дереу Қаржы полициясына арыз беремін», – деп едім, «қараша айына дейін мұрша беріңіз. Біз жөндеу жұмыстарын жасадық, басқа ғимаратқа көштік. Мүмкін бір қуыста қалып қойған шығар», – деп тоқтатты. Бірақ мұрағат тұяқтарын да қимылдатпаған. Гүлдария Әбілханқызының айтуынша, Мұрағат басшылығы жалақының аздығынан қызметкерлердің жиі ауысатынын тілге тиек етеді. Онымен қоймай, басшылықтың 1963 жылдан бері бірнеше рет ауысқанын айтып, суретші жұмыстарының табылмайтынына сендіргісі келсе керек. «Хош, мұрағаттан қайыр болмады», – дейді суретшінің қызы.
Қастеевтің туындысы қызықтыра ма?
– Бірде бір кісі ұялы телефоныма хабарласты. Өзін Александр деп таныстырды. Менімен маңызды мәселе бойынша кездескісі келетінін айтты. Ішім бір жамандықты сезді. Әскери прокуратура жанындағы заңгерлік кеңес беру орталығында қызмет етемін. Сол жерге шақырып алдым. Ұлты орыс, ірі денелі кісі келіп: «Сізді Қастеевтің суреттері қызықтыра ма?» – деді. – Әрине, қызықтырады. – Сіз сатып аласыз ба? Немесе айырбастай аласыз ба? – деді. – Қастеевті Қастеевке айырбастауым керек пе? Оның маған не қажеті бар? – дедім. Сөйтсем, «сіз оның – мұрагерісіз, сатып алуға міндеттісіз» деп салды. Сонымен, бейтаныс біреуден сурет алғанын айтты. Оны – 15 мың долларға бағалады. Бас-аяғы – екеу. Бұлар – мұрағатта болған суреттер. Бірақ мұрағат басшылығына айтпадым. Ол осы екі жұмыстың суретін алып келді. Біреуін көрсетті. Содан кейін «сатып ал» деп маза бермеді. Екіншісін кейінге қалдырған еді. Осы кезде Қаржы полициясы оны ұстады, екінші суретті де тапқызды. Алайда ол өзі біреуден сатып алған, мұрағаттікі екенін білмеген, ұрланғанынан да хабары жоқтығын айтып мойындай қоймады. Осылайша мұрағатқа салынған суреттер қолды болған. Кейінгі 4 жұмыс бір антиквардың топтамасынан табылды. Ол да 15 мың долларға сатып алғанын айтып міз бақпады. Өйткені өзі де оны сатуға қойған жерінен ұсталып отыр ғой. Қаржы полициясы оның аты-жөнін жасырып қалды. Қалған 14 туынды ұшты-күйлі жоқ – Мұрағаттың мұрын астынан қолды болған туындылардың 14-і бүгін де табылған жоқ. Бұл іспен қазір Қаржы полициясы айналысып жатыр. Мұрағат қызметкерлерінің олақтығынан ғайып болды бұл суреттер. Өйткені бір папкаға бір жұмыс салынады. Оны ашып-қарап тексеріп алу керек еді. Оның үстіне суреттерге мөр таңба қойылмаған. Мұрағат басшылары мөртаңбаның басылғанын айтып, бой берер емес. Дегенмен табылған екі жұмыстың екеуінде де мөртаңба болған жоқ. Мен оның мұрағаттікі екенін әкемнің тізімдеген журналынан біліп отырмын. Бұл суреттер бүгінде ауқатты адамдардың төрінде ілініп тұрғаны анық. Бірақ олар оны жария еткісі келмейді, өйткені ұрлады деп айып тағыла ма деп қорқады. «Суреттерді шетел асырып жіберген жоқ па?» деген сауалдар жиі айтылады. Мен «жоқ» дер едім. Әкемнің қазақ халқына сіңірген еңбегі мол десек те, шетелде, әсіресе өнерді жоғары бағалайтын Еуропада онша қызығушылық таныта қоймайды деп ойлаймын. Дегенмен бұл қаңқу сөздің қайдан шыққанын мына жайтпен байланыстыруға болады. 2008 жылы суреттер мұрағаттан алынып, көшірмелері жасалады. Кезінде Мемлекеттік мұрағаттың директоры болған ханым кейінгі жылдары АҚШ-қа көшіп кеткен екен. Сондықтан мұрағат қызметкерлеріне бұл жақсы сылтау болып отырған сияқты.
