Жаңалықтар

ЕУРООДАҚПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТТЫ

ашық дереккөзі

ЕУРООДАҚПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТТЫ

Табиғи ресурстарды тасымалдау, әлемдік нарыққа көмірсутегілерді жеткізу, азаматтық авиация, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға талпынған екі тарап серіктестік шеңберін кеңейтуде. 

Әлемдік саяси сахнада ықпалды болуға мүдделі Қазақстан халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Елбасы биылғы халыққа Жолдауында: «Біздің дауысымыз барлық әлемге естіліп тұруға тиіс. Сондықтан мен Астана Экономикалық форумында өзіміз G-Global  деп атаған диалогтың жаңа түрін ұсындым. Әлемде бірде бір ел бастан кешіп жатқан дәуірінің қатерлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Менің бастамамның мәні – әділ және қауіпсіз әлем орнықтыру үшін баршаның күшін біріктіру… Біздің еліміз халықаралық прогрессивті бастамаларды бәрін одан әрі қолдап, жаһандық қауіпсіздікке үлесін қоса беруі керек», – деді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында жаңа келісімнің жобасы талқылануда. Атауы – «Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы» келісім. 

Жуырда Брюссельде өткен «Қазақстан-Еуроодақ» ынтымақтастығы кеңесінің он үшінші отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев қазақстандық делегацияны бастап барды. Ал еуропалық тараптан Еуропалық Одақ Кеңесіне төрағалық етуші Литва мемлекетінің сыртқы істер министрі Линас Линкявичус басшылық етті. Отырыс қорытындылары бойынша қазақстандық делегация басшысы атап өткендей, Еуроодақпен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту аясында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралды, сондай-ақ өзекті халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша пікір алмасты. Кездесуден кейін баспасөз мәслихатын өткізген Е.Орынбаев: «Біз Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық пен кеңейтілген әріптестік туралы келісім жобасын талқыладық. Еуроодақ Қазақстан ұсынған осы келісімнің жаңа форматы бойынша ұстанымды қолдады. Ол неғұрлым жүйелі сипатта болады және құжаттың қағидаларын жақсарта түседі. Біз болашақта келісімді одан әрі нақтылау үшін тұғырнама ретінде пайдалана аламыз», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған жаңа келісімдер бойынша осы жылдың қазан айында Астанада өтетін алдағы келіссөздер нәтижелі болмақ. Себебі, Брюссельде өткен Ынтымақтастық кеңесінің отырысында келелі мәселелер кеңінен қозғалып, тараптар келісімді бастап кетті. Сонымен қатар Е.Орынбаев Еурокомиссияныің төрағасы Жозе Мануэль Баррозудың үстіміздегі жылдың маусымында Қазақстанға келген сапары барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық және кеңейтілген әріптестік туралы жаңа келісімге таяу уақытта қол қоюдың маңызын айрықша атап көрсеткенін және ЕО Қазақстанның маңызды негізгі әріптесі екендігін атап өткенін еске алды. Сонымен бірге Еуроодақ та осы құжатқа қол қоюды жеделдетуге мүдделі.

Бүгінде Еуропалық Одақпен арадағы қатынас нәтижелі. Былтыр күзде Еуропалық Одақ Кеңесінің Президенті Херман Ван Ромпеймен кездескенде Н.Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылаған болатын: «Біздің қарым-қатынасымыздың стратегиялық сипаты бар және ол өзара тиімді базада құрылған. Қарым-қатынасымыз жаһандық және аймақтық қауіпсіздік, экономика және энергетика салаларындағы ортақ мүдделілікпен сипатталады», – дей келе, Елбасы Еуроодақ Қазақстанның негізгі әріптесі болып табылатынын да атап өтті: «2009 жылғы дағдарыс кезінде де елдеріміз арасындағы тауар айналымы 30 млрд. АҚШ долларын және осы жылдың сегіз айындағы тауар айналымы 25 млрд. АҚШ долларын құрады, яғни үлкен алға басушылық байқалады».

Кездесу барысыда Елбасы Н.Назар­баев Қазақстанға құйылып отырған шетелдік инвестициялардың 40 пайызы Еуропалық Одақ елдерінен келетінін және инвестиция мөлшері 50 млрд. АҚШ долларға жеткенін айтты. «Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына кірмейтін мемлекеттер арасында Қазақстан Еуропаға энергия ресурстарын тасымалдайтын үшінші ірі мемлекет болып табылады. Бұл Еуроодақтағы тұтынушылық сұраныстың 20 пайызына тең және  бұл көрсеткіш алдағы уақытта әлі арта түседі», – деп мәлімдеген Мемлекет басшысы осы жүздесуден кейін Еуропалық комиссияның Төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен бірге ЕО тарапынан Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қолдау көрсету мәселесін талқылаған еді. Қазақстанның бастамасын қызу қолдап отырған еуропалықтар жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Ақорда­дағы Баррозумен басқосудан кейін: «Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімді тезірек қабылдау мәселесін қарастырдық. Бұдан кейін де екі елдің арасында шешілмеген мәселелер бар», – деп мәлімдеген Н.Назарбаев кездесуден кейінгі бірлескен баспасөз мәлімдемесінде Елбасы Н. Назарбаев кездесуден қазақстандық ұшақтардың Еуропа кеңістігінде ұшуына қарсылық жасамау, елімізге виза мәселесінде де жеңілдіктер жасау туралы келісім болғанын жеткізді: «Оның ішінде екі елдің арасындағы гуманитарлық, жастардың білім алуы, жалпы барлық саладағы мәселелерге және халықаралық, өңірлік түйткілдерге көңіл бөлдік». Демек, 27 мемлекет мүшелікке өткен Еуропалық Одақпен арадағы ынтымақтастық шеңбері кеңейе береді.

Нәзия Жоямергенқызы