Түпнұсқаларды табу қиын
– Әкемнің туған жері – Жаркенттің шығыс жағындағы Шежін ауылы. Әкемнің 100 жылдық мерейтойында мектептен ашылған мұражайға үш картинаны тарту еттік. Кейіннен сіңлім екеуміз мерекелік шараларға қарсы барғанымызда суреттердің орнында тұрғанын көрдік. Алайда бір шетінде әкемнің қолымен жазған тегінің – «Қ» әрпінің жартысы жоқ. Бұл қалай болғаны? Анықтап қарасақ, түрлі-түсті көшірмесін жасап, қиындыларын әдемі қиыстырып, әйнектің астына орналастырыпты. Әкемнің өзінің жұмыстары қайда деп сұраймыз ғой, сөйтсек «міне, тұр емес пе?» дейді. Қайтадан полицияға хабар бердік. Сол жерден бір жігіт ұсталды. Бала-шағасын емдеуге қаражат керек болғанын айтып, суреттерді қалай сатқанын мойындаған көрінеді. Сонымен не керек, жоғалған үш суреттің екеуін тауып алдық та, Жаркент қаласындағы мұражайға тапсырдық. 1958 жылы тура 2 мың картина болған. Әбілхан Қастеев 1973 жылы Алматыда дүниеден озды, бірақ суретші қылқаламы бір тыным тапқан емес. Сондықтан бүгін де 4-5 мыңдай сурет бар. Ал ауылдағы, аудан және қалалардағы Мәдениет үйлерінің тапсырысымен орындаған еңбектері қаншама. Мәскеуде, Қытайда, Арменияда, Моңғолия, Ауғанстан, Мексика, Румынияда суретшінің көзі тірісінде көрмелер ұйымдастырылып, түпнұсқа суреттер жат жұрттық, салт-дәстүрі, діні өзге халықтарға паш етілген. Бүгінде осы түпнұсқалар қайда? Қастеев ұрпақтарының қолында қарындашпен, майлы бояумен салынған суреттердің біразы бар. Бір-екі жыл бұрын бір белгісіз антиквар Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайына 46 сурет әкеледі. 46 жұмысты да Қастеевтің қолынан шыққанын айтып, өзі сатып алғанын дәлелдейді. Сөйтіп мұражайдан дәйектеме қорытынды жасап беруін талап етеді. Алайда мұражай қызметкерлері мен өнертанушылары суретші отбасының балаларына жүгінеді. Гүлдария мен Гүлназия Әбілханқыздары бұл жұмыстардың Қастеевтің қолы емес екенін бірден ажыратады. «Суреттер бір адамның қолынан шыққан. Әкемнің қолтаңбасын түсіруге тырысып бағыпты. Оның үстіне әкемнің тақырыптары белгілі: ауыл, төрт түлік, қарапайым шаруа немесе оның тракторы дегендей. Бірақ мен әкемнің қолына ұқсап баққан жалған суретшінің қолын бірден танып, Мұражайға бізге мәлім етпей дәйектеме бермеуін өтіндік. Тағы бірде Көркем өнер галереясында әкемнің қолтаңбасы қойылып, Орталық мұражайдың дәйектеме қорытындысы берілген сурет сатуға қойылыпты», – дейді суретшінің қызы. Бұл туындылар өте құнды. Бәссаудада өнердің шын жанашырлары аянып қалмайды, жақсы туындының қадірін қаншаға болса да бағалайды. Мәселен, Әбілхан Қастеевтің ұрланған суреттерін 150 мың долларға сатпақшы болғандар ұсталды. Олардың қатарында саудаға қойылған «Қайырбекова К портреті» – 50 мың доллар, «Социалды еңбек ерінің үйінде» картинасы – 60 мың доллар, ал «Ескі қыстау» – 37 500 долларға бағаланған. Табылған суреттерді Мұрағатқа бермей, Гүлдария Әбілханқызы отбасылық мұражайға алыпты. Ал Әбілхан Қастеевтің өзі тұрған үйінен мұражай үй ашылмақшы, бірақ қолдың қысқалығы бұл жұмысты кейінге шегерсе, мұрағаттағы картиналардың жоғалуы деректі фильмнің түсірілімін еріксіз кейінге ысырып отыр. – 90 жылдары суреттер кім көрінгеннің қолында кетті. Қадірін білгендер сақтап қойды, білмегені отқа да жақты. Бүгінде мұражайда ілініп тұрған бір суреттің тарихын айтып берейін. Халқымыздың біртуар азаматы, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов бір жерден умаждалып, отқа тасталған суретті тауып алады. Бұл – әкемнің майлы бояумен салынған үлкен картинасы екен. Оны өзі ақысын да сұрамай мұражайға өткізіп кеткен екен. Біз оны кейін білдік қой. Қазір осы сурет қайта қалпына келтіріліп, көпшілік назарына қойылды, – дейді суретшінің қызы. Әбілхан Қастеев 1904 жылдың 1 қаңтарында Алматы облысының Жаркент ауданындағы Шежін ауылында кедей малшының отбасында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол байдың жалшысы болады. Жаркент қаласында, кейіннен Түрксіб теміржол құрылысында жұмыс істейді. Ол сол кездің өзінде үнемі сурет салып, өзінің дарыны мен шеберлігінің арқасында айналасындағыларды таң қалдырады. 1929 жылы тағдыр оны Алматыға алып келіп, екі жылдай Н.Хлудовтың көркемсурет студиясында білім алады. Ә. Қастеев Мәскеуде де білімін жалғастырып, кейіннен Алматыдағы көркемөнерпаздар слетіне, Абай портретін жазудан және оның шығармаларына иллюстрациялар жасаудан республикалық жарысқа, Мәскеудегі Мемлекеттік Шығыс халықтары мұражайындағы Қазақстан суретшілері туындыларының бірінші көрмесіне қатысады. Осы уақыттан бастап Әбілхан Қастеев халықаралық, бүкілодақтық, республикалық және қалалық көрмелерге тұрақты түрде қатысып отырады. 1937 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданады. 1930-1940 жылдар аралығында суретші «өткен өмірге» деген ойлары бейнеленген «Ескі және жаңа тұрмыс» атты үлкен акварельдік топтама жұмысын жазады. Алматыда суретшінің шығармашылық қызметінің 15 жылдығына арналған тұңғыш жеке көрмесі өтеді. Осы жылы суретшіге Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы беріледі. Көп кешікпей 1944 жылы ол Қазақ КСР Халық суретшісі атағын алады. Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы сан қырлы. Ол Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Амангелді Иманов және тағы басқа көптеген қазақ халқының ұлы тұлғаларының портреттерін бірнеше рет салды. Акварельмен жазылған пейзаждары және кескіндемелік шығармалары топтамаларының мазмұны терең. Әр кезеңде салынған: «Қазақстан жерінде», «Тың туралы», «Республикамыздың жері мен елі», «Бесжылдық құрылысы», «Қазақстан байлығы» атты туындылары еліміздің көркем шежіресіне айналды. Әке мұрасын мирас еткендердің бірі қызы – Гүлназия. Ол О.Таңсықбаев атындағы өнер училищесін бітіріп, Мәскеуде өнер академиясын тәмамдап, бүгін де Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ береді. Ал ұлдарының барлығы осы салада білім алып, әке жолын қуды. Сара Досхожаева, өнертанушы-реставратор: – Ол табиғатты, натюрмортты ғана салды деп айта алмаймыз. Өйткені ол не көрсе, соның бәрін қағазға түсіре берді. Тіпті көкте, бұлттардың арасында ұшып бара жатқан ұшақты көрсе, соны да қағазға түсіріп қоятын. Сондықтан мен оны суретші-этнограф дер едім. Әрбір деталь, әрбір бөлшегін қалдырмай бейнесін жеткізетін. Оның негізгі еңбегі – Амангелді Иманов қой. Оның бейнесін саларда алдымен қолын, басын, қырынан, профиль жеке-жеке қағаздарға түсіріп, өзі ойлаған бейнені шығаруға дайындалып жүрді. Кейін осы жеке қағаздардағы бөлшектерге қарап отырып, біріктіріп, Амангелдінің бейнесін жасады. Мен бұл суреттерді қалпына келтірдім. Дақ түскен, өшіп кеткен тұстарын химиялық тазартқыштармен бірнеше сағат бойы өңдеп қойдық. Мен Орталық мемлекеттік мұражайда 42 жыл қызмет істедім. Оның тақырыптарына қарап өмірді сүйген, жұмсақ мінезді, ақкөңіл адам екенін көре аламыз. Оның қолын ешкім қайталай алмайды, қайталау да қолынан келмейді. Өйткені әр суретшінің өз тақырыбы болады. P.S. Еуропа халқы өнерді сүйеді, бағалайды. Қайта өрлеу кезеңінің қылқалам шеберлерінен бастап ХХ ғасырдың суретшілеріне дейін бір бағыт, бір сарын, патша сарайы ақсүйектерін бейнелеген тақырыбы сақталған. Осы текті картиналар өте қымбат. Ескі құрлықтың Лувр, Прада мұражайларына аса сақтықпен орналастырылған ол суреттер. Ал қолдан қолға өтіп жүрген Ван Гог, Пикассоның ұрланған, жоғалған суреттерінің бүгінде құны баға жетпес. Олай болса алдағы жылдары өз бағасын алған, өзін мойындатқан Қастеев картиналары бәрібір табылады.
Ақниет ОСПАНБАЙ